Тележурналистика туралы тың туынды

Филология ғылымының кандидаты, доцент Жидегүл Әбді­жәділқызының «Тележурналистика» кітабы жарық көрді. Автор 1998 жылдан бері журналистика саласын ғылыми-зерттеумен айналысып келе жатқан белгілі журналист.
Оқулықта ақпарат кеңісті­гінің айрықша бір саласы тележурна­лис­тиканың қазіргі хал-күйіне баға беріліп, ондағы кезек күттірмейтін өзекті мәселелерді шешу жолын, тележурналист даярлаудың тың жолдарын ұсынады.

Кіріспе бөлімінде тележурналист ұсынатын ақпараттың адамдар арасындағы әңгімеден айырма­шы­лығын атап көрсетеді. «Ол – журналистің өз көзімен көргенін, соның нәтижесінде зерттеп-зерделеп көкейіне түйгенін бейнелі дерекпен суреттеп, жиған-терген фактілерін іріктеп-талдау нәтижесінде сабақтастырып, топтастырып бейнелі тілге тән қисындармен баяндайтын кәсіби туынды. Әйтеуір, оқиғаның бірен-саран ізін ғана аңғартатын бейнекөріністерді шала-шарпы түсіріп алып, сол туралы «осылай болған екен, былай болған екен» деген кісілерді жалпылама бір-екі ауыз сөйлетіп алып, сол қалпындағы бейнематериалды тележаңалық ретінде эфирден беру – ағаттық» деп жазады. Автордың баяндауынша, тележурналист ақпаратты ұсынғанда фактілердің дәйектілігіне, айғақтардың ақиқат екеніне көз жеткізіп, соған сәйкес бейнекөріністерді түсіріп, оқиға куәгерлерін сөзге тартып, қажет болған жағдайда тиісті құжаттарға жүгініп, толыққанды, нақты әрі дәл мағлұмат беретін телесюжет ұсынуы керек.
Кітапта отандық телеарналардың жаңалықтар қызметіне шолу жасалып, әрқайсының өзіне тән ерек­ше­ліктері ескеріліп, кәсіби деңгейі салыстырылады. Бұл тізімде автор «Қазақстан» ұлттық телеарнасы, «31-арна», «7-арна», «КТК», «Алматы» телеарнасының жаңалықтар қызме­тін қарастырған. Сонымен қатар барша телерадиожурналис­тер мен журналистика мамандарын даярлайтын білім ордасындағы оқытушы-профессорлардың талайын тәрбиелеген тәлімгер ұстаз ­Намазалы Омашевтың: «Аудиторияға саяси ойындардың ықпалынсыз, елшіл, ­отаншыл рухта жазылған дүниелер ғана ұсынылғаны абзал» деген пікірінен дәйексөз келтірген автор қазіргі жас мамандарға деген ренішін де жасырмайды. «Амал қанша, осындай орынды ой-толғамдарды талғам таразысынан өткізіп, өздеріне керек тұсын алуды ресми тұрғыда жолға қоймақ түгілі, парақтап шығып, қаперіне алуды қажет етпейтін, өйткені күндіз-түні түсірілімдер мен монтаждан қолы тимейтін әріптестеріміздің «мүшкіл халін» ескерсек, өндірістік журналис­тика өз алдына бір әлем, ал ғылыми журналистика өз алдына бір әлем екеніне көз жеткізуіңізге болады» деп жазады.
Осы ретте Жидегүл Әбдіжәділ­қызы бұрындары жарық көрген «Қазақстан телерадиокомитетінің «Эфирде Қазақстан» – «Казахстан в эфире» газетін еске ала келе, экранда ағаттық жібергендерді (аяқ астынан, байқаусызда, техникалық себептерге байланысты емес) амалын тауып, айыбын мойындатып, ал көгілдір әлемнің көркіне айналған көреген көсемсөзшілердің айтулы ақпаратынан саңлауын тауып саналы сөзді суыра білетін телесын өкілдерін қалыптастыратын ұлттық кәсіби тележурналистика кезеңі жеткенін айтады. Сондай-ақ қазіргі заманғы ұлттық тележурналистиканың кезек күттірмейтін нақты проблемаларын атын атап, түсін түстеп көрсетеді. Оны шешу жолдарын білім беру саласындағы жаңартылған педа­го­гикалық технологиялар кеше­ніндегі негізгі бағыттардан іздейді. «Тану әдісі» мен «Табу әдісін» ұсынады.
Оқулық филология, журналистика және мәдениеттану саласындағы мамандарға, студенттерге және жалпы оқырман қауымға арналған.

Майя МҰРАТБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.