Ұстаздан – ұлағат

Ардақты ұстаз,  Еңбек Ері ­Аягүл Миразова Төреқызы туралы жазу, ол кісінің ұстаздық еңбегіне өз ойымды білдіру – мен үшін үлкен мәртебе. Мен ол кісінің еңбек жолын, жеткен жетістіктерін қайталамай, қажырлы қызмет атқаруды өзіне міндет санаған ұстаз туралы жүрекжарды лебізімді білдіргім келеді. Білім беру саласында қызмет етіп жүргендіктен, әртүрлі ресми жиындарға, мерекелік шараларға, кездесулерге жиі жолым түсіп тұрады. 

Сол шаралардың бір де бірі Аягүл Төреқызынсыз өтпейді десем, артық айтқандық емес. Ол кісі кез келген шараға әр беретін, сән беретін сияқты. Әр кезде президиумда сөйлеген сөзі көпшіліктің ойынан шығып, халықты бір серпілтіп тастайды. Орнымен айтқан ойлары қашанда ұлт және халық мүддесімен астасып жатады. Математика пәнінің мұғалімі бола тұра, тіл мәселесіне бейжай қарай алмайтын ұлтжанды қасиеті туралы ерекше айтуға болады.
Білім саласындағы жаңа­лық­тар, тіл туралы жиындар, мектеп мәселесінде қозғалатын талқы­лаулар, Елбасының Жолдауын жүзеге асыру барысында атқарылатын шаруалардың басы-қасында Аягүл апайымыздың жүретіні – мен үшін заңдылық сияқты болып көрінеді. Өйткені ол кісі – ұлтқа қызмет етуді басты орынға қойған адам. Бір кездесуде Аягүл Төреқызының: «Мектеп мәселесі, оқу, оқыту мәселесі көтерілетін жерге келуден мен шаршамаймын, қалайда уақыт тауып келемін» деген сөздері маған өте қатты әсер етті. Шынында да, ұстаздық етуден жалықпай, өмірлік тәжірибесімен, кәсіби біліктілігімен бөлісіп жүрген Аягүл Төреқызы сияқты ұлт зиялылары көп болса, Қазақстан Мәңгілік Елге айналары сөзсіз. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп Абай хакім жырлағандай, елге еңбегі сіңген, азаматтармен қатар жүріп, толағай табыстарға қол жеткізген Аягүл апамызды Дома­лақ Анадан даналық дарыған, батырлар жырындағы ақылына көркі сай, азаматына сенімді серік бола білген Гүлбаршын, Құртқа сынды ару қыздардың бекзаттығы бойына сіңген бүгінгі қазақ қыздарының үлгі тұтар бейнесі деуге әбден болады.
Алматы қаласының мектеп директорлары кеңесінің төрайымы ретінде Аягүл Төреқызы көп мәсе­ле­лердің шешілуінің басында өзі жүріп, кеңес мүшелеріне бағыт-бағдар беруден жалыққан емес. Әр мекеме басшысы Аягүл апайдың айтқан кеңесін қалт жібермеуге тырысады.
Медеу ауданына Мәншүк ­Мә­метова атындағы №28 лицейге ­ауысып, қызметке келген сәтімде кездескен қиындықтарымның шешімін бірге іздесіп, қолдау көрсетіп, демеу болған бірден-бір жан – Аягүл апай. Мектебімізде өткізілетін айтулы іс-шараларда Аягүл Төреқызы әрдайым төрден орын алатын құрметті қонақ ретінде ұстаздар мен оқушыларға өзінің салмақты, салиқалы ақыл-кеңестерін айтудан жалыққан емес.
Білім беру саласына жарты ғасыр өмірін арнап, «өзінің уақытын аямай, шәкірттерінің бақытын аялай білген» аяулы ұстаздың мерейтойы – жалпы мұғалім қауымының мерейтойы. Жас буынға берер тағылымы таусылмайтын Аягүл Төреқызынан үйренеріміз әлі де көп. Жан-жағына шуағын шашып, нұрға бөлейтін қазақтың қайсар қызына Алла ұзақ ғұмыр берсін!

А.МЕДЕТБЕКОВА,
М.Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейінің директоры

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.