КЕКІЛБАЕВТАНУ ПӘНІ қалыптасуы қажет

Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы Қазақ ұлттық ака­демия­лық кітапханасында заңғар жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығы қарсаңында қаламгер атындағы оқу залының ашылу салтанатына қатысып,  сөз сөйледі.

«Халқымыздың маңдайына біткен заңғар жазушысы, Еңбек Ері, көрнекті мем­лекет және қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінің классигі Әбіш Кекілбаевтың Ұлттық кітапханада арнайы оқу залы ашы­лып отыр. Меніңше, бұл Әбіш ағамыз­­дың 80 жылдығы қарсаңында оның есімін ұлықтау жолындағы алғашқы қадамдар­дың бірі.
Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қос­қан тұлғаның есімі, шын мәнінде, хал­қымыздың ең жоғары құрметіне лайық. Сондықтан осындай игі бастамалардың ғұмыры ұзақ болары сөзсіз. Жаңа жылдан бастап бұл жұмысқа кірісуіміз керек. Үкімет, тиісті әкімдіктер қажетті жоспарларды дайындап, тиісті іс-шараларды қолға алады деп ойлаймын. Бұл бүкіл халыққа керек маңызды жұмыс» деді Қ.Тоқаев.
Әбіш Кекілбаевтың қайталанбас қол­таңбасы қазақ әдебиетінің ғана емес, әлем әдебиетінің қазынасына айналғанын айтқан Сенат төрағасы «Көсемсөз шебе­рінің шығармашылығы бойынша терең зерттеулер жүргізу – келешек буын ғалым­дарының алдындағы маңызды міндет болуы тиіс. Себебі Әбіш Кекілбаевтың ойлары, философиясы және жалпы рухани әлемі мұхиттай терең. Әбіш Кекілбаевтың әдеби әлемі шексіз дүние, көпқырлы, ма­ғыналы мұра. Білімінің көкжиегі шексіз, бірегей тұлға, әрі жазушы, әрі әде­биет­танушы, ғалым, тарихшы, ойшыл, философ қана емес, мемлекетіміздің дамуына елеулі еңбек сіңірген көрнекті мемлекет қайраткері. Бұл – ұлы жазушылардың арасында өте сирек кездесетін құбылыс» деп атап өтті.
Президенттің сенімді серігі болған Әбіш Кекілбаевтың туындыларының идеялары «Рухани жаңғыру» философия­сы­ның негіздерімен үндесіп жатқанына ерек­ше назар аударған Қасым-Жомарт Тоқаев «Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» идеологиясы, түптің түбінде, қазақ зиялы қауымының, жалпы халқымыздың асыл арманының көрінісі. Бүгінде бүтін халқымыз ұлттық идеяны жаңғырту жолына бет бұрды. Осылайша, Әбіш ағамыздың арманы іске асуда» деді.
Сенат төрағасы Қ.Тоқаев өз сөзін қорытындылай келе, жиналған қауымға «Маржансөз шебері, гуманист-ғалым, ұлтжанды-саясаткер Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығын, оның жалпы мұрасын өсіп келе жатқан ұрпақтардың арасында кеңінен дәріптеу – бұл біздің бірінші кезектегі мақсатымыз болуы тиіс. Осы бағытта Кекілбаевтану әдебиеттану ғы­лымындағы негізгі пәндердің бірі болып қалыптасуы қажет. Біз қоғам ретінде тиісті әрекет жасап, бұл жұмысты бақылауға алуымыз керек» деген ой ­тастады.
Сенат төрағасы көтеріп отырғандай, ғалымдар мен әдебиетшілер ұлы қа­лам­гердің мол мұрасын келер ұрпаққа жеткізу жолындағы жұмыстарды белсенді әрі мұқият жүргізсе, Әбіш Кекілбайұлының жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгілік сақтала беретіні күмәнсіз.

Әділбек ҚАБА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.