«Теңізшевройлдың» жаңа кезеңі

 «Теңізшевройл» ЖШС басшылығы жыл бойы атқарылған жұмыстар ­бойын­ша журналистер алдында есеп берді. Жиын Алматыдағы Inter Continental ­қо­нақ­үйінде өтті. «1993 жылы компания құрылғаннан бері біз мұнай мен табиғи газды қауіпсіз және сенімді түрде өндіру саласында үлкен жетістіктерге жеттік. Бұл нәтижеге мыңдаған қызметкерлеріміздің қажырлы еңбегі, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Үкіметі мен серіктестеріміздің қолдауы арқасында қол жеткіздік.

Кәсіпорын ел экономикасын да­мы­туға және Атырау облысы тұрғын­да­рының әлеуметтік жағдайын жақ­сартуға зор үлес қосып келеді» деді ком­па­нияның бас директоры Тед Этчисон.
Оның айтуынша, 2017 жылы ТШО жылдық рекордын жаңалап, 1993 жылы құрылғаннан бері өндіріс көле­мін 3 млрд баррельге жеткізген. 2018 жыл­дың үш тоқсанында 6,9 млрд текше метр құрғақ газ, 1 млн тонна сұйы­тыл­ған газ және 1,8 млн тонна күкірт сатқан.
«Сондай-ақ кәсіпорын өнімділікті арттыру және көрсеткіштерді жақсарту мақсатында өндірістік процестерді цифрландыруға көше бастады. Бүгінгі күні заманауи цифрлық технологиялар жылдам дамып, өндіріс әдістерін кешенді өзгертуде. Цифрлық трансформация ТШО-ға жаңа бизнес-процестер мен техникалық тұрғыдан әбден жетілдірілген тәсілдерді, сонымен қатар жаңаша ойлау мен әрекет ету қағидасын енгізу арқылы өнімділікті арттыруға көмектеседі» деді ол.
2000 жылдан бері кәсіпорын теңіздегі қоршаған ортаға әсерді барынша төмендетуге бағытталған жобаларға 3 млрд-тан астам АҚШ долларын ин­вес­тициялаған. Компания басшысы қыз­меткерлердің денсаулығы мен қауіпсіздігі, қоршаған ортаны қорғаудың маңызды екенін атап өтті.
Жиын барысында Тед Этчисон 2018 жылдың 1 желтоқсанынан ­бастап зей­нет­керлік демалысқа шығуына бай­ланысты «Теңізшевройл» ЖШС тізгі­нін Имер Боннерге табыстағанын мәлімдеді.
«Жұбайым Сюзан екеуіміз шамамен сегіз жылдай уақыт Алматы мен Атырауда жұмыс істеп, осынау тамаша елдің бір бөлшегі болу құрметіне бөлендік. Бірнеше жыл бойы ТШО сияқты әлемдік деңгейдегі кәсіпорынды бас­қарып, Қазақстанның дамуына және «Теңізшевройлдың» қызметкерлерін шың­дауға үлес қосқанымды мақтан тұ­та­мын. ТШО-ның 25 жылдық мерей­тойында тізгінді Имерге тапсыра отырып, оның кәсіпорынды одан әрі да­мыта­тынына сенемін» деді бұл туралы Т.Этчисон.
Жаңадан тағайындалған бас директор Имер Боннер болса, өз кезегінде кәсіпорынның дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқанын мәлімдеді. «Осындай маңызды кезеңде басшылық қызметте болу – мен үшін зор құрмет» деді ол.
Айта кетейік, «Теңізшевройл» ЖШС жайғастыру, өндіру және мұнай, газ және күкірт өткізу жұмыстарымен айналысады. Барлық жұмыстар қауіпсіздік техникасы мен экология жөніндегі әлемдік стандарттар талаптарына сай жүргізіледі.

Әсел САРҚЫТ
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.