Жазықсыз жазаланған

Бағлан Мұхтаров архив құжатта­рында 1891 жылы туған делінеді. Перовс­кідегі қалалық училищені бітірген. Өзі зерек, ауқатты отбасыдан шыққан Б.Мұхтаров болыстарда писарь болудан бастап, кеңестік мекемеде қызметін бастаған. 1920 жылы Перовскі уездік комитеті туралы құжаттар мен басқа да деректерде Б.Мұхтаровтың уездік комитеттің мүшесі және Ақмешіт қаласындағы милиция бастығының орынбасары, бастығы қызметтерін атқарғаны жазылған.

Ал оның туып-өскен ауылының көзі-қарақты қариялары Бағланның әкесі Мұхтар, атасы Сәдірдің ел билігіне аралас­қанын жиі айтатын. Шынында да, үлкен атасы Шөмекей руының басқару­шысы болғаны, патшадан шен алып, шекпен кигені, генералдар мен ояз бастықтары Сәдір Алтыбаевпен санасқаны (1816-1870 ж.) архив құжаттарында тайға таңба басқандай көрсетілген. Ал өз әкесі Мұхтар (1847 ж. туған) болса бітімгерші би болған. Демек, олардан тәрбие алып өскен Бағланның ірі істерге араласпауы мүмкін емес-ті.
Перовскі революциялық комите­тінің 1920 жылғы 26 қаңтардағы №17 қаулысына және 28 сәуірдегі шешімдерге Б.Мұхтаров қол қойған. Мұнда Қараөзек болысы мен Тереңөзек болысының шекаралары, ­ауылдарды қайта бөлу мәселесі де қаралған. Сондай-ақ ревкомға қарайтын бөлімдердің жұмыстарын қараған іс-қағаздар кездесті. Осында ревком төрағасы Жолмұханбет Өткелбаевтың 38 жаста, 7 класс және гимназия бітіргені, Бағлан Мұхтаровтың 29 жаста, қалалық училищені бітіргені, 1918 жылдан большевиктер партиясының мүшесі екені де айтылған.
«Ақжол» газетінің 1921 және 1922 жыл­дардағы сандарында «Парақор төрелер», «Енді кімге айтам» атты мақалаларда Бағлан Мұхтаров­тың «қызмет бабын пайдаланып» отырғанын жазыпты. Осы мақалада оның үлкен әкесі Сәдірдің би болғанын, «хорунжный» шенін алғанын, өз әкесі Мұхтардың халық соты болғанын да жазады. Үлкен әкесі Сәдірге Сыр сүлейлерінің біразы жырларын арнаған-ды.
Кете Жүсіптің Жұбаниязға жазға­нында:
… Сәдір би – ол шын сыпа, өтіп кетті,
Жүзден жан тең келетін рабайдан – деуінің өзі-ақ Сәдір Алтыбайұлының мәртебесін арттыра түседі емес пе?
«Парақор төрелер» атты мақаладан Б.Мұхтаровтың Қостам болысының №2 ауыл тұрғыны Малай байдан бір қара, атан түйе алғанын, 4 ауылдағы Серікбай Балжан балаларымен бірге ат, түйе алғанын жазған. «…Кешегі өткен съезде Оразалы Мырзабек баласын болыс қыламын» деп еркек ірі қызыл дөнен өгіз, бір сары ат алып отыр. Тағы да Асан Қара баласын болысқа секретарь (хатшы) қыламын деп одан қаракөк айғыр алып отыр. Бұл қаракөк айғырды – үй-ағаш істетіп Жаппасбай Іспембет баласына беріп отыр. Тағы Әлиасқар Төке баласын ауылнай етемін деп түлкі ішік алып отыр. Оразалыдан алған сары ат ағасы Есханның қолында. Мінекей, Бағлан мырзаның олжалары».
Жоғарыда аты аталған кісілер елге ­сыйлы болған азаматтар. Малай әрі бай, әрі би болған. Ауғанстанға өтіп кеткен кісі. Оразалы бұрынғы Мырзабек болыстың баласы, атақты Сәтбай бидің немересі, ал Асан Қараұлын көзіміз көрді, сөзін тыңдадық. Оларды Б.Мұхтаров ұсынбаса да дауысқа түссе, жеңетін адамдар демекпін. Демек, жоғарыдағы сөздерді Б.Мұхтаровтың қарсыластары жаздырса керек.
Б.Мұхтаров 1918-1919 жылдарда Қостам болыстық атқару комитетінің мүшесі, 1919 жылдың 27 қарашасында уездік съезге Қостам болысынан делегат болып сайланған. Кейбір деректерде Б.Мұхтаровтың Түркістан ортақшыл мектебінде Арбап Сарынов, Ермахан Өтетілеуов, т.б. бірге оқыған. Ол 1922 жылы Жетісу өңірінде жер заңын іске асыруға араласқан комиссия мүшесі.
1920-1924 жылдар аралығында Перовскі (Ақмешіт) уездік кеңесінде сөз сөйлеп, келелі мәселелерде өз ойларын білдіріп отырған. Кей тұста ревком төрағасының орнына қол да қойыпты. Бұрынғы төрағаның іс-әрекетін қараған мәжілісте Т.Ізбасаров пен Б.Мұхтаров уезде орын алған келеңсіз істерге Гержодтың кінәлі екенін сөз еткен.
Бағлан Мұхтаров 1931-1932 жылдарда Тереңөзек аудандық атқару комите­тінің төрағасы ретінде ауданның өркен­деуіне үлес қосқандардың бірі. Ол 1934-1937 жылдарда Қармақшы аудандық ауылшаруашылығын дайындау мекемесін­де басшы болып жүргенде бөлесі болып табылатын қарындасын өз отбасына қосып жазғаны және Кеңес өкіметіне қарсы үгіт жүргізіп, ауылшаруашылығына зиян келтірді деген жаламен ұсталып, кейіннен атылып кетеді. Оның негізгі себебі бөлесі Әжігерейдің Қарақұм көтерілісшілерінің бірі болғандығынан туындаған жағдайда қосылған. Сөйтіп, жазықсыздан жазықсыз 1937 жылдың 14 қарашасында ату жазасына кесіліп, атылған.
Сонымен, Мұхтардан туған ­Бағлан­нан – Ибадулла, Жұмаділла, ­Абибулла (Шәукімбай) туады. Өз басым Шәукімбайдың шәкірті болдым, 7 жыл бойы «Жаңаталап» жеті жылдық мектебінде сабақ беріп, ұстаздық жасады. Ісіне берік, көп сөзі болмайтын. 1964 жылдан кейін Қызылқұм жиегінен жаңадан ашылған «Аққыр» совхозында жұмысшылар комитетінің төрағасы болып, абыройлы қызмет атқарды. Ол 1927 жылы №16 ауыл аталған «Мақпалкөл», «Жаңаталап» колхоздарының жерінда өмірге келген. Оның ұл-қыздары: Дина, Пернекүл, Бақытжан, Гүлстан, Болат, Ләйлу, Алмас, Бақыткүл, Лариса, Роза, Ләйлалар. Олардан туған үрім-бұтақтары негізінен «Аққыр», «Жаңаталап», «Т.Жүргенов» ауылдары мен Қызылорда қаласында тұрып жатыр. Ағамыздың қосын жеккен Ажар жеңгейде бұл күндері өмірден өтті.
Осы мақаламды жазып отырған кезімде (мектепте оқып жүргенімде) Шәукімбай ағайды жұртшылық «бидің ұрпағы» деп жататыны есіме түсіп отыр.
Кеңес өкіметіне алғашқы жылдардан бастап қызмет еткен Б.Мұхтаровты сол өзі қызмет жасаған кеңес өкімет жазалады. Осылайша 1937 жылдың құрбаны болған Б.Мұхтаров жайлы қысқаша сөз еттік. Ол 1995 жылдың 11 желтоқсанында ақталды.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
зерттеуші, этногроф

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.