Ұлы мұрат жолындағы құпия келісім

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақа­­ласын жариялануы бүгінгі Қазақ­стан Республикасындағы тарихи мұра­ларымызды ұлықтап, қасиетті жерлерімізді белгілеп, халыққа наси­хаттауға шешуші рөл атқарды. «Ұлы дала­ның жеті қыры» мақаласы Елбасы өзі айт­қандай «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаланың жалғасы.
Қазақ тарихы бүгінгі Қазақстан Республикасының ауқымымен шектел­мейді. Уақыт ұзарған сайын кеңістік те кеңейе түседі. Біздің тарих бұдан 3000 жыл бұрын Көсемдік кезеңнен, Елдікке талпынып, басқосуға ұмтылған тайпалық Одақ кезеңінен басталады. Мемлекеттігіміздің тұғыры қай дәуірде қаланып, дамып, өсіп-өркендегенін дәлелдей отырып, Елдігіміздің ұйысу тарихын нақты көрсетіп, халықтың тарихи санасына сіңіруіміз керек. Осы мақсатты орындауға Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы үлкен серпін береді дегенге сенім зор. Ұсынып отырған мақаламызда Көк Түрік қағанатының орнау алғы шарты хақында оқырмандарға нақты деректер арқылы түсіндіруді мақсат еттік.
Қытайдың ежелгі және ертеор­тағасырдағы көршілес көшпенділер туралы жазбалары сол дәуірдегі та­рихтың өшкін сұлбасы ғана. Дәлірек айтсақ, көшпенділер тарихының ұзын-сонар нобайы ғана. Ресми жазбаларды қалдырушылар – билік өкілдерінің тыңшылары, ғұн (сюнну), түркілермен болған соғысқа қатысушылар. Ал бейресми жазбаларды қалдырушылар – саудагерлер, кезбелер. Бұлардың қай-қайсысы да көшпенділер туралы толық ақпарат қалдырған жоқ.

Ашина ұғымы туралы

Қытайдың Сүй патшалық тарихы. 84-баянда Суйну (СШ) «84»-Цзюань: «Туцзюелердің (түріктердің) арғы тегі – аралас хулар (динлин, теле т.б.) болатын. Олардың әулеттік тегінің атауы – Ашина. Солтүстік Вэйдің Тайву патшасы Цзюйцюй әулетін жойған кезде Ашина 500 отбасын бастап жужуларға қашып барып паналаған. Олардың ұрпақтары Цзиньшаньда (Алтайда) тұрып теміршілдікпен шұғылданып келді». (Еженхан Б. 2006.С.65).
І. Түсініктеме.
Б.з. 545 жылы Бумын қаған Ордасына Батыс Вэй елшісі соғды текті Ань ­Нопаньто келеді. «Жаңа хандық құрып жатқан Көк Түріктер кімдер, арғы шығу тегі кім?» деген сұраққа жауап алады. Сонда ­Бумын Ордасының уәзірлері «Біз Көктің ұрпағымыз» деп жауап берген. «Көк» лексикасын Ань Нопаньто соғды тілінде сын есім «ашана» (көк түс) деп түсінген. Ань Нопантоның осы түсінігі кейін Көк Түріктердің этникалық атауын, билеуші тайпаның атауына айналдырды. Осы теріс түсінік бүкіл түрік тарихын шатастырудың түп­қайнарына айналды. Бұл атауды зерт­теушілер әртүрлі түсініктеме беріп келді. Онда: П.Будберг aš «таудан асу» [1979. 77-78]; С.Г.Клягшторный (1964) Хотан-сақ тілінде asana «достойный, благородный» [1964. С.112]; Х.В.Хауссига ертеорта ғасырдағы парсы ті­лінде axsalna «қаратүс» [1979. S 55-56]; К.Беквиса: байырғы түрік тілінде Arsila -*Arslan-Ašina» [1989. P206-208]; Л.Н.Гумилев ашина лексиконының «а» – мәртебелі дегенді білдіретін иероглифі – «čino»-моңғол тілінің «бөрі» деген сөзі деп түсіндіреді. Қазақ түркологы Ә.Абдрахманов байырғы түрік тілінің «eču» (баба, ата) сөзінің өзгерген түрі [1978. б.16-34]; ­деген сияқты ондаған ұсыныстар айтылды. С.Г.Кляшторныйдың 2003 жылы басылған еңбегінде ашина атауын сын есім көк (глубокие) деген сөз деп тұжырым жасады [2003.С.348].
Аталмыш зерттеушілердің бар­лы­ғы мағынасына тілдік тұрғыдан ғана қарастырып келді. Әрине, бұл дұрыс. Сол «aşınа» сөзінің бірінші мағынасымен ғана айналысты. 2,3,4 мағынасына этнолингвистикалық тұрғыда бара алмады. Осы жолдардың авторы «аšina» атауына аталмыш сөздің екінші мағынасына көңіл бөліп, этнолингвистикалық талдау жасады. Ашина сөзі сын есім «көк» (түс) емес «көк аспан» екенін анықтады. Байырғы түріктердің дүниетанымы бойынша жаратушы Бір Тәңір аспанда (көкте) тұрады. Сол Тәңірдің шапағатымен түріктер жаратылған. Түріктер жаратушының өнімі дегенді білдіреді. Сондықтан да түріктер өздері аспан текті Тәңірдің жердегі өкілі ретінде сезінген. Ашина «аšina» деген тайпалық атау байырғы түрік мәтіндерінде бірде бір рет кездеспейді. Керісінше «Көк Түрік» деп аталған атау сақталған. Ал билеуші тайпа, хан тұқымының өкілдері қыпшақтар болған деген тұжырымға келген [Қ.Сартқожаұлы. 2007. Б.64-73].
а) Біздің ғылыми дәлеліміз бойынша Көк Түріктер қағанатының билеуші тайпасының Хан әулеті – Қыпшақтар. Бумын, Мұхан, Құтлұқ Елтеріс, Білге қаған, Күлтегін ертеорта ғасырдағы көк түрік қағанатын (империя) құрушылар қыпшақ тайпалары болған. Қыпшақтардың бір бөлігі – Цзюйцюй әулеті (бұрынғы Солтүстік Лян) 439 жылдан бастап Алтай тауын мекендеген.
б)Алтайлық қыпшақтар қытай де­рек­терінде цюйше, динлин, гегунъ, синьли тайпаларының атаулары үнемі қатар айтылады. (Таскин В.С.1968.с.41) 高车 деп жазған екі иероглифтің біріншісін зерттеушілер «гуй» немесе «цюуй» деп атап келген. Н.Я.Бичурин «гау-гюй» деп, В.С.Таскин «цзюи- шэ», Б.Еженхан «гау че» Ахмет Ташағыл «као чэ» (2004. ­С.28-40) деген оқылуын берген. А.Н.Бернштам жоғарыдағы екі иероглифті «цзюй шэ» деп оқып «қыпшақ» деп (Бернштам А.Н. 1946.с. 463.464).
高 gao M 45313: K1129 on «gaw» ~qau ~qab~qib: 车 tçıak (tchak)~çak ~caq. (Го Ши Лян. 1986.22) деген талдау нәтижесінде А.Ташағыл мен Б.Ежен­ханның оқылымы ғылыми­лы­ғымен өзін ақтап тұр.
ІІ. Түсініктеме
«аралас хулар»
Қытайдың Эр Я сөздігінің мәліметі бойынша Чжоу патшалығының дәуірінде (ж.с.б.1122-2478жж) 9 жун, 8 ди, 6 мань тайпалары Ганьсу аймағының көршілес жерлерінде дәлірек айтқанда қазіргі Цинхай, Шеньси, Пинлин, Сычуань аумағында мекендеген (Морхоси .1966.T.V.C. 5) Қытай емес тайпалар. Осыларды ежелгі қытай шежірешілері Жун-бөрі, ит деген мағына беретін атаумен атаған. Қытайлар аталмыш көшпелі тайпаларды тотемі бойынша атаған сияқты. Көк Түріктердің тотемі ( киесі ) бөрі болғаны тұралы аңыздар 1) Ашина ­туралы аңыз (ЧШ 50 бума 42-баян), 2) Енисей маңында мекендеген сақ (сақа) тайпалары туралы аңыз (СШ 84 бума ), 3) Үйсіндердің шығу тегі туралы аңыз (Шицзи .123), Сюнну шаньюйдің екі қызы тұралы аңыз (БШ 103 бума) Қытай деректерінде сақталған. Бөрі – ит тектес жануар, ит ежелгі дәуір­ден бері адамның айнымас досы саналған. Ит иесін сатпайды. Мұндағы жундардың біразы Мань тайпалары, танғыт, тивет тектес болған. Осылардың барлығын біріктіріп «ЖУН» деп атаған. (Малявкин.1981.К.156.С.137). Онымен қатар осы аймақта сақтар (ся), юэчжилер (нүкүз сақтар). Динлиндер араласа қоныстанғандықтан оларды кейін Сыма Цянь «аралас хулар» деп атаған сияқты.
III. Түсініктеме
a) Сюнну, Ұлы Хань империясы құ­ла­ғаннан кейін
Б.ж.с V-VI ғасырда да солтүстік, сол­түстік-батыс Қытайда «Бес жабайы­лардың 16 хандығы» деп аталған шағын хандықтар орнаған. Сарай тарихшылары бұл кезеңді «У ху ши лю го» дәуірі деп атайды. Осы дәуірде Ганьсу дәлізінде Гаочэлердың Батыс Лян (460-421жж) билеушісі – қытайлар, Оңтүстік Лян (377-414жж) билеушісі – түрік – сянбилер; солтүстік Лян (401-439жж), билеушісі – сюнну(түріктер) Динлиндер (дили, чили) Чень Хань (304-347жж), Цинь (351-394жж), кейінгі Лян (386-408жж) хандық құрылған. Бұл хандықтар көп өмір сүре алмай ­Сияньби, Солтүстік Вэй және жужандардың шабуылына ұшарады. Сөйтіп Сияньбидің, Солтүстік Вэйдің, Жужандардың қоластына кірді. Солтүстік Ляндықтар әуелі Гаочанға (Турфанға), одан соң Алтай тауына барып мекендеген темір өндірумен айналысты (Маявкин. 1981.К.159.С.138).
Қытайлардың жазба деректерінде Сюнну империясы дәуірінде динлин (ди, дили одан чи ди (қызыл ди), Бейди (Солтүстік Ди), Гаочэ, Гегун, Синли, атаулармен атала келе, кейін «Бес жабайлылардың 16 мем­лекеті» дәуірінде Гаочэ тайпалар одағы күшейіп билік тұтқасына ұмтыл­ған. Осы дәуірден бастап Дили (динлин) тобының атауы көмескілене бастаған. Сөйтіп динлиндердің тобынан гаочэлықтар тарих сахнасына шықты. Гаочэлер ж.с. 400-жылынан бас­тап бір-біріне бағынбайтын 4 хандыққа, Динликтер (дили, сили, теле) 3 хандыққа бөлінген. Солардың ішінде Лян хандығын құрған гаочэлердің 2 тайпасы 489 жылдан 535 жылға дейін бірде жужандардың соққысына, бірде солтүстік Вэйлердің соққысына түсіп отырды. Осы аралықта аталмыш 42 тайпа, 100-ден аса рулардың біразы Вэй патшалығына қашып барса, біразы жужандарды паналады. Тұжырымдап айтсақ, Вэй патшалығы мен жужан­дардың ойыншығына айналып, өзара ырылдасып ынытымағынан айырылды, халқы қырылды, аштықтан өліп, өзара шайқасып небір қатыгез сынақтан өтті. Күлтегін мәліметіндегі Жолуг-тегіннің сөзімен айтсақ, «оңтүстікке де (ілгері) солтүстікке де аяқ жеткен жердің бәріне бардық. Барған жерден не жақсылық көрдік. Қаның судай ақты, сүйегің таудай үйіліп жатты. Бек ұл ұрпағың құл болды, сілік (сұлу) қыз ұрпағың күн болды» (КТ.1.с.24.Сартқожа Қ.2012-56,62) деп кейінгі ұрпағы зар еңіреді. Халық та, билік те ел болуға ұмтылды. Өткен ға­сыр­ларда көрген азабы халықты саяси күреске дайындады. Соның нәтижесінде Бумын бастаған көсемдер шығып, Көк Түрік Қағанатын орнатты. Міне, осы кезден бастап Қытайдың сарай тарихының жазбаларында олардың шаруашылық ерекшелігімен «биік арбалы динлиндер» (гаочэ динлин) деп қалай болса солай атай салған атауды өзгертіп, «көк» туцзюе (көк түріктері)» деп түріктердің өздері ұлықтаған атауымен тарихи деректеріне жазатын болды.
Осылайша «түрік» атауы қағанат орнағаннан кейін берілген саяси атау. Ал, билеуші тайпасы ғасырлар бойы өз тәуелсіздігі үшін күрескен қыпшақтар (гаочэ динлиндер).
Б) Мекені:
Гаочэ (қыпшақтар), гегун, дилинде­дің тұрғылықты мекені солтүстікте Байкал көлінің шығысы, оңтүстігі және батыс алқабын орай, Моңғол үстірті, Өтүкен, Саян-Алтай, Алтай тау жотасы, оңтүстікте Ганьсу өлкесі, батысы Тәңір тауының шығысында (гаочан, артқы алдыңғы хэси) алқабын мекендеді.
В) Жужандар хандығы
Жужандардың тегі мен тілі туралы нақты ғылыми тұжырымдар жасалған жоқ. Жужан тарихын зерттеуге Еуропа тарихының ғалымдары онша көңіл бөлмей келді. Н.Я. Бичурин жужандарға байланыс­ты тарихи деректерді алғаш рет аударып, батыс ғалымдарына таныстырды. (Бичурин. Н.Я.1950). Моңғол ғалымдары Г.Сүхбаатар, И.Хандсүрэн жужандарды моңғол тілді, моңғол текті халық деген қорытынды жасаған (Г.Сүхбаатар.1992., И.Хандсүрэн. 1969-70-80 бет).
Жужандар б.з. 330-жылдардан бастап тайпалық дәрежеге көтеріліп, 402-жылы ресми хандығын жариялайды. Алғашқы хан Шелунь(Цюдуфе)ден бастап 552-жылға дейін 15 хан Жужан мемлекетін басқарды. Қытайдың Солтүстік Вэй патшалығымен иық тіресе күресіп, 200 жылға жуық билік құрған қуатты хандық. Оның қоластындағы Гаочэліктер (қыпшақтар) бір өзі бірнеше жылдың ішінде билігін құлатып, елін, халқын тартып алу мүмкін емес еді. 535-545 жылдар аралығында күш жинап, 550 жылға дейін алып қағанатты қалай және қайтып құлатты, қандай стратегия, тактикамен құлатты деген сұрақ туады.
В) Бумын қағанның стратегиясы:
Жоғарыда сөз еткеніміздей жужан­дардың езгісіндегі гаочэ (қыпшақтар) тайпалары өзінің елін құру, бір тудың астына жиналу үшін ынтымақ бірлікке бас иіп, психологиялық дайындықта болған. Күлтегін мәтініндегі Жолуғ-тегін сөзімен айтсақ: «Көк Түріктердің иесі (билігі) биліксіз еді… Төрт тараптағылардың барлығы жау еді. Оларды бағындырып (түсіністікпен және қарсы келгенін соғыспен Қ.С), бейбіт қылып, бастыны жүгіндіріп, тізеліні бүктіріп біріктірді» (КТ.І.1-2).
Осылайша ішкі бірлігін нығайтып алғаннан кейін Саян-Алтайдағы телелердің 50 000 отбасын осы ұлы мақсатқа тартты. Қытай деректеріндегі «Телелерді жаулап алды» (СШ.84) деген сөзге сенуге болмайды. Жүз елуден астам жыл бойы жужандардың қысымында болып зардап шеккен, жан жағындағы жауынгер тайпаларға әлсін-әлі таланып келген динлиндер (оғыздар) тәуелсіздігін алу үшін күресіп келген халық. Олар қалайша өзінің жақтасы гаочэлерге (қыпшақ) қарсы келмек? Гаочэндермен бірдей жужан езгісіндегі телелер өз еркімен Бумынға келіп қосылып, күш-қуатын біріктірген. Бұл күш те аздық ететіндігін Бумын қаған түсінген. Сондықтан өзіне тағы бір хандықты қосып алуды ойлаған. Ол Үйсін хандығы еді.

Үйсін хандығы

Сюнну(ғұн) империясының алғашқы кезінде ючжилар үйсін тайпасына шабуыл жасап, халқын тентіретіп жібереді. Сол кезде үйсіннің Нандоу мидің Ұлы Ляжоу (Елжау би) аман қалады. Сүннну билігі бұл баланы асырап, азамат етіп өсіріп, тарап кеткен халқын жинап, Лячжоуды елінің басшысы етіп тағайындайды. Қазіргі заманғы біздің ұстанымызбен түсіндірсек автономиялық құқық беріп, қол астына алып қамқорлық еткен.
Хандықтың басшысына «Хан» ­деген лауазым бермей, «Би» деген лауазым береді. Үйсін елінің басшысын «күнби» деп атаған. Оның себебі «сюнну» ­атауы ту баста көне қытай тілінде «шүн» деп белгіленген. Мағынасын «күн» деп түсіндіреді. Қазіргі заманғы ғалымдардың сюнну (сүннү) деп ­жазып жүрген атаудың ежелгі мағынасы «күн». Міне, осыдан Күн (сүннү) империясының биі деген ұғымның аясында Күнби аталған. ­Мысалы: Нандоу ми (Нәнду би), Ляжоу ми (Елжау би), Сілы ми (Селет би), Ни ми, Бінжоу ми, Жуангуй ми, Шың ми т.с.с. аталған.
Ляжоу ми (Елжау би) билігінің соңында Хань патшасы үйсіндерге бірнеше мәрте елші жіберіп, ақыр соңында қыз беріп, қыз алысып құдандалы болады. Хань патшалығының екі ұшты дипломатиялық іс-шараның нәти­жесінде үйсіндер Ұлы Хань, кейінгі Хань, солтүстік Вэй патша­лықтарымен дипломатиялық жақсы қа­тынаста болады. Осылайша үйсіндер қы­тайлардың қамқорлығына ие болып, қытай билігіне адалдығын дәлелдеп, өзін сыртқы жаулардан қорғау мақсатына қол жеткізеді. Соның арқасында Үйсін хандығының экономикасы нығайып, өз тәуелсіздігін сақтап қалды.
Осы аралықта Сяньби армиясы екі мәрте Жужан хандығы бір мәрте шабуыл жасаған. Сол кезде олар Хань ­империясы мен Солтүстік Вэй им­перия­сының көмегімен елін қорғап қалған. Үйсіндермен көршілес басқа елдер оған (үйсіндерге) ­шабуыл жасаудан сақтанатын еді. Үйсіндердің көршілерінің ішіндегі бірден бір қас жауы Жужан хандығы болды. Қытайлармен жақсы дипломотиялық қатынас жүргізіп үлгерудің нәтижесінде үйсіндер Орталық Азиядағы түркі тектес хандықтармен салыстырғанда ең қуатты, бай мемлекетке айналған. Міне осы хандықты өзіне тартып, одақтасып Жужан хандығын құлатуға Бумын қағанның басты саясатына айналған сияқты.
Қыпшақтардың айналасындағы түркі тектес тайпалар бас қосып жужандарға қарсы саясат жүргізіп жатқанын көршілес үйсіндіктер әбден жақсы біліп отырған.
Үйсін хандығының шығысы Бар­көлден бастап Тәңір тауының (Тянь Шань) солтүстігін толықтай иемденген, батысы Жетісу, Талас, Қаратауға дейінгі аралықты алып жатты. Тәңіртауының солтүстігіндегі үйсіндер жазда Тәңір­тауы­нан көшіп барып жайлап, қыста Жоңғар құмына келіп мекендейді. Ал гаочэліктер (қыпшақтар) жазда Алтай жотасының сай-саласына көшіп келіп, қыста Жоңғар ойпатына келіп қыстайды. Қыста ауыл-аралас, қойы-қо­ра­лас, құда-құдандалы қоян-қолтық ара­ласқан. Тілі бір, діні бір, салт-санасы бір, түркі тектес екі халықтың бір-бірінен айыр­ма­шылығы жоқ еді.
Осы туыстық-қандастықты ұлы мақ­сатына ұйыстыру үшін Бумын қаған үйсін­дермен келісімге келіп, жужанға қарсы соғысқа пайдаланған. Бұл туралы қытай деректерінде ақпарат жоқ. Тек қана бір ғана дерек алғашқы Көк Түріктер қағанатын құрушы көсемдердің бірі Істеми Үйсін хандығының сол дәуірдегі Күнбиі болған. (Байқошқарұлы Б.Сартқожаұлы Қ. 2016.-105-116).
Оның дәлелі:
1. Істеми қағанның қытайша «ми», түрікше «би» атауы жоғарыда сөз еткен үйсін күнбилерінің атауымен бірдей. Мысалы: Ляжоу ми (Елжау би), Нанду ми (Нанду би), Сілы ми (Селе би), т.с.с.
2. Бумын қаған 552-жылы дүние сал­ғаннан кейін Орда басшысы Коло (Қара Еске) алты ай ел басқарған. Одан соң Бумынның екінші ұлы Мұқан тегін, Мұқан қаған деген атпен Түріктің Хан тағына ие болған.
3. Істеми хан түрік текті тайпалар мен ұсақ хандықтарды (Тәңіртауының үйсіндерінен бастап солтүстік батыста Еділге дейінгі аралықтағы), оңтүстік-батыстағы отыз оғыздарды (кейін печенек, түрік, оғуыз аталған), қаңлылар, оңтүстіктегі эфталиттер, кушандар Әмудария бойындағы басқада түрік тайпалары, т.с.с. шағын хан­дықтар мен тай­палар одағын Көк Түрік Қағанатының қоластына біріктіру мақ­сатында батысқа жорық жасауға аттанған. Батыста Тардуш хан, Еуропа жазбаларында Стеми, Дизабул хан деген атпен белгілі болған қайраткер.
4. Батыстағы түріктерді Көк Тү­рік Қа­­ға­натының қоластына енгізіп ел құр­ған­­дықтан, кейін Батыс Түрік қағана­ты­ның қағандарының лауа­зы­мының алдына қытай дерек­теріндегі «ашина» (көк, аспан) анықтауыш атауды қосып қолданып тарих бетінен орын берген.
Міне, осы Үйсін Күнбиі Істеми (Істе би) мен Бумын қаған арасында құпия келісім болған. Бұл келісім құпия болғандықтан қытайлықтарға (Солтүстік Вэй) жетпеген. Егер қытай патшаларының бірі хабардар болса үйсінмен олардың екі арасындағы бейбіт өмір сүру шартын бұзғандық болар еді. Қытай қамқорлығынан айырылатын болар еді. Осылайша үйсіндер, қып­шақтар, динлиндердің біріккен күші Жужан Хандығын құлатуға бірлесе атсалысқан.
Жаңадан орнаған хандық «Көк Түрік» деп аталған. Мұндағы «көк» сөзі «аспан түркі», жаратушы бір тәңірдің ша­­па­ғатымен жаратылған хандық деп түсіндірілген. Сондықтан да II Түрік қағанаты; «Жоғарыда көк тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, екеуінің ортасында адам баласы жаратылған. Адам баласына билік етуді бабам Бумын қағанға, Істеми қағанға нәсіп еткен» (КТ.І; БК. І. 3 ) деп екі мәрте Күлтегін мен Білге қаған кешеніндегі ұстын тасқа ойып отырып жа­зып қалдырған.
Көк Түрік Қағанаты әлем аренасына шығып келгеннен кейін гаочэ, динлин деген атаулар қытай деректерінен көрінбей кетті. Оның орнын қыпшақ тайпалық одағы билік еткен Көк Түрік қағанаты деген атау әлем аренасына шықты.
***
Біздің жыл санауымыздың V ғасырынан бастап тәуелсіздігі үшін күрескен ­гаочэ (қыпшақ), динлиндердің (моңғол үстіртіндегі оғыздар) Үйсін ханды­ғымен жасасқан құпия келісімінің нәти­жесінде күш біріктіріп, Жужан хандығын құлатқан. Түрік текті осы үш хандықтың ынтымағының нәтижесінде түркі этносының атын жершарында мәңгілікке қалдырып, ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып, әлем тарихында өз орнын иелендірді.

Қаржаубай Сартқожаұлы,
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университеті
Түріктану, Алтайтану ғылыми-
зерттеу орталығының директоры,
филология ғылымының докторы,
тарих ғылымының кандидаты,
профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Еңлік

    Сыр тұнған даламның тарихын біліп өсу басты парыз.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.