Кимешекті кие білеміз бе?

Кезінде әжелеріміздің басына сән берген, дана­лық­тың, парасаттылықтың белгісіндей болған киме­шекті бүгінде неге аз көретін болдық? Әз-Наурыз сияқты ұлттық мерекеде немесе кон­церттік кештерде ғана болмаса, күнделікті өмірде кимешек киетін әжелеріміз, өкінішке қарай, азайып кетті.

Қарап тұрсақ, ауылдық жерлердің өзінде сондай. Киіп жүргендер мүлдем жоқ демейміз, бірақ соншалықты көп деп те айта алмас едік. Мұның сыры неде? Жалпы ұлттық киімді ұлықтай білу мәселесі біздің елімізде шет қалып келе жатқаны жасырын емес. Барлығымыз еуропалық киім үлгісіне көшіп алдық. Дұрыс та шығар, бірақ солай екен деп, өзіміздің ұлттық киімдерімізден түбегейлі бас тартуға бола ма?
Тарихымызға зер салсақ, халқымыз кимешекті қасиетті деп санағанын түсінеміз. Мәселен, бұрынғы замандарда араздасқан екі адамның ортасына аналарымыз барып ақ орамалын тастағанда, оны ешкім аттап өте алмаған. Осылай ата-бабаларымыз қасиетке балап, мұраға қалдырған кимешекті бүгінгі ұрпақ қаншалықты құрметтеп жүрміз?
Осы мәселе төңірегінде «Алтын-арқау» мәдени-этно­графиялық бірлестігінің төрайымы Ғалия Қай­дауыл­қызының пікірін сұрап көрген едік, ол киме­шектің киілмей кеткен себебін біздің еліктегіш сана­мыздан екенін айтты. «Әйел адамның бағы – басында, басындағы кимешегінде. Кимешектің қадір-қасиеті – ұлттық болмысымыздың бір көрінісі еді. Соның жинақталған бейнесі болған. Өкінішке қарай, біз ашық киінуді еркіндік деп есептедік те, өзіміздің қолы­мыздағы алтынды бағаламай, өзгенің күмісіне айырбастап алдық. Тарихи-мәдени мәні зор кимешектің киілмей қалуы, әйелдің теңдік алғаны емес, әйелдің теңсіздікке ұшырағанының белгісі деп ойлаймын» деген Ғалия Қайдауылқызы өзге елдердің жамылғыларынан сәнімен де, мәнімен де асып түсетін асыл кимешек түптің түбінде елімізге қайта ораларына сенім білдірді.
Кимешек туралы осы заманғы қыз-келіншектердің көзқарасы қандай екен деп қазіргі келіндердің де ойын біліп едік, тақырыпқа қатысты әрқилы жауап алдық. Бірі кимешекті киюге ниеті бар екенін білдірсе, бірі тіпті орамал тағуды қаламайтынын білдірді.
Қалай болғанда да, әйел адамның жүзіне әр беріп келген, төл киімімізге айналған кимешегіміз батыс мәдениетінің көлеңкесінде қалмауы тиіс. Керісінше, оны ұлықтап, қастерлей білуге тиіспіз. Әжесінің кимешегін көріп өскен немере-шөберелері де ұлттық дәстүрден, тілі мен ділінен алыстай қоймайтыны анық.

Арайлым ҚАМЗАБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.