Жаңғыру жазудан басталады

«Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады».

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жолдауынан

Латын әліпбиіне көшу — заман талабы. Себебі әр ұлттың өзіндік бірізділігі, ерекшелігі оның тілімен белгіленеді. Сондықтан тілдің дамуы, өркендеуі кез келген этнос үшін өте маңызды. Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі тіліміздің әрі қарай жаңғыруына жақсы ықпал етері сөзсіз. Сондықтан мемлекеттік тілдің латын әрпіне көшуі – заман талабы.
Бұл мәселені көтеру – Президен­ті­міздің көрегендігін көрсетеді. ­Елбасымыз «Болашаққа бағдар: ­рухани жаңғыру» мақаласында: «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байы­бына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі ­болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» деген ­болатын. Ендеше ұлттық мәдениетімізді жаңғыртып, ұлттың дамуы жолында өз үлесімізді қосайық. Бұл жолда латын әліпбиіне көшу – тиімді әрекет. Ол біздің ұлттық кодымызды сақтап, ұлт ретінде дамуы­мызға жол ашады.
Әлемдік кеңістікке бастар жол – қайта жаңғыру заманындағы барлық озық технологияның үлгісі болып отырған латын әліпбиіне көшу – еліміз үшін, өнеріміз бен мәдениетіміз үшін үлкен рухани құбылыс. Ол халқымыздың білімі мен мәдениеті, өнерінің дамуына тағы бір серпіліс әкелетін дара жол деп білемін. ­Латын әліпбиіне көшу туралы мәселе тәуелсіздік алған жылдардан бері көтеріліп келеді. 2006 жылы ­Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессия­сында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қал­дырған едік. Әйтсе де латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басым­дыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңес­тік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жылдың ішінде мә­селені зерттеп, нақты ұсыныстармен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек» деген еді. «Қазақстан – 2050» Стратегиясында латын тіліне 2025 жылы толық көшетініміз туралы кесімді сөз айтылды. Қазақ жазуында қолданылып жүрген әліпбиді латын әріптерімен ауыстыру – болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірі және дер кезінде қозғалған тіліміздің болашағы үшін жасалған маңызды шара деп білеміз.
Бірақ латын әліпбиіне өтсек, барлық мәселе шешіледі деп арқа­ны кеңге салуға да болмайды. Сондық­тан тілімізге бұрынғыдан да жауап­кершілікпен қарап, Елбасы айтқандай, «қазақ қазақпен қазақша сөйлеуі керек». Тіл сөйлеген үстіне сөйлей берсең ғана шыңдалып, айналадағыларға да әсер ете түседі. Тіліміздің мәртебесін арттырып, жауапкершілікпен қарап, латын әліпбиін қолданысқа енгізуді қолға алайық. ХХ ғасырдағы қазақ рухани мәдениетіндегі көшбасшыларының бірі болған Ахмет Байтұрсынұлы – өмірі аңызға, шығармашылығы үлкен маңызға ие болған көрнекті тұлға. Ол – құдай берген талантын туған халқына деген сүйіспеншілікпен суғарып, толассыз еңбекпен шыңдаған қайсар да қаһарман ғалым. Жастайынан тағдыр талқысын көріп өскен Ахметті өсірген де, ғылым мен мәдениеттегі көсегесін көгерткен де халық үшін еткен еңбегі, елі үшін еңсере жасаған қызметі. «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, ұлттық тілімізді сақтап қалуға аянбай үлес қосайық. Латын әліпбиіне көшу болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Әрбір халықтың ана тілі бар десек, өз ана тіліміздің барша болмысы, тіпті оның әрбір дыбысы мен жалғау жұрнағы әрбір азаматқа танымал, мәдени-әлеуметтік өмірде өзіндік мәні бар киелі ұғым. Әр халық өз тілі арқылы әлемді, дүниені, өмірдің құнды тағылымдарын таниды, елінің мәдениетін жасайды, келешек ұрпаққа түйген тұжырымдарын жеткізеді, мем­лекеттік тілінің мәртебесін көтереді. Алайда оның толыққанды мемлекеттік тіл болуы үшін азаматтар тарапынан да, мемлекет тарапынан да әлі де көп істер атқарылуы шарт. Жас ұрпақтың бойына терең білім мен рухани құндылықтарды сіңіруге күш салу мақсатында Ілиястай алып тұлғаны дүниеге әкелген туған жері, Ойтоған ауылындағы арканы латын әліпбиінде жазып, көше атауларының тұлғалары туралы мәлімет пен «Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің жаңа белесі» атты банерлер қойылды.
Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйе­лерді нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөз­дер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз. Өз тілімен сөй­лескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сондықтан латын әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ үшін әлдеқайда маңыздырақ.
Ұлттық санамыздың қайта жаңғы­руына жол ашу мақсатында Ойтоған ауыл­дық кітапханасында «Білім – әлемдік, тәрбие – ұлттық» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, насихатталды. «А.Байтұрсынұлы – қазақ халқының мақтанышы» атты дөңгелек үстел өтті. Және жас оқырмандармен «Жаңғыру жазудан басталады» атты ауызша журнал өткізілді.
Байтақ қазақ даласының иесі кім екенін алыс пен жақынға танытатын, қазақ жерінің кіндігіне Ақордасын тіккен жаңа Астана тарихымен таныс­тыру, Астананың мемлекетіміздің мәртебесі, жоғары дәрежесі, елдік пен тұтастықтың, бірліктің тұтқасы екендігін әйгілеу, тарихқа енген жаңа астанамыз Астана қаласымен мақтануға тәрбиелеу мақсатында Астана қаласының 20 жыл толуына орай латын әліпбиінде жазылған «Астана – отанымыздың жүрегі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Ойтоған ауылында латын әліпбиіне үлес қосып отырған мекемелердің бірі – ауылдық клуб. Онда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында жасөспірімдерді латын әліпбиіне бейімдеу, жазу, әріп­терді өз еріктерімен үйрену, мақал, жұмбақтардың жауабын латын әліп­биінде жазып, жарыстыру ойын түрінде өткізілді.
Еліміздің латын әліпбиіне көшуі – ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі. Ұлы Дала елінің тарихына көз жүгіртсек, бірінші байлығы – жер, екіншісі – тіл, үшіншісі – мем­лекет және оның тарихы болуы ке­ректігі айқындалады. Латын әліпбиі әлемде кеңінен қолданылады. Латын әліпбиіне көшу ұлтымызды түркі және жаһандық әлемімен ықпалдасуға, қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиі­мізге қайта оралып, ұлттық санамыз­дың қайта жаңғыруына жол ашады. Жаңа әліпби бізді мол мүмкін­діктерге, зор жетістіктерге бастайтыны сөзсіз.

Тұрсыннұр БІЛІСБЕК,
Ойтоған ауылдық округінің әкімі

Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Еңлік

    Әлбетте, сауаттылық ауылдағы, қаладағы жарнама, көше атауларын бастау алып, ары қарай заңды жалғасын табатын болады.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.