Түркістанның жаңа тынысы

Бүгінде Түркістанды тұтас түркі жұрты жаңа қырынан тани бастады. Оған Елбасының пәрменімен қасиетті Түркістан қаласына  жаңа облыстың орталығы мәртебесі берілуі ерекше ықпал етуде. Мемлекет және облыс деңгейінде назар аударылып, Түркістанды түлетуге деген ықылас пен ниет еселене түсуде. Қазақ халқының  келешегіне қатысты талай тағдырлы тарихи шешімдер қабылданған қаланы Мемлекет басшысының «Қазақстанның рухани орталығы – Түркістан» деп атауында айрықша мән бар. 

Соңғы жылдары мемлекет тарапынан әлеуметтік көрсетілген қолдаулар арқасында көптеген мектептер мен балабақшалар, медициналық нысандар салынып, пайдалануға беріл­ді. Қала халқы Президенттің «100 мектеп, 100 аурухана», «Балапан», «Тұрғын үй құрылысы», «Мәдени мұра», «Қолжетімді баспана», «Жұ­мыспен қамту», «Бизнестің жол картасы-2020», «Рухани жаңғыру», «Өңірлерді дамыту» іспеттес мем­лекеттік бағдарламаларының игілігін сезініп келеді. Осылайша қолдау мен қамқорлықтың арқасында өндірісі өркендеп, тұрмысы оңалған қалаға айналды. Тұрғындардың өмір сүру сапасы жыл сайын айтарлықтай жақсарып келеді. Сонымен бірге өткен 2017 жылғы ТҮРКСОЙ ұйы­мының Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесі қаланың одан әрі түлей түсуіне жол ашты. Осы мәртебелі жылдың құрметіне орай, өткен жылдың соңында «Түркі бағы» аллеясы ел игілігіне берілсе, биылғы жылы бауыр­лас халықтардың ын­тымағы мен бірлігін ту еткен бұл аллеяда мазмұнды монумент бой көтерді. Рухани өңірдегі келелі істердің бастысына баланған «Рәміздер алаңы» қала тұрғындарының саялы демалыс орнына айналды. Әрбір азаматтың бойына рухани жігер беретін алаңда биіктігі 62,5 метрді құрайтын еліміздің Мемлекеттік Туы орнатылып, Елтаңба мен Әнұран мәтіні жазылған. Бұған қоса ұлттық құндылықтарды дәріптейтін бейнелер мен аталы сөздер сап түзеген аллея қаланың келбетін аша түсті.
– Биылғы жыл өңір халқының қуанышын еселей түскен табысты да ерекше тарихи жыл болды. Бүкіл әлем назарын тіктеген Түркістанда – Елбасының жаңа бастамаларына үлкен бетбұрыс жасалды. Түркістан облысының орталығы болып жария­ланған күннен бастап, қаламызға деген көзқарас ерекше. Соның бас­тысы Мемлекет басшысының осы аймақты дамытуға байланысты жауапты тұлғаларды қабылдауы Түркістанға деген шынайы қолдау десек, Түркияға сапарында Түркістан облысының мәселесін назардан тыс қалдырмауы ауқымы кең бастаманың айғағы. Және де түркі жұрағатының тамырына нәр беріп, түркі әлемі мойындаған қара шаңырағына айналдыру жолындағы түркілердің ұлы арманын іске асыруға деген нақты әрекеттің көрінісі дер едім. Таяуда жарияланған Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Түркістанды түлетуге тікелей тоқталуы байламды істердің тағы бір бастауы, – дейді Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев. Мәртебесі мен мерейі артқан Түркістанды көріктендіру мен абаттандыруға соңғы 5-6 айдың ішінде еселі күш жұмсалып, игілікті шаралардың жалғасы ілкімді істерді қала әкімдігі іске асыруда.
Соның ішінде қала көлемінде іске асырылған жұмыстарға тоқталып өтер болсақ, «Отырар» ықшам ауданында 4 гектарға 10 үй тұрғызудан басталған құрылыс жұмыстары биыл тағы да 10 гектарға ұлғайып, 26 үйді келер жылы наурыз айында ел игілігіне беру жоспарланып отыр. Аталған тұрғын үйлердің аула ішілік инфрақұрылымын, абаттандыру жұмыстарын да межеленген мерзімде аяқтау көзделген. Осы аймақтағы тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешу үшін 900 орындық мектеп құрылысы бой көтерсе, 200 орындық балабақша жеке және мемлекеттік әріптестік бойынша салынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ 7-20-25 бағдарламасы аясында да тұрғын үйлер салу қолға алынуда. Алдағы жылы аталған шағын ауданның көлемін тағы да 42 көп қабатты тұрғын үймен ұлғайтуға жоспар түзілген. Яғни тұрғын үй кезегінде тұрған 8 мыңнан астам тұрғынның мұқтаждығын жеделдетіп шешу мүмкіндігі қолға алынуда.
Соңғы уақытта қалаға келуші қонақтар мен саяхатшылардың қа­тары арта түсуде. Олардың және қала тұрғындарының демалысын жақсы өткізуі үшін саялы бақтар мен аллеялардың қатарын көбейтіп, қаланы көріктендіру жұмысы кезек күттірмейтін шаруа. Осы орайда «Түркі бағы» мен «Рәміздер алаңы» әуелгі кейіпінен ерекше өзгеріп, түрлі түске енсе, қаланың Кентау бағытынан кіре берісінен 14 гектар жерге орналасқан «Парасат» саябағы абаттанып, заманауи демалыс кешеніне айналды. Бұл саябақ облыс көлемінде архитектуралық құрылысы жағынан алдыңғы қатарлы демалыс орындарының бірі десек болады. Себебі ондағы соңғы үлгіде орнатылған жарық бағаналары мен аркалар, су бұрқақтар, теннис, футбол, баскетбол алаңшалары мен веложолдар және концерт алаңы демалушыларға қолайлы жағдай туғызады. Ең ­бастысы, саябақты суландыру жүйесі толығымен автоматтандырылған. Яғни саябақтың көркін келтірген ағаштар мен гүлдер қай мезгілде болсын судан тапшылық көрмейді. Сонымен қатар аудан әкімінің айтуынша, «Жеңіс» саябағына 162 288,26 мың теңге қаржы бөлініп, қайта күрделі жөндеуден өткізілген. Алдағы уақытта саябақтағы аттракциондардың қатарын қаланы биіктен тамашалуға болатын айналмалы дөңгелек шеңбермен толықтыру жоспарланып отыр. Қаладағы көлік қозғалысы жиі қатынайтын О.Жарылқапов, С.Ерубаев көшелері мен Тәуке хан даңғылының және Қызылорда тас жолы мен Төле би көшесінің бойындағы иригациялық арықшалар мен жарықтандыру жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жалпы алғанда соңғы 5-6 айда қала ішіндегі 20-ға жуық көшенің бойына аяқжолдар төселіп, абаттандырылды. Және де қаладағы шағын аудан тұрғындары үшін 16 көп қабатты тұрғын үйдің ауласына балалар алаңы, демалыс шатырлары, футбол алаңдары, аула тренажерлары мен воркауттар орналастырылған. Сондай-ақ қалаға кіреберіс қақпадан бастап, басты даңғылдың өн бойы мен қаланың тұрғындар демалатын, жаяу жүретін аймақтарының барлығына 100 мыңнан астам ағаш отырғызылып, оларды суландыру, көгерту мақсатында 50 метр тереңдікте арнайы құдықтар қазылуда. Бұл орайда шаһар аумағын қамту үшін 40-қа жуық құдық қазылып, суландыру жүйесін тамшылатып суару тәсілімен және автоматтандырылған жүйеге қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Себебі жаз айларында Түркістандағы аптап ыстықта отырғызылған ағаштар мен гүлдерді суарудан қиындық туындамауы тиіс.
Соңғы уақытта қалада көлік қозғалысы көбейген. Қала ішінде 875 көше, 764 шақырым жол бар болса, биыл жол саласын дамыту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджет есебінен 1 172,4 млн теңге қаржы бөлінген. Осы қаржыға 22 көшеге орташа, 21 көшеге ағымдағы жөндеу және 39 көшеге тас төсеу жұмыстары жоспарланған және кезегімен іске асырылуда. Көлік қозғалысының жиілеп, авкөліктердің уақыт өткен сайын көбейетіні ескеріліп, келер жылдары қаланың бірқатар ішкі көшелерінде құрылыс жұмыстарын жүргізу, басты көшелерін кеңейту, Түркістан қаласына Отырар ауданы, Кентау қаласы, Балтакөл, Қарнақ ауылдарынан кіретін респуб­ли­калық және облыстық маңызы бар жолдарды толықтай күрделі жөндеуден өткізу жопарлануда. Сондай-ақ жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақ­сатында жергілікті бюджет есебінен 92 737 мың теңге қаржы қаралып, жаяу жүргіншілер өткелін жарықтандыру, жол белгілері мен көше қиылыстарына арка, сілтемелер мен жол белгілерін орнату жұмыстары жүргізілген.
Бүгінгі таңда жергілікті әкімдік тарапынан келешекте түсетін құрылыс нысандарына жер дайындау мақсатында бағалау жұмыстары мен сәулет жоспарлау жұмыстары қызу жүргізілуде. «Жалпы Түркістан қаласының келешектегі бас жоспарын жобалау бойынша қала құрылысы мен сәулеті үш бағытта жүргізілмек. Бірінші бағыт – «Тарихи аймақ» Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан тарихи аймақтағы 88,7 гектар жерге орналасқан 18 нысанды жаңғырту және екінші бағыт – «рухани-мәдени орталық» аймағы 98 гектар жерге жоспарланып отыр. Қазіргі таңда ол жерлерге түсетін 12 құрылыс нысанының орны анықталды. Ол аймақта «Қазақстан-Назарбаев» және «Түркі әлемі» орталығы, «Қазақстан хандары мен билерінің орталығы» және Қожа Ахмет Ясауи музейі, амфитеатр, Шығыс базары, Шығыс моншасы секілді 12 нысанның құрылысы түседі деп жоспарлануда. Ал үшіншісі әкімшілік-іскерлік орталығының аймағы жалпы 700 гектар болса, бүгінде оның 270 гектарына түсетін құрылыс нысандары белгіленді. Онда облыстық әкімдік ғимаратынан бастап, басқармалар мен департаменттер ғимараты, Астана алаңы, Конгресс Холл, Медиа орталық, Сауда орталықтары мен тұрғын үй кешендері, жастар мен оқушылар сарайы, спорт, мәдени кешендердің құрылысы сынды басты-басты 18 нысан мен тұрғын үйлердің құрылысы түседі деп күтілуде. Осы аталған жоспарларға сәйкес қазан-қараша айларында Халықаралық архитекторлар конкурсы жарияланған болатын. Оған 32 елден 353 ұсыныс түсіп, оның 245-і қабылданса, одан 42 концепция іріктелді. Әрине, бұл аталған жоспарлар болашақ Түркістанды рухани-мәдени тұрғыдан және облыс орталығы ретінде дамуы үшін жасалып жатқан дүниелер. Алдағы уақытта түбегейлі бекітілген соң, жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілетін болады. Ақын-жазушыларымыз бен ғалымдарымыз, түркі туысқандарымыз Астана – түркі әлемінің жүрегі, Түркістан – түркі әлемінің рухани тірегі деп жазып та, айтып та жүр. Сондықтан қаламызды түркі дүниесінің мәдени-рухани астанасына айналдыру – біздің басты мақсатымыз және үлкен жауапты міндет» дейді Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаев.
Қаланың келешек келбетін айқындайтын бас жоспар түбегейлі бекітілген соң атқарылар шаруалар еселенетіні сөзсіз. Соның ішінде Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық жағдайын арттыру басты назарда болса, туризм саласын жетілдіру, өндірісті өркендетіп, шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту шаралары да күн тәртібінен түспек емес.

Е.ӘБДІЖАППАРҰЛЫ

Түркістан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.