«ҚУМОЛА» АТАУЫ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

Қумола өзені – Кішітау тауынан бастауын алып, Дүйсенбай, Білеуті, өзендерімен қосылып, Арал теңізіне бет түзейтін арнасы кең, шежірелі өзен. Осындағы Қарсақбай қыратының оңтүстік беткейінде жатқан «Мыңбұлақ ойысы» теңіз деңгейінен жүз метр шамасында жоғары жатыр. Бұл өлкенің мол су қорынан хабар береді. Мұнда Жошы ханның, Кетбұға абыздың ат тұяғының ізі қалған. Жоңғар шапқыншылығында «Қалмаққырылған» шайқасын басынан өткерді. Ұлы Отан соғысы жылдары Байқоңыр көмір кенішінде, Қарсақбай мыс қорыту зауыты өндіріс орындарындағы қарапайым халықтың ерен еңбегі 1943 жылғы қазан айын­да КСРО Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алғанынан көрінеді. Жезқазғандықтар 16 рет осы абыройға ие болып, соғыс жеңіспен аяқталғанда осы Ту мәңгілік сақтауға табыс етілді. Әлемге танымал «Қазақмыс» корпорациясы металлургтерінің тәуелсіз қазақ елінің экономикасына қосып отырған үлесі өз алдына бір төбе.

Сөйте тұра, тым қарапайым, томаға тұйық өзеннің түпкі атауы «Қумола» сөзінің мағынасы неден бастау алғаны құпия қалып келеді. Әйтсе де, өткен ғасырда атам қазақтың: «Кішіктік – ұлылықтың ұшқыны» дегені есте бола бермегіні аян. Ол қазіргі Елбасы ұсынған ­рухани жаңғыру самалымен бірге елге оралып жатыр. Кішіктік ––ердің қорғаны. Елдің даңқын асырып, мәртебесі мен беделін арттырып, астамшылықтан сақтап, такаппарлықтың жолын кесетін абзал қасиет. Мұның бәрі Қумола тарихында орын алды. Әйгілі «Ақсақ құлан» күйі де осы өңірде дүниеге келді. Жошы хан баласы ханзаданың жалғыз саусағы да осы өзен бойындағы сайда жерленген.
Әртүрлі нұсқада елімізге қожалар әулеті алғаш қадам басқан құрметіне – «Қожамжар», жоңғар шапқыншылығында қыршын кеткен Сәуіл батыр атымен аталып – «Қу мола» ­атаныпты деседі. Бірақ көкейге қонарлық тұшымды жауап табылмай келеді. Ақыры көнеден күмбірлеп жеткен ғашықтар қүпиясы да сыр болып шертілер кез келген сияқты. Оны Қумола өңіріндегі екі ақынның ға­шықтық оқиғасымен танысқан тұсымызда аң­ғардық.
Байназар Бозай шешеннің ақын қызы ­Айым­құлпы айттырылып қойғандықтан ­кедей жігіт Әли баласы Шарабас ақынның шарасы таусылады. Қос ғашықтың зар мұңына ортақтастығын білдірген ауылдасы, туысы Тұңғышбай баласы Дүйсенбай ақын Айымқұлпымен айтыс кезінде тұспалдап ­Ша­рабас жайын сездіріпті. Сонда Айымқұлпы қыз:
…Күнтуғанның басында қыз моласы,
Не көмек жасай алды жан жолдасы?
Айдаһарды өлтірумен, іс біте ме,
Көз жасқа қандалмап па ед, қанжығасы?!
Мұнда жоңғарлар тұсындағы «Қызылкесік» басында махаббат құрбаны болған «Қыз ­моласына» қа­тысты оқиға тұспалдап айтылған. Дүйсенбай ақын:
Жар үшін кек алғанда арман бар ма?
Көз жасың көл болады алданғанда!
Аққуды пиғылы арам қарға іліпті,
Құсалық түпке жетер жынданғанда.

Аққуды қарға ілген, бар ма салт та?
Аққу мінез емес пе ек, берік антқа.
Қу жүздірген айдынына Қумола еді,
Жаңылардай не жаздық жаппар Хаққа?! – деп, аққу-махаббат құдіреті, сертке адалдық еске алынады…
1993 жылы Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаев Ұлытауға арнайы тәу ете келіп: «Мына Қасиетті Ұлытаудың баурайында аруақты бабаларымыздың басқан ізі жатыр. Ал ұшар ­басынан сол кемеңгер бабаларымыздың үні естіліп барша Қазақты бірлікке шақырып тұрғандай. Енді біздің сол ізден адасар еш ретіміз жоқ» деген болатын. Демек, ел бірлігін сақтаған ұлылар ізінен жаңылыспас үшін рухани жаңғыру бағдарламасын даңғаза саясатқа айналдырмай, жүйелі зерттеу, іздестіру, зерделеу жұмыспен айналысу абзалырақ. Өйткені бағзы заманның арманы тәуелсіз елімізде өмір шындығына айналып, ұлы мақсаттың орын­далғанына, оның дұрыстығына, жалпақ елге жария болғанына көзіміз жеткені ақиқат. «Қу» сөзіне мән беруіміз осы тұстан байқалды.
Содан көне аңыздардың беттері парақталды. Өйткені жұбайынан айырылған Аққу құстың «Қуу-у… Қуу-у…Қуу-у..»-лап сол жерден кетпейтіні шындық.
Ертағы, Кертағы өңірі жаратылғаннан бергі талай аласапыран тарихының куәгері Қумола өзенінің атауына қатысты жайлар санамда сан жаңғырды. Еркін энциклопедиялық ­деректерде кезігетін «Ху» сөзінің тамыры көне египет аңыздарында діни жалпы атаулармен астасады. Оның бұл өңірге аса кірігіңкіремейтінін ескерсек, сөз төркінін түркі әлеміне қатысты дүниелерден іздестіруге болатындай. Өйткені Сарыарқадағы Қу тауы – Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Шалқия кенті маңында. Ұлытау мен Жаңаарқа аралас жатқан ел.
«Казахско-русский словарь» кітабына көз жүгіртейік. (Перевод с казахского языка қу на русский): «Қу» – I. лебедь; II. 1) сухой, пере­сохший; – сухостой; 2) трут, трутовик; – высушенный пучок травы, зажигающийся от искры; III. белый, бледный, блеклый; IV. 1) хитрец, проныра, пройдоха, ловкач; 2) перен. обманчивый, притворный, изменчивый; (http://www.xn).
Бұл да өзенге атау болуға негіз бола алмайтын тәрізді. Сол себепті, қазаққа атауы да, мінез-құлқы да үндес келетін құс – Аққу жайындағы әңгімені тілге тиек етпекпін.
Аққуды «киелі құс» деп, мәрттігін бағалап, қызды аққуға теңеу бізге жат емес. Құс атау­лыда жұптасып өмір сүретін бірден-бір құс – Аққу. Жұбынан айырылса, сыңары адамша қайғыратыны сонша, өзге аққуға қосылмайды. Қазақ: «Махаббаттарың айдында жүзген қос аққудай болсын!» деп бата берген. «Қыс жылы кезде аққудың біраз тобы Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауында – Ақтау қаласының маңында қыстап шығады» («Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі», Энциклопедия. Алматы: DPS, 2011).
«Аққудың аталығын «сапар», балапанын «көгілдір» деп дәріптейді… «Аққу – құстың төресі, жалғыз жатып оттамас» («Қазақ Энциклопедиясы», «Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Биология» / Жалпы редакциясын басқарған профессор Е. Арын – Павлодар: 2007).
Аққу-қаздар – ежелгі түріктер мен қазақтардың төтемі болған. Аққуды олар – «Қу» деп атаған. Алтай түріктері қумандардың атамекені – «Қумания». Этни­калық атауы сақталған алтайлықтар «Қу» өзені бойында өмір сүруде. Қара қудың отаны – Австралия десек, кезінде түрік сұлтандары қара қу­ларды сарай ­хауыздарында сәндікке бәсекеге ұстапты.
Аққулар жұп құрғанда өле-өлгенше «бір-біріне серік болуға» уағда ететін көрінеді. Аналық аққуды атасы ұзатады екен де, аталық аққуды анасы әкеліп қосады екен. Қазақтың «құда түсіп, қыз ұзатқандай» салты дерсің. Аққу күндіз-түні бірге жайылып, бір-біріне сүйеніп ұйықтауы – татулығы. Қос аққуға қаз-үйрек те ысырылып жол береді. Қазақ халқы ежелден: «Аққу айдынын аңсайды, Адам туған жерін аңсайды, «Аққу айдын көлде жүзеді, Ару айдын көңілде жүзеді, – деп ардақтайды. Осыншалық құрметтен кейін дарқан көңілді бабаларымыз сайын даладағы бір өзенге «Аққу», «Қу» атын беруге қимапты, сансыз бекет-қамалдың бірі солардың құрметіне бұйырмады деуге болар ма?!
«Қумола» сөзі – қу және мола сөзінің бірігуіне жасалғаны шындыққа жанасады. «Қу» – дегені аққулар мекені және «мола» – ғұн тілінде қорған сөзінен құралады. Қорған елді мекен екені шындыққа жанасады. Демек, «Аққулар мекендеген өзен жағасындағы қорған» болуы ықтимал…
Елбасымыз Н.Назарбаев: «Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек» деп айтқаны түсінген жанға көп сырды жайып салады.
Ендеше, ғалымдарымыз да соны тақырыпқа тосырқай қарамай түбірін ғылыми негіздеуге жұмыла ат салысып, өлке тарихын зерделеуде зор табысқа жете берсе, Қумола тарихы Ұлытау өңірінің, қазақ елінің кешенді бағдарламасында ойып тұрып орын алар тың деректің бірі болары анық.

Тоғанбай Құлманұлы,
журналист, өлкетанушы

Қарағанды облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.