Тәуелсіздік – жыр-әнім

Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұжымы шаңырақ көтерген 2005 жылдан бергі уақытта өңірде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында айтарлықтай шаруалар тындырды. Әсіресе, бастапқы он жыл бойына жыл сайын бес-алты аталым бойынша ұйымдастырылып келген «Мемлекеттік тіл –ұлт тірегі» атты фестиваль жұртшылықтың ана тілімізді меңгеруге құлшынысын арттырды. Өзге ұлт өкілдері арасында жеңімпаз атанған ондаған қыз-жігіттер республикалық байқауларда бас жүлделерге ие болып, қазіргі күнде Алматы, Астана қалаларында лауазымды мемлекеттік қызметтерді абыроймен атқарып жүр.

Еңбек жолын бас маман қызме­тінен бастаған Маржан Жанасова, Бақтыгүл Әбиева бүгінгі таңда бас­қарма бөлімдеріне жетекшілік етуде. Таяуда басқарманың әкімшілік бөлімінің басшысы Гүлшара Бекенбаева «Астана – 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Ел Тәуелсіздігінің 27 жылдығы қарсаңында облыстық басқарма Ақтөбе қаласында облыс әкімдігінің қолдауымен «Тәуелсіздік – жыр-әнім» атты республикалық шығармашылық фестивалін өткізді. Осының алдында екі жыл қатарынан қалалық, облыстық байқаулар ұйымдастырылған болатын.
Фестиваль бағдарламасына «Таза, мінсіз асыл сөз…» шешендік өнер байқауы, «Көмейден жыр ағылсын» атты жыршылар байқауы, «Тәуелсіздік тартуы» атты бала ақындардың мү­шәйрасы қамтылып, осы үш аталым бойынша еліміздің он үш об­лысынан және Астана, Алматы ­қа­лаларынан мектептердің 5-11 сыныптарында оқитын 34 бала бақ сынады. Құрамына Ақтөбе қаласында тұратын ақындар, білім беру саласының үздік­тері, журналистер, облыстық және республикалық ақындар айтысының жүлдегерлері енгізілген қазылар алқасы үшін жеңімпаздарды айқындау оңайға түскен жоқ. Шынында, балғындардың шешендік өнер құпиясына құмартуы, батырлар жырлары мен эпостарға құлшынысы, ұсынылған тақырыптар шеңберінде өз жанынан жыр арнауы сүйсінтті. Жан-жақты сарапқа салу қорытындысымен жоғарыда аталған үш байқаудың бас жүлдесіне Ақгүлім ­Ерболова (Батыс Қазақстан облысы), Айбек Теміржанұлы (Астана қаласы), Арайлым Уразалина (Ақтөбе облысы) ие болып, әрқайсысына жүз елу мың теңге көлемінде сыйлық берілді. Бірінші орын алғандарға жүз мың теңге, екінші орынға жетпіс мың теңге, үшінші орын үшін елу мың теңге тапсырылды. Бұдан өзге үш оқушы үшін арнайы жүлде белгіленіп, әрбірі отыз мың теңгеден иеленді. Байқауға қатысқан өзге оқушылар Алғыс хатпен және жиырма мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Фестивальға арнайы келіп, бақ сынаған балғындарды және олардың ұстаздарын облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаева құттықтап, келешекте де талабын ұштай түсуіне тілек білдірді.
Үзіліс сәтінде біз Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауданындағы Глуховка орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Жәлен Рахметовамен пікірлескенімізде былай деді:
– Осы сайысқа мен он бірінші сыныпта оқитын шәкіртім Ерзат Қасенбаевты алып келгенмін. Ол – отбасында төрт баланың үлкені, сабақты үздік оқиды, тәртібі жақсы. Алматы қаласында өткізілген жас ақындардың сайысында ересек балалар тобы бойынша бас жүлде алған еді, бүгін екінші бәйгеге ие болды. Жалпы бәрімізге Ақтөбе қаласы­ның сәулеті ұнады, жаңа, осы заман­дық әсем ғимараттар қатары ұлғайған. Өзге өңірлерден келген біз сияқты қонақтарды қарсы алуы, орналастыруы және басқа қызметтер көңілімізден шықты.
Айта кету керек, фестивальді өткізетін орын ретінде қазақ және орыс тілдерінде оқытатын №56 орта мектеп ғимаратының таңдалуы дұрыс болып шықты. Гүлдария Әбдіғалиева басқаратын ұстаздар ұжымы байқау­ға қатысушылардың алаңсыз дайындалуына, қазылар алқасының тиянақты жұмыс істеуіне қажетті жағдайды толық жасады.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Қазақстанның құрметті
журналисі
Ақтөбе

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Балхия

    Улы даланын пассионариий Кызы Гулжан! Кандай Тамаша ! Саган айтылган бул тенеу Сенин нагыз болмысын мен табигатына сай! Саган осындай тенеу тауып, Сени нагыз озык ойлы парасат пен адамгершиликтин углисин дариптеген жандарга дан ризамын. Биздер Бирге окып, курбы , дос болып , казир Алшак журсек те тилеулес жандардын бири ретинде Саган берген минездеме мен сипаттамага дан ризамын. Ойткени Ол мен билетин кишкентай Гулжаннан Галым, Устаз, Кайраткер Улы Дала кызынын нагыз озин кордим. Аллатагалам Гулжанды тил-козден сактап, уш отызга Келуин Насип етсин! Жануянмен жаркырап жайнай бер! Мерейли мереке кутты болсын!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.