Айтматовтың дара әлемі

Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде«Шыңғыс Айтматов әлемі» атты ғылыми-практи­калық конференция болып өтті.

Конференцияның негізі мақсаты – көрнекті қоғам қайраткері, әлем әдебие­тінің классигі, ұлы жазушы Ш.Айтматов­тың көркем мұрасын қазіргі заман тұрғысынан терең түсіну мен бағалау. Шығармашы­лық талантының негізгі қырла­рын анықтау, ерекшелігін ашу. Ш.Айтматов шығармашылығының ХХІ ғасыр басындағы тарихи-мәдени үдерістегі рөлі мен маңыздылығын анықтап, адамгершілік-этикалық құндылықтарын халықаралық ғылым-білім және мәдени кеңістікте тарату. Ш.Айтматов шығармашылық әлемінің әлемдік әдебиетте алатын орны мен оның қазіргі әлем әдебиетінің даму үдерісіндегі бағыт-бағдарлық рөлін айқындау. Ш.Айтматовтың өз кезеңіндегі әлемнің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени өміріндегі көшбасшылық, кемеңгерлік дара да азаматтық тұлғасын тану мен таныту болып табылады.
Әл-Фараби кітапханасында өткен конференцияның ауқымы өте кең, оқылған баяндамалардың маңызы жоғары болды. Конференция университет ректоры Ғ.Мұтановтың құттықтау сөзімен ашылды.
Конференция қонақтары ­Алияс­бек Алымкулов (Қазақстан ­Рес­­пуб­­ликасындағы Қырғыз Рес­пуб­ли­­ка­сының Бас консулы), Руслан ­Мамыров (Қазақстан халқы ­Ассам­бле­я­сы жанындағы Қырғыз эт­номәдени бірлес­тігінің төрағасы), Теймур Керимли (Әзербайжан ұлттық акаде­мия­сының академигі, әдебиетші, жазушы, М.Фузули қолжазбалар инс­ти­­тутының директоры), ҚР ҰҒА Ш.Айтматов атындағы Тіл және әде­биет институтының бас ғылыми қыз­меткерлері Айнура Кадырманбетова мен Жылдыз Тургунбаева Қазақстанға, ҚазҰУ-ға деген құрметін өздерінің құттықтау сөздерінде жеткізді.
Жазушы, қоғам қайраткері Роллан Сейсенбаев сөз сөйлеп, қазақ тіліне аударылған «Қош бол, Гүлсарының» жаңа басылымының тұсаукесер рәсімін жасады. Айтматовқа арналған жиынның сәні мен салтанатына үйлескен рәсім ел руханиятына тағы бір асыл дүниенің қосылғанын танытты.
Лондондағы Ш.Айтматов акаде­миясының директоры Рахима ­Абду­валие­ваның жазушы шығарма­ла­рының аударылуы мен танылуы жайын­дағы баяндамасы көпшілік көңілінен шығып, әлемдік әдеби үдерістің барысынан біршама хабардар етті.
Лондон шығыстану және африкатану мектебінің оқытушысы Джонатан Фрейер, Кембридж университетінің зерттеушісі Шоқан Лаумулин, Қырғыз ҰҒА Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының бас ғылыми қызметкері Айнура Кадырманбетова­лар өз баяндамаларында жазушы шығармашылық мұрасының әлемдік маңызы, жалпыадамзаттық рухани құндылықтар қатарында алатын орны жайлы атап өтті.
Конференцияға қатысушы құрметті қонақтар, қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылар, университеттің оқытушы-профессорлық құрамы негізінен екі секциялық бағытта – Ұлы дала өркениеті және Ш.Айтматов әлемі; Шыңғыс Айтматов және әлемдік әдеби үдеріс бойынша жұмыс жасап, «Ш. Айтматов прозасындағы Ұлы Даланың астралды сарындары», «Еуразиялық жазушының әдебиет мұрасы», «Ш.Айтматовтың рухани әлемі», «Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә» повесіндегі өмір шындығы» т.б. көптеген ғылыми-танымдық баяндамалар тыңдалды.

Альбина Досанова,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ доценті
Бақытқожа Баязитов,
оқытушы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.