Тілтанудағы шырайлы ғұмыр

Ана тілі мен асыл әдебиеттің тұнығынан сусындаған Гүлдархан орта мектепті бітірген соң бірден кітапханашы мамандығын таңдап, туған өлкеде қызмет етті. Сол кітапқа, сиқыр сөзге деген ықылас, құрмет оның қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын өмірлік серік пен ғұмырлық қамыт ретінде мойнына ілуге жазды. Өзі бір кезде шәкірт, студент болса, бүгінде соңынан өзінің ғылыми идеясы мен көзқарасын әрі қарай іліп әкетіп, кеңейтетін, өрістете алатын жастарды жанына топтастырған ұлағатты ұстаз. Оның жүріп өткен ғылыми жолы – бағы тек Тәуелсіздіктен соң ашылған қазақ тілінің ауыр да азапты жолы. Бір кездегі жосық бойынша қазақ тілі бойынша зерттеулерін орысша жазып, кандидат атанудың өзіне 20 жылын сарп етсе, бүгінде Құдайға мың шүкір, профессор Г.Смағұлованың жетекшілігімен зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ғылыми дәреже алғандардың ішінде бір филология ғылымдарының докторы, 25 (!) филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алғандар бар. Университетте сатылы білім беру жүйесі қалыптасқан соңғы жылдары ғана тіл білімінің жиырма төрт магистрін тәрбиелеп шығарды.

Ғалымның ұйқысыз түндері мен мігірсіз зерттеулерінің нәтижесі – оннан аса зерттеу кітап, монография, оқулықтар мен оқу құралдары, сөздік, 170-тен астам алыс және таяу шетелдерде, өз елімізде жарық көрген ғылыми әдістемелік мақалалар.
Бүгінгі таңда қай-қай ғылым болмасын тамырын тереңге жайып, сараланып, дараланып кетті. Әр тілші-ғалымның өзі таңдаған, құлай берілген, зерттеген үстіне зерттей түссем деген ғылым саласы, тармағы болады. Өзінің тамырлы зерттеу­ле­рін профессор Г.Смағұлова қазақ тіліндегі фразеологизмдердің лингвомәдени аспектісіне, кеңірек алғанда, қазақ лексикологиясына, соны сала – мәтін лингвистикасына арнады.
Зерттеушінің ғасыр тоғысында жарық көрген «Мағыналас фразеологизмдердің ұлт­тық-мәдени аспектілері» (Алматы: Ғылым, 1999) атты монографиялық еңбегі тіл білімін­дегі елеулі еңбектердің бірі ретінде аталды. Еңбек түрлі мағыналық тұрғыда айтылатын фразеологиялық тіркестер қатарының молдығымен әрі оларды сипаттау әдісінің сан алуандығымен ерекшеленеді. Айталық, түрлі лексика-семантикалық топқа бөлінетін фразеологизмдер статистикалық, мағыналық, сөй­лем ішіндегі қызметі мен орнына қарай сан түрлі тілдік сипаттамасын алып, сараланған. Оның ішінде бір ғана өлім-жітім жағдайы­на байланысты бөлінетін түрлі мазмұндағы фразеологизмдерді қарастырғанда, осы фра­зеологизмдердің тұтас мағыналық топтарын жасауға негіз болатындығы жан-жақты тал­данған. Мысалы, «өлімге» байланысты уақиға уақытын білдіретін фразеологиялық тіркестер саны 13 болса, уақиға мерзімі «ажал жету», «ажал қармағын салу», «ажал нәубеті жету», «өлім келу», «қаза кезегі келу», «ажал күні болу» сынды тіркестермен айтылатыны анықталып, сондай-ақ уақиға көрінісі 31 фразамен, ал уақиға жағдайы «қыршынынан қиылу», «көктей орылу», «жастай кету», «шейіт кету» сияқты қолданыстармен, уақиғадағы кездейсоқ әрекеттер 37 фразеология­лық тіркеспен беріледі. Мұндай мысалдар монографиялық еңбектің тілдік фактілерінің көптігін көрсе­тіп, деректілік сапасын арттырып отырғаны байқалады. Автордың көп жылдар бедерінде жинаған тілдік материалдарды осылайша топтап-саралап беруі – фразеологизмдер табиғатын жете түсінуден, сонымен бірге тілдің сапалы да нәрлі лексикалық қабаты саналатын фразеологизмдерге қатысты теориялық мәселелерді терең меңгеруден туындағанын байқатады.
Фразеологизмдердің лингвомәдени сипатын ашу мақсатында адамның сөйлеу дағдысы, оның жас мөлшері, қоғамдағы орны мен әлеуметтік жағдайының да, сыртқы түрінің де маңызы бар екенін келтіреді, ал адамның бт-әлпеті жөніндегі қалыптасқан мағыналас тіркестердің мол фак­тілерінің берілуі халқымыздың тіл байлығын, менталитетін, ойлау дағдысын, шешендігін монография авторының жете тануының дәлелі бола алады. Ұлттық дүниетанымның белгісіндей мағыналас фразеологизмдер адамның бүкіл болмыс-бітімін айқындауға қабілетті рухани байлық көзі екенін автор еріксіз мойындатады.
Г.Смағұлованың көркем мәтін лингвис­тикасы жайында жазған зерттеулері лексикология мен фразеологизмдер сияқты өзі сүйіп айналысып жүрген тіл білімінің екінші бағытына жатады. Бұл тың тақырыпқа келуі­не бірден-бір себеп – ұлттық менталитеттің тілдегі көрінісі фразеологизмдердің сырына үңіле зерттеу жолының келесі межесі осы сала болғандығынан. Себебі фразеологизмдердің бай қоры сандықтағы қимас қымбат қазынадай көркем әдеби шығармаларда көп кездесетіні белгілі. Қазақ қазақ атанған сонау ХV ғасырдан басталған жыраулар поэзиясы сияқты қымбат мұралар тілінен бастап жинақталатыны «мәтін ішінде «мәтін» құрайтын фразеологизмдер­дің қолдану ерекшеліктері мен шығарма­ның шырайын кіргізетін мағыналық, тақы­рып­тық топтарынсыз көркем дүние жазылмайды. Автордың ана тілін қаншалықты терең және жан-жақты меңгергендігі осы тұрақты тіркестердің қолдану шеберлігінен байқалса, екіншіден, фразеологиялық қабаттың бар сыры көркем шығармалар арқылы ашылады. Бүгінгі таңда бір кездерде тек әдебиеттанудың зерттеу нысаны саналып келген мәтіннің әртүрлі тілдік сипатын ашып, әрқилы қырлары болатынын белгілеу қажеттігі туындап отырғаны сөзсіз. Дегенмен ғалым қыздың өзі айтқан­дай, мәтінді зерттегенде «Мұнда «тіл» мен «әдебиет» бөлінбейді. Көркем шығарма мәті­ні әдебиеттің «денесі» болса, сөз – сол «дененің» өн бойындағы тамыры, қаны». Міне, ғалымға мәтін талдауға жол сілтеген бағыт, бағдар осылай құралған деуге болады. Және де ғалымға құлақ түрсек: «Мәтіннің көмегімен тілдің өмір сүруін, оның заңдылықтарын тануға болады. Өйткені бұлар тілдік тұлғалардың тек сөйлемде ғана емес, одан да ірі бөлшектердің құрамында қызмет етуін зерттегенде ғана ашылмақ. Бұл жағдай тілдің мәтін құру қызметіне зейін қойып, көңіл аударуына негіз болды».
Көркем әдебиетке ғашық көзбен қарауы ғалым қыздың өзінің де шұрайлы көркем тіл­мен сөз сабақтайтын деңгейге көтерілуіне әсер еткен. Гүлдархан әріптесіміздің ұшталған тілі, өз ойын майын тамыза жеткізе білуі, жазыл­ған ғылыми дүниелерге сындарлы көзбен қарап, саралау жасайтыны қазақ тіл білімінің көрнекті өкілдеріне арнаған «Тіл білімінің тарландары» атты еңбегінен байқалады. Бұл еңбекте қазақ тіл білімінің өркендеуіне ғұмырларын арнаған белгілі тілші-ғалымдардың көрнекті еңбекте­рі талданып, бағаланған.
Адамның көз майын тауысатын, салмағы зіл батпан, қара жұмысы бастан асатын азабы мен азары мол жұмыстың бірі – сөздік құ­рас­тыру. Г.Смағұлованың фразеологизмдер­дің варианттылығын түзіп, сөздік шығаруы – осындай жанқиярлық еңбектің арқасы, төгілген тердің айғағы. Варианттылық пен си­нонимді айыру қиындығы өз алдына, олар­дың лексика-семантикалық топтарын бөліп көрсету, сөздіктің канондық сипатына сай етіп жинақтап, құрастыру, әр сөзін бекіту үшін мысал келтіру – оңай орындалатын шаруа емес. Мұны түсінсе, сөздікшілер ғана түсіне алады.
Ғылымдағы азды-көпті еңбегін елі мен тұстастары және өзінен кейінгі жастар қапысыз мойындап жүрген, білім беру мен ғылымның таразысын тең ұстап, ұштастыра білген әріптесіміз, филология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің профессоры Гүлдар­хан Нұрғазықызы Смағұлова ізденгіштігі, әр нәрсеге сарабдал көзбен қарай алатын салмақтылығымен ерекшеленеді. Әр адамның Құдай берген мінезі бар, сол мінезі де оның ғұмырлық жолын айқындары сөз­сіз. Турашылдығы мен тайсалмайтындығы, қиыннан қиыстырып жол тауып кететін ұтқырлығы Гүлдарханды талай тығырықтан алып шыққанын көріп жүрміз. Бүгінгі «әже» атанып отырған толысқан шағында бұрынғы өрлігінен гөрі мінезінің кеңдігі, жұмсақтығы басым көріне бастағандай… Сондай кездерде әже болу да әйел адам үшін алтын шақ, айрықша бір дәурен-ау демеске лажымыз жоқ. Табиғаттың берген бар сыйын аспай-саспай, шашпай-төкпей алып келе жатқан әріптесімізге отбасының амандығын, ғылыми табыстарының артуын, бел-белесі тау­сылмайтын ғылым атты дүниеде үзеңгі қағыстырып қатар жүруге жазсын дейміз!

Бағдан МОМЫНОВА,
филология ғылымдарының докторы,
профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі;
Бердібай ШАЛАБАЙ,
филология ғылымдарының докторы, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.