Баһаргүл Төлегенқызы, «Әдемі-ай» компаниясының президенті: Халықтың ықыласы қанат бітіреді

Өмір адамға бақ пен бақыт сыйлайды. Жаны ізгілікке толы адамзат баласының тағдырдың тезіне сынып кетпей, өмірін жайқалған баққа айналдыруы өз қолында. Бүгінгі жаһандану заманында ұлттық құндылықтарымыздың көлеңкеде қалып қоймай, әлемдік деңгейде көрінуіне ықпал етіп, тыным таппай еңбектеніп жүрген «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, елімізге белгілі коллекционер, «Әдемі-ай» компаниясының президенті Баһаргүл Төлегенқызымен әңгімелесудің сәті түсті. Айта кетерлігі, күні кеше «Әдемі-ай» компаниясы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша берілетін «Парыз – 2018» республикалық байқауында «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясымен марапатталып, үздіктер қатарынан көрінді. 

– Баһаргүл Төлегенқызы, «Рухани жаңғыру» аясында өмірге келген «100 жаңа есім» жобасының алғашқы жеңім­паздарының бірісіз. Жеңімпаз бол­ғаныңызды естігенде қандай сезімде болдыңыз?
– Ең алдымен, бойымды қуа­ныш кернеп, еңбегімнің елеп-еске­рілгеніне қатты қуандым. Бұл – халықтың таңдауы. Елім, жұртым деп атамекенімді аңсап жеткенде, халқың еңбегіңді бағалап, көкке көтеріп жатса, оның орны ерекше болатынын басынан өткерген адам ғана түсінер. Жеңімпаз бола тұрып, мойныңа тағы бір үлкен міндетті жүктеп аласың. Өйткені атқарған ісіңе қарағанда, алда әлі талай атқаратын жұмыстарыңның көп екенін сезінесің. «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атану – еңбек етуге талпындырып, құлшындырып, жұмысымызға, ісімізге қанат бітіргендей болды. Сон­дықтан алдыма мақсат қойып, кейінгі ұрпаққа үлгі болатындай із қалдыру жолында тынбай еңбек етіп келемін.
– Ұлттық құндылықтарымызды дәріп­теуде көп еңбек сіңіріп келесіз. Халық­тың ықыласына бөленген «Әдемі-ай» компаниясының құрылу тарихы мен бүгінгі күнге дейінгі жеткен нәтижелеріне тоқталсаңыз…
– Тамыры тереңде жатқан жәдігер­лермен халықтың көзайымына айналған «Әдемі-ай» компаниясы расында да бір күнде көктен түсе қалған жоқ. Қажыр-қайраттың, ізденістің, еңбектің жемісі.
20 жылдан бері ұлттық құнды­лықтарды насихаттап, жәдігер бұйым­дарды жинап жүрген уақытта небір жауһар дүниелерді кездестірдім. Осыдан барып, ата-бабамыздың жәдігерлік бұйымдарын неге жаңғыртпасқа деген ой туып, ұлттық тарихымызды, дәстүрімізді тірілтуді қолға алдым. «Әдемі-ай» компаниясының құрылу тарихы – осы идеяның жемісі. Бұл – ұлтқа жанашырлықтан туған дүние.
Халқымыздың дәстүрін, ­мәде­ниетін, тарихын көрсететін болған­дықтан компанияның әр бұйымы – бірегей ­туынды. Оны еш жерден, тіпті шетелден де ала алмайсыз. Сондықтан болар бүгінгі күні «Әдемі-айдың» шы­ғаратын бұйымдарына сұраныс жоғары.
«Асығың алшысынан түссін», торсық, шаңырақ, киіз үй, ертоқым сияқты салт-дәстүрге ­байланысты өнімдермен бірге, «Наурыз», «Тұсаукесер», «Сүндет той», «Беташар», «Қыз ұзату», «Қырқынан шығару», «Бесік той» және т.б. бұйымдарға сұраныс өте көп. ­Сонымен қатар Тәуелсіздік алғаннан кейінгі бой көтерген ескерткіштер, тарихи ескерткіштер, елдігімізді, ұлттығы­мызды көрсететін дүниелердің бәрі көп­шіліктің қызығушылығын арттырып отыр. Мәселен, сақ дәуіріндегі Алтын адамның әшекейлері, тіпті бас киіміндегі, белдіктеріндегі әшекейлерді кәдесый ретінде шығардық. Осы ретте біз кәдесый деген терминді енгізіп, еліміздің дүкен сөрелерінде тұруға тиіс елдікті, ұлттықты көрсететін кәдесый бұйымдарын тұңғыш рет қолға алып, айналысқа ендіргенімізді мақтан тұтамыз. Мұның өзі бізге қуаныш сыйлайды.
Қазір «Әдемі-ай» компаниясы тек тапсырыс қана қабылдамай, мемлекеттік іс-шараларда қызмет етіп жүр. 2011 жылғы Азиада ­ойындарында демеуші болсақ, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығында серіктес болып, Қазақ хандарының бейнесін сомдап шығардық. 2017 жылы Қысқы универсиада ойындарының серіктесі болып, универсиаданың логотиптері мен кәдесый бұйымдарын жасадық. Арқа төсінде өткен «ЭКСПО – 2017» көрмесінің лицензиялық құқығын жеңіп алып, дүниежүзінің 137 мемлекетінен келген қонақтарға Қазақстанның кәдейсый бұйымдарын ұсынып, еліміздің дүние­жүзіне танылуына аз да болса септігімізді тигіздік деп ойлаймын. Келген екі миллионға жуық шетелдіктің аз дегенде он пайызы кәдесый бұйымын алып, 200-500 мың жасаған өніміміздің барлығы дүниенің түкпір-түкпіріне тарады деп айта аламын.
– Осы жерде тағы бір сұрақ туындайды. Компанияның көздің жауын алар кәдесыйлары қалай дайындалады? Арнайы тапсырыспен жасала ма? Әлде өз ше­бер­ханаларыңыз бар ма? Кәде­сый­лардың автор­ларына тоқталып өтсеңіз…
– Кәдесый бұйымдарын дайындау барысында жүгінетін салт-дәстүріміз көп. «Қуыс үйден құр шықпа», «Орамал тон болмайды, жол болады» деп жатамыз. Осындай дүниенің барлығына кәдесый жасауға болады.
Жібек тоқыма бұйымдары, фарфор, хрусталь, статуэтка, қазіргі заман талабына сай күнделікті қолда­нылатын электрондық бұйымдар, т.б. жасату үшін кей кезде көптеген мем­лекеттердің зауыттарына жүгінеміз. Ал зергерлік бұйымдар, көрпе, жастық, қыз жасауын жасайтын цехтарымыз бар. Алтынмен апталған, күміспен күптелген кәдесый бұйым­дары өзіміздің елде, цехта жасалады.
Халықтың сұранысы бойынша жұмыс істейтін болғандықтан барлық цехты сол мезетте аша салу мүмкін емес. Бізге қойылатын талап­тың мүддесінен шығу үшін елімізге белгілі суретші, мүсінші, этнографтармен бірге жұмыс істейміз. Өз дизайнерлеріміздің қолынан шыққан ­туындылар нөлден бастап жасалғандықтан, сапасы жоғары, саны аз болғандықтан эксклюзивті болып есептеледі. Мәселен, асық жасаған кезде Сәкен Нарынов идея берді. Мұрат Қалқабаев, Тілеуберді Бинашев және т.б. жұмыстарын кәдесый ретінде жасадық. Ал көпшілігі – «Әдемі-ай» компаниясының өзінің дизайнерлерімен жасалған туындылар.
– Сіздің коллекция жинайты­ныңыз­дан да хабардармыз. Жалпы кол­лек­цияның елімізде бағалануы қалай? Коллекция жинау идеясы қалай туды?
– Жәдігерлік бұйымдарды жинау – ұлттық өнерге құштарлықтан, хоббиімнен басталды. Кішкентай кезімнен анамның инесін сабақтап өстім. Ұлттық қолөнерді бала кезімнен көріп-біліп өскендіктен халқымыздың бай мұрасын жинап, музей ашуды қолға алдым. Өйткені жәдігерлік бұйымдарды, атадан балаға жалғасып келе жатқан көненің көзіндей тарихтан сыр шертетін тамаша туындыларды ешкім бере бермейді. Оны жинау өте қиын. Бүгінде коллекциямда бір мыңнан аса бұйым бар. Оның барлығы халқымыздың зергерлік әшекейлері, ұлттық бұйымдар, батырлардың қару-жарақтары, киіз үй жабдықтары және т.б. көптеген топтарға бөлінеді.
Бұл ұлтқа деген жанашырлық, ұлттық өнерге деген құштарлықтан туды. Жәдігерлік бұйымдарды жинау көп қаражатты талап етеді. Қазақстанда ұлттық құндылықтарға қызығатын, жинайтын коллекционерлер өте сирек. Сондықтан мұны жинау маған бұйырған екен. Бұрын шетел асып кеткен небір керемет жәдігерлеріміз бар. Соларды аз да болса жинап, кім-көрінгеннің қолында кетірмей, халыққа көрсету менің парызым, азаматтық борышым деп есептеймін.
Қай жәдігерді, кәдесыйды алсам да әрқайсысының өз орны бар. Дей тұрғанмен, затым әйел, қыз бала бол­ғандықтан болар зергерлік бұйымдарды көбірек жинадым. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді» дейді ғой, көркем металдан жасалған бұйымдар мен үшін өте ыстық. Отбасының мұрасы бол­ған­­дықтан оны қолға түсіру оңайға соқпады. Соған қарамастан осы бұйым­дардың барлығын алып қалуға тырыс­тым. Әрине, уысымнан шығарып алған­дарым да бар.
Зергерлік бұйымдардың ішінде Орта Азия халықтарының әшекейлері көп. Соның ішінде қазақ халқының өңір әшекейлері, құдағи жүзіктері, топсалы білезіктері өте құнды. Ауызбен айтып жеткізе алмайсыз, тамаша жасалған. Бұрынғы апа-әжелеріміз таққан қазақтың осындай әшекейлерін жанымдай жақсы көремін әрі мен үшін құнды да қадірлі бұйым. Атырауда өткен көрмемде құдағи жүзік пен топсалы білезікті, коллекцияларымды көрсеттім.
– Жақында Атырауда өткен «Ұлы дала жауһарлары» атты көрмеңізден оқырман хабардар. Көрмені Атырау халқы қалай қабылдады?
– Бұл көрмені өскелең ұрпақ төл мәдениетімізді көріп-біліп өссін, ата жолын жалғастырсын деген мақсатпен 10 жыл бойы өз қаражатыммен Астана, Алматы қалаларында жыл сайын өткізіп келе жатырмын. Атыраулықтар арнайы шақырғаннан кейін жәдігерлік бұйымдарымды арқалап, «Ұлы дала жауһарлары» деген атпен Атырау қаласында өткіздім. Ш.Сариев атындағы музейде өткен көрмеге облыс әкімі қатысып, көрме жоғары деңгейде өтті. Атырау халқына ризашылығымды білдіремін. Өте жақсы қабылдады. Ұлттық өнерге, киелі өнерге деген жанашырлықтарын көрдім. Көп халық біле бермейтін ата-баба өнерімен сусындап, төл мәдениетімізді, бай мұрала­рымызды көрсе, білсе деген тілек орындалды. Болашақта мұндай көрмелер өз жалғасын табады деп ойлаймын.
– Алдағы жоспар­ла­рыңызбен бөліссеңіз…
– Жоспар көп. Біздің қазақ халқы дәстүрге бай. Осы дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді, мәдениетімізді ұмыт­пай, қайта жандандыру жолында еңбек етуіміз керек. Жаһандану кезінде ұлттық қолөнер бұйымдарымыз ұмытылып кетпесе екен деген мақсатта жұмыс істеп келе жатырмын.
Ұлттық жәдігерімізді, кәдесыйы­мызды көбейтіп, халыққа көрсе­туден жалықпаймын. Мектеп қабырғаларында оқушыларға жастайынан көрсетсек, оқу орындарын ашсақ деген мақсат та бар. «Әдемі-айдың» өнімдері дүниежүзіне тарап жатса, қазақ елін әлемге танытуға еңбегімізді сіңіре білсек, аз да болса септігіміз тисе, бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Қай заманда да ұлттық код алдыңғы орында тұруы тиіс. Алдағы уақытта да кәдесый бұйымдарын, бай мәдениетімізді жаңғырту жолында тынбай еңбек ете беремін.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.