Рухани жаңғыру және тарихи сана

Еліміздің ұлы мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында Астанада ҚР Мемлекет тарихы институтының құрылғанына 10 жыл толуына орай «Рухани жаңғыру: тарихи сананы қалыптастыру» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры, Елбасы кітапханасы, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты бірлесіп ұйымдастырған жиынға Түркия, Ресей, ­Украина, Беларусь, Әзербайжан, Тәжікстан, Қырғызстаннан келген жетекші ғалым- сарапшылар, ҚР Парламентінің депутаттары, танымал қоғам қайраткерлері, тарихшылар және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Конференция барысында қоғам­дық сананы қалыптастырудағы тарих ғылымының рөлі, Қазақстан­ның тарих ғылымының тәуелсіздік жылда­рындағы дамуы, ғылыми-зерттеу орталықтарының отандық тарихты зерттеу мен насихаттаудағы рөлі жан-жақты сөз болды. Қатысушылар жуырда жарияланған Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ұсынған идеялардың өзектілігін айрықша атап өтті. Жиынды жүргізген Мемлекет тарихы институтының директоры, белгілі тарихшы Бүркітбай Аяған Елбасының тікелей тапсырмасымен құрылған Мемлекет тарихы институты ұжымының тәуелсіз Қазақстан тарихын жаңаша көзқараспен зерделеудегі және насихаттаудағы қызметіне тоқталды.
– Біздің бүгінгі конференция «Рухани жаңғыру: тарихи сананы қалыптастыру» деп аталады. Қазақстан тарихшылары соңғы кезде үлкен қозғалыста. Орта мектеп және жоғары оқу орындарына жаңа әдіснама бойын­ша оқулықтар мен хрестоматиялар дайындалды. Олар бұрынғы кеңестік идеология емес, қазіргі заманға сай, тарихи негіздемелерге сүйене жазылған. Мәселен, бұрын айтылмай келе жатқан Алаш тарихы, қазақ даласындағы ашаршылықтың себептері мен салдары, кеңес ­империясы құрамында болған қазақ даласының тағдыры, тәуелсіздік алған кездегі еліміздің жағдайы – осының бәрі қамтылған. Ал жуырда Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Қазақстан тарихын зерттеудің мүлде жаңа бір тұжырымдамасын ұсынды. Яғни ол тұжырым бойынша, біріншіден, қазақ даласы – бұрыннан өркениет даласы. Екінші қағида – осы далада өмір сүрген бұрынғы империялардың мұрагері – қазіргі қазақ халқы. Бұл ойлар біз үшін өте маңызды, – деді ол.
Конференция аясында Мемлекет тарихы институты шығарған «The history of Kazakhstan», «Қазақстан дип­ломатиясы», «Горизонты нацио­нальной истории», «Қазақстан тарихы», «Әбілқайыр Шайбан», ­«Қа­зақстандағы көші-қон және ­демо­графиялық ахуал» атты кітаптар таныстырылды.
Жиында сөз алған Ресей ғылым академиясы Жалпы тарих институты директорының орынбасары, тарих ғылымының докторы И.Коновалова қазіргі заманғы тарихнамадағы жаһандық зерттеу жобалары бойынша жұмыс тәжірибесімен бөліссе, тәжікстандық тарихшы А.Гафуров Қазақстан мен Тәжікстанның тәуел­сіздік жылдарындағы ғылыми байланысы, Киев ұлттық университетінің профессоры В.Сергийчук ­украин халқының мемлекеттілігін нығайту жолындағы күресі жөнінде сөз қозғап, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың жаңа мақаласы басқа елдердің тарихшыларына да үлкен әсер еткенін атап айтты. Тарих­шы-ғалым Т.Котюкова Ресей­дегі орталықазиялық зерттеулер ­жайында айта келіп, РҒА Жалпы тарих инс­титуты шығарған кітаптардың мазмұнына тоқталды.
Түркияның Анкара қаласында­ғы Әлеуметтік ғылымдар университе­тіне қарасты Түркі әлемі институты­ның директоры Мариям Хаким Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары көшпелілер өркениетін зерттеуге жаңаша серпін беретініне ерекше назар аударды. «Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» дегені – «Ұлы өркениеттің жеті қыры» дегені. Ағылшынша да солай қабылданады. Біз енді осы сөзді әлем алдында толықтай дәлелдеп беруіміз керек» деді ол.
Сондай-ақ жиында өзге де ғалым­дар сөз алып, Елбасының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдар­ламалық мақалалары идеяларын және тарихи еңбектерін насихаттау мен түсіндіру жұмыстарын жандан­дыру қажеттігін айтты. Жоғары деңгейде өткен халықаралық конферен­ция соңында арнайы қарар қабылданып, қатысушылар ғылыми қауымдастық өкілдерін, мемлекеттік органдарды, қоғамдық ұйымдарды және бұқаралық ақпарат құралдарын еліміздің гүлденуі жолында белсенділік танытуға, қазақстандықтардың тарихи санасын қалыптастыру арқылы халықтың бірлігі мен тұтастығын нығайтуға шақырды.

Дина Имамбаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.