АЛЫП ШАҺАР АЛМАТЫ

Алматы – еліміздің мәдениет-өнер ошағы, спорт орталығына айналғалы қашан! Мегаполис ретінде қазіргі таңда республикамыздың ғылыми-әлеуеті қалыптасқан, өндірістік және қаржылық орталығы да саналады. Биыл шаһардың мәдениет, спорт саласында үлкен жетістіктер болды. Жыл басынан еске алсақ, өтіп бара жатқан 2018 жыл  Президенттің Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы қала басшылығының, мәслихат депутаттарының, Қоғамдық кеңес мүшелерінің, ҮЕҰ өкілдерінің және басқаларының қатысуымен талқылаудан басталды. 

БҮГІННЕН – БОЛАШАҚҚА

Шаһар басшысы Бауыржан ­Байбек Жолдауда көрсетілгеннен бөлек, қаламыздың мәдениет және спорт саласына да айтарлықтай жаңалықтар енгізуді тапсырды.
Жылдың басы саналатын наурыз айы мерекеге толы екені белгілі. Бұл айда алматылықтар Наурыз мерекесін бір ай бойы тойлады. Нақты айтқанда, «Наурыз-2018» ай бойына, яғни 15 наурыздан 25 сәуір аралығында мерекеленіп, оның аясында 148 шара өтті. 23-25 наурыз аралығында қаланың барлық аудандарының негізгі концерттік алаңдарында мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Жібек жолы, Панфилов көшелері мен «Астана» алаңында, «Almaty Arena» кешенінің, ALMATY ART CENTER бульварының, «Атлеттер ауылының» маңындағы алаңдарда, орталық мәдениет және демалыс саябағында, Қазгосциркте, Алатау, Әуезов, Наурызбай аудандары әкімдіктерінің ғимараттары алдындағы алаңдарда, Бостандық ауданындағы «Мега Алматы» ОСО, Жетісу ауданындағы «Гүлдер» паркінде, Түрксіб ауданындағы «Mart» ОСО және басқа да жерлерде мереке кеңінен аталып өтті. Мереке аясында спорттық, мәдени-бұқаралық шаралар, жастар акциялары, көрмелер мен концерттер ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына керемет мерекелік көңіл-күй сыйлады. Айтулы мерекемен құттықтаған Алматы әкімі Бауыржан Байбек Наурыз­дың адамзаттың материалдық емес мәде­ни мұрасының ажырамас бөлігіне айналған ғажап мереке екенін атап өтті.

ӨНЕРІМЕН КӨРКЕМ

Ал Қазақстан халықтарының Бірлігі күні қаланың бірқатар алаңдарында бір мезетте тойланды. Мерекелік ­серуен Республика Сарайы алдында және қайта жаңарған Панфилов пен Жібек жолы көшелері бойында өтуде, мұнда қала тұрғындары мен қонақтары үшін қазақ эстрадасы жұлдыздары мен мегаполистің этномәдени бірлестіктері ұжымдарының қатысуымен мазмұн­ды музыкалық бағдарлама дайындал­ған. Алматы әкімі Бауыржан ­Байбек өзінің құттықтау сөзінде Мемлекет басшысының сындарлы саясаты арқасында әлемде мойындалған бейбітшілік пен келісімнің моделі жасалғанын, оның негізгі консолидациясы азаматтық қағида екенін атап өтті.


Осындай мерекелік шарамен басталған мамыр айында Алматыда ең көне ұлттық күрес қайта жаңғырды. Іле Алатауының етегінде еліміздің 1000-нан астам палуандары «Белдесу» ұлттық күресі бойынша өткен алғашқы республикалық турнирге қатысты. Бұл олимпиадалық емес ойындардың әлемдік желісіне ресми түрде енген ең көне ұлттық күрес түрі. Турнирді ашқан Алматы әкімі ­Бауыржан ­Байбек Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда бүгінгі күні ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше назар аударылуда екенін айтты. Қазақстандықтар арасында «Аламан бәйге», «Қазақ күресі», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Көкпар» бойынша жарыстар кеңінен танымал болуда. «Халық барысы» жобасының идеялық қолдаушысы Арман ­Шораев турнирге ниет білдіргендердің барлығы, соның ішінде 18-ден 50 жасқа дейінгі шетелдік спортшылар да қатыса алады деді. Жарыстың алдында барлық спортшылар медициналық бақылаудан өтеді.
Сонымен қатар осы айда «Almaty Arena» мұз кешенінде «Almaty Arena Cup» хоккейі бойынша балалар турнирі өтті, оған Астана, Алматы, Өскемен, Шымкент, Бішкек және басқаларынан командалар қатысты. Астанадан келген команда жеңімпаз атанса, екінші орын Өскеменнің «Торпедо» командасына бұйырды. Ал үшінші орынды «Алматы» командасының ойыншылары жеңіп алды. Қалалық спорт басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Байсеитов қазіргі кезде қалада шайбалы хоккейден бірнеше балалар мен жасөспірімдер клубтарының ойнайтындығын айтты. Кезінде балалардың «Алматы» хоккей клубы екі рет халықаралық жарыстардың жеңіпмазы болған.

ЖАҢАРҒАН  «ЖІБЕК ЖОЛЫ»

Маусым айының бірінші жұлдызы да мерекелік шарамен бастау алды. Дәл осы балаларды қорғау күні балалар мен жасөспірімдердің музыкалық оркестрлері мен ансамбль­дерінің парады болды. Жаңарған Жібек жолы бойындағы мерекелік шеруге 5 мыңнан астам балалар қатысты. Қайта жасалған Панфилов көшесінің бойымен барабаншылар, черлидерлер колонналары, үрлемелі оркестрлер мен би ұжымдары жүріп өтті. «Мұндай шаралар балалардың бойында өзара ынтымақты және мектепке деген сенімді күшейтеді, екінші жағынан оқушылардың шығармашылық және креативтік әлеуетін арттырады. Парад осымен екінші рет өтіп отыр, оған арнайы репертуар, ерекше оранжировкалар жасалды. Балалар бұл шараға бар ынталарымен дайындалды» деді Білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Жылқыбаева. Қала тұрғындары мен қонақтары алдында отандық эстрада жұлдыздары, соның ішінде Сәкен Майғазиев, Серік ­Ибрагимов, Нұрболат ­Абдуллин, Серікбол ­Сайлау­бек, Бейбіт Кұшкалиев, ­МузАрт Life, мектептің «SMart» балалар хоры және көптеген әншілер өнер көрсетті.
Сосын Қазақстан Республика­сы­ның мемлекеттік Рәміздері күні мерекеленді. Салтанатты шара барысында Алматы әкімі Бауыржан Байбек Қазақстаннның мемлекеттік Рәміздері Отанымыздың тарихы мен дәстүрін және халқымыз­дың қайталанбас ерекшелігі мен ұлы­лығын паш ететінін атап өтті. Мемлекеттік Рәміздер күні құрметіне «Халык Арена» мұз кешенінің сахнасында әскери оркестрлер ұжымдары мен қазақ эстрада жұлдыздары, соның ішінде Роза Рымбаева, ­Алтынай Жорабаева, Әли Оқапов және басқалары өнер көрсетті. Сондай-ақ Панфилов көшесі бойы­мен Абай атындағы опера және балет театрынан Жібек жолы көшесіне дейін оркестрлердің мерекелік шеруі өтті.
Алатаудың көркем етегіндегі ­«Боралдай сақ қорғандары» археоло­гия­лық паркінде халықаралық «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» этнофес­тивалі өтіп, оған Қазақ­станның, ­Венгрия­ның, Монғолияның, ­Украи­на­ның, Башқұртстанның, Тывы мен Дағыстанның, Якутияның, Алтайдың, Қалмыкия мен Бурятия­ның, Қыр­ғызстанның және басқа елдердің өкілдері қатысты. Екі күн бойы­на фестиваль қонақтары кәсіби бүркіт­шілердің, шабандоз жігіттер мен көкпаршылардың, садақ атушы­лардың, палуандардың жекпе-жегін, ат үстінде тұрып жерден тиын алатын жігіттердің шеберлігін тамашалап, ұлттық ойындарға қатысып, ұлттық тағамдардан дәм татты. «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» фестивалі ниет білдірушілердің барлығына қазақтар мен түркі елдерінің бай мұрасымен танысуға мүмкіндік берді.
Естеріңізге сала кетейік, ­Елбасымыз Н.Назарбаев 1-шілде – Ұлттық Домбыра күні деп бекіткені белгілі. Дәл осы күні алматылықтар да ұлттық аспабымыздың әуенін әуеде халықтатты. Мерекелік шаралар ­Панфилов, Жібек жолы көшелерінің бойы мен Ықылас атындағы халық музыка аспаптары музейінде өтті. ­Мегаполис тұрғындары мен қонақтары үшін сурет салудан, түрлі бұйымдарды жасаудан, домбыра тартуды үйренуден шеберлік-сыныптары өтіп, ұлттық қолданбалы өнер бұйымдарының, дәстүрлі музыка орындаушылары­ның фотокөрмелері ұйымдастырыл­ды, домбыра тартудан конкурс өтіп, музыкалық викториналар мен күй шертетін домбырашылардың концерті болды.

«МЫҢ БОЯУЛЫ ҚАЛА»

Ал қыркүйек айында алматылықтар «мың бояулы қаланың» туған күнін мерекеледі. Мереке күні дәстүрлі «Apple Fest» алма фестивалі ұйымдас­тырылып, шара бірден бірнеше алаң­дарда: ҚР Тұңғыш Президентінің саяба­ғында, Панфилов көшесінде, Almaty Arena алдындағы алаңда, Жібек Жолы көшесінде, Абай және Астана алаңдарында, Орталық мәдениет және демалыс саябағында, «Көктөбеде» өтті. Мегаполис әкімі Бауыржан Байбек қала тұрғындары мен қонақтарын айтулы мерекемен құттықтады. «Елбасының тапсырмасы бойынша біз Алматыны әлемнің үздік мегаполистерінің біріне айналдыру үшін қала кеңістігін жүйелі трансформациялауды бастадық. Алматылықтарға қаланың қай жерінде тұратындығына қарамастан бірдей жағдай жасалуда. Орталықтандыру қағидасы бойынша барлық аудандар даму үстінде. Қала тұрғындары жер асты өтпелі жолдардың қауіпсіздігі мен тазалығын жоғары бағалауда. Қалаға және Сіздерге ардақты алматылықтар, одан әрі гүлдену мен өркен жаюды шын жүректен тілеймін!» деп атап өтті Бауыржан Байбек.
Салтанатты шара барысында «Алматы қаласының құрметті азаматы» атағы Қазақстан тарихындағы алғашқы әйел-елші Ақмарал ­Арыс­тан­бековаға, халық артисі Ескендір Хасанғалиевке, ғалым-әдебиеттанушы Серік Қирабаевқа берілді. Қала күні құрметіне орай, ҚР Тұңғыш Прези­дентінің саябағында ең ұзын «Құрақ көрпенің» Гиннестің рекордтар Кіта­бына енуіне қатысты тұсаукесер рәсімі өтті. Ұлттық көрпенің ұзындығы 10900 метр, саябақты түгел алып жатыр.
Сонымен қатар «Мәдениетті жақын­дату» айдарымен алғашқы халықара­лық «Almaty Film Festival» кинофестивалі Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті. Халық­ара­лық «Almaty Film Festival» кинофестивалінің президенті отандық режиссер Ақан Сатаев. «Almaty Film Festival» – киноматографистердің халықаралық ынтымағын дамытатын және Алматыға халықаралық жобаларды тартатын мәдени жоба. Бұл жоба қаланың халықаралық аренада республикамыздың мәдени және туристік орталығы имиджін айшықтай түсетін үлкен мүмкіндік. Кинофес­тиваль аясында мазмұнды 5 күндік бағдарлама жүзеге асып, «қызыл кілем» үстімен отандық және әлемдік киноиндустрия жұлдыздарының жүріп өтуімен ашылды, мерекелік концерт, «Кинематографияның дамуына қосқан үлесі үшін» марапаттаулары өтті. Кинофестивальдің жабылуы барысында оның қорытындысы шығарылып, конкурс жеңімпаздарына жасаған киножұмыстары үшін сыйлықтар тапсырылды.

«ЖАС ҚЫРАН»  ФУТБОЛ КЕШЕНІ

Қазан айында алматылық балалар үшін жағымды жаңалық болды. Алматыда еуропалық стандарт бойынша балалардың футбол орталығы ашылды. «Спутник» стадионын қайта жасаған соң балалардың «Жас қыран» атты оқу-жаттығу футбол кешені ашылды. Жаңарған стадион 800 көрерменге арналған, шатыры көз тартады, дренажды жүйелі алаң, ФИФА сертификациялаған соңғы буындағы жасанды итальяндық газон бар. Орталықта 500-ден астам жас футболшы жаттыға алады, мұнда 50 жаттықтырушы жұмыс істейді. Айта кетерлігі, жыл басынан бері алматылық «Менің ауламдағы спорт» жобасы шеңберінде 18 мыңнан астам бала спортпен айналысуда. Жеке спорт ұйымдарын тікелей компенсациялау барысында «Батыл бол» жобасы қолға алынды, мұнда тұрмысы төмен отбасылардың балалары спортқа кеңінен тартылуда. Кешеннің ашылу салтанатына Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Ерболат ­Досаев, еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысты.
Сонымен қатар жыл сайынғы халықаралық «Almaty Invest» инвес­тиция­лық форумы өтіп, оған әр елдің 500-ден астам делегаттары қатысты. Олардың арасында беделді саясаткерлер, әлемдік және қазақстандық бизнес-жетекшілері, инвестициялық корпорациялардың, қаржы институттары мен халықаралық ұйымдардың басшылары болды. Инвестициялық мүмкіндіктер мен іскерлік байланыс­тарды қалыптастырудың тұғырына айналған форумға қатысушыларды құттықтаған Алматы әкімі Бауыржан Байбек алдағы өткен форумдарда құны 1 млрд доллар болатын 40-тан астам меморандумға қол қойылғанын, оның ішінде 400 млн долларды құрайтын 12 жобаның жүзеге асқанын атап өтті. «Алматы – Орта Азиядағы ерекше дамыған мегаполистердің бірі, оның экономикалық ауқымы 35 млрд доллар. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясаты арқасында мегаполис экономикасы 100 есе өсті. Қала ІЖӨ-нің бес бөлігін, ел салығының тең жартысын береді. Қалаға шетелдік компаниялар инвестициялар бөлуде. 10 жыл ішінде 22,2 млрд доллардың инвестициясы тартылған, тек биылғы жылдың өзінде ғана инвестиция 21%-ға артты, оның ішінде шетелдік инвестиция 24%-ға өсті» деді Бауыржан Байбек.
Сондай-ақ бос жатқан жерге балалардың спорт кешені салынды. Тұңғыш Президент күнінің қарсаңында көпфункционалды ­«Жарыс Арена» спорт кешені ашылды. Жоба демеушілер қаржысы есебінен жүзеге асты, кешен Орбита-3 ықшам ауданындағы №40 жалпы білім беретін мектеп аумағына орналасқан. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға және кем дегенде 100 денешынықтыру-сауықтыру кешендерін салу қажеттігіне назар аударған еді. Ел Президенті қойған міндеттерді орындау мақсатында Алматыда қаланың инфрақұрылымын модернизациялау, спорт орталықтары мен алаңдарын реконструкциялау және ашу жұмыстары белсенді түрде жүруде. Осы ретте мемлекеттік-жеке әріптестік аясында іске асатын жобаларға айрықша мән берілуде. Өз кезегінде көпфункционалды «Жарыс Арена» спорт кешені Мемлекет басшысы Жолдауын жүзеге асыру аясындағы алғашқы объект болып табылады.

Дайындаған
Ақбота ҚУАТОВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Еңлік

    Алматыдай әсем қалада туып, есейіп, оқығаныма, тұрып жатқаныма сондай ризамын. Тәңірдің тартуы ғой бұл қала біздің маңдайымызға!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.