Қарышты өркендеуге өріс кең

Индустрияландыру күні аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» телекөпірі өтті. Онда индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған 28 жаңа жоба таныстырылды.

Телекөпір барысында Мемлекет басшысы индустрияландыру бағдарламасы еліміздің орнықты және әртараптанған экономикасын құру үдерісінде негізгі рөл атқаратынын айтып, оны іске асыру барысындағы нақты нәтижелерге тоқталды. Атап айтқанда индустрияландыру кезеңінде 1250 жаңа кәсіпорын құрылған. Оның 100-і биыл іске қосылып, 300 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Бүгінде әлемнің Қазақстанда шығарылған өнімді 110 ел тұтынады. Соңғы жылдары бұған дейін елімізде жасалмаған бұйымдардың 500-ден астам түрі шығарылып, 50-ге жуығы экспортталады. Ал шетелден келген инвестицияның төрттен бір бөлігі өңдеу секторына тиесілі.
«Біз азаматтардың жоғары тұрмыс сапасын қамтамасыз ету үшін мейлінше қолайлы жағдай жасап келеміз. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы біз рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Елімізде 11,2 миллионнан астам шаршы метрді қамтитын тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Биыл 12 миллион шаршы метр тұрғын үй немесе 100 мыңнан астам баспана салу жоспарланып отыр» деді Елбасы.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы экономиканың түрлі салаларын цифрландыру және бірқатар кәсіпорынның өндіріс үдерісіне инновациялық шешімдерді енгізу барысына тоқталды. Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін қамти отырып, өнеркәсіпті технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандыру индустрияландыру бағдарламасының маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтті. ­Елба­сының айтуынша, Қазақстан экономикасы әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін дамудың түбегейлі жаңа моделіне көшуге тиіс. Сонымен қатар Еуразия экономикалық одағы және Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» халықаралық бастамасы аясындағы қазіргі экономикалық әлеуетті мейлінше тиімді пайдаланып, оны арттыру қажет.
«2025 жылға қарай еңбек өнімділігі 1,7 есе, өнімді экспорттау көлемі 2,3 есе өсуге тиіс. Өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдауға қосымша 500 миллиард теңге бөлу жөнінде тапсырма бердім. Бұл қаражат экспортқа бағыттал­ған кәсіпорындарға қаржылай және қар­жылай емес кешенді қолдау көрсетудің құралдарын көбейтуге жұмсалатын болады» деді Қазақстан Президенті.
Елбасы «Қарапайым заттар экономикасын» дамытуды ынталандыру қажеттігін айтты. Сонымен қатар еңбек өнімділігін арттырудың және жеке секторды нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Индустриялық даму үдерісіне «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен IТ-стартаптардың халықаралық технопаркін тарту қажеттігін айтты. Бұл ретте Үкіметке әртараптандыру және индустрияландыру мәселелерін кешенді түрде шешуге күш жұмылдыру жүктелді.
Телекөпір барысында Президент «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» мен Қарағанды облысының катодты мыс өндіретін «Алмалы» кен орнындағы құрылысы аяқталған «Sary-Arka Copper Processing» кәсіпорнын іске қосуға бұйрық берді. Сонымен қатар машина жасау және құрылыс индустриясы саласында «Проммашкомплект» темір жол доңғалақтарын өндіретін кәсіпорын онлайн-режімде іске қосылды. Ақтөбе облысында «Gas Processing Company» ЖШС ілеспе мұнай газын қайта өңдеу жобасы жұмыс істей ­бастады. Жамбыл облысында қуаты 100 МВт болатын Қазақстан-Британ бірлескен жобасы – «Бурное» күн электр стансасы пайдалануға берілді. Бұған қоса Маңғыстау облысында «KТ Редкометальная компания» ЖШС бірлескен кәсіпорны жел энергетикасының бірінші кезеңі іске қосылды. Атырау облысында «Карат» ЖШС автоматтандырылған диірмені, Ақмола облысында қуаты жылына 50000 тонна ет өндіретін Макинск құс фабрикасының бірінші кезеңі, Арқалық қаласында ет өңдейтін «Торғай Ет» ЖШС кешені пайдалануға берілді. Сондай-ақ Mareven Food Holdings трансұлттық холдингінің Алматы облысындағы ұнды терең өңдейтін және тамақ өнімдерін дайын­дайтын зауыты, Түркістан облысында түйе мен бие сүтін өңдейтін «Golden Camel Group LTD» ЖШС кәсіпорны іске қосылды.
Шара соңында Нұрсұлтан Назарбаев «Парыз» және «Алтын сапа» сый­лық­та­рының жеңімпаздарын марапаттады. Бизнеспен айналысуға қолайлы жағдай жасағаны үшін өңір басшыларына арнайы награда берді.

Майя МҰРАТБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.