АРХИВ – ЕЛ ТАРИХЫНЫҢ ШЕЖІРЕСІ

Қазақстан Республикасы Прези­денті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Баба­ларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар, әлі де болса, ғылыми айна­лымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр» деп өте орынды атап өтті. Осы мәселеге орай, ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік архив қорларындағы қазақ тарихына қатысты деректер арқылы  іргелі зерттеулер жүргізу үшін қабылданатын «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасы орасан зор қажырлы еңбек пен ғылыми ізденістерді талап ететін ауқымды бағдарлама болмақ. Шын мәнінде бұл жобаны жүзеге асыру үшін Елбасы атап өткендей, тарихшылардан, деректанушылар мен мәдениеттанушылардан құрылған арнайы топтардың отандық және шетелдік ірі архивтермен өзара жүйелі әрі ұзақ мерзімді ықпалдастықта болып, іздеу-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне баса мән берілуі қажет-ақ.

Сонымен бірге Елбасы мақаласын­да архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру мәселесі көтерілді. Ал ұлт тарихын санаға сіңіру барша қазақстандықтардың бойында өз бастауларына деген ортақтық сезімін қалыптастыруға ерекше ықпал етеді. Мақалада аталып өткен жобалар «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламасының жалғасы деп түсінеміз. Архив тарихына көз жіберіп қарасақ.
Тарихсыз мемлекет жоқ екендігі де ақиқат, оның бар беті – құжаттық жадының алып қазынасы. Қазақстан Республикасының «Ұлттық архив қоры мен архивтер туралы» Заңында «Ұлттық архив қоры Қазақстан халқының тарихи – мәдени мұрасының ажырамас бөлігі» деп көрсетілген. Мемлекеттік архивтер – заңнамалық тұрғыдан белгілі бір мін­детті атқаратын арнайы мекеме. Мемлекеттік архивтерде жүргізілетін жұмыстардың басты мақсаты – архив қорларын сақтау, үнемі толықтырып отыру, халық игі­лігіне пайдалану.
Архив – өткен өмірдің ескерткіші. Қоғамның бай тарихи тәжірибесін жан-жақты, ауқымды бейнелейтін архив және ондағы сақталған құжаттардың құн­дылығы мен маңыздылығы ерекше.
Еліміздің аса бай рухани қазынасы болып табылатын архив ісі ХVІІІ ғасырдан бастау алады. Қазақстан Рес­публикасы Министрлер кабинетінің 1995 жылғы 17 тамызындағы ­«Қазақ­стан­дағы архив ісіне – 200 жыл» атты қаулысында Қазақстан тарихында архив ісінің пайда болуын былайша атап көрсетеді: «Алғашқы архив Батыс Қазақстан аймағындағы Ішкі Ордада қалыптасып Бөкей хандығының архиві атауымен белгілі болды» делінген.
Архивтерде жинақталған қорда төл тарихымызға қатысты баға жетпес мол мұралар сақталған. Сондықтан да ел аумағындағы мемлекеттік архив қорларына зор жауапкершілікпен қарау – бүгінгі күннің талабы. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында архив істеріне байланысты қиыншылықтар орын алды. Архив қорларында сақ­талған тарихи құжаттардың маңызы ерекше болды. Біріншіден, архив қо­рында сақталған құжаттар бойынша елдің өткен тарихы жазылса, екіншіден, елдің экономикасына қатысты жер-су, жер бедері, қазба байлықтар ­туралы карталар, сызбалар, жазбалар арқылы елеулі ықпал етті. 1946 жылы архив қызметкерлері Ф.Н.Киреев және Н.П.Зининнің құрастыруымен жарыққа шыққан «Центральный государственный исторический архив Казахской ССР» атты жөнсілтерде Омбы облыстық мемлекеттік архиві қорынан 43 000 бірлік істің жеткізілгені жөнінде мәлімет бар. Құрастырушылар «1940 жылы негізінен Қазақстан архиві жан-жақтағы архив қорларындағы құжаттармен шоғырланып болды» деп тұжырым жасайды. Шынында олай емес болатын.
Қазақстанда архив қорының құрылуы 1921-1922 жылдары бас­талды. Орталық өлкелік архив қорының бастауында Орынбор архиві тұрғаны белгілі. Онда сақталған архив қорының көптеген бөлігі жойылып, талан-таражға түсуі революцияға дейін орын алған. Қазан төңкерісіне дейінгі патшалық Ресей архивтерінде құжаттар ұқыпсыз сақталды. Бірыңғай әкімшілік-саяси орталықтардың болмауы салдарынан халқымыздың басынан өткен тарихының әр кезеңдерін қамтитын тарихи құнды құжаттар Санкт-Петербург, Мәскеу, Қазан, Уфа, Астрахан, Омбы, ­Орынбор, ­Саратов, Томск, Ташкент қалаларындағы салалық архивтерде шашылып, шашырап қалды. Мысалы Ресей империясының Археологиялық институты 1881 жылдың қыркүйек ­айында Орынбор архивінде сақталған қорлардың жағдайымен ­танысып қайту мақсатында институттың ғылыми қызметкерлері Гаврилов және тыңдаушы Львовты іссапарға арнайы жіберген. Олардың 1882 жылдың 10 тамызында жазған рапорттарында архивтегі 100 мыңнан астам істің өте аянышты жағдайда жатқанын, бұл қорлардың алғашқы қалыптасқан кезеңінен-ақ ешуақытта тәртіпке келтірілмегенін өкінішпен баяндайды.
Кезінде Орынбор архив бюросы 1913-1917 жылдардағы қазақ тарихына қатысты 251 пұт 20 қадақ құжаттар мен 2006 кітапты 1923 жылы макулатураға сатқан. Сонда «ол қандай құжаттар?» десек, Орынбор генерал -губернаторының 1888, 1890, 1893, 1894, 1889-1915 жылдарға дейінгі 20 жылдық есептері, атақты ғалым А.Е.Алекторовтың 1794-1894 жылдары қазақ арасынан жиналған шежіресі, «Қазақтардың 1865,1869 жылдары қоныстарынан жер аууы», «Торғай облысы бойынша 1871 жылғы ел саны», «1912-1915 жылдардағы Торғай облысы бойынша шолулар», т.б. құнды деректер. Бұлардың бәрі жойылды.
1926 жылдың 1 тамызында ар­хивариус Н.Г.Новинская мен Орта­лық өлкелік архив меңгерушісі Е.А.Чоглоковамен жасаған актіде көрсетілгендей, Қызылордаға жіберілетін архив қорында барлығы 184 түк жинақталып түйілгенімен, 1927 жылға дейін жіберілмей архив қоймасында жатты. Осы жіберілуге тиісті қорлардың ішінде кейбір істерді жібермеу үшін астына қызыл қа­рындашпен белгі соғылғандығын архив деректері айғақтайды.
Қазақстан архив қорының жи­нақ­­талуы өте қиын да, қарама-қай­шы­­лықты жағдайларда жүргізілді. Көптеген қорларды Орынбор губер­ния­сының орыс шовинизмімен ­ауыратын архивистері еліміздің тарихына қатысты қор құжат­тарын Қазақстанға жібермеу мақсатында көптеген істердің мұқабасындағы тақырып­тардың аттарын қасақана өзгертіп немесе ол істерді әдейі сөгіп, жаңадан басқа істер дайындаған. Сөйтіп, Қазақ­станнан барған архивис­тердің көзін бояп, ізден адастырып, кейбір құнды құжаттарды тізімнен шығарып тастайды.
Сол тұста Қазақстан мен Орынбор архивтері арасындағы жинақталған архив қорын бөлу күн тәртібіне жиі-жиі қойылып отырған. 1927 жылдың 27 маусымында осы мәселе ­бойынша Орынбор губерниялық ­архив бюросының меңгерушісі Орынбор губерниясы атқару комитетінің Президиумында баяндама жасаған. Архив қорын бөлуде қателіктер кеткендігін хабарлай отырып, 24 сәуірде ­Борисоглебский РКСФР Орталық архиві басқармасында баяндама жасағандығын, онда жіберілген қа­­теліктерді жөндеуге оң шешім қабылдауын сұрғандығы да айтылды. 1927 жылғы 19 мамырдағы Орта­лық­тың қаулысымен қорларды бөлуде жіберілген қателіктің жартысы түзелді дей келе, Шекара комиссиясы ісі қоры түктеліп, Қызылордаға жіберуге дайындалып отырғанын, қор материалдарын Қазақстанға беруге қарсылықтарын ашық білдірді.
Бұның бәрі сайып келгенде, жинақталып жіберуге дайындалған қорларды Орынбордан Қызылор­даға жіберу үшін пойызға тиеу кезінде Орын­бор архиві қызметкерлерінің көп­теген құжаттарды ұрлап алуына әкеліп соқтырды. 1927 жылдың 22 маусымында Орынбор губерниялық архивінің меңгерушісі Васильев және іс жүргізуші Фомина ­Орынбор ­Шекара комиссиясының және бөтен діндегілер экспедициясы қоры ­материалдары, барлығы 11 түк 1925 ­жылы-ақ жинақталғанымен, әлі де Орынборда екендігін хабарлай отырып, «бұл жинақталған түктен 7 түк материалы тікелей Орынборға қатысты» дей келіп, қалған 4 түкті комиссия арқылы тізімдемелерді қайта қарауға ұсыныс етеді. Қорды жинақтау кезінде істердің мазмұны қате болғандығын және қате жинақталғанын жазады. Ал Орынбор губерниялық архивінің ғылыми қызметкері А.Ф.Рязанов өзінің қосымша баяндамасында жоғарыда аталған қорлардың Қазақстанға берілуіне мүлдем қарсы болып, істердің араласып кеткендігін, Орынбор Шека­ралық комиссиясы, Торғай Орал об­лыстық басқармасы қорларының Қазақстанға өтіп кеткендігіне рені­шін білдірді. Бұл жағдайлар біздің жоғарыдағы пікірімізді нақтылай түседі.
Қазақстан архивистері Орталықтың Орынбор генерал-губернаторы қоры­ның барлық бөлімдерімен Орынборда қалдырылуына қарсы пікірлерін білдіріп хат жазған болатын. Осыған орай 1928 жылдың 6 қаңтарында ­Васильев, архивист Чоглокова, хатшы Билярскаялардың атынан РКФСР Орталық архивіне №366 баяндау хаты жіберіліп, көшірмесі Орынбор губерниялық атқару комитетінің назарына беріледі. Баяндау хаттың негізгі мазмұны Қазақстанмен арадағы архив қорларын бөлу мәселелері туралы болды. Орынбор генерал-губернаторы қорының түгелімен Қазақстанға кетуіне қарсы болған олар бұл қорды бөлуге қарсылықтарын архив қорларын бөлуге болмайтын принципіне сүйене отырып білдірген. Бұл қорларға тізімдеме жасалып жатқандығын, қордың шекаралық бөлімінде Исатай Таймановтың жеке архиві табылған жағдайда Қазақ өлкелік архивіне беруге қарсылықтарының жоқтығын білдіреді.
1927 жылы Ордадан (Хан ставкасы) Орталық өлкелік архивке 20 мыңнан астам іс алдырылды. Сол жылдан бастап Қазақстан тарихына қатысты материалдар Астрахан, Омбы, Орынбор, Ленинград, Ташкент қалаларындағы архивтерден жинақтала бастады. Қазақстан архивистеріне тек Орынбор ғана емес, Омбы, Ташкент және Астрахан архи­вистерімен де архив қорын бөлі­суде қызу пікірталасқа түсуіне тура келді.
1927 жылдың қаңтарында Сібір өлкелік архивінің меңгерушісі В.Д.Вегман Ақмола губерниясының орталығы Петропавл қаласындағы Жұмысшы – Шаруа инспекциясына жолдаған хатында Ақмола губерния­сы архив бюросының меңгерушісі Е.А.Красноперцевтің өтініші ­бойын­ша 1926 жылдың 29 қыркүйегінде Қазақстанға қатысты 196 архив ісі материалдарын алғанын, кейін уа­қы­тында тапсырылмағанын қатерге бере отырып, материалдарды қайтаруға көмектесуді сұрайды.
Е.А.Красноперцев өз тарапынан РКФСР Орталық архиві бас­қармасынан барлық Қазақстанға қатысты материалдарды беруді өтініш етеді. Оның бұл өтінішін Қазақ өлкелік архив басқармасы толығымен қуаттайды. Сондықтан да Ақмола губерниялық архив бюросына материалдарды бөлу үшін комиссия құруға күш салуды және мүшелікке Ақмола архиві бюросынан немесе атқару комитетінен архив ісін білетін белсенді де, жігерлі қызметкерді бөлуді қарастыруды тапсырады.
Сібір өлкелік архивінің меңгеру­шісі В.Д.Вегман РКФСР Орталық архив меңгерушісінің орынбасары В.В.Максаковтан Қазақ өлке­лік архивінен Кенесары Қасымовқа қатысты істерді қайтаруға ықпал етуді сұрады және өлке архивистерін «қасаң да, таяз патриотизммен айналысты» деп айыптады. Сонымен қатар Қазақстан тарапы Сібір өлкелік архивінің сұранысын қанағаттан­дырмаған жағдайда келісім комиссиясына қатыспайтындығын және ­Қазақ­станға бір де бір архив қағазының берілмейтіндігін астамшылдықпен білдірді.
Бұл жағдайдан шовинистік көзқарас архив ісінде де алға шыққандығын бағамдауға болады. Кенесары Қасымов көтерілісі туралы 1835-1845 жылдар аралығын қамтитын тізімдеме Ресей Федерациясы мемлекеттік архив қорында сақталған. РКФСР Орталық архив басқармасы коллегиясы Қазақ өлкелік архивінің Сібір өлкелік архиві арасындағы істерге байланысты ұстанған бағытын қолдамай, дөрекі, жөнсіз жолсыздық қатынас жасауда деп айыптады. Орталық, сонымен қатар Омбы архивистеріне архив қорындағы Алаш Орда үкіметіне қатысты бағалы қордың қайда сақта­луын шешуді және Қазақ АКСР тарапынан бұл материалдарды кеңінен пайдалануды, Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитеті Президиумының 1927 жылғы 14 сәуірдегі №5 хаттамасында көрсетілгендей, Омбы, Астрахан, Ташкент, т.б. қалалардағы архивтердегі Қазақстанға қатысты материалдар болса, Қазақстан тарапынан тұрақты пайдалануға беруде аса сақ болуды ескертеді.
Осыған орай, Қазақ өлкелік архив басқармасы РКФСР Орталық архив алқасының 1927 жылғы 24 нау­рыздағы қаулысына байланысты 6 сәуірде саяси секция меңгерушісі Н.Я.Болотниковты коллегия мәжі­лісіне шақыруын күтпегенін және оның архивте қысқа мерзімді уақытта жұмыс жасап, архив ісімен толық танысып болмағандығын және түсінік бере алмайтындығын, керісінше архивте ұзақ жұмыс жасаған Д.В.Гусевті шақырмағанын, коллегияға телефон арқылы 1-2 сағат уақыт қалғанда шақыруы және Қазақ өлкелік архив органының жұмысы туралы мә­селенің коллегияның күн тәртібіне шығарылуы түсініксіз жағдай екендігін атап өтеді. Ал Ташкенттегі көптеген архив материалдары Қазақстанға тікелей қатысты болғанымен, өзбек жағы бұл материалдарды «профессорлар мен студенттер пайдалануда» деген сияқты әртүрлі сылтау себептер айтып бермеді. Қазақ АКСР-і мен Өзбек КСР арасындағы даулы мәселелерді шешу одақтас респуб­ликалар арасында архив қоры және архив құжаттарын бөлу туралы негізгі ереженің бекітілмеуіне орай, РКФСР Орталық архиві тарапынан бұл мәселені ­ереже бекітілген кезде КСРО Орталық Атқару Комитеті Президиумы­ның қа­рауына беретіндігін РКФСР Ор­та­лық ­архив меңгерушісінің орынбасары В.В.Адоратский да өз кезегінде назарға берді.
Тағы бір тоқтала кететін жағдай – 1929 жылы Алматыға көшірілген уақытта архив қоры пойызбен Шу бекетіне дейін жеткізіліп, одан әрі ат арбамен тасылған. Осы сапарда Қордай асуында он жәшік іс-құжаттар ұрланып, қолды болғаны туралы да дерек сақталған.
Сондықтан да еліміздің тарихына қатысты архив қорларының архив ісі қалыптасу жылдарында жинақталмауының нәтижесінде төл тарихымызға қатысты «ақтаңдақ беттер» қалыптасты. Екатеринбург, Томск, Новосібір, Самара, Қазан, Мәскеу, Санкт -Петербург, Уфа, Ташкент, т.б. архивтерінде Қазақстанның халық шарушылығы тарихына қатысты көптеген материалдар бар және күні бүгінге дейін өз маңызын жойған жоқ.
ТМД елдері мен шетел архивте­ріндегі еліміздің тарихына қатысты құжаттарды, қолжазбаларды, сирек кездесетін кітаптарды алдыруды ұйымдастыру, көшірмесін жасатуды қарастыру бұрынғы олқылықтардың орнын толтырып, тарихи жадымыз бен санамызды қалыптастыруға игі ықпалын тигізері сөзсіз.
Уақытында мемлекет тарапынан қазақ халқының тарихына қа­тысты мол деректер жинақталған Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор, Омбы, Астрахан, Ташкент, т.б. қалалардағы архивтерден аса маңызды құжаттардың қайтарылуының тарихы зерделеніп, қазақ тарихындағы рөлі анықталды. Екіншіден, архив қорларында сақталған деректі құжаттар негізінде республиканың қоғамдық-саяси және экономикалық-әлеу­меттік өмірін жан-жақты ашып көрсететін көптеген тарихи жи­нақ­тар мен еңбектер жарық көрді, сол арқылы халқымыздың тарихын өскелең ұрпақтың санасына сіңіріп, ұлттық құндылықтарды ұлықтау ісінің орын алып келе жатқан­дығы айқындалды. Үшіншіден, Қазақ­стан Республикасы Орталық мем­лекеттік архивінде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық және «Ұлы да­ланың жеті қыры» мақалалары не­гізінде координациялық орталық құру. Төртіншіден, «Мәдени мұра» мем­­лекеттік бағдарламасында және «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақа­лала­рында атап көрсетіл­ген мәселелерді жүзеге асыру ісіне, ғалымдармен бірге архив қызмет­керлерін көбірек тарту. Сонымен бірге «Мәдени мұра» мем­лекеттік бағдарламасы шеңберінде шет елдерден алынып, қазіргі кезде түрлі ведомстволарда сақталып келе жатқан материалдарды Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивіне алдыру жөнінде тиісті үкіметтік құжаттың қабылдануын жеделдету қажет.

Аққали Ахмет,
тарих ғылымының докторы,
профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.