Естен кетпес саяхат

Солдан оңға қарай: Мұратжан Мұқажанов, Құман Тастамбеков, Әшірәлі Кенже. 1698 жыл, қазан

Төлеген мінген ақ боз ат сонау Ақтаудан бос келді деп теледидардан хабар таратқа­ны­на, баспа беттеріне жазылғанына бір жылдай уақыт болып қалыпты. Өтіп бара жатқан өмір-ай десеңші! Алғаш Құман ағамыздың бақилық болғанын естігенімде жүрегім қан жылап, бауырымыз үзілгендей күн кештік. Оның себебі институтты ­4 жыл оқып, бір бөлмеде тұрып, қара нанды бөлісіп жеген 5 жігіт едік. Олар кешегі өмірден озған Ерсайын Дүйсенбинов, Әшірәлі Кенжеев, Әшірбек Сығай және Құман ағам еді. Ағам дейтінім, ол менен үш жас үлкендігі бар еді. Ол институтқа түсе салған бетінде өзінің актерлік шеберлігімен көзге түсе бастаған. Баян, сырнай аспаптарында шебер ойнаушы еді, ән салғанда дауысы сондай керемет болатын. Бәріміз таңдай қағып, ұйып тыңдаушы едік. Өң десе өңі, бой десе бойы бар, сондай  жігіттің бір сұлу серісі еді. 

Өмірде сондай адал, адам баласына тек жақсылық тілейтін, қолы ашық, бауырмал, балажан, абзал азаматтардың бірі де бірегейі болатын. Институттың ақырғы курсында «Қыз Жібек» фильмінде Төлеген бейнесін сомдағанда қазақ деген ұлттың сұлу болатынын, ат үстінде ержүрек батыр халық екенін, әсіресе Асанәлі ағамызбен найзаның ұшымен, білектің күшімен сайысқа түскен сәйгүліктерінде бүкіл дүниежүзі халықтарына көрсетті. Ал Қыз Жібекті сомдаған Меруерт қазақ қыздарының сұлулығын, әсемдігін көрсеткен ару болса да, ат үстінде ер-азаматпен қатар теңдесе жүре алатынын көрсете білді. Құман ағам өмірде де, өнерде де өзінің Қыз Жібегімен өмір кешті. М.Әуезов драма театрының белді актері болды. Оның театрдағы, кинодағы еңбектерін бағалай келіп, «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталып, Ленин комсомол сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық артисі атағына ие болды. Студенттік өмірден үзінді ретінде Құман ағамызды еске алып, мына саяхатқа барған сәттерімізді оқырманға ұсынып отырмын.
1968 жылдың қаңтар айы болатын. КСРО халық артисі Хадиша Бөкеева апайымыздың сұрауы бойынша өзінің студенттерін қысқы демалысты пайдаланып, Ленинград қаласына жібермекші болды. Апайымыздың бұл тілегін Құрманғазы атындағы Өнер институтының сол кездегі басшылары қарсылық білдірмей, бірден қуаттады. Бізді бұл сапарға бастап апаратын қазақтың тұңғыш белгілі режиссерлерінің бірі Асекең – Асқар Тоқпанов болды. Апайымыздың көрегендігі сол, біздің болашағымызды ойлап, ол жердегі театрларға барып атақты артистердің ойынын көріп, өздеріне мол тәжірибе жинақтаса, музейлер мен тарихи жерлерді аралап, өздеріне керекті дүниелерді алып, қажетіне жаратса деген оймен жіберген-ді. Сол кездегі алып ұшақтың бірі болып саналатын «ИЛ-18» ұшағымен Қарағанды қаласына қонып, одан әрі Қазан қаласына аялдадық. Үзіліс кезінде бәріміз шығып, аэропортын көріп танысып жатырмыз. Бұл жерде татар ұлтының көптігіне таңғалдық, түрлері сары, көздері көк өз ұлтының ана тілінде бір-бірімен шүйіркелесіп әрі-бері сабылып жатқан ел. Соған қатты риза болдық. Кешкісін алып ұшақ бізді Ленинград қаласына алып келді. Асекең қыздарымызбен басқа жатақханаға кетті де, біз өңшең ұлдар мемлекеттік консерваторияның жатақханасына баратын болдық. Қалай бару жайында маршрут қағазымыз бар, метро арқылы автобус аялдамасына шығып, жатақханамызды тауып алдық. Ертеңінде Эрмитаждың алдында кездесетін болдық.
Біз негізінде 5 ұлмыз: Әшекең бастаған Әшірбек Сығай, Құман Тастанбеков, ­Ерсайын Дүйсенбинов, Әшірәлі Кенжеев және мен бесеуіміз қосылып метроға кірдік. Бұл жердің халқы көп оқитын, көзінің астымен бізге қарап қойып газет-журнал, әдеби кітаптарынан бас алмай оқып отыра береді екен. Сол бір аптаның ішінде бірде-бір қазақ ұлтын кездестіре алмадық. Бір рет әскери форма ­киген 2-3 курсант бізді көріп жымыңдай берген соң біз де қолымызды көтеріп ишарат білдіріп едік, қасымызға келе сала өз тілінде сөйлеп құшақтағалы жатыр. Біз ештеңе түсінбей қай ұлтсыңдар деп сұрасақ, сол жердегі оқу орнында оқитын моңғол ұлтының өкілдері екен. Ол сарбаздарың өзінің елінің адамдары екен деп қатты қуанып қалған сияқты.
Сонымен, Асекең бастаған қыздарымызбен Эрмитажды аралай бастадық. Алғашқы кезде қолымызға қалам алып әр нәрсені түртіп алып жүрсек, бұл қалыппен 2 айда біте алмайтын сияқтымыз. Содан қарап оқи жүріп бір күнде 1 қабаттың жартысына да жеткеніміз жоқ. Бір таңғаларлық жағдай керемет дүниелер жиналған не деген байлық дерсің. Әсіресе, Айвозовскийдің суретін көргенде сол мұхиттың ішінде жүргендей бір қорқыныш пайда болады екен. Суретшінің талантының кереметтігі сонда ғой. Ертеңінде кешкі спектакльге тапсырыс беріп көрдік. Оның кереметтілігі метро судың астынан салыныпты, аралдан бірақ шықтық. Ал үстінде Нева өзенінде кемелер жүзіп жүр. Онда Романовтар әулетінің 1-Петрден бастап оның үрім-бұтақтарының мүрделері алтын жалатылған мраморлық табытта жатыр екен. Кешкісін бір кездері апайымызға дәріс берген оқытушысы, КСРО халық артисі Василий Меркурьев жұмыс істейтін Пушкин атындағы театрда «Егор Булычев және басқалары» деген спектакльді тамашаладық. Кейіпкерлерді сомдаған ойынның шеберліктеріне тәнті болдық. Күндегі әдетіміз бойынша келе жатыр едік, Асекең бізді көпірдің үстінде тоқтатып, көпірге көп қарап тұрып көзіне жас алып, кәдімгі жас балаша «мына жерден Шоқаң, Мұқаңдар жүріп өтті ғой» деп кемсеңдеп егіліп жылады. Біз жаспыз ғой, алғашқы кезде ештеңеге түсінбей үрпиісіп бір-бірімізге қарай беріппіз. Сөйтсек ағамыз ұлтжанды, өзінің ұлты үшін ішкен асын жерге коятын жан екен. Шоқаң дегені Шоқан Уәлиханов, Мұқаң дегені Мұхтар Әуезов, қазақтың қос жұлдыздарын осылай көңілі бұзылып еске алып жатыр екен. Ал М.Горький атындағы театрдың ойынын көре алмадық, Иннокентий Смоктуновскийдің бір кейіпкерін көрсек деп едік, ол ойымыз іске аспады. Онда билет 2 ай бұрын сатылып кетеді екен де, бос орын мүлдем болмайтын көрінеді. Ол жерде Асекем қатынас құжаттарымызды көрсетіп, қайтсем кіргізем деп көп тырысты. Ештеңе шықпады.
Негізінде бізге кезіккен қыз-жігіттермен әңгіме-дүкен құра бастасақ, олар сендер жақта автобус жүре ме, поезд бар ма, қойшы, әйтеуір, адам миына сыймайтын сөздер айтады. Тегі мектеп қабырғасында біздің тарихымыз бен республикамызды оларға оқытпайтын сияқты, ол жайында мүлдем бейхабар екен. Жапонсыңдар ма, моңғолсыңдар ма деп көзіміз аздап қысық болған соң сол ұлтқа теңей бастады. Біз де ерегіскенде кездесіп қалған қыз­дарға, өз замандастарымызға жапонбыз, моң­ғолмыз деп өтірік айта бастадық. Бір-бірімізге тілдескенде қазақшаның өзін тез-тез жылпыңдатып сөйлейміз. Кейде «әй, Әшеке, саған ана қыз», «Құман, саған мына қыз қарап тұр» деп ерніміз-ернімізге тимей сыпылдатамыз. Ал қарапайым отырған басқа адамдар тез-тез сөйлейтін мұндайда ұлт болады екен деп аң-таң болып бізге таңырқай қарап отырады. Оған бір жетістікке жеткендей өзіміз де мәзбіз. Енді ойлап отырсақ, сол кездегі балалық жастығымыздың албырттық шағы екен ғой.

Солдан оңға қарай: Әшірбек Сығай, Мұратжан Мұқажанов, Құман Тастамбеков, Ерсайын Дүйсенбинов, Әшірәлі Кенже. Мәскеу, 1967 жыл, желтоқсан.
Солдан оңға қарай: Әшірбек Сығай, Мұратжан Мұқажанов, Құман Тастамбеков,
Ерсайын Дүйсенбинов, Әшірәлі Кенже. Мәскеу, 1967 жыл, желтоқсан.

Қызықтың үлкені былай болды: жігіттердің біреуі «таңертең ерте тұрып тапсырыс беріп жүреміз бе, күндіз музейлерді аралайық та, кешке театрды көруге бірақ барайық» деді. Оған бәріміз бір кісідей мақұл дедік. Кіргізе ме, кіргізбей ме, онда шаруа жоқ, кешке театрға бірақ келдік. Ұмытпасам, Александр Невский даңғылындағы Комиссаржевский театры, кірер есікте сол кездегі заманда бас киімдерін домалақтатып лента байлаған, шалбарларын тағы да сары лентадан лампас­пен көмкерілген зейнеткер шалдар тұрады екен. Бесеуміз ақсақалдың алдында өзімізше қазақша не айтамыз, не сөйлейміз деп тұр едік, сөзді ақсақалдың өзі бастады. «Откуда вы ребята, иностранцы?» дегені. Бәрімізде бір табан артист болуға жақындап қалған кезіміз ғой, бір сөзді қағып алып, «извините, мы приехали из монголии», біреуміз Улан-Батор десек, енді біреуміз Сухе-Батор деп қоямыз. Онда шетелден келсеңдер екінші қабатта администратор бар соған жолығыңыздар деп жол сілтеді. Енді оған кім барады деп саудаласып тұрғанымызда, Әшірбек: «әй, Мұратжан, сенің көзің қысық, моңғолдан аумайсың. Ал Құман, сен орысшаға жетіксің, тіпті болмаса құтқарып аласың, екеуің барыңдар» дегені. Әй, жастық-ай, ұсталып қалсақ, масқара, ұят болады-ау деген ой да жоқ санада. Екеуміз баспалдақпен көтеріліп есікті саусағымызбен тықылдаттық. Ар жағынан «Да» деген сөзді естідік. Кіріп барсақ, орта жастан асқан, көзілдірігін танауының төменіне түсірген адамға сасқалақтап «Здрасти» дедік. «Здравствуйте! Откуда вы ребята» деді. Мен «из Монголии Улан-Батор, извините, мы опоздали, если не верите мой документ» деп қалай айтқанымды өзім де білмей, қалтама қол салғалы жатыр едім. «А нука покажите» десе, біттім ғой. Ол кісі асықты ма, білмеймін, «не надо ребята, идите, у нас первый ряд только для иностранцев» деді. «Спасибо, спасибо» деп қуаныштан аяғымыздың ұшымен барып, бірінші қатарға жайғастық. Ол А.Чеховтың «Шағала» спектаклі болатын. Оны бәріміз ынта-шынтамызбен көріп, өзімізге-өзіміз риза болып театрдан шықтық.
Бұл үлкен шаһардан біз көп дүние алдық, қаланың барлық музейлерін араладық. Н.В.Гогольдің «Ревизорын», А.Н.Толстойдың «Иван», Грозный Шиллердің «Қарақшылар», т.б. спектакльді театрларынан көрдік. Қаланың барлық көрнекті жерлерін араладық, ең аяғы атақты Аврора Крейсеріне шықтық. 50 жыл өтсе де бұл сапарымыз өмірі естен кетпейтін қайран қимас достарымыз-ай… Сол жастық күндеріміз деп сағынышпен еске алудан басқа ештеңе қалмады.

Мұратжан МҰҚАЖАНОВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.