Құсбегілік қайта түледі

Алматыда Құсбегіліктен II Ашық Азия чемпионаты өтті. Айтулы шараға онға жуық мемлекеттің командалары қатысты, олардың арасында біздің елден басқа Біріккен Араб Әмірлігі, Венгрия, Пәкістан, Оңтүстік Африка Республикасы, Түркия, Иран, Қытай, Моңғолия, Ресей, Украина, Түркменстан, Өз­­бек­стан және Қырғызстанның құсбегілері бар. Жарыс барысында 9 елден келген 80-нен астам бүр­кітші, қаршыға мен ителгі баптаушылар өзара бақ сынасты.

Дүбірлі дода Алматы қаласы әкімдігі, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «ТІКА» түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің қолдауымен және ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының, «Қыран» федерациясының бастамасыменмен 29 қараша-3 желтоқсан күндері Алатау ауданындағы Момышұлы мен Ақын Сара көшелері қиылысында ҚР Тұңғыш Президенті күні мен Алматы қаласы Алатау ауданының 10 жылдығы аясында ұйымдастырылды.
Жарыс құстың сыны, құсбегінің киім үлгісі, құсты ат үстінен қолға шақыру, шырға тарту, еркін ұшыру тәрізді бірнеше кезеңдерден тұрды. Ал сосын алдын ала іріктелген бүркіттер қоянға, түлкіге салынса, ал қаршыға мен ителгілер сұнқар құстар қолға, далбайға шақырылатын болды. Содан соң олар да қырғауыл, көгершін, қоянға жіберілді. Бүркітті шырғаға түсіру, түлкі мен қоянға салу, қаршыға, сұңқар, ителгімен қоян, кептер ұстау, ителгіні далбайға ойнату – Құсбегіліктен II Ашық Азия чемпионатының ең қызықты бәсекелері. Бүркітшілер арасында бірінші орынды Қырғызстаннан келген Исмаилов Аман алды. Екінші орын Ақмола облысының құсбегісі Тастанбек Байраққа бұйырды. Үздік үштікті алматылық Құрманғалиев Ақберен түйіндеді. Айта кетерлігі, бұл додада төртінші және бесінші орын алған қатысушылар да ақшалай сыйлық еншіледі. Бүркітшілер арасында ол орындарға Шығыс Қазақстаннан келген Нұман Өмірбек пен Словакиядан келген қонақ Канат Ярослав жайғасты.
Қаршыға баптаушылар арасындағы бас жүлдені Жамбыл облысынан келген Бабажан Берікболсын алды. Екінші орынға Түркістан облысының құсбегісі Махмудхан Заки, үшіншіге Алматы облысының тумасы Сейітжан Бексұлтан, төртіншіге Қырғызстан азаматы Кубатов ­Абдырасыл, бесіншіге Алматы облысының тағы бір тумасы Абдулкаримұлы Сармат жайғасты.
Ителгі салғандар арасындағы бас жүлде де Қырғызстанға кетті. Жеңімпаз — Абдукадыров Туголбай. Екінші орын алматылық Абулов Русланға бұйырды. Жамбыл облысынан келген Үсен Айбар бұл додада үшінші орыннан көрінді. Төртінші орынға бір туған бауырымыз Жумалиев Уран жайғасты. Бұл бестікті Алматы облысының құсбегісі Шалипов Медет түйіндеді. Жарыс соңында жеңімпаздарға ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдасты­ғының, «Қыран» федерациясының, Алматы қаласы әкімдігі тағайындаған ақшалай сыйлықтар, медальдар және дипломдар табыс етілді.
Айта кетейік, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек. Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек. «Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында» деген еді. Соған орай 1980 жылдары елімізде тұңғыш Бүркітшілер мектебінің іргетасы қаланған болатын. Ал 1988 жылы Алматының Орталық стадионында алғаш рет қазақ құсбегілерімен қатар көрші қырғыз, түркімен құсбегілері қатысқан Халықаралық Бүркітшілер фестивалі, сосын 1989-1990 жылдары Наурыз мейрамы аясында Алматы ипподромында бүркітшілердің республикалық сайысы өткен болатын. Міне, осы дәстүрді қайта жаңғыртып, Алматы қаласында құсбегілік өнерді қайта қолға алу үшін биылдан бастап Қыран құс баптаушылардың жарысын өткізу дәстүрге айналдырылды.

Айтуған ДӘУЛЕТ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.