Баянды бағдар мұраты

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы ізгі ойларға жетелейді. Осыдан бір жарым жыл бұрын Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарыққа шыққан болатын. Осы уақыт аралығында аталған Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында біздің облысымызда біраз шаралар жүзеге асты. Белгілі деңгейде барша халқымыздың руханият, оның қоғамдағы және адам болмысын қалыптастырудағы маңызы туралы білігі кеңейді. Президенттің кезекті мақаласы осы Бағдарламаның жалғасы және оның жаңа компоненттерін нақтылап, тарихи сананы жаңғыртудың жаңа мүмкіндіктеріне жол көрсетеді.

«Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» және «Тарихи сананы жаң­ғырту» деп аталатын екі бөлімнен тұратын мақалада Мемлекет басшысы ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге шақырады. Бұл түйінді шешу үшін Қазақстан тарихына қазіргі заманауи тұрғыдан қарап, бұрынғы еуропоцентристік көзқарастардан арылып, біздің ұлтымыздың және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабаларының «түбі бір түркілер» екендігін, ­ендеше, ол халықтарға бірлік, тұтастық, ­тарихи тұрғыдан келе жатқан дәстүр болғанын бүгінгі жас ұрпақ ұғынып өсуі қажеттілігі айтылады. Ендеше, біздің төл тарихымызға оң көзқарас қажет. Көп қырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек. Президент атап көрсеткендей, бұл басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсету үшін жасалмайды. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөліміз бен орнымызды байыппен, әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз.
Президент аталған мақаласында осы мәселелерді көпшілікке түсіндіру мақ­сатында ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫНА тоқталады. Олар: Атқа міну мәдениеті; Ұлы даладағы ежелгі металлургия; Аң стилі; Алтын адам; Түркі әлемінің бесігі; Ұлы Жібек жолы; Қазақстан – алма мен қызғал­­дақ­тың отаны бағыттары. Бұл айтыл­ғандардың барлығы да біздің жеріміздің материалдық мәдениетінен бастау алады, ендеше, бізге жат емес.
Мысалы, атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихи ақиқат. «Біздің бабаларымыз жылқыны қолға үйрету, атқа міну мәдениетінің негізін қалаған. Бір сәт есімізге түсіре­йік­ші, күні бүгінге дейін автокөлік қозғалт­қыштарының қуаты аттың күшімен өлшенеді. Бұл дәстүр – жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған Ұлы дәуірге деген құрметтің белгісі десек артық айтқандық емес. ­Сондай-ақ бабаларымыз қалыптастырған салт атты жауынгердің ықшам киім үлгісі, түркі тайпалары ойлап тапқан технологиялық жаңалық – қылыш ең маңызды, әрі кең тараған соғыс құралы болғаны баршаға мәлім» дейді ­Мемлекет басшысы.
Мақалада айтылғандай, біздің Ұлы далада ежелгі металл өндірудің амал-тәсілдерінің табылуы тарихтың жаңа кезеңіне жол ашты, адамзат дамуының барысын түбегейлі өзгертті, Ұлы даланы мекендеген халықтар­дың дүниетанымы мен құндылық­тары, өз жазуы мен мифологиясы, ежелгі тұрғыдан алғанда озық мәдениеті болды.
Көне қазақ жерінің ғылым үшін де, өркениет үшін де ауыз толтырып айтатындай жетістіктері баршылық. Соның бірі – 1969 жылы Есік қорғанынан табылған Алтын адам. Кейін байтақ даламыздың басқа өңірлерінде де осындай жәдігерлер көптеп табылды. Түркі әлемі ұлан-ғайыр далада көшпелі және отырықшылық өркениетін қалыптастырды. Өнер мен ғылымның, сауданың орталығына айналды. Мақалада Президент осыларды айта келіп, бұл даланың әлемдік өркениетке Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, тағы басқа ұлы ойшылдарды бергенін айтады. Президент Ұлы даланың тағы бір мақтанышының қатарына – Жібек Жолын қосады. Ол халықтар арасындағы жаһандық өзара тауар айналымы мен зияткерлік ынтымақтастықтың қалыптасып, дамуы үшін орнықты платформа болды. Дала белдеуі Қытай, Үнді, Парсы, Жерорта теңізі, Таяу Шығыс және Славян өркениеттерін байланыстырды. Әрбір елдің ұлттық мақтанышына айналған брендтері бар, олар сонысымен әлемге танымал. Мақалада «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың Отаны» делінеді. Қазақстан қазір де әлемдегі «алма» атауының арғы атасы – Сиверс алмасының Отаны саналатыны да шындық. Бүгінде жер жүзінде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі бар, олардың басым көпшілігі – біздің дала қызғалдағының «ұрпағы», біз онымен мақтана аламыз.
ҚР Президентінің аталған мақала­дағы ең басты көңіл бөлген мәселесі – тарихи сананы жаңғырту. Мемлекет басшысы оны бірнеше ірі жобалар арқылы бастау қажет деп есептейді. Ол жобаларды төмендегіше көрсетіп берген: Архив – 2025; Ұлы даланың ұлы есімдері; Түркі әлемінің генезисі; Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі; Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы; Тарихтың, кино өнері мен телевизиядағы көрінісі.
Бұл аталған жобалар біздің еліміздің тарихи жылнамасындағы ақтаң­дақтар­ды қайта қалпына келтіруге жол ашқан «Мәдени мұра» бағдар­ламасының жалғасы болып табылады. Сондай-ақ ол Прези­денттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылып, бүгінгі күні кезегімен, ретімен жүзеге асырылып жатқан ­руханият саласын­­дағы игі істеріміздің де жал­ғасы. Осы бағдар­ламалар жүзеге асқан уақытта Түркі жұртшылығының, түркі өркениетінің әлемдік өркениетке қосқан үлесін сезінеді, біздің Ұлы тұлғалар шоғырын басқа елдер мен өңірлердің халқы да білетін болады.Бұл біздің жас ұрпаққа білімді дәріптеуге, ұлан-байтақ елімізде туризмді дамытуға үлкен мүмкіндіктер жасайды. Ұлы даланың бай мифологиялық және фольклорлық материалдарын жас ұрпақтың санасына сіңіру арқылы олардың руханиятын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін қалыптастырып, ұлттық кодын сақтауға ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда, Мемлекет басшысының бұл мақаласы ұлтымыздың өз рухани құндылықтарын құрметтеуге, сыйлауға, аялауға және танып-білуге бастама болатын Бағдарлама деп түсінгеніміз жөн.

Алтай Тайжанов,
Марат Оспанов атындағы
Батыс Қазақстан мемлекеттік
медицина университетінің «Қоғамдық-гуманитарлық пәндер» кафедрасының жетекшісі, философия ғылымының
докторы, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.