«КҮЙ ҚАЗЫНА» БАБАДАН ҚАЛҒАН МҰРА

Дәуіржан Төлебаев
«Ана тілі»

Жаңа жыл қарсаңында Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академия­лық халық аспаптары оркестрінің «Күй қазына» атты концерті өткен болатын. Аталған шара Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласындағы ұлттық рухани құндылықтарды насихаттау аясында ұйымдастырылды. Кешке Қазақстанның халық артисі Мақпал Жүнісова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Батыржан Мықтыбаев, ҚР Мәдениет қайраткері Асылбек Ахатов, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Амангелді Күзеубай, Ақайша Жұрбай, Руслан Баймұхатов, Рахат Сәрсенов сынды өнерпаздар қатысты.
Концерттік бағдарламаның «Күй қазына» деп аталуының өзіндік мәні бар. Себебі мұнда негізінен халық күйшілері мен композиторларының шығармалары орындалды. Яғни дәстүрлі музыкамыздың жауһарлары тарту етілді. Жалпы Құрманғазы оркестрінің репертуарында 400-ден астам шығарма бар екен. Ұзақ жылдар бойы қалыптасқан репертуардың әрқайсысының мәртебесі биік. Ал бұл жолғы концерттің өзгешелігі – оның төл күйлерге екпін беруі болды.

Самаладай жарқыраған әсем залдың ішін сілтідей тындырып Түркештің әйгілі «Көңіл ашарымен» басталған концерт ә дегенде тыңдарман қауымды бір серпілтіп алды. Күйдің тылсым құдіретін адамның ішкі жан дүниесімен кереметтей сабақтастыра жеткізетін бұл туынды оркестрдің шебер орын­дауында тұла бойыңды жігерлендіріп, ерекше бір рух сыйлайтыны анық. Концертте Құрманғазының «Қайран шешем», «Кішкентай», «Сарыарқа», Дәулеткерейдің «Топан», ­Есжан­ның «Соқыр Есжан» күйлері, сондай-ақ халық күйі «Ақсақ құлан», ­Қыздар­бектің «Сылқым қыз», Мұрат Өскен­­баев­тың «Төкпе», Айтқали Жайымовтың «Шалқыма» және т.б. шығармалары өз кезегінде өнерсүйер қауымның жүрегіне жол тауып жатты. Күмбірлеген домбыра, күңіренген қобыз, сыңсыған сыбызғы, дүрілдеген дауылпаз, шертер тәрізді аспаптардың гармониялық үйлесімділігі, сөз жоқ, сезімнің қылын шертіп, ой-санаңды замана сазымен баурап алады. Күйдің құдіреті де осында ғой, әрбір ырғақ, екпін сайын тұлпар дүбірін естіртіп, кең даланың қайталанбас өзіндік болмысын суреттеп жеткізеді. Әрине, табиғат тынысын, ұлттық мінезді күй тілінде сөйлету өз ісінің кәнігі мамандарына ғана тән десек, жарасады. Оркестр өнерінің ғажайыбы – сан түрлі аспаптың тыңдарманға өз тілінде үн қата отырып, ұлттық саз өнерінің нақышын әдемі өрнегімен қиюластыра білуінде.
Өнер кешінде виртуоз орындаушылар, аспаптық шеберлікті керемет меңгерген жастар – Рахат Сәрсенов, Бибарыс Хамзин, Асылбек ­Ахатов, Ақайша Жұрбай солист ретінде жеке дара шығып, қазақ күйлерін өз дәрежесінде көрермен қауым назарына ұсына білді.
Құрманғазы оркестрі – ұлтымыз­дың төл құжаты, қазіргі тілмен айтқанда қазақтың бренді. Кешегі ұлылардың қолтаңбасы қалған өнер ұжымының бүгінгі өкілдері де сол бір биік жауапкершілікті сезінері хақ. Құрманғазы бабамыздың атында болғаны да – ұлттық музыкамыздың рухын биік ұстау міндетін де қояры белгілі. Ұрпақтар сабақтастығы дейміз бе, бүгінде оркестр құрамына жастар легі де қосылып жатыр. Жас болғанымен шетінен дарынды, талантты. Өйткені оркестрге екінің бірі мүше бола алмасы анық. Себебі өнерпазға деген таңдау да, талап та күшті. Солай болуы да керек.
Ұлттық өнерді ұлықтап, жауһар күйлеріміздің туын биік ұстап келе жатқан өнер ұжымының бұл кеште ұсынған концерттік бағдарламасы қызықты әрі тартымдылығымен ерек­шеленді. Оркестрдің Бас дирижері Абылай Тілепберген жас та болса кәсіби біліктілігі жоғары екенін байқатты. Әрбір күйдің, әрбір туындының өзіне сай мінезі, құрылымдық өзгешелігі болатыны түсінікті. Жоғарыда айтқанымыздай, мың сан музыкалық әуендерді бір арнаға тоғыстырып, үндестіре білу шеберлікті талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда дирижердің музыка әлемінің нәзік иірімдерін сезіне білуі, соны шып-шырғасын шығармай жеткізе білуі де көрермен қауымды тәнті еткені сөзсіз. Тәжірибесі мол Жанас Бекентұровтың дирижерлық өнері, қолтаңбасы да әдеттегідей биік деңгейден көрінді.
Қазақстанның халық артисі Мақпал Жүнісова оркестр ұжымымен бірге Шәмші Қалдаяқовтың бірқатар ғажап әндерін тамылжыта, нақышына келтіре шырқады. Залдағы жұртшылық ыстық ықыласы мен қошеметін, алғыстарын жаудырды. Мақпал Жүнісова ­Құр­манғазы оркестрімен қосылып ән айтпағанына бірталай жылдың жүзі болғанын да тілге тиек етіп, өнер ұжымымен алдағы уақытта бірлесе концерт қою жоспарында бар екенін жасырмады. Мұндай бастамалардың болғаны жақсы, әрине. Себебі оркестрмен ән орындау дәстүрі бүгінде ұмыт болуға айналғандай. «Эстрада» дейтін заманауи өнер ел сахналарын жаулап, дендеп енгелі ұлттық ән, төл өнер тыңдаушылары да азайып кеткені ақиқат. Қазіргі таңда Құрманғазы оркестрі осындай олқылықтың орнын толтыру мақсатында тың ізде­ністер, заманауи бетбұрыстар жасау­да. Атап айтқан­да, дәстүрлі ән мен күйлерді, қазақ композиторларының шығармаларын, әсіресе жастар арасында кеңінен насихаттап, жаңа ­заман тыңдармандарын қалыптастыру бағытында жұмыс жасай бастағанын аңғардық. Өте орынды деуге болады, өйткені жас ұрпақ ата-баба мұрасынан алыстап кетпеуі керек.
Құрманғазы оркестрінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғиса Дәуешовпен әңгіме­лескенімізде оркестрдің шығарма­шылық жетістіктері мен алдағы жоспарлары жайында сұрап білдік. Оркестр ұжымы өткен жылдың желтоқсан айында Испания еліне гастролдік сапармен барып қайтыпты.
– Аталған гастролдік сапарымыз Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» бағдарламаларын жүзеге асыруға сәйкес, ­Қазақ­стан Респуб­ликасы Мәдениет және спорт министрлігінің, сондай-ақ ­Ис­паниядағы Қазақстан елшілігінің қолдауының арқасында өте керемет деңгейде өтті деп айтуға болады. Еліміздің тәуелсіздік мерекесіне арнап, Мадрид қаласының ең беделді залы саналатын «Ұлттық концерттік аудитория» деп аталатын залында 7 және 12 желтоқсан күндері концерт бердік. Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Тәттімбет және тағы да басқа қазақ композиторларының туындыларын, сонымен қатар Бизенің әйгілі ­«Кармэн» шығармасын домбырада тарту еттік. Испания жұртшылығы, жалпы өнерсүйер қауым аталған концертті ыстық ықыласпен, ерекше қошеметпен қабылдады. Мерекелік шараға Испанияның ресми тұлғалары, Үкімет басшылары, мәртебелі қонақтары қатысты. Аталған елге тұңғыш рет ұйымдастырылған гастролдік сапар аясында ұлттық өнерімізді, ұлттық музыкамызды насихаттап, таныту мақсатында флешмоб өткіздік, – деді Нұрғиса Мұратұлы.
Ұлттық өнер ұжымының сонау ­Испания елін, Еуропа жүрегін қазақтың күйіне бөлеп қайтқаны еліміз үшін де мәртебе. Қазақты әлем елдері төл өнерімен танығаны ғанибет. Еуропа болсын, әлемнің өзге де мемлекеттері қазақтың күйі мен ән өнеріне таңырқай қарайтынын білеміз. Бірақ талғампаз жұртшылықтың анау-мынау музыкаға да елти беруі сирек. Ал күйдің аты қашанда күй ғой. Табиғи қалпын бұзбаған шынайы өнерге барлығы да тәнті болып, тамсанары сөзсіз.
Оркестр басшысы өз сөзінде былтырғы 2018 жыл ұжым үшін шығармашылық тұрғыдан да табысты жыл болғанын тілге тиек етті. Мәде­ниет және спорт министрлігінің қол­дауымен Құрманғазы Сағырбайұ­лының 200 жылдығына арналған «Құрманғазы және ұлы дала сазы» атты халықаралық өнер фестивалінің ұйымдастырылғаны, оған ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ сынды беделді ұйым өкілдерінің, өзге де мәртебелі мейман­дардың қатысуы, фестиваль аясында бірқатар ауқымды шаралардың өткізілуі, атап айтқанда еліміздің және алыс-жақын шетелдердің ака­демиялық оркестр елінің концерті, жеке орындаушылардың концерті, дәстүрлі музыканың бүгіні мен келе­шегін талқылауға арналған өнер зерттеушілерінің форумы есте қалар­лықтай айтулы оқиғаға айналыпты.
Ұжымның Ақтөбе, Атырау, Астана, Петропавл қалаларындағы гастролдік сапарлары, өнер кештері, Ұлттық домбыра шарасына қатысуы да халқымыздың мәдени саласының өркендеуіне қосылған маңызды әрі сүбелі үлес. Оркестр өміріндегі, жалпы тарихындағы ең бір айтулы жаңалық­тың бірі – өнер ұжымының кең әрі жайлы ғимаратқа қоныс аударуы дер едік. Бұған дейін «Қазақконцерт» ұжымы еңбек еткен ғимаратта Құрманғазы оркестрі өз қызметін жалғастырып, халықты рухани дүниелерімен қуанта беретіні сөзсіз. Жаңа жыл қарсаңында өнер ұжымының бірқатар мүшелері мем­лекеттік марапаттарға ие болған. Атап айтқанда, оркестрдің талантты домбырашысы, күйші Батыржан Мықтыбаев «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанса, Бас дирижері ­Абылай Тілепберген мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлы­ғымен марапатталды. Сонымен қатар оркестрдің бірқатар өнерпаздары ҚР Мәдениет саласының үздігі төсбелгісімен, Мәдениет және спорт министрлігінің Алғыс хаттарымен, дипломдарына ие болды.
Айта кетейік, өнер ұжымы өткен жылдың қараша айында өзінің 85-ші маусымын ашты. Демек, жыл бойы­на оркестр өз тыңдармандарын клас­си­калық және заманауи шығар­мала­рымен және басқа да көптеген жаңа­лықтарымен қуанта бермек.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.