Ортаң қолдай ортақ ұл

Жақсының жақсылығын айтудан, шын жақсыға қошемет көрсетуден алдына жан салмайтын халықпыз ғой. Биыл қазан айында іссапармен Оңтүстік өңіріне бардым. Шымкентке келгенімде күн шығып, нағыз күз болып, жыл құстарының жылы жаққа кетіп бара жатқан кезі еді. Келген шаруаларымды тиянақтап, қонақүйге асығып бара жатыр едім. Бір үлкен кісі тоқтатып, «Қарағым осы қалада тұратын Атхамбек Юлдашовты білесің бе, қай жерде тұрады?» деп сұрады. Мен «Білмейді екенмін» деп жауап бердім. «Ай сендер нағыз әншіні білмейсіңдер ғой, өңкей өтірік жұлдыз болып жүргендерді білесіңдер ғой» деп ренжіп кетіп бара жатты. Мен қонақүйге кіріп, қонақүй қызметкерлерінен Атхамбек жайлы сұрай бастадым. Олар «Атхамбекті, Хамза көшесінің тұрғындарынан сұрасаң айтады» деді. Содан журналист ретінде қызығушылығым туып Атхамбектен сұхбат алайын деп, әншіні іздеп шықтым. Хамза көшесіндегі бір дарбазаны қағып, «Атхамбек Юлдашовты білесіз бе, қай үйде тұрады?» деп сұрадым. 

Есікті жасы сексеннен асқан кейуана ашты. «Оны неге іздедің?» деп өзіме қарсы сұрақ қойды, мен өзімнің журналист екенімді және әншіні тойға шақырғым келетінін айтып, қулыққа бастым. Өз атын Зухра деп таныстырған апай: «Үйге кір уақытың болса, саған ол туралы бір әңгіме айтайын» деді. Іздегенге сұраған деп, маған материал керек болғасын үйіне қуана кірдім. ­«Балам, 1991 жылғы аламан тасыр кезінде, осы үйде атаң екеуміз тұратын едік, пенсиямызды ала алмай қиналған жылдар болды ғой. Үйде жейтін нан болмай ақшамыз құнсызданып, сабан ақша болған кез еді, содан кішкене сауда-саттық қылып әрең күн көрдік. Бір күні базарда бар ақшамды ұрлатып, үйге тамақ ала алмай көшеде жылап келе жатсам, «Апай сізге не болды деп?» бойы ұзынша келген сарылау жігіт тоқтатты. Өзім ашуланып келе жатып, әлгі жігітке: «Не жұмысың бар» деп айғайлап жіберіппін, сонда әлгі жігіт күліп, «Апай, қамықпаңыз, айтыңыз не болды?» деді. Бетіне қарасам иманжүзді жігіт екен, бүгін базарда бар ақшамды ұрлатып алғанымды айттым. «Апай, тоқтаңыз, менің жәрдемім» деп қомақты ақшаны қалтама салып, «енді абайлап жүріңіз» деп ақылын айтып кете берді. Орнымда қалшиып тұрып қалыппын. Өтіп бара жатқан көршім Зухра: «Неге тұрсың, жүр үйіңе жаңағы ақшаны сана, қанша беріпті Атхамбек» деп сұрады. Сөйтсем сыртымнан бақылап тұрыпты. Оның ­Атхамбек екенін қайдан білейін үйге келіп санасам, бір жылға азық-түлік алып өмір сүретіндей ақша екен. Шалымыз екеуміз қуанып, рақмет айтайын деп, Атхамбекті іздеп бардық, барсақ сол күні іссапарға кетіп қалыпты. Содан бері Атхамбектің сыртынан тілеуін тілеп, алғысымызды айтып жүреміз» деді ол.
Ападан Атхамбектің мекен-жайын алып әншінің үйіне бардым. Қоңырауды басып біраз тұрдым. Бір уақытта жас бала шығып есікті ашып жөн сұрады. Мен Атхамбекке келгенімді, өзімнің журналист екенімді айттым. «Атхамбек аға сағат бестер шамасын да үйге келеді, сол кезде келіңіз» деді. Содан уақытым бар болғасын сол жердегі дәмханаға кірдім. Біраз жасы үлкен қазағы бар, өзбегі бар, бір үйдің баласындай ас үстінде әңгіме-дүкен құрып отыр екен. Мен де жағалай отырған үлкендердің жанына жайғастым. Өзімнің Алматы қаласынан келгенімді, Атхамбек Юлдашевті іздеп келгенімді айттым. Махалланың үлкендерінің бірі әңгімесін ары қарай жалғап жатыр.
Есімі – Абдулла екен, ата-бабасымен осы өңірге тұрақтағанына ғасырға жуықтапты. Атхамбектің атасын, әкесін жақсы танитынын, өте ақкөңіл, адал жандар болғанын айтты. «Мен Кеңес одағы кезінде осы қаладағы «Казбакалейторг» базасында жұмыс істедім. Сол кездерде Атхамбек бізге жиі келіп жұмысымызға келіп көмектесіп, кетерінде үнді шайын сатып алатын. «Бұл шайды не істейсің?» деп сұрасам жымиятын да қоятын. Кейін халықтан естісем шайды Хамза көшесінде тұратын қарт кісілерге, жарлы-жақыбайларға және мұқтаж адамдарға таратады екен. Ол сол кездердің өзінде, Атымтай жомарт атанған бала еді ғой» деп Абдулла әка бізбен жылы қоштасып шығып кетті. Сағатқа қарасам, бес болып қалыпты, содан Атхамбектің үйін қайыра бетке алдым. Қоңырауын басып едім, сол таңертеңгі бала жымиып ашып, «Кіріңіз, аға жаңа ғана келді, сізді күтіп отыр» деді. Менің іздеп келгенімді ескертіп қойса керек. Қарапайым екі қабатты үй екен, мені күлімсіреп, «Жоғары шығыңыз» деп қарсы алды. Қонақ келеді деп, стол үстін жайнатып қойыпты, мен ыңғайсызданып, «Осынша дайындалудың керегі қанша» дедім. «Бұл келген қонаққа деген біздің ықыласымыз» деді. Алдымызға ыстық тамақ келді, «Ішіп-жеп отырыңыз, көп күтіп қалған шығарсыз» деп бәйек болды. Біраз сыр шертіліп, ұзақ сұхбаттастық. Көп жайларға көзім жетті. Берген сұрақтарыма қысқа жауап беріп отырды. Өз-өзіме келіп ­жан-жағыма қарасам, үйде әр зат өз орнында тұр, мұнтаздай. Сөз арасында: «Халық сізді Атымтай жомарт деп айтады ғой» дедім. Атхамбек күліп, «Халық өзі біледі ғой не айтса да» деп қойды. Осы кезде Атхамбектің үлкен ағасы бізбен бірге отыр еді, сол кісі Атхамбектің Қазақстан бойынша жеті жүз он екі жетім балалар үйіне және көп балалы үйлерге ақшалай жәрдем бергенін, Алматы облысы Талғар қаласындағы Тұяқ апайдың балалар үйіне көп көмек көрсеткенін айтты. Атхамбекпен әңгімелесіп, үш сағаттың қалай өткенін білмей де қалдым. Көп жайларға қанық болдым. Талай адамдарға көмектесіпті. Олар қазір Астана, Алматы қалаларында қызмет атқарып жүр.
Атхамбекті Өзбекстанның басшылары: «Елге кел қызмет беріп, барлық жағдайыңды жасаймыз» деп талай шақырыпты. «Мен өзбек ұлтынан болсам да Қазақстанды тастап кетпеймін, өйткені менің ата-бабаларымның туған жері Қазақстан, менің туған Отаным осы жер» дегенде, оған деген ықыласым арта түсті.
Ел болған соң кейбір көңіл түсірер сәттер де болып қалады. Қайбір жылы белгісіз бір күштер, Атхамбекті қараламақшы болып, талай жамандық істеген екен. Соның бәріне төзіп, адамгершілікті және адалдықты өзінен жоғары қойған Атхамбекке риза болдым. Қазақтың әндерін нақышына келтіріп айтқан кезде, көзіме жас алып тыңдадым. Әсіресе Елбасына шығарған «Қазақстан Елбасы» өлеңінің мәні де, мазмұны да және әні де керемет. «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды» деген мәтел сөз осы Атхамбекке арналғандай. Осындай талант иесін қадірлей алмағанымызға қатты өкіндім, қазір көгілдір экранда өңкей жыртақайлар мен өздерін жұлдыз санайтын жеңіл ойлы әншілер қаптап кетті. Мазмұнды да мағыналы ән айтатын Атхамбектей әншілерге жол ашуымыз керек деп ойладым. Жақсы отырып, қоштасып шығып бара жатып, Атхамбектің үйінің кіре берісінде бірнеше қарлығаштың ұясын көрдім. Ілгеріде үлкен кісілер «қарлығаш береке дарыған таза үйге, адалдық бар жерге ұя салады» деп айтып отырушы еді. Мен де Атхамбектің үйінен ынтымақ пен бірлікті, ырыс пен бақытты көргендей болдым.
Қазақ топырағында ынтымағы мен ырысы, берекесі мен бірлігі жарасқан қаншама ұлттар мен ұлыстар тұрып жатыр. Олар да елдің экономикалық-әлеуметтік дамуына, рухани, мәдени кемелденуіне өз тараптарынан барынша еңбек сіңіруде. Ортақ Отанның кемел болашағы үшін талмай еңбек ету – Қазақстандағы барша халықтың міндет-парызы. Осы орайда, кіндік қаны еліміздің оңтүстігінде тамған, сол елде өсіп-өніп жатқан, дарынды азаматы, Қазақстан және Өзбекстан Республикаларының мә­дениет қайраткері, әнші Атхамбек Юлдашев ­бауырымыз да құрметтеуге лайық тұлғаларымыздың бірі.
Сахнаның саңлағы, бөрісі.
Атхам інім – әншілердің серісі.
Қазақ пенен өзбекке ортақ оғылансың,
Бұл дағы – сол еңбегінің жемісі.
Орта Азияға әніменен танылған,
Көрерменнің алғысына малынған
Атхам әнді әуелетіп салғанда,
Күн шыққандай көрінеді қалыңнан.
Музыканың падишасы атанған,
Атхам Шәмші атасынан бата алған.
Болмаса да Қалдаяқов Шәмшідей
Көрінеді Шәмші-көштен, қатардан.
Атхамжанның не өтпеді басынан,
Қиындықты көріп өсті жасынан.
Кембағал мен кедей-кепшік жандарға,
Бөліп берді, өзі ішкен асынан.
Досқа адал, пейілің кең серісің,
Өнердегі өсе берсін өрісің.
Әртісісің қазақ пенен өзбектің,
Екі елдің мәпелеген төлісің.

Нұғыман ӘМІРЕҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Алматы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.