Тұлғалар тағдыры

«Егер ауылыңның маңында ескі атауы бар бір төбе болса, соны зертте. Тарихи зерттеудің үлкен-кішісі болмайды. Ұлттық тарихыңды тану осыдан басталады».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

Биылғы наурыз айында «Ана тілі» газетінің №11-12 санынан Ақтөбе қаласының тұрғыны, ардагер-ұстаз Мәтжан ­Орынбаев ағамыздың «Тамдыкөл» атты мақаласын оқыдық. Ағамыз өзінің туып-өскен өңірі Ойыл ауданындағы Тамдыкөл жерінің табиғатын, тарихын, өткен ғасырларда өмір сүрген адамдарын, киелі нысандарын – үлкен тебіреніспен, сүйіс­пеншілікпен жаза келіп былай дейді: «Саңырық пен Пұсырман тәрізді әулие-абыздар орын тепкен… Жергі­лікті тұрғындары мал-жаны ауру болғанда қыр үстіндегі Пұсырман, Саңырық зираттарына барып түнеп, аруақтарға табынатын» деген екен. Бұлар жатқан төбе «Саңырық төбе» деп аталады екен.

Мақаланы оқыған соң авторға жолықтық, таныстық. Содан бері әлденеше рет кездесіп әңгімелесіп, пікір алмастық. Шығысында «Хангелді қорымы» дейтін қорым барын білген соң басына баруға келістік. Мәтжан ағамыз: «Пұсырман, Саңырық әулие­лердің өмір сүрген уақыттары шамамен біреуінікі ХVІІ-ХVІІІ ғасыр, екіншісінікі ХVІІІ ғасыр деп жобалаймын. Түйгенім сый-құрметке лайықты тұлғалар, ұрпақтары табылып, ескеркіш-белгі қойылса жөн болар еді» деді. Ағамыз мамандығы бойынша математик, дәлдікті сүйеді.Сондықтан өз ойымызды дәлелдеуде нақты деректерге сүйендік. Қазақ тарихында ХVІІ-ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Пұсырман Қангелдіұлы, ХVІІІ-ХІХ ғасырда өмір сүрген 3 (үш) Саңырық бар. Әуелі Пұсырманға тоқталайық.
Бірінші дерек, Ақтөбе энциклопедиясында: «Айтұлы Қабақ (шамамен 1611-1689жж.)» деп таңбаланған. Қабақтан – Хангелді, одан – Пұсырман.Пұсырманның өмір сүрген уақыты – он сегізінші ғасыр. Атақты «Мың бала» кинофильміне өзек болған ақын Нұрмағанбет Қосжанұлының Шектіден шыққан Сартай батыр туралы жазып қалдырған «Сартай батыр» дастанында:
«Бақтыбай мен Пұсырман,
Жау жарағын түйінген.
Әбілқайырға қосылды,
Қаһарға мінген жиынмен,
Қарасақал ерлері,
Сексеуілдей қақталған.
Үш мың кісі Шөмекей,
Елемес, Аман шығарған,
Әлім қосқан он мыңнан…» деп жырланады. (Алматы, «Сартай батыр», 1998 ж.). Осы кітаптың 120-бетіндегі түсініктерінде Қабақтың немересі Бақтыбай туралы: «Бақтыбай батыр (1697 – ө.ж. беймәлім) шежіре бойынша Алтын Орданы билеген, үлкен Ноғай ордасының (Кіші жүздің) негізін қалаған Едігеден тарайды» десе, Пұсырман Хангелдіұлы турасында, «Әбілқайыр ханның батырларының бірі, шежіре бойынша Едігеден тарайды» деп таңбаланған.
Екінші дерек, 2000 жылы Ақтөбе қала­сында басылған «Жарас Мерген Пұсырманұлы» атты кітапта: «…Сол Қалдыбай ханның інісі Пұсырман батыр Бұланты өзенінің бойындағы шайқасқа қатысқан. Бұл соғыс тарихта 1727 жылы болған. Осы ұрыста әйгілі Бақтыбай батырмен тізе қосып қимылдаған Пұсырман батыр ­туралы «Егемен Қазақстан» газетінде жезқазғандық өлкетанушылар С.Қожамсейтов пен Ш.Аймышев «Бороди­номен бірдей Бұланты» деген мақала жазған. Онда «Шектіден Сартай бастаған мың қаралы бозбала жігіттерді ұрыс өнеріне машықтандырып, қолма-қол шайқастары кірістіріп отырған» деген дерек келтіреді. Сонда: «Бұл елдің жігіттері жоқ па?» деп сұраған ағайын­дарға Байжан би: «Бар ғой… Бақтыбай мен Пұсырман Шектінің туын жығар деймісің?!» деп зор сеніммен айтуы қол бастаған батыр бабалардың айдынын асырып тұр емес пе?!» деп жазылған.
Үшінші дерек, ХVІІ ғасырдың аяғы мен ХVІІІ ғасырдың басындағы Батыс Қазақстандағы саяси-әлеуметтік ахуал және «Жарас Мерген Пұсырманұлы» атты аймақтық ғылыми-практика­лық кон­фе­­ренцияның материалдары» жи­на­ғында (Ақтөбе, 2009 жыл)Х.Дос­мұха­медов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің проректоры, тарих ғылымының докторы, профессор Әбілсейіт Мұхтар: «Жарас Мергеннің бабасы Пұсырман да 1726 жылғы Бұланты, Білеуті шайқастарына қатысқан…1748 жылы 6 шілдеде Орск қорғанына А.И.Тевкелевпен кездесуге бір топ шекті руының өкілдері келеді. Олардың ішінде Қара батыр, Бейімбет батырдың ұлы Шығырбек, Бақтыбай батырдың баласы Асан және шекті руының ақсақалы Пұсырман болған. Орыс деректері «Кощей Бусурман» деп жазады. Қазақ-орыс сөздігінде «қощей» – Қыдыр немесе ұзын бойлы арық адам» деп аударылған… Кездесу соңында Қара батыр, Асан батыр, Шығырбай батыр және Пұсырман түрлі марапатқа ие болған («История Казахстана в русских источниках ХVІ-ХХ веков», ІІІ том, Алматы, 2005. Стр. 187-188). Әбілқайыр хан өлтірілгеннен кейін көп ұзамай Нұралы ханмен қатар Батыр Қайыпұлы да хан болып көтеріледі. 1748 жылдың соңғы айларындағы осындай саяси оқиғаға шекті руының біраз адамдары қатыс­қан. Мәселен, Қарабай, Аталық, ­Боранбай, Қалыбай, Жаңбыршы, Тұттыбай, Қарабас, т.б. (ОрОММ. 3к. 18-іс, 288-311п.п.) Біздің ойымызша, осы тізімдегі Қалыбай, Қарабастар – Жарастың ағалары, Пұсырманның балалары болса керек» деген дерек келтірген. Пұсырманның балалары – Қалыбек, Қарабас, Жарас, Өмір, Сексен екені белгілі. Қарабас пен Жарас – ағайынды адамдар.
Төртінші дерек, осы жинақта тарих ғылымының кандидаты, доцент С.Б.Құрманалин: «Батыр ­Жарас әкесі Пұсырманмен бірге 1710 жылы Қарақұмда өткен бүкіл қазақтың құрылтайына қатысып, атақты табын Бөкенбай батырдың тарихқа мәлім даңқты сөзінен жігерленген» дейді.
Бесінші дерек, елдің шежіреші қарт­тарының бірі,марқүм Амантай Шотов­тың аталған ғылыми жинақта төмендегі сөзі берілген: «Пұсырман атамыз Қыдыр­ды екі рет көрген. Біріншісінде ертеңгісін шал ерте тұрып дәрет алайын десе, түнде су толтырып қойған құманның суы ұйып қалған екен, сол құмандағы ұйыған суды толығымен ішкен. Сол себептен Қабақ руының ішінде тұқым көбі осы Пұсырман атамыздың ұрпақтары дейді ақсақалдарымыз.
Атамыз Пұсырманның малы жоқ, жарлы кезі екен. Сол уақытта Қабақ руы малдан жарлы болған. Бір күні ертелетіп атамыздың үйіне ақсақал келеді. Есен-түгел сұрасып, кіріп келген қонақты қарсы алып, мал союға жандығы жоқ. Атамыз қиналса керек, жалғыз бурасын сойғысы келсе, оны қонақ сойғызбаған дейді. Бураны соймаққа ыңғайланып, пышағы мен арқанын алып далаға шыққанда қонақ та ере шығып: «Уа, ардақтым, кеуліңе рақмет, малыңа тиме, үйіңде кебеженің ішінде бір қасықтай бидай талқан бар ғой, мен соған да ырзамын, соны қазанға сал» депті. Әйелі мен атамыз Пұсырман үйге кіргенде қонақ далада еді. Айтқан жерден талқанды ­тауып, су құйып, тұз салып аса бастайды. Аз тағамның өзіне қазан тасып, кенерінен асып төгіледі. Атамыз қонақты асқа шақырайын десе, ақсақал далада жоқ екен. Сонда атамыз Пұсырман: «Е-е, бұл Қыдыр болды» деген екен. Сөйтіп, атамыз Пұсырман Қыдырды екі көрген деген сөз қалған».Ел аузындағы һәм жазба деректерде Пұсырман өзінің бес баласының, олардан туған балалардың негізгі қасиеттерін алдын ала болжағаны, ол болжамы ақиқатқа айналғаны тура айтылады.
Аталған деректерге сүйенсек, ­Пұсыр­ман – батыр, Қызырды екі көрген әулие адам.
Енді үш Саңырыққа келейік. Екі Саңы­­рықтың тарихын жақсы білетін Мәтжан аға Орынбаев былай дейді: «Қазақтың тарихында ХVІІІ-ХІХ ғасырларда туған жерін шетел басқын­шыларынан қорғаған Саңырық атты екі батыр болған. Біріншісі – 1730-1760 жылдары қалмақтарға қарсы соғыстың қаһарманы. Бұл Саңырық Ошақты руынан. Екіншісі – ХVІІІ және ХІХ ғасыр қиылысында өмір сүрген, Кіші жүздің абдал тайпасының Олжабай бөлімінен шыққан Саңырық».
Енді үшінші Саңырыққа келейік, бұл – Пұсырманның Сексен дейтін баласының ең үлкені, бауырына басқан немересі. Батыр емес, әулиелік дарыған тұлға. Саңырықтың әулиелігі турасында сан түрлі тарихи аңыз бар, соның бірі «Айман-Шолпан» эпосының басты кейіпкері Көтібарға қатысты. Шалқар қаласында басылып шығарылатын «Шежірелі өлке» газетінде 2016 жылы жарияланған ауданның құрметті азаматы, шежіреші Оразбай Әділбаевтың «Көтібар мен Арыстан» деген тарихи-танымдық мақаласында бозбала Көтібардың Саңырық әулиеден батаны қалай алғаны баяндалады. Мұнда: «Көтібар өсе келе Саңырықтың батасын алуды армандайды… Жазғытұры ел көл жағалап қонып жатқанда ауыл ақсақалдары бір-бірімен табысып, шұрқырасып, ауыл жағалап, «қоныс жайлы болсын» айтып жатады. Сол кезеңде қасында бір топ адамдары бар Саңырық атамыз да ауыл аралап жүрсе керек. Орайын тапқан Көтібар бір үлкен дуадақты атып алып, бөркін көзіне баса киіп, шауып келіп, ата қанжығасына байлай салып: «Ата батаңды бер» деп, Саңырықтың батасын алады. Қолды қайырып салып, сақалды бір сипап: «Мынау қай бала?» деп сұрапты. «Бұл Бәсеннің Көтібары ғой» депті қасындағылар. «Ой, батамды бермеспін деп жүр едім, қапыда алдың, алсаң ал, халқыңа қайырымды бол» деп ризалығын білдіріпті.
Көтібар Саңырықтың батасын ал­ғанда сол алақанын төмен, оң ала­қанын жоғары жайыпты. «Неге екі ала­қаныңды бірден оңынан жаймадың?» дегенде: «Сол алақанына қан уыстап туды» деп батасын бермей жүр еді, әулие­нің аруағына адал болғым келді. Саңы­рықтың бір алақанға берген батасы да бір адамның өміріне жетеді» деген екен.

Атамыз Пұсырманның малы жоқ, жарлы кезі екен. Сол уақытта Қабақ руы малдан жарлы болған. Бір күні ертелетіп атамыздың үйіне ақсақал келеді. Есен-түгел сұрасып, кіріп келген қонақты қарсы алып, мал союға жандығы жоқ. Атамыз қиналса керек, жалғыз бурасын сойғысы келсе, оны қонақ сойғызбаған дейді. Бураны соймаққа ыңғайланып, пышағы мен арқанын алып далаға шыққанда қонақ та ере шығып: «Уа, ардақтым, кеуліңе рақмет, малыңа тиме, үйіңде кебеженің ішінде бір қасықтай бидай талқан бар ғой, мен соған да ырзамын, соны қазанға сал» депті.

Қысқасы, Қызырды екі көрген Пұсырманның бауырына басқан баласы Саңырық – әулие болған адам.
Осы жағдайларды екшей келе, қатар жатқан екі әулиенің қабірі әкелі-балалы Шекті Пұсырман мен Саңырық болуы әбден мүмкін деген ойға келдік. Байұлының Таз руынан шыққан Олжабай Саңырықты індете тексеру мақсатында 2009 жылы Ақтөбеде басылған Аманғали Әміржанұлының ғылыми дерекке табан тіреген «Таз руының шежіресі» атты 700 беттік кітабына үңілдік (4 томдықтың бірінші томы). Мұндағы «Діни қайраткерлер мен әулиелер» деген тарауда Олжабай Саңырықтың аты аталмайды. «Батырлары» деп аталатын тараудан да атын таба алмадық. Бұл Аманғали оны білмейді екен дейін десек, кітаптың 724-бетінде Құлдың алты баласын таратқанда Саңырықты бірінші атайды. Алайда батыр демейді, би демейді, әулие еді демейді. Саңырықтан Әйсейіт деп көрсеткен. Тағы бір нұсқада Саңырықтың баласы Әйсейіт емес, Басықара батыр делінгендігін жазады. Әйтсе де, А.Әміржанұлы Саңырықтың баласы Әйсейіт екендігіне басымдық беріп, оның үш баласының атын атап, Құлмамбет шайырдың деректі өлеңінен үзінді берген. А.Әміржанұлы өзінің шежірелер жинағының екінші томының 229-275,467-470 беттерінде Таздың батырларын, 275-306, 456-461 беттерінде әулеттің әулиелері мен билерінің толық тізімін береді, мұнда да Саңырық деген есім кездеспейді. Бұдан шығатын түйін, Олжабай Саңырық – батыр, әулие емес.
Шектілердің көші-қонысы туралы тарихи деректерді сүзе қарағаны­мызда тө­мендегі жайттарға кездестік. 1803 жылы Ресей тыңшысы поручик Я.П.Гавердовский Сарышоңай мен Мұсыл­ман билерге Әлімұлы – шек­тінің тілеу, қабақ, назар мен шүрен бөлімдерінен 8000 түтін бағынады деп хабарлай келіп: «Кочевья: зимние – по реке Эмбе, в песках Барсуккум и по запад­ной стороне Аральского моря до города Конрата; летние – к северу от реки Эмбы, по реке Темиру и в вершинах рек Сагыза, Уила, Хобды и Илека» деп жазады.
«Алаш» тарихи-зерттеу орталығы 2010 жылы шығарған «Қазақ ­ру-тайпаларының тарихы», Қаракесек бірлестігі» атты кітаптың, 13-томының екінші кітабының 121-бетінде: «…Әлімұлы тайпалық бірлестігінің басқа да руларына қарасты 22 мың түтін жазғы маусым кезінде Каспий жағалауларына дейін жайлады, Ембі, Темір, Сағыз, Ойыл, Қобда өзендерінен Жайық өзендеріне дейін жүрді» делінген. Белгілі тарихшы ғалым Ә.Мұхтар 2009 жылы «Ақтөбе» газетінде жариялаған «Биліктің бір тұлғасы – Сарышоңай би» деген көлемді зерттеу мақаласында генерал-губернатор Г.С.Волконскийге генерал-майор Д.И.Герценбергтің 1807 жылы 28 тамызда жазған рапортын дерек ретінде ұсынады. Ол рапортта: «Ойыл бойындағы Сарыш оңай, Мұсылман билер, Сары Қобдадан ахун Мұхамеджандар Тамдыкөлге көшіпті дегенді естіп, артынан барлаушылар жібердім» деген жолдар бар. 1350 адам, 3 артиллериядан тұратын қарулы күшті басқарып, Қаратай сұлтанды қолдаған шектілерді жоюға шыққан генерал Д.И.Герценбергтің бұл рапортын, патша тыңшысы Я.П.Гавердовскийдің хабарламасын күмәнсіз деп қарасақ, шектілердің сол уақытта Ойыл бойын жайлағаны да күмәнсіз. Демек, жасы жеткен Шекті Пұсырман дүниеден озып, осы жерге жерленген деуге негіз бар. Сондай-ақ Саңырық әулие­нің ата­сының қасында жатуы да қисынсыз емес.
Осындай байламға келген біз сәті түсіп, қыркүйек айының 28-і күні жолға шықтық. Жолбасшы Мәтжан ағамыз, қосшымыз Болат Медеубаев деген ініміз, жолай Көптоғай ауылынан 82 жастағы Сағынғали Cарин ағамызбен осы өңір­де археологиялық зерттеу жұмысын жүргізіп жатқан «Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраларды зерттеу, қор­ғау және қайта қалпына келтіру» ор­та­лығының басшысы Аслан Мамедов бастаған бірнеше адам қосылды.
Төбедегі екі бейіт те құлаған, жұқа­насы қалған. Ескісінің ізінде қалақ­тастар жатыр. Жаңалауының бағзы заманда шикі кірпіштен қаланғандығын әйгілеп, шашылған ұсақ бөлшектері көзге түседі. Маман ретінде Аслан ­Мамедовтен сұрағанымызда: «Дәл айту қиын, көнелеу бейіт 18 ғасырдыкі.Екіншісі 19 ғасыр, себебі шикі кірпіш осы ғасырдікі екендігін көрсетеді» деді.Демек, біріншісі – Пұсырман әулиенікі, екіншісі – Саңырық әулиенікі. Бұдан 60 шақырымдай жерде «Хангелді қорымы» орналасқан.Қасында «Қарабас» деп аталатын шағын өзен бар, Ойыл өзеніне құяды.
М.Орынбаевтың мақаласы «Ана тілі» газетінде жарияланған соң, Таз руынан шыққан Құл ұрпақтары тездетіп жаз ортасында бейітке темір қоршау орнатып, белгітас қойып тастапты. Біздіңше, бұл – зерттелмей асығыс атқарылған шаруа.
Сонымен, біз әуелі Пұсырман мен Саңырықтың туыстық жағын көр­сеттік, одан соң екеуінің әулиелігін ай­қын­дадық, сосын бұлардың Ойыл бойын­дағы қоныстарды мекенде­гендігін дәлелдедік.
Түйіп айтқанда, Саңырық төбеде жатқандар шекті Пұсырман мен оның немересі әулие Саңырық деген байламға келдік. Осы жазғанымыз қоғамдық пікір туғызып, басқадай ойы, дерек-дәлелі бар адамдар болса өз пікірін айтар деген ойдамыз.

Аманғали МҰХАМБЕТУЛИН,өлкетанушы,
Жұма-Назар АСАН,филология ғылымының докторы,
профессор
Ақтөбе

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.