Жас ұрпақ – егеменді елдің ертеңі

Тәуелсіз елдің жастары белсенді. Еңбекқор. Көріп көз тояды. Бұған мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықпен қоса, білім беру мекеме­леріндегі жүргізіліп жатқан сан алуан іс-шаралардың да өзіндік әсері мол.
Осы тұрғыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тәрбие департаментінің директоры, филология ғылымының кандидаты, доцент Жұлдыз Есімованы әңгімеге тартып, университеттегі атқарылып жатқан жұмыстар жайында білген едік.

– Жұлдыз Дәпенқызы, мемлекеттік жастар саясатының негізі – білімді, өз күш-жігерімен жетістікке жетіп, бәсекеге қабілетті маман даярлау екенін ескерсек, ҚазҰУ – жастарды тәрбиелеуде өзіндік рөл атқарып келе жатқан білім ордасы. Жастардың белсенділігін арттыруда қолға алынған жұмыстар жөнінде әңгіме өрбітсеңіз?
– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті тәуелсіз Қазақ­стан елі жастарының талантты да талапты, білімді де білікті алдыңғы қатарлы жастарын жинаған қасиетті білім ордасы. Әрине, бүгінгі күні Қазақстан қоғамындағы рухани түлеудің өрке­ниеттік өрісіне бағыт алған ұлы үдерісінде жастардың орны ерекше. Жас ұрпақ – егеменді елдің ертеңі, кемел елдің келешегі. Сондықтан да еліміздің болашағы жастарға тікелей байланысты. Бұл жөнінде ҚР 2020 жылдарға дейінгі «Қазақстан – 2020»: болашаққа жол» мемлекеттік жастар саясаты тұжырым­дамасында да егжей-тегжейлі айтылды.
Елбасының биылғы жылғы Жол­­дауы да тәуелсіз ел тірегі – жас­тар мәселесіне жете көңіл бөліп, бола­шақ­тың болмысын айқындауымен аса маңызды. «Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік саты­ның ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынамын» деп Президент қоғамның даму үдерісін ілгерілетудің жетекші күші жастарды қолдау – мемлекеттік саясаттың басымдылығына айналатынын атап көрсетті.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының заңды жалғасы іспетті «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы тарихи-танымдық ой-сананы оятуға тың серпін берумен бірге, аса зор тәрбиелік мәнге де ие. Ұлы даланың Президент тарихи-танымдық тұрғыдан нақтылаған жеті қырынан әрбір жас азамат ұлт тари­хындағы уақыт пен кеңістік аясында жасалған әлемдік өркениеттің ұлы далалық символдық белгісін таниды.
ҚазҰУ жастары өздерінің қызмет­терін «әлеуметтік серіктестік» ұста­нымдарына сәйкес жүзеге асыруда. Әлеу­меттік серіктестік – университетті басқару жүйесіне қатысу үлесі мен жауап­кершіліктері нақты белгіленген, әбден анықталған және икемделген ынтымақтастық үлгісі.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дамыған өзіндік ерек­шелігі, міндеттері және дәстүрлері бар студенттік өзін-өзі басқару жүйесі құрылған. Университетіміздегі ­Жастар ұйымдары комитеті – бұл барлық студенттік ұйымдар мен қызығушылығы бойынша клубтардың және факультеттегі студенттік дека­нат­тардың бірлестігі. Бүгінгі таңда студенттік өзін-өзі басқарудың түрлі сала­ларында 6626 студент қамтылған, бұл жалпы студенттердің – 35%-ы. Қызығушылығы бойынша 200-ден астам студенттік клубтар және барлық факуль­теттерде өкілдіктері бар 10 ірі студенттік ұйым жұмыс жасайды.
– Универсиетте өзін-өзі басқару жүйесі құрылғанын айттыңыз. Жастар ұйымдары комитетінің жұмысына кеңірек тоқтала кетсеңіз? Өзіңіз айтып өткен, он студенттік ұйым немен айналысады?
– Жоғарыда университетте он ірі сту­денттік ұйым мен 200-ден астам студенттік клуб жұмыс істейтінін атап өттім. Осы ұйымдардың барлығы­ның басын қосып отырған – Жас­тар ұйымдары комитеті. Ал ірі он сту­денттік ұйым қандай мәселемен айналысады деген сұрағыңызға жауап беру үшін, әр ұйымның жұмысына қысқаша тоқталайын.
«Сұңқар» студенттер мен ма­гистрант­тар кәсіподағы қоғамдық бір­лестігінде 1036 студент тіркелген. Аталмыш кәсіподақ мүмкіндігі шек­теулі студенттер, балалы студенттер, денсаулығы нашар, көпбалалы отбасынан шыққан, асқазан және қант диабетімен ауыратын, жетім, тұл жетім студенттерге әлеуметтік көмек түрлерін көрсетеді.
«Көмек» еріктілер қозғалысы – бұл университет базасында құрылған халықтың әлеуметтік жағдайы нашар топтарына көмек көрсету мақса­тындағы еріктілік жұмыстың ұйым­дастырылуымен айналысатын студенттер қауымы. Еріктіле­ріміз қайы­рым­дылықпен қоса мәдени, спорттық, экологиялық еріктілікпен айналысады. Бүгін университетімізде түрлі салада қызмет атқаратын 1500 ерікті тіркелген. Қаламыздағы 15 балалар үйі­мен арнайы келісімшартқа отырып, сту­денттеріміз сабақтан бос уақытында сол жердегі балаларға педагогикалық (репе­титорлық) көмек көрсетеді. Қарттар үйінде де түрлі мерекелік іс-шаралар өткізіп, олармен тұрақты қарым-қатынас орнатқан.
Құрамында 920 студенті бар «Болон үдерісі бойынша студенттік бюро» студенттердің академиялық мәселелері бойынша мүдделері мен қызығушылығын қорғау және қолдау көрсету мақсатында құрыл­ған ұйым. Ұйым университетіміздің «академиялық адалдық» қағидасы не­гізінде жұмыс атқарып, білім беру саяса­тының ашықтығы мен сапа­сын жоғарылатуға ұсыныстарын жет­­кізеді. Университетіміздің «Al-Farabi Smart City» жобасы аясында «Super Smart Student» байқауын ұйым­дастырып, кезең бойынша өт­кі­зі­летін интеллектуалдық конкурс­тар нәти­жесінде университетіміздің ең ақыл­ды студентін анықтайды. Емтихан уақыттарында «Таза сессия» жобасын жүзеге асырады.
Студенттердің ғылыми қоғамы – атына сәйкес студенттерді ғылымға баулу, түрлі ғылыми жобаларға, конфе­ренцияларға, студенттік бизнес ин­ку­баторларға, дөңгелек үстелдерге қатысуға шақыру, студенттің өмірін ғылым саласы бойынша қызықты, жан-жақты етіп өткізетін ұйым. Әр студент жоғары оқу орнына түскеннен кейін өзін-өзі дамыту үшін қандай да бір деңгейде ғылыммен айналысуы керек. Ғылым студенттің өз саласы бойынша ізденуіне, еңбектенуіне мүмкіндік береді және сол арқылы жақсы маман болып қалыптасуына ықпалын тигізеді. Бұл ұйым студент­тердің өзіндік жұмыстары, дипломдық және диссертациялық жұмыс­тарды жазудың жолдарын үйретуге арнал­ған түрлі шеберлік сыныптарын ұйым­дас­тырады. Робототехника саласы бойынша тегін практикалық сабақтар өткізеді.
«ҚазҰУ Студенттер Сенаты» – сту­денттердің белсенді өмірлік және азаматтық позициясын жоғарылату, салауатты өмір салтын насихаттау, тарихи-ұлттық құндылықтарды дәріп­тейтін, құрамында 967 мүшесі бар студенттер ұйымы. Уни­верси­тетімізде ата-бабамыздан келе жатқан ұлт­тық құндылықтарымызды, салт-дәс­тү­рімізді, жөн-жоралғыларымызды дәріп­­тейтін дәстүрлі түрде өткізілетін «Ана тілі аруы, жігіт сұлтаны» байқауы­ның ұйымдастырушылары.
«Жоғары студенттер кеңесі» – ҚазҰУ қалашығының дамуына үлес қосумен қатар, университетіміздегі 15 студенттер үйінің тазалығы мен тәртібін қадағалау секілді жұмыс­тарды ұйымдастырумен айналысады. «Парасатты студенттер үйі» жо­ба­сын ұйымдастыра отырып, жатақ­ханадағы студенттердің достық қарым-қатынастарын нығайту және жатақхана меңгерушісіне ұйымдастыру жұмыста­рына көмектесіп, өздеріне ың­ғайлы ортаны қа­­лып­тастыру бағы­тында жұмыстар атқарады.
ҚазҰУ қалашығы аймағындағы тәртіпті толық қадағалап отыратын Қазақстанда ең алғаш болып, Студенттік «Құқықтық тәртіп сақтау жасағы» құрылған болатын. Бүгінгі таңда 260 студенттен тұратын арнаулы жасақ – ҚазҰУ қалашығында оқыс оқиғалардың алдын алу үшін түрлі шараларды ұйымдастырады. Сонымен қатар Ішкі істер органдары қызметкерлерімен тығыз байланыс орнатып, олардың қоғамдық көмекшілері болып тағайындалған.
Жастар ұйымдары комитетінің құра­мына республикалық Жастар қоғамдық ұйымдарының өкілдіктері 392 мүшесі бар «Жас Отан» жастар қанаты, 100-ден аса студенттің басын біріктірген «ҚазҰУ Студенттер Альянсы» өз бағыты бойынша қыз­меттерін жүзеге асырады. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде дебат ойын­дарын ұйымдастыратын «Алтын Сапа» интеллектуалды-пікірсайыс клубы біздің қатарымызда. Сонымен қатар әр фа­культеттегі студенттік декандар инсти­тутының жұмыстарын жүзеге асырылуын бақылауда ұстаймыз. Әрине, айта берсек бұдан да өзге көптеген жобаларымыз бар.


– «Мен жастарға сенемін!» атты студент жастардың форумы көпшіліктің көз айымына айналған жобаның бірі. Жобаның мақсат-мүддесі қандай?
– Жақында университетте Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Пре­зи­денті күніне арналған «Мен жас­тарға сенемін!» студент жастардың VІ республикалық патриоттық фору­мының аясында «Ұлы дала жастары» пленарлық мәжілісінің ашылуы және тарихи-көркем «Қазақ елі» кешені мен «Ұлы даланың жеті қыры» экспозициясының салтанатты ашылуы өтіп, еліміздің барлық аймақтарынан келген жастарға арналған Гала-форумның қорытынды кеші өтті.
2013 жылдан бері өткізіліп келе жатқан форумның бағдарламасы дәстүрлі түрде төрт байқаудан тұрады: «Еліміздің инновациялық дамуына қосқан менің нақты үлесім» атты студенттік әлеуметтік маңызы бар инновациялық жобалар; «Мен өз елімнің гүлденуі үшін не істей аламын?» атты студенттік эсселер; «Мен жастарға сенемін!» атты студенттік азаматтық-патриоттық бағыттағы поэзиялық шы­ғармалар; «Мәңгілік ел мұратым!» пат­риоттық әндер байқауы.
Осынау патриоттық форумның өткізілуі, жастар арасында үлкен қо­ғам­дық жағымды серпіліс тудырға­нын атап айтқымыз келеді. Ел студент­тері­нің бұл мәдени іс-шараға қатысуға аса зор белсенділік білдіруі, жастар ара­сында осындай руханияттық алаң­дардың сұранысқа ие және олардың өз та­ланттарын танытуына деген азаматтық жауапкершілігінің шын мәнінде жоғары екендігін көрсетеді.
ҚазҰУ-мен бірге ұйымдастыру­шы­лар қатарында «Жас Отан» жастар қанаты, «Жандану әлемі» қоры, Жазушылар одағы мен Қазақ радиосы бар. Форум ҚР Білім және ғылым министрлігі, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.
Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өткен үлкен Гала-форумда байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне салтанатты түрде диплом және бағалы сыйлық табыс етіліп, бірінші орын иегеріне әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бір жыл тегін оқу гранты берілді.
Университетімізде айрықша ынта-жігермен қолға алынып жатқан осынау тың бастама, игі іс-шаралар ұлы қазақ даласының сан ғасырлардан тамыр тартқан төл тағдыр-тарихы мен болашаққа бағдар түзеген бағы­тын көрсетіп, әлемдік өркениет дамуымен ортақтастығын айқындап жатқаны анық.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Еңлік

    Жастардың көп оқығанына қарап, егеменді елдің өркендей беретініне сеніммен қарауға болады.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.