БОЛАШАҚҚА ЖОЛ АШҚАН «БОЛАШАҚ»

Әсел САРҚЫТ
«Ана тілі»

1993 жылдың 5 қараша күні посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттер тарихында алғаш рет талантты жастарға шетелде білім алу мүмкіндігі берілді. Ол ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бұйрығымен құрылған «Болашақ» халықаралық стипендиясы еді. 1994 жылы алғашқы 187 стипендиат шетелге білім алуға аттанды.
«Тәуелсіздіктің қиын дәуірінің бастапқы жылдарында біздің лайықты болашағымызды көре білу әркімге бұйыра қойған жоқ. Мен жаңа білім алып, елімізді алға апарулары үшін алғашқы стипендиаттарды жібердім. Экономика күйреу жағдайында тұрды, іс жүзінде барлық ірі өндіріс орындары тоқтап қалды. Инфляция бірден өсіп кетті, жұмыссыздық көбейді. Ел «жабайы капитализмге» енді. Ол кезде біз нарықтық қатынастарға жаңа ғана өте бастадық. Оның не екенін білгендер аз еді. Тіпті ең тәжірибелі басқарушылардың жаңа экономикалық және әлеуметтік процестерді қалай басқару, егемен мемлекетті қалай құру туралы түсінігінің өзі бұлдыр болатын. Ол кезде елімізде жаңа нарықтық экономикаға көшу жөнінен ­мамандар болған жоқ. Тәуелсіз Қазақстанға халықаралық деңгейдегі сапалы білімі бар кәсіби кадрлар өте қажет болды. Жекешелендіру жүргізіп, елімізге инвестиция тарту керек болды. Бұл біздің сенімді стратегиялық таңдауымыз еді» деген еді Мемлекет басшысы осы бағдарлама туралы.

Бағдарламаның даму тарихы

Қазір «Болашақ» стипендиясының тәжірибесін Қытай, Польша, Финляндия, Украина секілді прогрессивті елдер зерттеп жатыр. Сондай-ақ Ресейдің «2014-2016 жылдарға арналған жаһандық білім беру бағдарламасы» мен Татарстан Республикасының «Алгарыш» стипендиялық бағдарламасы «Болашақтың» негізінде қаланды. «Халықаралық бағдарламалар орта­лығы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 25 жылдың ішінде «Болашақ» бойынша 10425 стипендия тағайындалған. Олардың 2852-сі – бакалавриат, 5405-і – магистратура, 137-сі – аспирантура, интернатура, клиникалық ординатура, 133-і – докторантура, ­1898-і – ағылымдама бойынша берілген. Жалпы алғанда түлектердің 53,2%-ы – әлеуметтік, ­37,7%-ы – инженерлік-техникалық, 7,3%-ы – медициналық, 1,8%-ы шығармашылық мамандықтар бойынша білім алған.
Қазіргі таңда «болашақтықтар­дың» 45,2%-ы – Ұлыбритания мен Ирландияны, 25,4%-ы – АҚШ пен Канаданы, 14,6%-ы – Еуропа елдерін, 6,9%-ы –Азия елдерін, 7,9%-ы Ресейді таңдайды екен.
25 жыл ішінде «Болашақ» бағдар­ламасы бірнеше даму кезеңдерінен өтті. Бағдарламаның талаптары мен ба­ғыттары ұлттық экономиканың қажет­тілігіне қарай бейімделіп, мемлекеттік саясаттың басымдықтары мен еңбек нарығына қарай жетілдіріліп отырды.
Алғашқы он жылда (1993-2007 жылдар) әлеуметтік-экономикалық сала­дағы мамандарды даярлауға көбірек көңіл бөлінді. Себебі Одақтан өз алдына жеке отау тігіп, бөлініп шыққан елдің экономикасын аяққа тұрғызу уақыт күттірмейтін мәселе еді. Ол үшін стипендиаттар АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция сынды алдыңғы қатарлы дамыған төрт елге оқуға жіберілді. Сол кезде табысталған 785 стипендия бойынша білім алған түлектердің 35%-ы бүгінде жоғары және орта шенді басшылық қызметте жүр.
2005-2007 жылдарда «Болашақ» бағдарламасының екінші даму кезеңі болды. Бұл уақытта стипендияның көлемі жылына 3000-ға дейін өсіп, әлемнің 33 елінде білім алуға жол ашылды. Соның ішінде Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапур сынды елдердің уни­верситеттерімен келісімшарт ­жасалды.
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ құрылды. Ол стипен­диаттардың білім алу барысын қада­ғалаумен айналысты және түлектердің жұмысқа орналасуын бақылап отыратын болды. Сондай-ақ білім алушылардың міндетті түрде елге оралып, қызмет етуі туралы шарт та осы кезеңде жасалды.
2008-2010 жылдары «ауыл жастары», «мемлекеттік қызметкер», «ғы­лыми-педагогикалық қызметкер» сынды арнайы топтар ашылып, оларға алдын ала тіл үйрену курстары ­ашылды. Сонымен бірге 12 айға дейінгі қысқамерзімді тәжірибеден өту мүм­кіндігі қарастырылды.
2011-2013 жылдарда бакалавриат бағыты жабылып, магистрлер мен докторанттар даярлауға көңіл бөлінді. Себебі Қазақстандағы көптеген жоғары оқу орындары әлемдік стандарттарға сай білім беруге арналған Болон процесіне көшті. Назарбаев университеті ашылды. Яғни жастардың сапалы жоғары базалық білімді елден алуына жағдай жасалды. Осы жылдары инженерлік-техникалық, медициналық, педагогикалық, шығар­машылық маман­дық­тар бойынша білімін жетілдіргісі келетін стипендиаттар саны көп болды.
2014-2016 жылдары үміткерлерді іріктеу шарты қайта қаралып, «6+6» форматы бойынша тіл үйрену курстары қосылды. Енді стипендиаттар 6 ай елде, 6 ай шетелде тіл үйренетін болды. Ағылшын тілін білу деңгейі (IELTS) 3.0 баллдан 5.0 баллға көтерілді. Университеттердің тізімі ТОП-200-ден ТОП-100-ге қысқарды. Ұлттық академиялық рейтингке алғашқы 30-дыққа енген университеттер қосылды. «БАҚ және мәдениет қызметкерлері», «Докторантураға өз бетімен түсушілер» сынды жаңа санаттар пайда болды.
2014 жылы Майами қаласында (АҚШ) өткен сегізінші Going Global халықаралық конференциясында «Болашақ» стипендиясы әлемдегі 11 стипендияның арасында үздік стипендиялық бағдарлама деп танылды.
2017-2018 жылдары «Болашақ» бағдарламасына тапсырушыларға қойылатын талап күшейтілді. Енді дипломдағы орташа балл (GPA) 3,0-тен 3,3-ке, ағылшын тілін білу деңгейі (IELTS) 5.0-тен 5.5 балға өсті. Университет тізімі қайта қаралып, әлемдік рейтингтегі ТОП-70 жоғары оқу орны мен әлемдік пән рейтингі бойынша ТОП-20 университет қалды. 2018 жылы ол тізімге АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция сынды елдердегі бірнеше университет қосылды.
2017 жылы тағылымдамадан «ғалым­дар», «соттар, прокурорлар, Астана ха­лық­­аралық қаржы орталығын құруға қа­тысатын қаржы секторы» сынды екі санат бойынша ғана өтуге болатын болса, 2018 жылы «Ақпараттық (кибер) қауіп­сіздік сала­сындағы жұмысшылар» санаты қосылды.
Аймақтарды білікті маманмен қамта­масыз ету үшін 2017 жылы «орталық – аймақ» схемасы енгізілді. Ол бойын­ша түлек елге оралған соң Астана және Алматы қалаларында 5 жыл қызмет етудің орнына аймақтарда 3 жыл қыз­мет етіп, міндетінен құтыла алады. Нәтижесінде өңірлерде жұмыс істейтін «болашақтықтардың» үлесі 3%-ға өсті (2016 жылы – 23%, 2017 жылы – 26%).

Стипендиаттар  қалай таңдалады?

Конкурс алты кезеңнен тұрады: критерийлерге сәйкес уәждемелік хат және үміткерлерге алдын ала іріктеу; шет тілінің өтініш берушінің білім деңгейін анықтау; өтініш берушінің мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау; үміткерлердің кешенді тестілеуі, оның құрамына психологиялық диагностикадан өту, Қазақстан Республикасы Конституциясы мен тарихы бойынша тестілеу; Тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелерімен жеке сұхбаттан өту, онда үміткерлерді кәсіби даярлау деңгейі бағаланады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын білу деңгейі тексеріледі.
«Халықаралық бағдарламалар орталығының» президенті Жанболат Мелдешовтің айтуынша, бүгінгі таңда орталықтың басты міндеті – «Болашақ» халықаралық стипендиясын дамыту. «Жаһандану дәуірінде мамандардың дағдылары мен біліміне қойылатын талаптар өзгеретінін түсінуіміз керек. Осыдан бірнеше жыл бұрын отандық еңбек нарығында тапшы болған мамандар бүгінде сұраныста емес. Олардың орнына басқасы қажет болады. Мысалы, қазір ақпараттық қауіпсіздік саласында білікті мамандар жетіспейді. Сол себепті сараптаманы кең ауқымда жүргізіп, жаһандық еңбек нарығының талаптарын ескеру керек екенін түсінеміз.
Екінші міндет – Орталық Азия білім беру орта­лығын құру. Бұл хабты құрудың басты мақсаты – Қазақстанның стратегия­­лық және бағдарламалық құжаттарының басымдықтарына сәйкес жоғары білікті кадрларды дайындау. Хаб ел азамат­тарының жоғары сапалы білім алуына жағдай жасап, Қазақстанға шетел инвестициясын тарту және білім беру жүйесінің экспорттық әлеуетін арттыру сияқты алдыңғы қатарлы білім беру жүйесін құруды көздейді. Бүгінде бұл идея белсенді дамып келеді. Ол үшін университеттерде оқу бағдарламасы әзірленіп, ­шетел студенттері тартылып жатыр. Қазіргі таңда Қазақстанда 21 мыңға жуық шетелдік студент білім алады. Былтыр олардың саны 14 мың болған еді. Кейбір шетелдік ЖОО-лар Қазақстанда бөлімшесін ашуға дайын. Мысалы, британдық Leicester университеті мен Amity үнді университеті Қазақстанда өкілдік ашуды жоспарлап отыр. Бұл ұлттық білім беру сапасын одан әрі жақсартып қана қоймайды, сонымен қатар елге қаржылай пайда әкеледі» деді орталық басшысы.
Иә, білім беру саласына құйылған инвестицияның текке кетпесі анық. Мыңдаған жастың болашағына жарқын жол салып берген «Болашақтың» игілігін бүгінде бүкіл ел көріп отыр. Түлектердің басым бөлігі білім беру саласында (29,4%), өндірістік секторда (19%), мемлекеттік органдарда (12,2%), медицинада (8,5%), банк саласында (7,3%) және т.б. жерлерде қызмет етеді.

Арманым орындалды

Еркеш РАХЫМЖАНОВ: 

Шетелде білім алуды оқушы кезімнен армандадым. Жоғары оқу орнын бітірген соң «Болашақ» бағдарламасымен магистратураға тапсырдым. Оның шарттары бұрын төрт кезең­нен тұратын. Алдымен, ағылшын тілінен қажетті балл ­жинап, кейін қазақ тілінен талап етілген деңгейде біліміңізді көрсетіп, психологиялық тестілеуден өтіп, соңында арнайы комиссиямен сұхбаттан өту қажет. Мен де осы төрт кезеңнен сәтті өтіп, алдымен Ұлыбританияда тілдік курс оқыдым. Кейін Ноттингем университетінде «Аудармашылық ісі» мамандығы бойынша магистрлік білім алдым.
«Болашақ» бағдарламасы мен үшін көптеген мүмкіндікке жол ашты. Біріншіден, білім жолын таңдаған отандастарымызбен және шетелдік азаматтармен танысып, білім алмастым. Оған қоса, шетелдік оқытушылардан жаңа әдіс-тәсілдер үйрендім. Екіншіден, тұлға ретінде дамуыма мүмкіндік берді. Шетелде жүріп, басқа халықтың әдет-ғұрпымен, тұрмыс-салтымен танысып, танымым кеңейді. Сондықтан бұл бағдарлама адамға тек қана жан-жақты дамуына мүмкіндік беріп қана қоймай, оның мінез-құлқының дамуына да үлес қосады. Үшіншіден, әрине, «Болашақ» бағ­дар­ламасы тек таңдаулы алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында оқуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезеңінде бағдарлама түлегіне бола­шақта жақсы жұмыс табуына көмегін тигізеді.
Бүгінгі таңда мен Ш.Уәлиханов атындағы Көк­шетау мемлекеттік университетінде мамандығым бойынша оқытушы болып қызмет атқарамын. Студенттердің ағылшын тіліне, жалпы тіл үйренуге деген құштарлығын арттырып, білім алудың қандай маңызды екенін түсіндіруге көңіл бөлемін.

«Махаббатымды»  қайтарған бағдарлама

Нальвира ЫНТАЙБЕКОВА:

«Болашақ» бағдарламасымен Англияның Ноттингем қаласында статистика мамандығы бойынша оқыдым. Бакалавриатта математика саласын оқығанмын. Алғашқы уақытта бұл саланың жалақысы аз болғандықтан басқа салаға ауысуыма тура келді. Бірақ жүрегімде математикаға, математикалық моделдеуге деген махаббат қалып қойған еді. «Болашақ» бағдарламасы сол «махаббатымды» қайтаруыма, оны терең меңгеруге себепші болды. Себебі ағылшындардың білім беру жүйесі, әсіресе статистика мамандарын даярлау жүйесі бізден әлдеқайда дамып кеткен. Сондай-ақ ел көріп, жер көруге, жаңа достар табуыма сеп болды.
Қазір отандық IT компанияда мәліметтер сарапшысы (Data Analyst) қызметін атқарамын. Біздің елде көп адамдар статистик мамандардың маңызын дұрыс түсінбейді. Бұл – әлем бойынша сұранысқа ие мамандық. Оның түрлі саласы бар. Мен ақпараттарды өңдеп, моделдеу саласы бойынша жұмыс істеймін.

Достарыммен мақтанамын

Болат НАСЫҒАЗЫ:

Оралда педаго­ги­калық колледжде жұмыс істеп жүргенде Алматыдағы досым «фейсбукте» Манчестерде жүрген суретін жария­лады. «Болашақпен» оқуға түсіпті. Қатты қызықтым. Бұрын «Болашақпен» оқу қарапайым адамның қолынан келмейтін іс сияқты көрінетін. Бірақ досымның түскенін білгенде, «мен де түсе аламын» деген сенім пайда болды. Сөйтіп, құжаттарымды тапсырдым. Іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, Ұлыбританияда Warwick университетінде «Білім беру саласындағы көшбасшылық және менеджмент» мамандығы бойыша магистратурада оқыдым.
«Болашақ» бағдарламасымен оқу арқылы көптеген достар таптым. Қазір достарымның 90%-ы – болашақтықтыр. Шетінен білімді, келешегінен зор үміт күттіретін жастар. Мен олармен мақтанамын.
Елге оралған соң, білім беру саласында қызмет еттім. Қазір Astana Garden School мектебінің директорымын. Ол – оқушылар университетке түсер алдында екі жыл оқитын жекеменшік мектеп. Біз оқушыларымызды Қазақстан және әлем бойынша үздік жоғары оқу орындарына түсуге дайындаймыз. 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.