Сыр шерткен сурет

Аптаның бейсенбі күні әдеттегідей ертемен «Ана тілі» газетін қолға алып, кабинетке отырып, көз жүгіртіп қарап, содан соң қарба­лас жұмыс кестесінен асықпай оқуға уақыт белгілеуден басталады. Сол әдетіммен газеттің 2018 жылғы 15 қарашадағы кезекті нөмірін қолыма алғанымда бірінші беттегі М.Әуезовке арналған ­«Парасат пен ғарасат» атты мақалаға (орысшадан аударған А.Нысаналин) көзім түсті. М.Әуезовтің оқырмандарына аяғынан тік тұрып қолтаңбасын жазып беріп жатқан фотосы да жақсы таңдалыпты. Қай жылдары екен, оқырмандарының арасында кілең жастардың көп болуының өзі қандай ғажап десеңізші! Жазушының қолтаңбасын алу мүмкіндігін қалт жібермей, кезегін күткен олардың жанарларынан көп нәрсені ұққандайсың ба, қалай? Осындай ойдың елегінде отырып, фотоға мұқият қарай бастадым. Шын мәнінде, «Мұхтар Әуезов жымия, мейіріммен қолтаңбасын қойған кітапты алып тұрған мына жас жігіт қандай сезімде болды екен десеңізші» деген ойда тұрып, селт ете қалдым. Таныс кісіні көргендей болдым, «әлде біреуге қатты ұсқаттым ба?» деп бір тоқтадым. Бір мезетте жүрегімді кернеген қуанышты сезіндім. Иә, иә, бұл сол кісі…. Менің атам ғой…
Енді атамның осы суреттің тарихына қатысты әңгімесіне құлақ түрелік.

«Әрине, студенттік шақтың әр сәті, әр күні – адам өміріндегі ешқашан ұмытылмас ең қымбат, ең думанды кезең ғой. Еліктің үркек лағы тектес бір топ жас білім іздеп, ғылым қуып, студенттік аудитория табалдырығын 1956 жылы аттаған болатынбыз. Содан бес жыл бойы жұп жазғанымыз жоқ. Өзгелерді білмеймін, дәл мен үшін зердемде айрықша сақталып қалған, өз жүрегім соғып тұрғанда мәңгі ұмыта алмайтын аса бір ардақты белгі бар. Ол – заманымыздың заңғар жазушысы, адамзаттың мақтанышы Мұхтар Әуезовтің алдын көріп шәкірті атануым, өнегесін көріп дәрісін тыңдауым, жүрексіне жүріп зачет, емтихан тапсыруым деп білемін.
Әр жаста да арман болады ғой. Сол арман қуған біз университетке түсісімен-ақ «Мұхтар Әуезов дәріс оқиды» дегенді естіп алғанбыз. Білетіндердің айтуына қарағанда, ол кісі 1-курсқа фольклордан дәріс оқиды екен. Қандай себеп болғанын білмедім, сол жылы біздің ұстаздарымыз қатарында Мұхаң болмады. «Шіркін-ай, сол ұлы адамды қашан көреміз, лекциясын қашан тыңдар екенбіз?» деп сарыла күтумен болдық. Бұл үмітіміз үшінші курста ғана ақталды.
1959 жылғы көктем. Дәлірек айтсам, сәуір айының іші болатын. Кезекті сабақтан шығып үзілісте жүргенбіз. Бір кезде жүгіре басып старостамыз Өсербай Сүйіндіков келе қалды. Алқына сөйлей жөнелді: «Ой, қыздар, жігіттер! Көптен сарыла күтіп жүрген Мұхтар ағамыз кіші залда «Кеңес Одағы халықтарының әдебиеті» пәнін өзі өткізетін болды, сол жерге жиналыңдар».
Старостаның бұл құлақтандыруын естіген студенттер қуана гулесіп кетті. Қалу қайда! Тіпті студенттер жұп жазбай барып, кіші залға күні бұрын отырып алдық. Зал толып кетті.
«Менің Әуезовім» роман-эссесінде Зейнолла Қабдоловтың жазғанындай: «Ол аудиторияға көз қиығынан жылт-жылт ұшқын шашып, сол жақ қабағын сәл жоғары көтере жымиып, күлімдеп кірді. Бір түрлі бір тәкаппар, кермиық, кербез пішін… толық дене, кең иық, көтеріңкі кеуде…»
Міне, осы адам – қадірлі ұстаз, ғұлама ғалым, майталман жазушы Мұхтар аға мінбер жанына барды да оған қолындағы папкасын қойып, лекциясын бастап кетті. Зал толы адам іштен тынып қалған. Мұхтар Әуезовтің асқақ лебізі бәрінің аузын буып тастағандай. Аузынан лағыл төгіліп, маржан шашылып жатқандай. Тыңдаушылар болса, сол сұлу сөздердің бір де бірін қалт жібермей құлақтарына құйып алуда. Оның білгірлігіне, тереңдігіне, ғұламалығына, шешендігіне сол алғашқы жүздесуден, тұңғыш тыңдағаннан бастап оқуды бітіргенше тәнті болудан танбадым…
«Абайтану» – Мұхтар Әуезовтің «жекеменшік» сүйікті арнайы сабағы болатын. Бұл пәнді ол кісі бізге 1960 жылғы күзде, бесінші курста оқып жүргенімізде жүргізді. Абайдың өмірі, қоршаған ортасы, оның отбасы, жалпы шығармашылығы туралы айтып түсіндіргенде санаңа сіңіріп, миыңа құйып бергендей болушы еді. Ал ақынның өлеңдерін, қара сөздерін талдағанда оның поэзияны да, прозаны да жетік білетіндігі, олардағы көркемдікті тап басып айта алатындығы таңғалдыратын. Мұхаң Абай тілінің ұшан-теңіз байлығын әрдайым мақтан тұтатын. Абай тілі жөніндегі ойларын ол «Менің тілімді білесіңдер ме? Менің тілім – Абайдың тілі, ал Абайдың тілі – халықтың тілі, қазақтың тілі» деп тұжыратын. Туған тілге деген сүйіспеншіліктің бір белгісі осындай-ақ болар.
Студенттік жылдарымда Мұхтар Әуезовтің талай әсерлі дәрістерін тыңдап, көптеген кездесулеріне қатыстым. 1960 жылы ұстаздарымыз Мұхтар Әуезов пен ­Зейнолла Қабдоловты ортаға алып суретке түстік. Университеттің қазақ тілі кафедрасында түсірілген осынау фото біз үшін ескірмес естелік болып саналады. Сол фотоны 4 жыл бұрын М.Әуезов мұражайына өткіздім.
Ал «Ана тілі» газетінің 2018 жылғы 15 қарашадағы 47 нөмірінде басылған фото – ұлы ұстазымның «Абай жолы» кітабына өз қолымен «Інім Әлібекке» деп қолтаңба қойып берген сәті. Ол 1957 жылғы наурыздың 24-і күні cол кездегі Үкімет үйінің жанындағы кітап дүкенінде кітап сатып алып тұрғанымда түсірілген еді» деп, атам ұлы жазушының қолтаңбасы жазылған сол кітапты алып шығып көрсетті де, әңгімесін аяқтады.
Атам – Әлібек Қожабеков, Талдықорған облысы Ақсу ауылында 1938 жылы дүниеге келген. 1956 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепті тамамдаған. Сол жылы С.М.Киров атындағы мемлекеттік университеті филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне оқуға түседі. Ұстаздық қызмет атқарып, білім саласында жемісті еңбек етті. Қазір зейнеткер Қайрат, Бауыржан, Салтанат, Гүлжан, Гүлсанат, Бақыткүлдің ардақты әкесі. Жары Үмітай екеуі немере, шөбере сүйіп отыр. Кіші ұлы ­Бауыржан мен келіні Гүлнәр зейнетке шыққан жылы ата-анасын Ақсудан Алматыға көшіріп, қолдарына алып, бағып-қағып отыр. Әулеттің ұл-қыздары – білім, ғылым, ағарту салаларының білікті мамандары.
Ұлы ұстазы Мұхтар Әуезовті үлгі тұтқан атамызды өзінен тараған ұрпағы да ардақтап, мақтан етеді.

Гүлнәр Сәрсенбекова,
Білім беру ісінің
құрметті қызметкері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.