ҚАЗТЕСТ – ТИІМДІ ЖҮЙЕ

Тілдік білімді бағалау арқылы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту ісінде тілдің әлеуетін барынша пайдалану өте маңызды. Қазақтың біртуар жазушысы Ж.Аймауытұлы «Ана тілін үйрену – сөздерді жаттау, олардың жүйесін, өзгеру заңдарын білу ғана емес, тіл үйренумен бірге тілдің сансыз көп ұғымдарын, ойларын, сезімдерін, сұлу үлгілерін, ойлау жүйесін, ой пәлсапасын да меңгеру» деп, оның практикалық, өмірлік мәніне ерекше ­назар аударған болатын. Бүгінде ғалымның бұл айтқан тұжырымдары өзінің өміршеңдігін дәлелдеп отыр. Тілді тіл үшін емес, тілді қолданыстық, практикалық тұрғыдан мақсатты түрде оқыту – бүгінгі күннің басты талабы. Осы ретте 2006 жылдан бастап ҚАЗТЕСТ жүйесі еліміздегі азамат­тардың және ел аумағында әртүрлі қызмет түрімен айналысып жүрген шетел азамат­тарының қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау құралы ретінде қызмет ат­қа­рып келеді. Осы уақыт аралығында ҚАЗТЕСТ жүйесі респуб­лика азамат­та­рының тіл­дік құзыретін дамытудағы тиімді құрал ретінде өзін көрсетіп отыр.

ҚАЗТЕСТ жүйесі халықаралық тілдік білімді тәуелсіз бағалаудың TOEFL, IELTS, TÖMER, ТРКИ жүйе­­­лерінің қағидат­тарына сәйкес келге­німен, өзіндік ерекшеліктері бар ұлттық жүйе. Бүгінгі күнде аталған тіліміздің меңгеру деңгейін бағалау жүйесі даму үстінде және қоғамда кеңінен насихатталуда.
ҚР Білім және ғылым министр­лігі Ұлт­тық тестілеу орталығы Астана қала­сында «Тілдік білімді бағалау: теориясы мен әдістемесі» тақы­рыбында ҚАЗТЕСТ тапсырма­ларының әзірлеу­шілері мен сарапшыларына арналған біліктілікті арттыру курсын өткізді.
Курстың негізгі мақсаты – тілдік құзыреттілікті бағалауға арналған тестілеу материалдарын пайдалану барысында қолданылатын әдіс­темелерді зерделеу, тілдік білімді ба­ғалау теориясымен және оларды тәжірибеде қолдану әдіс-тәсіл­дерімен танысу, сондай-ақ қазақ тілін оқытуда ҚАЗТЕСТ әдіскерлеріне, оқытушы мамандарына әдістемелік көмек көрсету, тілдік білімді бағалаудың халықаралық жүйелері мазмұнымен танысу.
Курсқа Түркия Республикасы Гази университеті қарамағындағы TÖMER орталығының (Түрік тілін оқу, зерттеу және тәжірибе орталығы) ­директоры ­Незир Темур, ҚАЗТЕСТ тапсырмаларының әзірлеуші мамандары мен сарап­шылары, еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының, атап айтсақ, ­Назарбаев университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, С.Демирел атындағы уни­верситеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тілші-ғалымдары мен әдіскер ­мамандары, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары, ­тестология саласының мамандары қатысты.
Іс-шара Ұлттық тестілеу орталы­ғы директорының орынбасары Қуанышбек Маликовтың кіріспе сөзімен ашылып, «ҚАЗТЕСТ-тің бүгінгі жай-күйі, тілдік білімді баға­лаудағы рөлі» тақырыбында ҚАЗТЕСТ жүйесін дамыту жөніндегі басқарма басшысы, Мәншүк Мұқа­мет­­қалидың баяндамаcымен жалғасын тапты. Мәншүк Мұқамет­қали­қызы баяндамасында қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесінің отандық жүйесі – ҚАЗТЕСТ-тің бүгінгі жай-күйіне тоқ­талып, халық­аралық тілдік бі­лім­ді бағалау емтихандарының ерек­шеліктері туралы, Білім беру сапасын, оның ішінде тілдік білімді бағалау педагогикалық өлшеулерге негізделетіндіктен, бүгінгі күнде тест тапсырушылардың тілдік білімін бағалау-өлшеу құралдарының белгілі бір қоры қалыптастырылып, 100 мыңнан астам тест тапсырмасының қолданысқа енгізілгендігі жөнінде атап өтті.

Сонымен бірге 2017 жылғы 1 қаңтар­дан бастап қазақ тілін меңгеру­дің коммуникативтік тілдік құзыретті­лік­терінің Ұлттық стан­дарттары қолданысқа енгізіл­гендігін, аталған стандарт мазмұны мен құрылымы бойынша тіл үйрену­шінің қазақ тілін қандай дең­гейде меңгергендігін және оның коммуникативтік-тілдік құзырет­тілігінің қандай дәрежеде қалып­тасқандығын анықтау мен бағалауға толық мүмкіндік беретіндігін және стандартта мемлекеттік тілді біліктілік талаптарына сәйкес меңгеруі абзал кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі ұсыныл­ғандығын атап өтті. Қазіргі уақытта көптеген ұйымдар, мемлекеттік мекемелер осы стандарттың аясында өз қызметкерлерін лауазымдары бойынша біліктілік талаптарына сәйкес ҚАЗТЕСТ тестілеуінен өткізуде.
Шарада ҚР Сыртқы істер ми­нистр­­лігі Мемлекеттік тіл басқар­ма­сының басшысы Дәуірбек Дүй­себаев министрлік дипломаттар мен ел­­шілік қызметкерлерінің қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалауда ҚАЗТЕСТ тестілеуін ерекше құрал ретінде қолданып келе жатқандығын, ҚАЗТЕСТ-тің нәтижесі бойынша Сыртқы істер министрлігінің қызмет­керлеріне қосымша сыйақы белгі­лене­тінін атап өтті. Ал ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті басқармасының басшысы Амангелді Қожабек ҚР Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарла­масының іске асырылуы жөнінде баяндап, ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша атқарылған жұмыстарға жоғары баға берді.
Жылдар бойы қолданыс барысында жинақталған тәжірибенің, өңірдегі тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлерінің ұсыныстары, оқырмандардың пікір­лері негізінде ҚАЗТЕСТ жүйесі бойын­ша әзірленген деңгейлік «Қазақ тілі» оқулықтарының қарапайым (А1), базалық (А2) деңгейлерінің, 2017 жылы орта (В1), ортадан жоғары (В2) деңгейлерінің 2-басылымы жарық көрді. Осыған орай, аталған оқу-әдістемелік құралдардың қазақ тілін шетел тілі немесе екінші тіл ретінде үйренушілер, сондай-ақ жалпы оқырман қауым арасындағы сұранысы мен маңызына оқулық авторы Айдар ­Балабеков кеңінен тоқталды.
Іс-шара барысында Түркия ­Рес­­пуб­ликасы Гази университеті жанын­да­ғы түрік тілін оқу, зерттеу және тәжірибе ТÖМЕR орталығының директоры Незир Темур тілдік білімді бағалау әдіс­темесі: негізгі қағидалары мен әдістері, шет тілі қалай оқытылуы/оқылуы тиіс: табиғи тіл үйрету теориясы; тіл үйрену құралы/үйрену тәсілі; тіл үйретуде жауап берілуі тиіс сауалдар; тілдік білімді бағалаудың деңгейлік жүйесі, деңгейаралық байланыс, «жеңілден күрделіге» ұстанымы; педагогикалық өлшеу теориясы мен тест тапсырмаларын құрастыру әдістемелері жөнінде кеңінен баяндады.
Сонымен бірге ересек азаматтарға қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытуда қолда­нылатын әдістемелер, тілдік білімді бағалаудың деңгейлік жүйесі, педаго­ги­калық өлшеу теориясы мен тест тапсырмаларын қалыптастыру әдістемелері, сөйлеу әрекетінің түрлері, халықаралық тәжірибелерде қолдану мәселесі кеңінен сөз болды. Курстың екінші күні сөйлеу әрекетінің түрлері (тыңдалым, оқылым, жазылым, айтылым), олардың өзіндік ерекшеліктері мен маңыздылығы баяндалып, ҚАЗТЕСТ жүйесінің әр блогы бойынша мәтінді іріктеу, тапсырмаларды әзірлеу жолдары, тапсырмаларды бағалау критерийлері жан-жақты талқыланады.
Сөйлеу әрекетінің әр бөлігі бойын­ша (тыңдалым, лексика-грамматика, оқылым, жазылым) бірнеше жылдан бері әзірлеу мен сараптама жұмыстарына белсене атсалысқан мамандар Назарбаев Университетінің профессоры ­Зейнехан Күзекова, Л.Н.Гумилев атындағы ­Еуразия ұлттық университетінің ­профессоры ­Шынар Құрманбаева, С.Демирел атындағы университетінің оқытушылары Майра Жолшаева, Дидар Рысқұлбек, ­Назарбаев Университетінің оқытушылары Күлән Көпеш, Жанар Байтелиева өз тәжірибелерімен бөлісті.
Курс мазмұны қазақ тілін ересек тұрғындар арасында оқыту бойын­ша тіл оқыту әдістемелері, тілдік білімді бағалау, бағалау құралдарының ерек­шеліктері саласындағы тіл мамандары, оқытушылары, әдіскерлері, ҚАЗТЕСТ тапсырмаларының әзірлеу­ші­лері, сарапшылары, тест ұйым­дастырушылары арасында үлкен қызығушылық тудырды.
Шара аясында ҚАЗТЕСТ жүйесін дамытуда үздіксіз еңбектеніп, қазақ ті­лінің барлық салада қолданылуын кеңінен насихаттап жүрген тест тап­сыр­маларының әзірлеушілері мен сарапшылары, мемлекеттік орган­дардың, облыстық тілдерді дамыту бас­қармалары және Тілдерді оқыту орталық­тарының ҚАЗТЕСТ-ті өткізуге жауапты мамандары ҚР Білім және ғылым министр­лігі Ұлттық тестілеу орталығының «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
Жиын барысында ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша жарыққа шыққан оқу­лықтар­дың, оқу-әдістемелік ке­шен­дердің көрмесі өткізілді.
Курс соңында қатысушыларға ха­лықара­лық дәрежедегі сертификаттар табысталды.

Нұркен ЖАНДӘУЛЕТҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.