АҚТӨБЕДЕГІ БАСПАСӨЗ ҮЙІ

Ақтөбеде тұңғыш Баспасөз үйінің ашылуы салтанатына  облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, сондай-ақ Қазақстанның Еңбек Ері, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналис­тика және саясаттану факультеті телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Ғаділбек Шалахметов, белгілі журналистер Нұртілеу Иманғалиев пен Қайнар Олжай, көрші Ресейден, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Атырау облыстары мен аудандардан қонақтар қатысты.  

Бұрын баспахана болып келген төрт қабатты Баспасөз үйі ғимаратын күрделі жөндеуге «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіп­кер­лік корпорациясының ықпалымен 200 миллион теңгедей қаражат бөлінді.
«Біз бұл жерде журналистерге барлық жағдай жасалған деп ойлаймыз. Ең бастысы — өздерінің полиграфиялық базасы болады. Жұмыс мұнымен аяқ­талған жоқ, бұл істі келер жылы да жал­ғастырамыз» деді облыс әкімі.
Журналистика сардары Ғаділбек Шалахметов құттықтау сөз алып, жақсы тілегін білдірді. Баспасөз үйінің ашылу салтанатына арналған лентаны қию рәсімі Қазақстанның Еңбек Ері, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, журналистика саласының ардагерлері Ғаділбек Шалахметов пен Нұқы Қартбаевтарға ұсынылды. Аталған рәсімнен кейін Баспасөз үйі ғимараты алдындағы мемориалдық тақтаны ашу құрметіне белгілі журналист Қайнар Олжай мен журналистика ардагері Идош Асқар ие болды.
Баспасөз үйінің төрт қабатты кең әрі жарық ғимаратында баспахана мен облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері, олардың сайттары, «Ақтөбе», «Адырна», «Үш таған» журналдарының, «АқтөбеМедиа.kz» медиа порталының, «Aktobenews» ақпараттық сайтының қызметкерлері және меншік иесі «Ақтөбе Медиа» ЖШС орналасқан. Ғимараттың бірінші қабатында жасақталған музей Тұңғыш Президент күні қарсаңында және «Актюбинский вестник» газетінің 100 жылдығына, «Ақтөбе» газетінің 95 жылдығына орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылып отыр.
Музей залында Елбасы Н.Назарбаев­қа арнап жасақталған бұрыш бар. Мұнда Президенттің газет оқып отырған суреті де ілінген. Президент туралы кітаптар да музей төрінен орын алған.
Елбасының Ақтөбеге келгендегі, оның ішінде өңірімізге жасаған алғашқы сапарынан сыр шертетін фотосуреттері көпшіліктің қызығушылығын туғызды.
«Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінде бұрын еңбек ­еткен қызметкерлердің фотосуреттері, тұтынған заттары да осында сақталған.
1918 жылдың 19 маусымында алғашқы саны жарық көрген облыстағы ең ежелгі басылым — «Актюбинский вестник» және келер жылы 95 жасқа толатын «Ақтөбе» газетінің шежі­ресі, Қобыланды батырға, Әлия Молда­ғұ­ловаға, Ахмет Жұбановқа ­арнап шыға­рылған фотоальбом­дар да қойылған.
Баспасөз үйінде «AktobeMedia.kz» медиа порталының ашылу рәсімі болды. Бұл жерде қонақтарға медиа порталдың заманауи үлгіде жұмыс ­жасау технология­сы түсіндіріліп, «Ақтөбе Медианың» мобильді қосымшасы да ұялы телефонға енгізілгені мәлімденді.
Баспасөз үйінде белгілі журналист Гүлназ Әлімгерейдің онлайн-студиясы мен авторлық медиа мектебінің салтанатты ашылу рәсімі болды.
«Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның мәжіліс залында сөз алған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев: «Облыста бірінші рет журналистерді даярлайтын медиа мектеп, оның үстіне медиа портал ашылып жатыр. Мұның барлығы қазіргі заманның талабына сай болуы керек. Біздің журналистер басқа мемлекеттегі өз әріптестерінен қалмауы тиіс. Ең негізгісі — басылымның өз полиграфиялық әлеуеті болуы керек. Келешекте бұл жерде үлкен Журналистер аллеясы ­салынатын болады», — деді.
Журналистер аллеясы шығармашыл адамдардың кездесіп, өзара пікірлесетін орнына айналмақ. Ол үшін барлық жағдай жасалады.
«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин «Актюбинский вестник» газетінің 100 жылдығына байланысты энциклопедия шығарылғанын, сонымен қатар «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында екі облыстық басылымның әр жылдардағы тігіндісі электронды түрге көшірілгенін айтып өтті.
Жиында ТМД Журналистер конфедерациясы сыйлығының лауреаты Қайнар Олжай, Ресейден келген ­«Актюбинский вестник» газетінің бұрынғы қызметкері Владимир Рогожин, ардагер журналист Қуаныш Кенжеғалиевтер жылы лебіздерін айтты.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ

Ақтөбе

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.