Парасат падишасы

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында жазушы, әдебиет сыншысы, драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асқар Сүлейменовтің 80 жылдық мерейтойы­на орай «Парасат Падишасы» атты еске алу кеші өтті. Кеш аясында Асқар Сүлейменовтің өмірі мен шығармашылығы бойынша «Парасат падишасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. 

Іс-шараға Мұрат Әуезов, ­Өмір­зақ Айтбайұлы, Смағұл ­Елубай, Темірхан Тебегенов, Нүкетай ­Мышбаева, Мәмбет Қойгелді, Әлия Бөпежанова, Досхан Жолжақсынов, Қаракөз Сүлейменова, ­Сатыбалды Нарымбетов және т.б. ақын-жазушылар, қоғам және мәдениет қайраткерлері қатысты. ­Жиынды жүргізген жазушы, ­публицист, ғалым Бейбіт Қойшыбаев «Әдебиетке сонау «жылымық кезеңі» аталған алпысыншы жылдары келген Асқар Сүлейменов өзінің айшықты ойлары, пікірлерімен әдебиетке жаңа леп ала келді. Ғабит Мүсірепов кезінде Асқарды түсініп, түйсініп оқу керектігіне аса мән берген болатын» деп атап өтті.
Академик Өмірзақ Айтбайұлы қаламгермен бірге жүрген ұмытыл­мас сәттерді еске алды: «Күн ­демей, түн демей телефон соғып, ­Тәттім­бет­тің, Сүгірдің күйлерін сағындым деп, «Қосбасар» мен «Теміртасты» жалықпай тыңдау­шы еді… Өзі де таң атқанша күй шертетін. Асқар Сүлейменов қазақтың ғана емес, жалпы ­Еуропа музы­касын да жақсы білетін. Кез келген күйшінің тағдыры, ерекшелігі тұрғысында тереңнен шерте­тін шешендігі де, көсемдігі де керемет еді. Ол қазақтың қасиетін, бол­мысын өзінің музыкасы, өнері, дом­бырасы арқылы зерттей білді» деді.
Жиында сөз алған белгілі қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов Асқар Сүлейменовтің әдебиет пен өнердегі жастарға айрықша ықпал еткеніне тоқталды. «Мәскеуде жүрген кезімізде «Жас тұлпарлықтарға» Асқардың ықпалы зор болды. Қазақшаға шорқақтау азаматтар бір ортаға тоғысқанда үлкен демеу болып, аға-дос және рухани көсемімізге айналды. Елге оралғанда кеудемізден итермей, қазақыландыру үрдісін саналы түрде жүргізе білді» деді ол. Жазушы Смағұл Елубаевтың айтуынша, қазақтың қоғамдық ойының отаршылдық құрсауынан арылуында өз ұлтын өлердей сүйген Асқар Сүлейменовтің қосқан үлесі ерекше. «Бесатар» – Қызыл империяға қарсы атылған оқ» деп атап өтті қаламгер.
Сондай-ақ жиында белгілі режиссер Сатыбалды Нарымбетов, жазушы-журналист Зәкір Асабаев, әдебиеттанушы ғалым Темірхан Тебегенов, өнертанушы Әсия Мұхамбетова, жазушының қызы Қарагөз Асқарқызы жүрекжарды естеліктерімен бөлісіп, қаламгер шығармашылығы әлі де терең зерттеп, зерделеуді қажет ететінін жеткізді. Көзі тірісінде-ақ биік интеллект иесі ретінде мойындалған Асқар Сүлейменов феномені қазақ руханиятының аспанындағы жарық жұлдыз болып жарқырай беретіні сөзсіз.

Дина ИМАМБАЕВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.