Жарылқап БЕЙСЕНБАЙҰЛЫ, көрнекті жұрналшы-публицист, жазушы, зерттеуші, қоғам қайраткері, филология ғылымының кандидаты: ШОҚАННЫҢ АШЫЛМАҒАН ТҰСТАРЫ ЖЕТЕРЛІК…

«Ана тілі» газетін ең алғаш құрған, тұңғыш Бас редакторы, адамтанудың, маман танудың шебері.
Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында сан жылдар соқталанып, тұмылдырықтанып, жадыға түскен ұлттық мұраттарға ең алғаш мінбе болған Ұлт газеті – «Ана тілінің» дәуірлеген шағы осы тұлғамен тікелей байланысты. Үкімет пен партияның қаулы-қарарларын тиеп алып ерсілі-қарсылы ағылып жатқан идеологиялық рельстен саналы түрде бас тартып, әріптестерін де, оқырманды да жаңа көзқарастар мен ұлттық идеяға жұмылдырған ақпарат кеңістігінің кесек тұлғасы. Апталықта есімі елге мәшһүр әйгілі қаламгерлер, ғалымдар еңбек етті. Аз ғана уақыттың ішінде басылым таралымы жүз мыңдаған данаға жеткені бұл күндері аңыз секілді.
Сұхбат беруге көп әуестігі жоқ, өзін оқшау ұстайтын, әріптестер арасында «Ана тілінің» атасы» аталып кеткен Жарылқап ағамызға арнайы хабарласып, сұхбаттастық.

– «Ана тілі» газетінің ашылу тарихын қысқаша баяндап берсеңіз. Бас редактор ретінде таңдау неге Сізге түсті?
– «Ана тілі» ашылғанда мен «Жас Алаш» газетінде жиырма жыл табан аудармай қызмет істеген сақа жұрналшы болатынмын. Бұл жастар газетінің біздің кезімізде «Лениншіл жас» деп аталғанын білесің. Талай қаламгердің талабын шыңдаған осы құтты ұстахананың тәрбиесін біз де өз кезімізде бір кісідей көрдік. ҚазМУ-дің филология факультетінің бесінші курсында оқып жүргенімізде, саңлақ редактор Шерхан Мұртаза қызметке алды, көп жыл бойы санаткер редактор Сейдахмет Бердіқұлдың шеберлік тәліміне қанықтық. Бағымыз бар шығар, мен істеген бөлімдердің реті солай болды ма, әуелден-ақ кеңес заманының қып-қызыл насихатын күйттейтін тақырыптардан, қара мақала топанынан аулақтау жүріппіз, жастардың ұлттық санасының сер­гуіне пайдасы тиеді-ау, намысын қайрайды-ау, танымын арттырады-ау деген мәселелерді көбірек қаузаппыз. Осы аяулы шаңырақта бірсыпыра шығармашылық ізденістеріміз бен жобаларымыз жүзеге асыпты. Кітаптарымыз шығыпты. Шоқан бейнесін деректік-жұрналшылық тұрғыда зерделейтін сапарнамалық экспедициялар ұйымдастыруға мүмкіндік алыппыз. Шоқандай ғұламаның тұңғиығына бойлай жүріп қазақ тарихының ұңғыл-шұңғылын тануға қызығушылығымыз артыпты.
1989 жылдың күзінде халықтың зор қолдауымен «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Көп ұзамай сол кездегі республикалық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі Өзбекәлі Жәнібек қоғам басшылығының «бізге апталық газет керек» деген өтінішіне құлақ асып, «Ана тілі» апталығын ашу туралы қажетті шешімді шығартып берген еді.
Мен ол кезде жастар газетінің жауап­ты хатшысымын. Ел жақта демалыста жүргенде көлік апатына ұшырап, оң қолым кеудеге ғанышпен (гипс­пен) тұтас оралып, жұмысқа шығуға жарамсыз боп үйде жатқанмын. «Ана тілі» газеті ашылатынын, оның редакторлығына қолынан іс келетін бірсыпыра адамның талап қылып жатқанын сырттай естіп қалдық. «Мақсаттарына жетсін» дегеннен басқа еш ой қаперге келген жоқ. Емделуімізді әрі қарай жалғастыру әуресімен жүрдік. Бір күні таныс жұрналшы жігіт хабарласып: «Қазақ тілі» қоғамының басшылығы редакторлыққа әзірге ешкімді таңдай қоймапты, әлі де қарастырып жатқан көрінеді. Талай жыл газеттің майын ішкен адамсың, оң жамбасыңа келетін шаруа ғой, ешкім шапаныңды шешіп алмайды, бағыңды сынап көрмейсің бе?» деген ұсынысын білдірді. Содан кейін ғана ойға кетіппіз. «Шынында да, жиырма жыл жастар басылымында жүрдік, қанша қимасақ та, жас қырықтан асты, басқа жаққа ауысқан да жөн шығар. Ал «Ана тілі» апталығын ел сүйетін басылымға айналдыруға әбден болатын сияқты. Газет қозғауға тиіс тіл мәртебесін арттыру мәселесі – ел рухын көтерумен сабақтас тақырып. Кәмөнестік биліктің бұйдасында жүрген басқа ресми басылымдардай емес, бұл апталықтың «Қазақ тілі» қоғамының үні ретінде тіл мәселелерін айта отырып, ұлттың сөзін қаймықпай сөйлеуіне, елдің мұңын мұңдауына, халқымыздың шынайы құндылықтарын, тарихымыздың талай уақыт бүркемеленіп келген ақтаңдақ тұстарын ашық қозғауына әбден болады емес пе?» деген уәжге берілдік.
Екі-үш күннен кейін ғанышпен оралған қолымызды кеудеге өңгеріп, Шоқан туралы 1987 жылы шыққан «Жасын-тағдыр жарқылы» деген кітабымызды қалтаға салып, «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Әбдуәли Қайдардың алдына кірдік. Жөнімізді айтып, кітабымызды ұсындық. Газетті қалай оқылымды басылымға айналдыруға болатыны жөніндегі ойларымызды білдірдік. Байқаймыз, көңілінен шыққандаймыз. Бұл кездесу туралы ана бір жылдары Әбекеңнің өзі де осы «Ана тілі» газетінде: «Орталық Комитет газеттің редакторын таңдауды өзімізге қалдырды. Біраз журналистермен сөйлестік. Әңгімелестік. Ақырында солардың ішінде Жарылқап Бейсенбайұлына тоқтадық. Біртоға, салмақты жігіт көрінді. Ш.Уәлихановты зерттеп жүр екен. Ғылымға талпынысы бар. Сол жігітті таңдап алдық. Бұдан біз ұтылғанымыз жоқ. Қайта ұттық» деп жазыпты.
– Кадрларды қалай таңдадыңыз? Жалпы жұрналшыға қойылар талап-тілектеріңіз қандай?
– Редакторлыққа бекігеннен кейін, газеттің алғашқы санын қазақтың жаңа жылы – Наурыз мейрамы күні, 1990 жылдың 22 наурызында шығаруға уағдаластық. Оған дейін кадр таңдау, баспаханамен келісу, арнайы шот ашу, қағаз табу мәселелерін бітіру керек болды. Сол жылы Қазақстанда газет қағазының тапшылығы сезіліп, басылымдарға жазылуға шектеу қойылып жатқан қиындау бір шақ екен. Қоғамдық ұйымға тиесілі, мемлекет тарапынан қамтамасыз етілуге жатпайтын тәуелсіз газет болғандықтан, Орталық Комитеттің баспаханасы (бүгінгі «Дәуір» баспасы) өздерінің қаржылық жоспарында «Ана тілі» газеті қарастырылмауы себепті, қажетті қағазды бөле алмайтынын, егер оны өзіміз табар болсақ, қаржысын төлесек, басуға қарсы еместігін білдірді. Содан жаяу-жалпылап жүріп, газет қағазы бар-ау деген мекеме, қоймалардың бәріне сұрау салуға кірістік. Ақыры бір жабдықтау мекемесінен екі-үш айға жететін қажетті қағаз мөлшері табылып, оны «Қазақ тілі» қоғамынан алынған қарыз ақшаға сатып алып, баспаханаға әкеп түсіріп, әуелден өзіміз көздеген мерзім – Наурыз мейрамы күні алғашқы нөмірді шығарып үлгердік. Бірден оқырманға қажетті ділгір тақырыптарды көтере білген газетке жазылудың қарқынды жүргені сонша, бір-екі айдың ішінде-ақ жалақы ғана емес, баспахана, қағаз, тасымал шығынын да өзіміз қиналмай таба алатын жағдайға қол жеткіздік
Кадр іздеуде көп қиналыс көрмедік. Қуат-қарымы өзіме бұрыннан таныс, «Жас Алашта» әр жылдары қызметтес болған Бақыт Сарбалаұлы, Ертай Айғали, Қонысбек Ботбай сынды жүрдек жұрналшыларға қолқа салып едім, бәрі де ықыластана келісті. Олардың сапына сол кезде Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкерлері, тіл тарихы мен Алаш арыстарының мұрасына қатысты ізденістерге барып жүрген Ғарифолла Әнес пен Аманқос Мектеп секілді жазуға ебі бар жас ғалымдар келіп қосылды. Газеттің алғашқы нөмірлері осы топтың күшімен дайындалды. Соңыра алғашқы тілшілер қатарын жұрналшылық жолы енді басталған Бақтияр Тайжан мен мектеп мұғалімі боп жүрген ақын Болат Шарахымбай толықтырды. Әуелгі сандарынан-ақ қазақ баспасөзінде бұрын барланбаған тақырыптарды батыл қозғауымен ғана емес, дағдылы қалыптан бөлектеу жұрналшылық машықтарды да ала келуімен ерекшеленген апталықтың беделі күннен-күнге артқан кезеңдерде (ол 1991 жылдың қаңтарында 110 163 тиражбен тарады), газет төңірегіне бір топ жас қалам иелерінің үйірілгенін, қолтаңбаларын шыңдағанын, соны сипатты жазу өрнектерімен танылғанын жақсы білесің. Газет жұмысына алғашқы жылдары толық жалақымен, жартылай жалақымен жұмыс істегені бар: ­Байбота Серікбайұлы, Мақсат Тәжмұрат, ­Дихан Қамзабекұлы, ­Амантай Шәріп, Сағатбек Медеубекұлы, ­Раушан Төленқызы, Мақсот Ізімұлы, Абай Мауқараұлы сияқты, бүгіндері әйгілі қаламгерлер мен жұрналшылар, шүйгін зерттеушілер ретінде белгілі боп отырған тұлғалардың ­белсене араласқанын өзің де көрдің. Бірсыпырасымен қатар жұмыс істедің.
«Ана тілі» қазақ тілінде шығатын, партия дүрбісінен тыс алғашқы тәуелсіз газет болғандықтан, жұрнал­шыларға әуелгі сандарынан-ақ жабық боп келген тақырыптарға қаймықпай бару, сол жолда нақ сөйлеу, қателікке ұрынбау, қай нәрсе болса да біліктілік пен білімділік таныту, сонымен бірге мүмкін-қадерінше құнарлы қазақ тілін орнымен түрлентіп қолдана білу, сөзге ұқыппен қарау, мақалаларды оқуға жеңіл, жатық публицистикалық мәнерде өрбіту талабы қойылды. Ол ерекшеліктер әсіресе 1994 жылдан бастап ­редакцияда жұмыс істей бастаған, мәнді де келелі мәсе­лелерді көтеру арқылы «Ана тілі­нің» публицистикалық әлеуетін еселей арттыруға көп үлес қосқан әйгілі көсемсөзші Марат Қабанбай мен ақмолалық тілші Жұматай Сабыржанұлының қолтаңбаларында анық көрініс тапты. Сен өзің де ­Марат ағаңнан көп тәлім алғаныңды, жазу құпияларын үйренгеніңді жазып жүрсің ғой.
– Осы жазушы Марат Қабанбай аға бұл басылымға қалай келді? Жалпы жұрналшылар арасында айтылатын «Жарылқап-Марат тандемі» қалай қалыптасты? Газетте қызметтес болғанға дейін өмірдегі қарым-қатынастарыңыз қалай еді? Дос болдыңыздар ма?
– Екеуміз «Жас Алаш» газетінде қатар жұмыс істегенбіз. Өте білімді, қаламы жүрдек, әлем әдебиетінің жауһарларын зерек таныған, оқығаны көп дарынды жігіт еді. Әшірбек Көпіш, Бақыт Сарбалаұлы, Жақыпжан Нұрғожа сияқты құрдастарым бар, бәріміз қоян-қолтық дос болдық. Бойдақ шағымыздан басталған сол ынтымағымыз үйлі-баранды болған кезімізде де үзілген жоқ. Отбасымызбен тығыз араластық. Әуелден балалар жазу­шылығын қуған ­Марат жастар газетінде көп істемеді, «жазушылыққа ниеттенген адамға газет қол емес екен» деп, қаламгерлік орта – ­Жазушылар одағына қарай ойысты. Кітаптары жарық көре бастағаннан кейін таза шығармашылық қызметке де кетті. Тоқсаныншы жылдар­дың басындағы қиын шақтарда «Парасат» жұрналында жұмыс істеді. Алайда шығармашылық адамның басында оқта-текте ұшырасатын селкеулі сейіл дағдысы сол жылдары Маратты да біраз желпілдетті. Қызметінің мәнісі де кетіңкіреп жүрді. Жалақы алмаса, бала-шағасы әлі жас, оларды кім жеткізеді? Әдетте ауық-ауық үйге соғып тұратын дағдысы бар еді. Сондай кездерде басындағы осы жайттарды сөз етіп, мұңын да шағатын. Бірақ «газетке жұмысқа ал» деп сұранған емес. Газет шаруасының қиындығын біледі ғой, «еркін жүріп қалған адамның қолайына келе бермейтінін ойлайтын шығар» деп, мен де үндей қоймайтынмын.
Бір күні газетімізде бөлім меңгеру­­ші­­лі­гінің орны босай қалды да, тіке Маратқа хабарластым. «Шығарма­шы­лығыңды жаңа арнаға бұрып, «Ана тілінде» жұмыс істеуге қалайсың, сенің білімің мен қабілетің дәл қазір бізге керек боп тұр» дедім. Бірден келісті. Содан Мараттың «Ана тіліндегі» алтын дәуірі басталды. Дарынды қаламгердің шеберлік көрігіне суарылып шыққан әрбір мақаласы елдің көкейіндегісін қозғайтын көсемсөздік сипатымен тәнті етті. Жұрт апталықтың әр санын Марат Қабанбайдың кезекті мақаласын оқу үшін күтетін болды. Газет тарапынан да Мараттың жазуы­на жағдай жасалды. «Ана тілінің» өз ішінде жүйеленген тәртіп бойынша, алдағы нөмірде жариялануға тиіс сүбелі материалдарды дайындайтын қызметкерлерге, оны үйінде немесе кітапханада отырып жазуға мұрсат берілетін. Бұл мүмкіндік те Ма­рат­тың оң жамбасына келіп, келісті көсемсөздерін самсатып төкті де отырды. Оқырманның ыстық ықы­ласы жазушының шабытын шамыр­қан­дырды. Жазудан рақат табатын баяғы қаламгер Марат, арамызға жаңа сипатты қолтаңбасымен, енді көсемсөздің Қабанбайы боп қайта оралды.
Көп ұзамай Бақыт Сарбалаұлы жаңадан ашылған «Қазақ елі» газетінің бас редакторлығына ауысқан кезде, Маратты оның орнына редактордың орынбасары етіп тағайындадық…
Сіз басылымды басқарған кезеңдегі ақпараттық кеңістіктің ашықтығы қалай еді? Редактордың қолын қағу, тақырыптық шектеулер, салалық министрлік тарапынан тежеулер болды ма? Бүгінгі уақытпен салыстырғанда қалай? Жалпы сіздің ұғымыңыздағы демократия, сөз бостандығы қандай?
– Әлгінде айтқанымдай, қоғамдық ұйымның үні болғандықтан, «Ана тілі» КСРО тарамай тұрған кезде-ақ қазақ тілінде дүниеге келген алғашқы тәуелсіз басылым болды. Соған орай, мемлекеттік басылымдардай емес, қаймықпай айтуға, батыл сөйлеуге тырысты. Бастапқы сандарының өзінде Мәскеуден шығатын ірі одақтық партия газеттерінің беттерінде Желтоқсан көтерілісінің ақиқаты қалай бұрмаланғаны жөніндегі әшкере материал жариялады. Желтоқсаннан кейінгі бірер жыл бойы Компартия тарапынан баспасөз үшін жабық тақырыпқа айналып, ел назарынан елеусіз қалған Дінмұхамед Қонаев туралы республикалық газеттер арасында бірінші боп көлемді сұхбат алып, баршаны елең еткізді. Тіл мен ұлт мүддесіне қайшы қылықтарымен көрінген шенеуніктерді аяусыз сынады.
Екі-үш жылдан кейін баспахана құны, қағаз бен пошта тасымалы шығынының күрт өсуіне байланысты «Ана тілі» өз күнін өзі көре алмайтын жағдайға тап болды да, Ақпарат министрлігінің ұйғарымымен, ол мемлекет тарапынан қаржыландырылатын газеттердің қатарына өтті. Содан ­бастап, бізге де нені жазу, қалай жазу туралы жоғарыдан нұсқаулар түсе бастады. Бұрынғы дағдымызша, қаттырақ кетіп қалып жатсақ, «абайла­саңдаршы» деген ескертулер айты­латын болды. Сонда да біз басқалармен салыстырғанда, еркінірек қимылдадық, бұрынғы қалпымыздан көп өзгере қойған жоқпыз. Ащы сынды азайтпадық. Сын жөнімен айтылып жатса, жоғарыдағылардың құлақ түретіне да көз жеткіздік. Керісінше, ренжігендерін бізге тіке айтпай, баспахана басшылығына газетімізді баспау жөнінде нұсқау түсіретін жайттарды да бастан кештік.
Қайткен күнде де, әуелден ұстанған бағытымыздан айнымауға тырыстық. Тіл майданына, ұлт мүддесіне қа­тысты ақпараттық арпалысымызды тоқ­татпай, халқымызды тарихпен тәрбиелеу, қазақ жерінің ежелгі мәде­ниеттер мен өркениеттердің Отаны екенін дәйектейтін материалдар жариялау дәстүрін де үзбей, әрі қарай жалғастыра бердік. Апталықтың тікелей араласуымен, қазақ шежіресінің толық нұсқасы сұрыптаудан өткізіліп, оның ілкі тармақтары бір жүйеге түсірілді. Қазақ тарихы саласында еңбек ететін айтары мол, бірқатар дарынды зерт­теушіні газет маңына топтастыру арқылы, еліміздің өткен-кеткеніне қатысты талай ақтаңдақтардың бетін ашатын жаңашыл зерттеулер жарияланып жатты.
Тақырыптық шектеулер мен тежеу­лерге қатысты мәселеге келсек, ол әр ре­дак­тордың ішкі түйсігіне байланысты. Мәселен, тіл, ұлт мүддесіне қатысты кез келген мәселе, орынды түрде оябы табылып, көтеріліп жатса, мейлі, оның сынау нысаны хан болсын, қара болсын, тежеу қойған жөн емес.
Қазіргі уақыттағы ақпараттық ашық­тық­ты біздің кезімізбен салыс­тыруға сірә келмейді. Ол кезде әлі де Кеңес заманынан дағды боп қалған әр нәрсеге күдікпен қарау салқыны тарай қоймаған болатын. Екі шоқып, бір қарайтынбыз. Тәуекелге бекінгендер ғана батылдыққа баратын. Мәселен, қазір ғаламтордан күллі БАҚ-ты қарап отырамын. Талай нәрсенің шиқанын шығарып айтып жатқан ақпарат құралдарын көремін. Жоғарыдағы басшылардың шамына тиетін тұстары да жетерлік. Алайда соларды ешкім жауып тастамаған сияқты, тоқтамай шығып жатыр ғой. Осының өзі еліміздің ақпарат әлемінде демократияның, сөз бостандығының бар екенін көрсетеді-ау деймін.
– Сіз басқарған кезеңді көпшілік «Ана тілінің» алтын дәуірі» деп бағалайды. Мұның сырын немен байланыстырып, қалай түсіндірер едіңіз? Сол кездерді сағынасыз ба?
– Оның шет-жағасы жоғары­дағы жауаптарда да айтылып кетті ғой деймін. Біз кәмөнестік билік жылдарындағы қаламға тұсау салынған, айтарымызды сыртқа шығара алмай, еңсеміз езілген, ұлттық мәселелерді сөз ету, қазақ тілінің қамын жеу – саяси айып боп саналған, төл тарихыңның тереңіне барайын десең – қатаң ­тыйым қойылған, Алаш арыстарын, орыс басқыншылығына қарсы соғысқан батырларымыз мен хандарымыздың атын атау – сорақы қылмыс ретінде қаралған тұмша заманды бастан өткердік. «Ана тілі» газетінің алғашқы сандарынан-ақ бірден сол күйіп тұрған мәселелердің қоясын ақтарып, бүкпесіз ашық айтуды бастап кеткені де оқырманды елең еткізгендей.
Сондай-ақ әлгінде айтылғандай, редакцияға қалам қарымы қуатты жігіттердің жиналғанының да әсері болды. Олар өздерінің талап-талғамынан дөп шығатын тақырып­тарды біліктілікпен тарқатуға құлшына кірісті. Жаңашыл машықты жұрналшылықтың үлгісін көрсетті. Қазақ тілінің бар құнарын пайдалана отырып, оқылымды дүниелер жасауға ұмтылды. Ол жігіттердің қай мәселені қаузаса да, жоғары деңгейде орындап шығатын шеберлігі, ізденгіштігі, жазу сапасына деген адалдығы мен жауапкершілігінің өзі редакцияда шырайлы шығармашылық ахуал орнатты. Ондай күндерді қалай сағынбайсың…


– Бүгінгі баспасөздің бағытын, қазіргі журналистиканың деңгейін қалай бағалайсыз? Көңіліңіз тола ма? Ілгерілеу бар ма, әлде кейін кеттік пе?
– Біздің кезімізде республикалық үш-төрт қана газет, сол шамадағы жұрналдар ғана болды. ҚазМУ-дің жалғыз жұрналшылық факультетін бітірген түлектердің таңдаулысының таңдаулысы ғана сол басылымдарға баратын. Мәселен, біз істеген «Жас Алаш» газеті болашақ қызметкерлерінің денін студент кезінен дайындайтын. Жазуға талпыныс білдіріп редакцияға келген жігіттер мен қыздарға тапсырмалар беріп, қалам қарымын бағамдайтын. Содан оқу бітіргенше олардың арасынан лайықтылары өз-өзінен іріктеліп шығатын.
Қазір ақпарат құралдары да, жұр­налшылық факультеттері де көп. Сонда да маған қазіргі БАҚ саласында кадр тапшылығы сезілетіндей көрінеді. Жазу шеберлігімен, ерекше ізденгіштігімен, жан-жақты біліктілігімен байқалатын жас толқынның қатары селдір сияқты. Әлде мен байқамай жүрмін бе… Жан-жақты білімділік жағы да ақсап жататындай. Жас жұрналшылар қазақ әдебиетін терең біле бермейді, тарихқа қызықпайтындай. Өздері көтеріп отырған тақырыптарын жан-жақты зерттемей, зерделемей, жай долбармен айта бергенді айып көрмейтіндей.
Мәселен, терминологиялық аудар­ма­лар­ға қатысты ел арасында ауық-ауық тілге тиек боп жүретін: «балкон» – «қылтима», «фонтан» – «шаптырма» түрінде бекітіліп кетіпті дейтін қауесет сөзді дап-дардай БАҚ құралы тілшісінің, әйгілі ақынның аузына салып, зор кінә ретінде айтқыза салуы әдеттегі жағдай боп қалды. Ал сол тілші терминологиялық комиссияның бұл аталымдарды ешқашан да бекітпегенін білмейді. Оны тексеріп алуды қажет деп те таппайды. Сөйтіп, сұхбат алған тұлғаны ұятқа қалдырады. Әрі елді шатастырады. Өкінішке қарай, мұндай мысалдар жетерлік, қайсыбірін айтарсың.
Жұрналшы ең алдымен өзінің жазар, айтар сөзінің қате болмауына назар аудару керек емес пе? Құдайға шүкір, қазір мүмкіндік мол ғой. Ғаламторды ашып қалсаң, неше түрлі анықтамалық дәйектер толып жатыр! Әлбетте, бұл ретте редактордың өз басына да жүктелер міндет жетерлік. Ол да әр нәрсеге «бұл қалай?» дегендей күдік-күмәнмен қараса, сарашы, сарапшы ретінде мұқият болса дейсің…
– Кезінде Шоқан сапарларының ізімен жүріп, тамаша зерттеулер жаздыңыз. Кейін оны толықтыра түсіп, үлкен роман-эссеге айналдырдыңыз. Ол орысшаға аударылып, үш жыл бұрын Мәскеуде тұсаукесері өтті. Қазір Шоқан жөнінде, оның өліміне қатысты түрлі алыпқашпа әңгімелер айтылып қалады. Белгілі журналист Дархан Әбдік телефильм де жасады. Көрдіңіз бе? Жалпы Шоқан тақырыбына қазір қандай алып-қосарыңыз бар?
– Расында кейінгі кездері Шоқан туралы алыпқашпа сөздер тым көбейіп кетті. Өзім шоқантанушы болғаннан кейін оларды оқу, танысу барысында «қап» деп өкініп отыратын тұстарым бар. Жұрналшының ақиқатқа жүгінуі, жазар дүниесіне жауапкершілікпен қарауы жөніндегі жаңағы айтқандарым осы Шоқан тақырыбымен де тікелей сабақтас. Шоқанды жетік тану үшін оның өмірі мен қызметіне қатысты жинақталған мол деректерге, еңбектеріне, замандастарының естеліктеріне, өзі жазған, оған жазыл­ған хаттарға, кейіннен ашылған мұра­ғаттық дәйектерге зерделей қараған жөн. «Өйтіпті-бүйтіпті» деген жай долбар мен қауесет сөздер Шоқан тақырыбына қол емес.
Неге екенін қайдам, Шоқан десе, жұрттың бәрі өзін білгіш сезінеді. Кей орайда эмоциямен айтылып қалатын қауесет пікірлерді жұрналшылар қауымы да талғап жатпастан, оқырман мен көрерменге сол күйі ұсына салады. Мәселен, сұхбат беріп отырған адам: «Әулиеатаны алған генерал ­Черняев Шоқанның досы болды, кадет корпусында бірге оқыды… ­Черняев мешітті зеңбірекпен атқаннан кейін Шоқан ренжіп, өзінің отрядымен кетіп қалады. Біреулер артынан атып, Шоқанға оқ тиеді. Сол оқ оның өкпесінде қалған…» деп жауап берсе, жұрналшы оны да сол бойы күдіктенбестен жариялап жібереді. Ал ғаламторды ашып қараса болды, бәрін анықтай салу еш қиын емес қой. Ізденсе, «Черняевтің Шоқанмен ешқашан дос болмағанын, бірге оқымағанын, Черняевтің Шоқаннан аттай жеті жас үлкен екенін, сонау Беларусь жеріндегі Могилев губерниясында өсіп, Омбыда емес, Петербордағы дворян полкінде оқығанын, оның Әулиеата жорығы кезінде генерал емес, полковник болғанын» білер еді. Сондай-ақ Шоқанның бес томдық шығармалар жинағындағы деректерге көз салса, қазақ ғалымының Әулиеатадан бас сауғалап емес, Алматы бекінісіне қайтатын арнайы жасақталған әлденеше жүз адамды қамтыған батальон құрамында, басқа да жорыққа қатысқан бірқатар ғалым, суретші, офицерлермен бірге, ың-шыңсыз аман-есен оралғанына көз жеткізер еді…
Шоқан ғұмырын зерттеуге талпыныс танытқан талай адам әуелгіде аңғармай ұрынып қала беретін жылы қате көрсетілген екі құжат бар. Олар – Шоқан Уәлихановтың 1961-1972 жылдары жарық көрген алғашқы бес томдық шығармалар жинағының 1968 жылы шыққан 4-ші томының 444-446 беттеріндегі «Түркістан генерал-губернаторының әскери министрге баянаты» және «Бас штаб бастығының әскери министрге хабарламасы» деп аталған қос құжат. Алғашқысының жазылған уақыты 1865 жылдың 11 ақпаны, кейінгісі 1865 жылдың 7 сәуірі деп қате көрсетілген.
Олардың мазмұнына қарағанда, «штабс-ротмистр Уәлихановтың Жетісу облысы қазақтары арасында аймақ шырқын бұзатын сөздерді таратып жүргені, бұл іске оның қайнағасы, полковник Тезектің де қатысы барлығы… осы тектес зиянды әрекеттері үшін оларды жауапқа тарту қажеттігі, штабс-ротмистр Уәлихановты Қазақ даласында қалдырса, елге көп залалы тиюі мүмкін екенін ескере отырып, оны империяның ішкері жағындағы кавалерия полкіне ауыстырған жөн болатыны» төндіре айтылады.
Академиялық жинақта жариялан­ған дәл осы екі құжат – Шоқан ғұмы­­ры­ның соңғы жылына, оның өліміне қатысты талай қауесеттің дүниеге келуіне түрткі болған ең ­басты кілтипанға саяды. Құжаттарда жазылған бұл жайттардың өз кезінде көп жұртты, тіпті шоқантануға бейіл берген біраз адамды иландырғаны сонша, олардың тарапынан да: «Осындай белсенді әрекетте жүрген адамды қалай науқас деп айтасың, патша өкіметінің Шоқанды құртуға тырысқаны анық, яки әдейі қастандық жасалған» делінетін сан-саққа жүгірген дәйексіз жорамалдарға ден берілген еді.
Ал мәселенің анығына келсек, назарға алынып отырған бұл екі құжат 1865 жылы емес, одан төрт жыл кейін– 1869 жылға қатысты деректерге саяды. Шоқанның төртінші томы (1968 ж.) дайындалып жатқанда «1869» деген санның көне құжаттарда көмескі боп көрінген соңғы «9» таңбасы техникалық себептерге байланысты «5» санына байқалмай ауысып кеткен.
Яки құжаттардағы «штабс-ротмистр Уәлиханов» деп жазылған адам – Шоқан емес. Ол Шоқанның Уәлихан атасынан барып қосылатын туысы – Ғази (Сұлтанғазы) Болатұлы Уәлиханов. Ол да Шоқан сияқты Омбы кадет корпусында оқыған. 1859 жылы корнет шенімен бітірген соң, Омбыда, Тобылда, Петерборда атты әскер бөлімдерінде қызмет еткен. 1864 жылдың мамырында поручик Ғази Уәлиханов полковник Черняев басқарған Әулиеата жорығына қазақ милициясының командирі ретінде қатысқан. Маусым айының соңында Әулиеатадан ағасы Шоқанмен бірге оралып, Алатау округінің бастығы, генерал Колпаковскийдің қарамағында қызметін жалғастырған. Жорықтан түңіліп қайтқан Шоқан, бір жағы науқасы өршіп, әрі Омбыға оралудан да тайсақтап, Алтынемел маңындағы Тезек ауылына тұрақтап қалған кезде, Ғази туыс ағасына соғып, жолығып кетіп жүрген. Сол сапарларының бірінде ол Шоқанның келіншегі Айсарының сіңлісі Қарашашпен танысады. 1865 жылдың басында ­Колпаковский Семей облысының әскери губернаторы боп тағайындалған соң, Ғази да келесі жылдың көктемінде Семейдегі 8-ші казак округінің штабына ауысады. 1867 жылдың жазында Қарашашқа үйленіп, ол да аға сұлтан Тезектің күйеу баласы атанады. Сол жылдың соңында, Колпаковскийдің септесуімен, денсаулығына байланыс­ты деген себеппен, штабс-ротмистр шенінде отставкаға шығып, содан екі жыл бұрын қайтыс болған немере ағасы Шоқан сияқты аға сұлтан Тезектің ауылында тұрып қалады.
Орыс билігі Қашқар аймағындағы Жетішәр, Құлжа өңіріндегі ­Тараншы сұлтандығы сияқты мұсылман хандықтарында өршіген көтерілістер ықпалына қазақтардың да еріп кет­пеуін қатты қадағалаған алпысыншы жылдардың соңында, Ғази Уәлиханов пен оның қайнағасы Тезек төренің де күдікке ұшыраған жайттары болыпты. Жоғарыда сөз болған қос құжатта айтылғандай, екеуіне Жетішәр билеушісі Жақыпбекпен байланыс орнатты, қарамағындағы елді Құлжаға көшіріп әкетуге үгіттеді, жергілікті халық арасында тиыштықты бұзатын зиянды әңгімелер таратты деген айыптар тағылып, олар абақтыға да жабылады. Бірақ қылмыстарын дәлелдеу жағы қиынға түскен соң, Колпаковский (бұл генерал 1867 жылдың күзінен қайтадан Алматыға оралып, жаңадан құрылған Жетісу облысының әскери губернаторы боп тағайындалған-ды) екеуін қамаудан босатып, 1869 жылдың ақпанында Тезекті Қапал үйезі полициясының бақылауына, ал Ғазиды мамыр айының соңында, әлгі құжатта сөз болғандай, өзінің ағайын-туғандары мекендейтін Ақмола облысына күштеп аттандырады. Кейіннен Ғази Петерборда да қызмет етіп, атты әскер полковнигі, генерал шеніне дейін өсіп, 1909 жылы дүниеден озады.
Жылы ауысып кеткен әлгі қос құжаттың 1865 жылға сәйкеспейтін тұстары мұнымен ғана бітпейді. Мәселен, ондағы Түркістан генерал-губернаторы деген лауазымның өзін-ақ алалық. Бұл генерал-губернаторлық тек 1867 жылғы 7 шілде күні ғана құрылып, алғашқы генерал-губернаторы болып К.Ф.Кауфман тағайындалған. Батыс Сібірдің генерал-губернаторы А.П.Хрущев туралы да солай. Ол бұл қызметке 1866 жылғы 28 қазанда тағайындалған. Жетісу облысы да 1867 жылғы шілдеде ашылған. Оның алғашқы әскери губернаторы Г.А. Колпаковский. Сондай-ақ Ғази Уәлиханов штабс-ротмистр шеніне 1867 жылдың қарашасында ғана ие болды. Ал Шоқанға 1865 жылдың ­наурызында ротмистр шені берілген.
Бір қызығы, Шоқанның 1968 жылы шыққан 4-ші томындағы жылы қате көрсетілген бұл дерек өз кезінде көзі қарақты зерттеушілердің дәлелдеуі арқасында түзетілген де болатын. Сол себепті де Шоқанның шығармалар жинағының 1984-1985 жылдарда жарық көрген екінші академиялық ба­сылымына (жауапты редакторы Ә.Марғұлан) Ғази Уәлихановқа қатыс­ты бұл қате құжаттар енген жоқ-тын.
Алайда алғашқы бес томдыққа абайсызда кіріп кеткен осы қос қате дерекпен ғана танысу мүмкіндігін алған (яғни, оның кейіннен түзетіл­генін білмейтін) шоқантануға қызы­ғатын кей зерттеушілер әлі де оны Шо­қанға қатысты шын ақиқат ретінде қабылдап, кәдімгідей сеніп жүр. Ол деректің Шоқанға емес, Ғазиға қатысты екенін біз де өз тарапымыздан Шоқан ғұмырнамасына арнал­ған кітаптарымызда бірнеше рет жазға­нымыз бар. Реті келгенде мақала, сұх­бат­тарымызда да ескерте айтып қоямыз.
Дегенмен, ол лепестеріміздің бәрі жалпының құлағына жете бермейтін көрінеді. Жылы абайсызда қате берілген сол құжаттарға байланысты өрбіген алыпқашпа әңгімелер ауық-ауық белең беріп қалады. Шоқанға қатысты нағыз ақиқат осындай ­деген сыңайдағы пайымдаулар айтылады, отызға жетпей құрт ауруынан ­(туберкулезден) қыршын кеткен отөрім ғалымымыздың қазасына күмән келтіріледі. Ол туралы да қаншама ғылыми дәйектердің, естеліктердің бар екені есепке алынбайды. Тіпті Шоқанның 1864 жылғы желтоқсанның 1-інде генерал досы, Алатау округінің бастығы ­Колпаковскийге жазған хатында: «Менің кеудем ауырып жүр. Істеген жақсылығыңыз болсын маған құстыратын бір майдәрі немесе кеудемдегі іріңді босататын (тек сүлік емес) және тер шығаратын бірдеңе беріп жібере алмас па екенсіз» деп өтінгені; қайтыс боларынан екі айдай бұрын ғана, 1865 жылғы ақпанның 19-ында жазған хатында (Колпаковский соның алдында ғана Семей облысының әскери губернаторы боп ауысқан): «Сіз кеткен кезде маған суық тиіп жүр еді: көкірегім мен тамағым ауыратын. Тамағыма назар аудармай, көкірегіме ем жасағам, енді көкірегім жазылған сияқты болғанымен, жұтқыншағымның ауырғаны сонша, асты әзер жұтамын, даусым тіптен шықпай қалды. Верныйға жетуге жолдың ауырлығы мен жайлы көліктің жоқтығы мүмкіндік бермегендіктен, мен өзімді қазақтың құшнаш-емшісінің қолына тапсырдым. Оның не дәрі ішкізіп жатқанын бір құдайдың өзі білсін. Әйтеуір қол қусырып өлгеннен гөрі осы дұрыс» деп шарасыздыққа ұрынғаны; дәрігерлердің болжамынша, бұлардың бәрі туберкулез ауруының белгілеріне жататыны да қаперге алына бермейді.
Сол сияқты «қымыз ішіп жүретін Шоқанның құрт ауруынан қайтыс болуы мүмкін емес» дейтін алыпқашпа сөздер де бекер. Сонда Абайдың балалары Әбдірахман мен Мағауияның да осы құрт ауруынан көз жұмғанын немен түсіндіреміз? Шоқанның 12 жас­тан бастап Омбы кадет корпусының суық казармасында тұрғанын, Қашқардан қайтарда қар көмкерген тау қойнауларында суықтап қалғанын, Омбыға жеткесін қатты науқастанып, содан Петерборға кешігіп барғанын, империя астанасының дым бүркіп тұратын ылғалды ауасының, оның әлсіз денсаулығына кері әсер еткені туралы нешеме деректерді қайда жасырамыз? Айнымас досы Потаниннің: «Шоқанның бойында кадет корпусында оқып жүрген кездің өзінде құрт (чахотка) ауруының нышандары байқалды. Ол жаз сайын ­ауылына барып қымыз ішіп оңалып тұрғанымен, корпусты осы науқас белгісімен аяқтады. Петербор климаты, ондағы өмір салты, денсаулығын тіпті төмендетті» деп жазғанын қалай өтірік дей аласың?
«Шоқан 1865 жылы қайтыс болған жоқ» деген сөздер де бекер. 1865 жылғы жаз кезінен бастап қазақ жерін ­Гутковский сияқты Шоқанды жақсы білетін, оған жанашырлығын аямаған қадірлі адаммен бірге жүріп аралаған полковник Гейнс өз күнделігінің шілде айына қатысты жазбаларында да Шоқанның қайтыс болғанына қатысты мәліметті келтіреді. Сондай-ақ Көкшетау дуанының аға сұлтаны Шыңғыс Уәлихановтың отбасына Шоқанның қазасына байланысты көңіл айтқандарын жазады. Қараша айының басында Жетісудағы аға сұлтан Тезек Нұралиннің ауылына жеткенде, Шоқанның қайғыға батып отырған жесірі Айсарының отауына да кіріп басу айтады. Шоқан бейітіне арнайы барып, рухына тағзым етеді.
Сол жылы қыста жарық көрген «Орыс география қоғамының 1865 жылға арналған есебінде» Шоқанға қатысты екі қазанама жарияланды. Оның бірін – географиялық қоғам атынан, әйгілі саяхатшылар ­Ф.Р.Остен-Сакен мен П.П.Семенов (болашақ Тян-Шанский) бірігіп дайын­даса, екіншісінің авторы – Шоқанды ғалым ретінде аса құрмет тұтатын іні досы, кейіннен орхон көне түрк ескерткіштерін алғашқы ашушылардың бірі болған Н.М.Ядринцев еді. Ол екі қазанамада да Шоқанның сол 1865 жылы туберкулезден көз жұмғаны нақты жазылады. Сол себепті де оның өлімі туралы айтылып жүретін әртүрлі алыпқашпа әңгімелердің бекер екенін, олардың ғы­лыми дәйектерге сүйенбеген, сенімсіз жорамалдар мен қауесеттерге құрыл­ғанын, оның бәрі де негізінен, әл­гінде айтылған, жылы қате көрсе­тіл­ген қос құжатқа байланысты туындап, өрістегенін тағы да ескерте кетсек дейміз.
Шоқантанушылықпен айналысып жүргесін, әлгінде өзің сұраған Дархан Әбдік түсірген «Аққан жұлдыз» телефильмін де көрдім. Ол телетүсірілімнің өзіндік ерекшелігінің қилы-қилы мүмкіндіктері шебер пайдаланылған, көрерменді үйіріп тартатын тұстары баршылық туын­ды болып шығыпты. Алайда бұл фильмнің желісі де сол қос құжаттағы қателіктерге бұйдаланып қалыпты. Жылы бұрыс көрсетілген сол құжаттар ауанынан туындаған дәйексіз жорамалдар тағы да тарқатыла-тарқатыла келіп, ақыр соңында бұл фильм де Шоқан өліміне, оның туберкулезбен ауырғанына күмән келтірген сарынмен түйінделіпті…
Жалпы Шоқан ғұмырының әлі де ашылмаған құпия тұстары жетерлік. Олардың түпкі ақиқатына жету үшін ұлы тұлғамызға қатысты қыруар деректі өзара салғастыра, басқа да ғылыми дәйектермен әбден пысықтап, шендестіре отырып зерделеген мақұл дер едік. Шоқан – дара бітім. Оның ғұмырнамасын қаузауға жеңіл-желпі қарау, алыпқашпа әңгімелер сарынына құру, сірә да жөн емес.
Осы ретте тағы бір жайтқа назар аударғым келеді. Екі ай шамасы бұрын Шоқан туралы Уикипедияның қазақша ашық энциклопедиясында не жазылғанын білмек болып ғаламторға кіріп көріп едім, ол да қате деректерге толы екен. Сөйлемдердің құрылуы тіптен орашолақ. Ой қайталануы көп. Омбы деген тақырыптың орнына Орынбор деп жазылған. Оқырманды шатастыратын тұстары айқын көрініп тұрғасын, шыдай алмадым. Екі-үш күн уақытымды бөліп, түзету жасадым. Бірақ бар еңбегім зая болды. Бірер күннен кейін қарасам, менің түзеткенім жойылып, орнына бұрынғы қате мәтін салыныпты. Өз мәтінімді қайтып салдым. Ертеңіне оның тағы да алынып тасталғанын көрдім. Осылай бірнеше рет қайталанды. Ақырында Шоқан туралы сол бұрынғы қате мәтін «тек әкімшілерге рұқсат етілетін» режімге салынып, басқалардың жөндеуіне тосқауыл қойылумен тынды. Қазақ оқырманы бүгінгі күні сол қате мәтінді місе тұтып отыр. Егер де мен жазған мәтінмен танысқысы келген оқырман болса, қазақша Уикипедияның «Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов» деген тақырыбының «өңделу тарихы» деген бөліміне кіріп, 2018 жылғы 28 қазанның 18 сағат 51 минуттағы талқылау нұсқасын басса, экранға сол мәтін шығатынын айтқым келеді. Қазақша уикипедияға жауапты адамдар да бұл мәселеге назар аударатын шығар.
– Кейінгі жылдары зерттеушілік қырыңызды дамыта түсіп, арғы түрк дүниесінің түп-тамырына үңіліп, қазақтілді ғалымдар бара бермейтін тақырыптарға қалам тербедіңіз. Тіпті адам баласының, нәсілдердің пайда болуы мен таралу мәселелерін түрк жұртының контексінде қарастырып жүрсіз. Бұл ауқымды тақырыпқа қызығушылығыңыздың сыры неде? Қазақ зерттеушілерінің этногенездік-этнологиялық ізденістері шет тілдеріне аударылмайтындықтан, өз ортамызда ғана әңгіме болып, әлемдік ғылым айналымына түсе бермейді. Сөйтіп, қазақ жеріндегі көне мәдениеттердің дені өзге жұртқа теліне береді. Бұл доға шеңберді қалай бұзуға болады?
– Бұл ретте, ең алдымен, дәл осы мәселелер ауқымының Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында ғана жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында кеңінен қамтылғанын айта кеткім келеді. Ол мақалада қазақ жерінің талай мәдениеттер мен өркениеттердің ­Отаны, бастау бұлағы болғанының әлем алдында дәйектелуі – шын мәнінде алдағы уақытта төл тарихнамамыздың дамуы мен рухани жаңғыруымызға зор дүмпу берері анық.
Біздің де біраз жылдан бері осы тақырып орайында ізденістерге кіріскен жайымыз бар еді. Әуелі Шоқанды зерттеуден, оның қазақ пен жалпы түрк халықтары тарихына қатысты еңбектерімен жан-жақты танысудан басталып, «Ана тілі» газетінде жүрген кездерде қазақ шежіресінің төл нұсқаларын зерделеуге ұласқан ұмтылысымыз ақырында Орталық Азияның этнотектік тарихын қаузау бағытына алып келген-ді.
Зерттеушілер арасында түрк халықтары Алтайдан тарады дейтін ұстаным біраздан бар. Ал «олар Алтайға қалай келді?» деген сауалдарға нақты жауап беріле қоймайтын. Анау бір жылдары осы мәселені зерделеуге қызығушылығымыз оянып, ғаламторға орналастырылған ғылыми әдебиеттермен танысып отырғанда, Америкадағы үндіс жұрттарының Алтайдан келгені жөніндегі зерттеу­лерге ұшырасып қалдық. Оларда Америкаға бұдан 30-20 мың жылдай бұрын кеткен үндістер мен Алтайдағы түрк халықтарының ДНҚ түзілімдері, археологиялық жәдігерлері, мифоло­гиялық сарындарының ұқсас екені дәйектеліпті.
Тақырыптың бір ұшы қолға тиген­нен кейін, ізденіс әрі қарай сабақ­талды. Түрк жұрттарына тән ДНҚ түзі­лім­дерінің әу баста қай аймаққа тән бол­ғанын індетіп зерттеу барысында, ол ау­мақтың Орталық Азия аумағының күнгей өңірлерінен басталып, ­Каспий теңізінен шығыстағы Хинган таула­рына дейін созылған Ұлы Дала кеңістігі екені анықталды. Қыруар ғылыми әдебиеттер, археологиялық, этно­лингвистикалық және ДНҚ генеа­ло­гиялық зерттеулерді салғастыра қа­раған талдаулар осы алып кеңістікте бұдан 50-40 мың жыл уақыттан бастап, бергі мыңжылдықтарға дейін өркен жай­ған байырғы мәдениеттердің ие­лері, негізінен, осы ұлан-ғайыр ­ау­мақта талай замандар бойы мекен ет­кен тұрғылықты жұрттар екені ­дәйек­телді.
Олардың тас дәуірлеріндегі ­климат­тық жағдаяттарға байланысты әр тарапқа таралу бағыттары мен сол қауымдардың кейінгі ұрпақтарының қазақ жеріндегі неолит заманы мәдениеттеріне ұласқаны, энеолит дәуіріндегі ботай, көнешұңқыр секілді бірқатар түздік мәдениеттер аясында тіршілік кешкені, көптеген этномәдени нышандардың өзара сабақтас екені нақтыланды. Бұл ортақ сипаттардың қола ғасырларда жалпы ұлы далалық беғазы-дәндібай мәдениетіне, Алтай, Ордос, Шығыс және Батыс Түркістан аумақтарындағы соған ұқсас құнарлы дәстүрлерге ұласқаны пайымдалды. Кейінгі сақ, хұн замандары тайпалары көбінің Ұлы Дала кеңістігінде талай ғасыр бойы қатар өмір сүріп келе жатқан арғытүрк сипатты жұрттар екені де соңғы жылдарда жүргізілген әртүрлі жаңашыл ғылыми қорытындылар арқылы пысықталды.
Демек, бұл дәйектердің өзі де қазақ даласын ежелгі дәуірлерде тек қана ари текті жұрттар мекендеді деп келген еуроөктемшіл пікірдің қате екенін көрсетеді. Елбасы мақаласында айтылғандай, біздің ұлттық тарихы­мыздың көкжиегі тым әріде жатыр, бүгінгі түрк халықтарының арғы баба­лары саналатын этникалық қауым­дар, біздің ұлтымыздың да тарихи этно­генезінің ажырамас бөлшегі екені анық.
Біздің бұл салада еңсерген тірлік­теріміз «Арғы түрктер ақиқаты­ның ізімен» (2006) деген барлау кітабымыздан бастау алып, кейіннен Түркі академиясының жобасы арқылы жүзеге асқан «Орталық Азиядағы арғытүрк сипатты мәдениеттер: этнотектік аспектілер» (2015) атты ғылыми монографияға, сондай-ақ «Ұлы Даланың ежелгі тарихының этномәдени төркіндері» (2017) атты ғылыми-көпшілік еңбекке ұласқан еді. Өзің айтқандай, оларда пысықталған жайттар әзірге өз ортамызда ғана әңгіме болып жүр. Шет тілдерге аударыла қоймағандықтан, басқа ел зерттеушілері де танысуға мүмкіндік алатын ортақ ғылыми айналымға түсе қойған жоқ. Бәлкім, Елбасы мақаласына байланысты қолға алынатын шаралар барысында, бұл бағытта да біраз жұмыстар атқарылатын шығар деген үміт бар.
– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан
Сәкен СЫБАНБАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.