Деректерді сөйлеткен туындылар

Алматыда бірінші Орталық Азия деректі кино форумы өтіп жатыр.
Форумның ашылу салтанатында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­­тық өнер академиясының ректоры, Қа­зақстанның еңбек сіңірген қай­рат­­кері, философия докторы (PhD) А.Маемиров, Шәкен Айманов атын­дағы «Қазақфильм» АҚ-ның пре­зиденті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сценарист, режиссер Б.Қайырбеков, «Кино және ТВ» фа­куль­тетінің деканы, өнертану кандидаты, доцент Г.Мурсалимова, кинотанушы, ХКФ арт-директоры, философия ғылымының докторы Садулло Рахимов, Ислам Каримов атындағы қоғамдық қор мүшелері Умид Азизов сөз сөйлеп, көрсетілетін фильмдерге қысқаша тоқталды.

«Биыл академиямыздағы «Кино және ТВ» факультетінің құрылғанына 25 жыл толып отыр. Жуырда Елбасымыз «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаласын жариялады. Онда Мемлекет басшысы «Қазіргі замандағы халықтардың тарихи таным-түйсігінде кино өнері ерекше орын алады. Жалпы халықтың санасында фильмдердегі жарқын кинообраздар іргелі ғылыми монографиялардағы деректі портреттерден гөрі маңыздырақ рөл атқарады. Сондықтан Қазақстан­ның өркениет тарихының үздіксіз ­дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильм­дердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем кар­тиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу керек. Аталған жобалар кең ­ха­­лықаралық ынтымақтастық аясын­да отандық және шетелдік үздік сце­на­ристерді, режиссерлерді, актер­лерді, продюсерлерді және заманауи кино өндірісінің басқа да мамандарын тарту арқылы жүзеге асырылуға тиіс» деп атап көрсетті. Орталық Азия деректі кино форумы осы мәселелерге арналған. Көздеген мақсатына жетеді деп ойлаймын» деді А.Маемиров.
«Қазақфильм» АҚ басшысы Бақыт Қайырбековтың айтуынша, биыл 12 деректі фильм түсірілген. Оның көбі – халықаралық кинофестивальдердің жеңімпазы. «Бұл елімізде деректі кино жанрының аяққа тұрып келе жатқанын көрсетеді» деді Б.Қайырбеков.
Үш күнге жалғасқан форумға Өзбекстан, Тә­жікстан, Қырғызстан сынды елдердің белгілі кино мамандары қатысты. Атап айтқанда: КСРО Мем­лекеттік сыйлығының ­лауреаты, ­режиссер Шухрат ­Махмудов, өзбек­стан­дық сценарист және ­кинотанушы Разика ­Мергенбаева, Тәжікстанның режиссері және ­продюсер, ХКФ лауреаты Орзумурод Шарипов, кинотанушы, НЕТПАК пен ­ФИПРЕССИ әділ­қазылар мүшесі ­Гульбара ­Толомушова, қыр­ғызстандық Жанышбек Дадабаев, сол сияқты еліміздің атақты докумен­талист режиссері ­Владимир Тюлькин, Сулеевтер-Райбаев­тар киноди­настиясының жалғасы, ­режиссер Ануар Райбаев, кинотанушы, Қазақстанның деректі киносы туралы диссертацияның авторы Александра Лумпова және режиссер Евгений Лумпов және т.б.
Айта кетейік, форумның бірінші күні өзбекстандық режиссер Баходыр Юлдашевтың «Ұлықбек. Ғалам құ­пиясын ашқан адам» фильмінің ор­таазиялық тұсаукесері өтті. Ол – 74-ші Венеция кинофестивалінің «Ең үздік деректі фильм» аталымы бойынша жеңімпазы атанған.

Майя МҰРАТБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.