Гүл патшасы — қызғалдақ

Осы жылдың қараша айының 21-ші жұлдызында Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланды. Қазақ ұлтының бары мен бағын асырар, ұлты үшін мақтана алатын, маңызды мақала дүниеге келді. Мақала екі бөлімнен тұрады: «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт. Кеңістік – барлық нәрсенің, ал уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады. Бұл – жай ғана әдемі афоризм емес» деп бастады. «Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз» деді. Сонымен, Ұлы даланың жеті қырына тоқталды.
Мен Ұлы даланың жетінші қыры «ҚАЗАҚСТАН – АЛМА МЕН ҚЫЗҒАЛ­ДАҚТЫҢ ОТАНЫ» тақыры­бына тоқталғым келіп отыр. «Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған» деп жазады Елбасы.

Бүкіл әлемге тарады

Гүл патшасы – қыз­ғал­дақ біздің жерімізде Тянь-Шань тауларының етегі мен шөлейт даланың түйісер тұсында пайда болған. Қазақ топырағындағы осынау қарапайым, сондай-ақ ерекше гүлдер өз әдемілігімен көптеген халықтың жүрегін жаулап, біртіндеп бүкіл әлемге тарады.
Шу-Іле таулары, Талас Алатауы мен Ақсу Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы аумағының орталық, батыс және солтүстік беткейлерінде грейг қызғалдағы өседі.
Қызғалдақ (лат.Tulipa) – лалагүл­дер тұқымдасына жататын көпжылдық шөптесін пиязшықты өсімдік. Қазақстанда 32 түрі кездеседі. Биіктігі – 3-50 см. Сабағы жұмыр, тік өседі. Тамырымен жалғасқан буы­нында пиязшығы болады. Қызғалдақтың өте сирек кездесетін 13 түрі (Альберт қызғалдағы, Борщов қызғалдағы, Грейг қызғалдағы, Кауфман қызғалдағы, Шренк қызғалдағы, т.б.) қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Ерекше әсем көркімен дараланатын қызғалдақтың Отаны – Қазақстан болып саналады. Бүгінде жер жүзінде 3 мыңнан астам түрі бар. Олар – біздің дала қызғалдағының ұрпағы.
2002 жылы Нидерланды король­дігіне жасаған ресми сапары кезінде Елбасы Н.Назарбаевқа сол елдің ханшайымы Беатрикс ханым қызғалдақ жайында ағынан жарылып, былай депті: «Ұлы Жібек жолы ғасырлар бойы Еуропаны Азиямен, сондай-ақ Қазақстанды Нидерландымен байланыстырып тұрды. Осы байланыстар біздің елімізге қызғалдақ гүлін әкелді. Бұл гүл осылайша Нидерландыға кең тарады. Гүл саудасында да ол ең өтімді өнімге айналды. Қазіргі кезде қызғалдақ гүлі – нидерландықтардың нөмірі бірінші экспорттық тауары. Сол үшін де Сіздің елге қарыздармыз» деген екен.

Қызғалдақтың шығу тарихы

Жер шарының қай түкпірінде болмасын алуан түсті қызғалдақтар өседі. Үлбіреген нәзік гүлге әрдайым сүйсіне қарағанмен, оның шығу тарихы мен табиғаты жөнінде көп ойлана бермейді екенбіз. Биолог, ботаник ғалым Анна Иващенконың «Қазақстан қызғалдақтары және жуа тұқымдас өзге өсімдіктер» атты кітабында қызғалдақтың отаны – Қазақстан екендігін анық жазған. Қызғалдақтың тұқымы Ұлы Жібек жолы арқылы Түркияға, кейіннен Голландияға жеткен. Қазақ жерінде өскен гүлдің алыс шетелдерде жаңа түрлері өсірілді.
«Қазақ халқы ежелгі дәуірден бері қызғалдақты құрметтеп, оның көркіне қызығып қана қоймайды. Шипалы қасиеті бар болғандықтан бұл өсімдік емдік мақсаттарға кеңінен пайдаланылады» дейді ғалым Анна Иващенко.
Академик Питер Симон Паллас жетекшілік еткен экспедиция 1771 жылы Солтүстік Қазақстан аймағында алғаш рет қызғалдақты зерттеп, баспа бетінде жариялапты. Қазақ жеріндегі қызғалдақтарды зерттеу ісі көптеген атақты адамдардың есімімен тығыз байланысты. Кейбір зерттеушілердің бірнеше жылға созылған экспедициялары мен саяхаттары өте қиын жағдайда өтіп, қайғымен аяқталған. Мәселен, жасы отызға жетпеген зерттеушілер – Александр Леман мен Иван Кирилов Ресейге экспедициядан қайтып келе жатып, ұзақ жолда, суықта ауырып қайтыс болған. Олардың және өзге де ғалымдардың аттары Алматы, Санкт-Петербург және көптеген батыс-еуропалық мемлекеттердегі ірі академиялық коллекцияларда, гербарийлік этикеткада сақталған. Лемон, Шренк және ­Борщов қызғалдақтары ғылыми әлемге жақсы таныс. Алматы қаласындағы Ботаника институтында Қазақстан аймағынан А.Шреж, Г.Карелин, И.Кирилов сияқты ғалымдардың 1840-1842 жылдары жинаған қызғал­дақтардың ең ескі гербарийлік жапы­рақтары сақталған. Бір қызығы, дала қызғалдақтары республиканың барлық облыстары мен аудандарында кездеседі. Республиканың батыс және солтүстік облыстарында гүлдің үш-төрт, Шығыс Қазақстанда алты түрі болса, ал Оңтүстік Қазақстанда оның отызға жуық түрі таралыпты.
Қызғалдақ – Оңтүстік Қазақстан облысының символы. Алқызыл қызғалдақтың ең әдемілері Түлкібас ауданындағы Ақсу-Жабағылыда және Шұбайқызылда көптеп өседі.
Елбасымыздың мақаласында ерекше ден қойып, осы қызғалдақтың әлі де зерттелмеген тұстарына ғылыми тұрғыда зерттеп, дәлелдеуіміздің қажеттігі бізге түсінікті. Сондық­тан Қазақ ұлттық аграрлық универси­тетіндегі Агробиология факультетінің мамандықтарында дипломдық жұмыстар, магистрлік және доктор­лық диссертациялар жазылып, зерттелуі қажет. Іргелі ғылыми жобалар жасалуы керек. Қызғалдақтың тек әсемдік және парюмериялық қырын ғана танып қоймай, оны медици­налық, экономикалық, әлеуметтік, археологиялық салалары бойынша көп зерттеуді қажет етеді.
Жылына бар болғаны 15 күн ғана гүлдейтін қызғалдақтар бүкіл алқапты қызыл кілемге көмкеріп, жазиралы кең даланы одан сайын асқан сұлулық пен әсемдікке бөлейді. Және қызғалдақтар наурыз айының соңғы күндерінде ғана өсіп шығатындықтан, өзіміздің төл мерекеміз – Наурыздың да символы іспетті.
Наурыз мейрамы қарсаңында көше бойына ілінетін баннерлерге, телеарналар мен газет-журнал беттерінде қызғалдақ фотосының жария­ланып, бейнеленуі тегін емес. Себебі қазақ халқының түсінігінде бұл гүл – көктемнің, жаңа өмірдің, көрікті тіршіліктің жаршысы болып есептеледі.
Гүл өндірушілердің кейбірі ол гүлді тек сату үшін ғана өсірсе, қалғандары хош иісті парфюмериялық заттар жасауға пайдаланады. Ал біздің отандық мамандар бұл гүлдің «грейг» деген түрін бауыр ауруларына қарсы дәрі-дәрмек ретінде пайдалануға болатынын айтуда. «Грейгтің артық­шылығы ол – 55 пайыз крахмал мен қанттан тұрады. Ал ондай сұйықтық ағзаға аса пайдалы» дейді олар.

Қазақ өнеріндегі қызғалдақтар

Қазақ жерінде жүргізілген ар­хеологиялық қазба жұмыстары кезінде «Теңдік» қорғанынан (Жетісу) біздің заманымызға дейінгі ІІІ-ІІ ғасырлардағы сақ патшалары мен көсемдерінің киімдерінен қызғалдақ тәрізді оюмен әшекейленген жалпақ алтын тіліктер табылды. Орта Азия аймағынан табылған Х-ХІІІ ғасырлық қыш бұйымдарда да қызғалдақ суреттері салынған болып шықты. Орта ғасырларда мемориалдық архитектура мен пластикалық өнер түрінде де өсімдік тектес оюлардың пайдаланылғаны мәлім. Қожа ­Ахмет Ясауи кесенесіндегі жұқа кірпіштерде, Отырар жазирасындағы ортағасырлық қыштарда гүлдердің әшекейлеу үшін қолданылғаны – соның нақты айғағы. Құлпытастарда да қызғалдақ суреттері салынған. Қазақ қолөнерінде де қызғалдақ бейнесі көп бұйымдарда бедерленген. Олар: ер-тұрман жаб­дықтары, тері белдік тоғалары, сақина, білезік, қамзол қапсырмалары, ағаштан жасалған жиһаздар. Өсімдік пен гүл пішіндері кестелерде де, сырмақ, текемет, кілем, алашаларда да бар. Шеберлер алтын жіппен ұлттық киімдерге, киіз үй жабдықтарына, қоржын-дорбаларға да қызғалдақтың бейнесін салып әшекейлеп, кестелеген.

Қыз өссе – елдің көркі, гүл өссе – жердің көркі

Біз жас қызды қызғалдаққа балаймыз, екеуі де – сондай нәзік, жаны сұлу көркем жаратылыс. «Қыз – қонақ» деп санаған қазақ халқы қыздарын кішкентайынан ерекше мәпелеп, аялап өсіреді. Себебі келер ұрпақты жалғастырып, гендік, рухани құнды­лықтар ана арқылы таралатынын білген ұлтымыздың қыз баласына ерекше құрметпен қарап, қызғалдаққа теңеуінің өзі бұл гүлдің ерекшелігін аңғартса керек. Ғылымда генетикалық түрде болашақ ұрпағының сапасын аналық ген тарататынын білген. Сон­дықтан жабайы қызғалдақтар­дан мәдени түрлер, экология­лық жағ­дайға төзімді, әдемі түрлері алынған.
Көктемнің жайма-шуақ мезгілінде Алматы қаласындағы әл-Фараби даңғылы көздің жауын алардай түрлі-түсті қызғалдақтармен көмкеріледі.Қызыл, сары, ақ қызғалдақтар бір-біріне керемет үйлесім беріп, кілемдей құлпыра көздің жауын алады. Сондықтан да Қазақстан табиғатының әсемдігі, топырақ жүйесі, жалпы экологиялық кешені – барлығы тұтастай бізге Жаратушының берген байлығы. Біз осы байлығымызды тиімді қорғай отырып болашақ ұрпақ үшін сақтап аманат етуіміз қажет.
Жапониядағы сакураның гүлде­генін көруге жергілікті халық тегіс жи­налады. Тіпті әлем мемлекеттерінен осы құбылысты тамашалау үшін жапон аралдарына ағылатын адамдардың қарасы көп көрінеді. Біздің елімізде де көктемгі тамаша көріністі қызықтау үшін өңірге еліміздің түкпір-түкпірі­нен ғана емес, шетелден де қонақтар келіп, «Қызғалдақтар фестивалін» тамашалайтын күн алыс емес. Тағы бір ұсыныс, Қазақстанда Наурыз айында «Қызғалдақтың гүлдеу мерекесін» ұйымдастыруға болады. Бұл мерекеде қолөнер, сурет көрмесі, тігін, тоқыма, ағаш, тас металдан қызғалдақ бейнесі жасалған бұйымдардың көрмесін, ән, шығарма, өлең, т.б. жаңалықтарды паш етуге болады. Үшінші ұсынысым, университетте «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» атты орталық ұйымдастырсақ. Орталықта тарихи дерек көздердің орын алғанына атсалыссақ.
Бүгінгі тақырып – еш уақытта өзектілігін жоғалтпайтын мәселе.
Ел байлығын бағалап, қадір-қасие­тін асқақтатып, ұрпақтан-ұрпаққа ұла­ғатты із қалдыру – әрбір ұлттың арманы. Арманымыз орындала берсін!

Бағлан Махамедова,
Қазақ Ұлттық аграрлық университеті «Агробиология» факультетінің деканы, педагогика ғылымының кандидаты, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.