Көкбай

Көкбай Жанатайұлы Қарқаралы дуанына қарасты Шыңғыс тауының бауырындағы Мұқыр болысында (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы) 1863 жылы ­маусым айында дүниеге келген. Көкбай әуелі өз ауылында Төлетау деген кісіден хат таниды да, кейін Семейдегі медреседен және үш кластық орыс мектебінен оқып білім алады. Араб, парсы, орыс тілдерін үйренеді.
Көкбай Мұқыр болысы «Маян» деген жерде 1880 жылы өз қаржысына медресе салдырып, 40 жыл бойы бала оқытып, оқу-ағарту ісімен айналысқан. Ол сонымен бірге жастайынан өлең, жыр, қиссаларды жаттап, жадында сақтап, ақындық өнерді қуады. «От тілді, орақ ауызды» өжет ақын жастайынан қулықты, озбырлықты, сараңдықты сынап, әшкерелейді.

Көкбай 1880 жылдан бастап, ғұмыры­ның ширек ғасырын ұлы ақын Абаймен бірге өткізіп, оны өзіне ұстаз тұтады. Оның Абайға арнап жазған бірнеше өлеңдері бар. Өзін Абайдың шәкірті санаған Көкбай:
Абайдан сабақ алдым бала жастан,
Адам жоқ ойға терең одан асқан.
Алды пейіш, арты ырыс болсын,
Мен оның шәкірті едім ізін басқан, – деп өзін Абайдың шәкірті екенін жариялай келіп:
Абайдай ұл тумағы болар ғайып,
Аплатондай атағын жұртқа жайып,
Ахуалын сөйлеп кетті заманының,
Әулие хакім деуге ол ылайық, – деп Абайға ғалым ретінде зор баға бере келеді де:
Жаннатта жаны болғыр Абай құтып,
Қасында бос жүріппіз шатып-бұтып.
Осындай ен дарияны жайлағанда,
Тым болмаса қалмаппын тына жұтып, – деп ұлы данышпаннан өнеге алмай, өмірді босқа өткізгеніне өкініш білдіреді.
Көкбай өлеңдерінің екінші тобы – айтыс. Ол жиын-тойларда, съезд-сайлауларда өзінің ақын нағашысы Әріппен бірнеше рет сөз қағыстырған. Көкбайдың бір топ өлеңдері сол кездегі қазақ ауылындағы надан молдаларды сынауға арналған.
Тәкаппар, өтірікші, пайдакүнем,
Сірә, сенің не теңің «өзім білем».
Ақылсыз, ессіз, абұйырсыз,
Қысқа жең, сымбыс борбай, әрі ұсқынсыз.

Сақал-мұртсыз, қу ыржақ, тақыр ауыз,
Құр пысық, сырты жылмаң, іші жауыз
Аулақта боқты жеуден тайынбайды,
Жылмиып, жұрт көзінше болар абыз, – деп сырты түзік, іші надан сасық молдаларды өлтіре сынайды.
Ел билеуші әкімдер де Көкбай шығарма­шылығынан сырт қалған емес. «Ояздарға» деген өлеңінде:
Жаңа штаб шыққанына талай заман,
Бұл заман, кешегіден, бүгін жаман.
Сан ояз бұл орынға келіп, кеткен,
Солардың бірі жүйрік, бірі шабан, – деп Семей округіне 40 жыл ішінде бірі келіп, бірі кетіп жатқан орыс әкімдерін салыстыра сынайды. Солардың бірі паң, бірі әңгүдік, бірі ойбайшыл ұрда-жық әпербақан, па­рақор екенін әшкерелейді. Өлеңнің қо­рытындысында:
Бір сөзге иланбайды қақсап тұрсаң,
Жан беріп бір момыңды ақтап тұрсаң.
Алдында жалғыз қара кетер еді,
Жиып ап көп мылжыңды ат шаптырсаң, – деп ел бүлігі ояз, болыс, судиялар екенін айта келіп, олар басқарған ел қайда барып оңады деген әділ билігін айтады.
Көкбай 1920 жылдардағы қазақ ауылын­дағы партиялас азаматтарды сөз ете келіп, солардың ішінде ел-жұрты үшін жанын беретін Абылай ханның тұқымы Әлихан Бөкейхановтың ерліктерін көрсете келе:
Қарағым, жалғызымсың қазақтағы,
Ұл тумақ сендей болып аз-ақ тағы.
Өгіз өліп, болмаса арба сынып,
Өмірің өткен жансың азаптағы.

Бал тамған, ханзадам-ай, қаламыңнан,
Тәңірім айырмасын талабыңнан.
Қалған жоқ қоныс қонбай ақылыңа,
Қазақтың хан, қырғыздың манабынан.

Анау бір Орынборда екі жігіт,
Сенен соң жұрт солардан қылады үміт.
Қазақтың шаңырағын көтергелі
Болып жүр ойларында тамам ұлт, – деп Бақыт­жан, Жаһанша Қаратаевтарды мақтан етеді.
1920 жылы Семей өңіріне келіп, қазақ елін бірлікке шақырған Міржақып ­Дулатов Абайдың ақын шәкірттері Шәкерім, Көкбайларға өлеңмен хат жазып, ел бірлігін марапаттауға шақырады. Көкбайдың ­Міржа­қыпқа өлеңмен берген жауабында:
Өлеңмен мені біреу жамандапты,
Жамандап жөнді дәлел таба алмапты.
Қарағым, қаңғырсаң өзің қаңғыр,
Жөн білмес соқыр жан деп алалапты.

Неше жыл азаптандым қылып еңбек,
Білімсіз бөтен сөзге қашан көнбек.
Талай жан менен бұрын арпалысқан,
Мүмкін бе бір кісіге көпті жеңбек.

Бұлармен жиырма жыл арпалыстым,
Бала оқыт, жинап бер деп көп қарыстым.
«Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» деген,
Түк пайдасы болмады ол жарыстың.

Үй бердім, баласына тамақ бердім,
Ақы алмай барлығына сабақ бердім.
Аяғында солардың бәрі қашты,
Бірлі-жарым болмаса талапкердің.

Бұл күнде жасым келді, мен қартайдым,
Белгісі қартайғанның серттен тайдым.
Салулы төсек, салқын үй маянда тұр,
Мектебіңе ие бол, қалқатайым, – деп жауап жазады.
Көкбай Жанатаевтың «Бай мен кедей», «Жаман әйел, жаман жолдас» деген өлең­дерінде ішпей, жемей мал жинайтын сасық байларды әшкерелей келіп, байдың бір жылға ақыға берген ескі-құсқы киімдеріне бола, арзанға еңбегін сатқан кедейлерге жаны ашып, ақыл айтады. «Адал еңбегіңді сат­саң, қаладағы орыс та көмек береді» дейді. Жақсы әйел мен жаман әйелді салыстыра келіп, «жақсы әйел орыстың пешке піскен бөлкесіндей» деп мақтай келеді де, жаман, салақ әйелдерді:
Байының тілін таппай қылады егес,
Айтқаның ашу – ақыл бітім демес.
Қыры жоқ шаруаға, салдыр салақ,
Оң қарап, пейілімен тамақ бермес.

Көк ине көзге түртпес келеді олақ,
Қыры жоқ шаруаға сондай салақ.
Етігі өкшесінің қисайыңқы,
Түрме етек, жалбыраған жыртық балақ.

Жаулығын жуа білмес, шашын тарап,
Қоншына етігінің жетпес балақ.
Ел кезер кешке дейін үй қыдырып,
Тұмсығы етігінің көкке қарап, – деп бейнелеп береді. Үйіне кісі келсе, күйеуі: «шай қой» деп он айтқанда орнынан «қаңғыған қайдан келді, қайыр­шы» деп әзер тұратын долы қа­тынды өлтіре сынайды.
Ақынның тапқырлығы, ­әзіл-ос­паққа жүйріктігі, сын-сынаққа ше­берлігі бүкіл Арқа еліне (Семей өңіріне) әйгілі болған.
Көкбайдың үшінші ақындық өнері қисса, дастан жазумен айқындалған. Оның ұстазы Абайдың тапсырмасымен жазған «Абылай», «Кенесары-Наурызбай» атты батырлықты дәріптеген тарихи дастандары, сондай-ақ «Мың бір түн» ертегісінен алынған «Ғаділ патшаның хикаясы», «Пәрун Рашид патшаның қиссасы» дастандары ел билеуші әкімдердің әділдігін дәріптеуге арналған.
Көкбайдың суырыпсалма ақындығын, сөзге шешен тапқырлығын жоғары баға­лаған ұстазы Абай 1886 жылға дейін өзінің шығармаларын «Дала уәлаяты» га­зетінде Көкбай атымен жариялап келген. Абайдың Көкбайға арнап жазған «Сорлы Көкбай жылайды», «Бұралып тұрып», «Қиыстырып мақтайсыз», т.б. өлеңдері бар. Ал Көкбайдың 1925 жылы академик М.Әуезовтің тапсырмасымен жазып қалдырған «Абай – ақындардың ұстазы» деген ­тарихи естелігі – Абай мен Көкбай арасындағы творчестволық-ұстаздық қарым-қатынасты көрсететін құнды еңбек.
Жалпы Көкбай Жанатаевты тұстас ақындардан оқ бойы озық, от тілді, орақ ауызды көркем сөздің дүлдүлі деуге болады.
Көкбай Жанатаевтың немересі Амангелді Көкбаев 1935 жылы туған. 1953 жылы армия қатарына алынып, Түмен, Омбы елдерінде әскери соғыс-теңіз флотында 4 жыл қызмет етеді де, 1957 жылы армиядан босап, Түмен қаласында заң институтын бітіріп, 25 жылдай алғашқыда Түменде қалалық сот, кейін Омбы қаласында 8 жыл қалалық сот, 10 жыл облыстық сот қызметтерін ойдағыдай атқарады. Бүгінде Омбы облыстық адвокатурасында адвокат болып жемісті еңбек етіп жүр.

Серғазы Қалиұлы,
Қазақ білім академиясының
құрметті академигі, педагогика ғылымының докторы,
Қазақ мемлекеттік Қыздар
педагогикалық университетінің
профессоры

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.