ЖАНҒАЗЫ ХАН мен ТӘБЕКЕН БИ

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «…зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше, көпшілігі осы кеңбайтақ жерде пайда болды» деген болса, оның бір айғағы – бабаларымыздың билік дәстүрі мен шешендік өнері.
Абақтысы, итжеккені, зынданы, темір кісені, тіпті есігіне құлып та салмаған сайын даланың еркін де бейқам перзенті – қазақтың тұрмыс-тіршілігінде билердің орны ерекше болған. Сондағы ел ұстарлық жалғыз құрал – талай дау мен таласты қылдай қиянатсыз тіліп түсер сөз. Сөздің де соңы сиырқұйымшақтанбайтын әділі. Ең пәтуа сөз: «Тұрақтайтын жеріңді, тоқтайтын биіңді айт». Бұл болса да демократияның темірқазығы. «Шешендік сөз – халық даналығы, ақыл-ойдың құймасы, әдеби тілдің бастауы» (Б.Адамбаев). Шешен сөйлейтін билер өз рулары мен аймақтағы тірлік пен бірліктің кепілі, ел ұйытқысы болатын.

Бұл бергі тұс. Арғы ноғайлы дәуі­рін­дегі билер болса талай-талай хандарды өз қолдарымен тақтан тайдырып, қалың елді жатқызып, тұрғызған.
Сыр бойындағы Әйтеке дәстүрінің жалғасы – ілгерідегі Сартай, берідегі Жетес, Сапақ, Бәймен, Былшық, кейінгі ­Бекетай, Бекарыстан, ­Сердалы, Құлбарақ тәрізді билер қауымы да қомақты.
Әділ билігі, талай-талай тапқыр сөздерімен ел есінде сақталып қалған татыран Тәбекен осы шоғырдың ілгергі жағында, өңірге орыс өкіметінің ықпалы дендей қоймаған, қазақтың әрі-сәрі бас иесіз қалған кезеңі 1740-1830 жылдар аралығында өмір сүрген. Бұл кезде Сырдың төменгі етегіндегі қазақтарға Хиуаның айтарлықтай ықпалы бар. Бидің талай-талай төреліктері мен даулы тұстарда айтқан тоқтау сөздері бізге түгел жетті деп ешкім кепілдік бере алмайды, десе де қолда бар деректердің өзі Тәбекеннің халық жоғын жоқтаған батыл адам болғандығын аңғартады.
Тәлтекем Сапақ би, Шекті Нияз және Шөмекей Әйбек Тәбекеннің үйіне қонақ болыпты дейді бізге жеткен әңгіменің бір парасында. Билердің бастары қосылған соң ой саралап, сөз жарыстырмақ.
– Бақыт деген не? Кемдік деген не? Құлазу деген не? – деп Тәбекенге сұрақ қойылыпты. Сонда Тәбекен тосылмас­тан былай деген екен:
– Ер басында бақыт бесеу, кемдік үшеу, құлазу төртеу болады.
Астыңда атың жүйрік болса,
Жалғанның пырағы,
Алғаның жақсы болса,
Үй мен қонақтың тұрағы.
Әкең – асқар тау,
Шешең – қайнар бұлақ.
Балаң жақсы болса,
Екі көздің шырағы.
Міне, бес бақыт деген осы.
Атың шабан болса,
Жалғанның азабы.
Алғаның жаман болса,
Дүниенің дозағы.
Балаң жаман болса,
Көрінгеннің мазағы.
Міне, үш кемдік деген осы.
Қалың ел көшсе,
Көл құлазиды.
Қаптаған мал кетсе,
Бел құлазиды.
Нарқын білмесе,
Сөз құлазиды.
Қатынынан айырылған,
Шал құлазиды.
Міне, төрт құлазу деген осы, – деп түйіндеген екен.
Бірде Әлім, Шөменнің басшыларымен болған бір мәжілісте Жанғазы хан: «Маған Хиуа ханы сыйлады» деп, жұртқа үстіндегі көрнекті шапанды қайта-қайта көрсетіп, күпсіне беріпті.
Мақтануын қоймаған соң Тәбекен би:
– Тақсыр хан, шапаныңыз мақтауға тұрарлық екен. Маған бере тұрыңыз, киіп көрейін, – дейді.
Шапанды киіп ап, үн-түнсіз отыра береді. Қаумалай отырған жұртта ләм-мим жоқ:
– Немене жақтарың қарысып қалған ба? Хан ием бір олжасын сарқытқа берген екен, неге құтты болсын айтпайсыңдар? – депті жұртқа.
Сонда барып бірінен кейін бірі:
– Тәке, шапаныңыз құтты бол­сын. Өзі сізге қона кеткендей әдемі тігілген екен. Жарасып тұр. Игі­лі­гіңізге киіңіз, – деп жамырай жөне­ліпті.
Ханға қараса, бір ауыз сөз айта алмай, үндемей отыр.
Сонда Тәбекен би шапанды иесіне қайта жауып, жасының үлкендігін де пайдаланып:
– Мен бұл әрекетті қалғандарға үлгі болсын деп жасап едім. Хиуа ханынан алған жалғыз қызыл шапанды қызғыштай қорығанша, сайда саны, құмда ізі жоқ қарашаңа ие болмайсың ба, – деп шаршы топта ханға ауыр сал­мақ салған екен.
Жанғазы бұл кезде әр тарапқа ауаланып жүрген бірлігі шамалы қазақ руларын қоластына біріктіре алмайды. Өзі наиб, Хиуа ханының өкілі, осы жұрттан үсір-зекет, өткен-кеткен керуендерден салық жинап, хандыққа жеткізеді. Жұрттың бағалауынша, ерқара бозым, Мәненбай деген де қосымша аты бар.
Бұл кез ортада бас иесіз қалған мол несібе – қазақ даласын бауырға басуға шынттап кіріскен арқадағы Ресей, оңтүстік іргедегі Қоқан, Хиуа хан­дықтарының біріне бірі мысық­табандап ілгерілеп келе жатқан ХІХ ғасырдың бірінші жартысы. Қарапайым халық үшін Қоқан да, Хиуа да түбі бір түркі жұрты, діндес қарындас, алыс-берісті, құдандаласып базарлап қайтып жүрген жұрт, бірақ бұлардың тараптарынан зорлық болмаса…
1842 жылдың күзінде Жанкент маңына бекініп алып, жергілікті халыққа тізе батырып отырған хиуалықтарды Жанқожа Нұрмұхаммедұлы мен Ақтан Ақаев бастаған батырлар талқандап, Бабажанды сол жерде өлтіріп, баласы Майқарабекті тұтқындап, Кенесарыға жібереді.
Жанғазы ханның өзін батыр қырға жаяу айдап кеткен. Сол шайқаста Тәбекеннің туыстары алтынбай тайпасынан келген сарбаздарды Итқұл мен Нұрман Бөтенов басқарады.
Алайда біршама уақыт өткен соң Сыр бойы­ның билері кеңесе келе, ханға арнайы өкілеттік жіберіп, Жанғазыны орталарына қайтарып алған.
Ескі Жанкент маңындағы бұл бекіністі салдырған – Хиуа хандығының өкілі Уайсниязбай. Ол ұзамай хандыққа өзге қызметке шақыртылып алынады да, бұнда «мемлекет иесінің тірегі Бекнияз дуанбегінің жақыны қадірлі Бабажан Урганчи келтіріледі».
Мұхаммед Риза Мұрап ­Ернияз­бек­ұлы Агахидың жазуы ­бойынша: «Бірнеше күннен соң қала ішіндегі қазақия ұлысы шабуылға төтеп бере алмай қаланы бұзып сыртқа шықты. Бұл жайт қазақ қосынына қол келіп, қала ішіне жол тауып, хан Бабажан Урганчи барша қызметкер нөкерлерімен қоса өлтіріледі».
Бұрынғы ауыз әңгімелер мен жазбаларда Бабажан мен оның ұлы Майқарабек жайлы ғана сөз етілер болса, бұл мағлұмат бекініс ішінде хиуалықтардың қызметінде жүрген қазақ­тардың да бар екендігін және адам шығынының Бабажанмен шектел­мегенін нақтылай түседі.
Ресей боданындағы қазақтарда 1824 жылы хандық билік жойылған Кіші жүздің Жайық жағында хандық құрып отырған Шерғазы басқа қызметке ­ауыстырылады.
Орыс жазбаларында Жанғазы ­Шергазиев деп анық жазылған бұл кісі бұрын Хиуа ханы болған Қайыптың немересі.Қайып хан ұрпақтарының тағдыры болса Кіші жүз қазақтарының тарихымен тығыз байланысты.
Жанғазының тегі – Өзбектен Жәнібек, Жәнібектен Тайқожа, Тайқожадан Барақ, Барақтан Жәнібек, Жәнібектен Қасым, Қасымнан Қайып, Қайыптан Әбілғазы, Әбілғазыдан Шерғазы, Шерғазыдан Арынғазы, Жанғазы, Бөрі деп көрсетіледі.
Тарихшы Талас Омарбеков «1815 жылы Жанкент маңындағы қазақтар Арынғазыны хан көтерді» деп отыр. «Жанкент маңындағы қазақтар» не­гізінен Кіші жүздің Әлім тармағы. Және де әлдебір хан бекітпеген, Арын­ғазыны қазақтардың өздері хан көтерген.
Алайда билікте ұзақ тұруды жазбады. Біріне бірі жау екі мемлекет билікке талас Қайып ұрпақтарын да біріне бірін бітіспес дұшпан етті.
Кіші жүз қазақтарына біраз уақыт хан болған Шерғазының үлкен ұлы Арынғазы барынша бейтарап саясат ұстанды да қазақтардың жоғын жоқтап Хиуаға жақпай қалды. Патшаға арқа сүйегісі келеді. Тумысынан жігерлі де қайратты адам болатын. Бұл сұлтан туралы ауыз әдебиеті де, зерттеушілер де бір пікірде. «Арынғазы қырғыз сұлтандарының ішіндегі шын мәніндегі патриот, жоғарғы деңгейдегі өте таза да шыншыл адам» деп жазған тарихшылар. Орыс өкіметіне арнайы барып, бұны құбыжық етіп көрсеткен туыстарын былай қойғанда, бұндай ерік-жігері мықты, ертеңгі күні ие бермей кетуі мүмкін қайраткер хандықты түбегейлі жаулағалы отырған орыс өкіметіне қалай ұнай қойсын, оны Петерборға шақыртып алып, 1823 жылдың мамырында қиырдағы Калугаға жер аударады да үйқамақта жасырын ұстайды. Ол жерде он жыл қапаста болып, қайран ер ақыры жат жерде құсадан көз жұмады.
Жанғазының әкесі Шерғазы болса жас кезінде орыс жаққа өтіп, ұзақ уақыт Петерборда тұрған, орысша білім алған әскери адам. Орыстардың шведтерге қарсы жорығына қатысып, майор шеніне дейін көтерілген, біраз марапаттары бар. Кейін Екатеринаның ерекше ілтипатындағы граф, князь П.А.Зубовтың адъютанты. Әкесі оны Сыр бойының қазақтарына хан қоямын деп шақыртып алдырғанымен бір жылдан кейін қайтыс болып (М.Вяткиннің көрсетуінде әлдеқандай қысастықпен уланып өлтірілген – М.Қ.), орнына баласы осы Жанғазы жіберіледі. Бұл 1819 жыл. (1818 жыл деп көрсетілетін де дерек бар – М.Қ.) Жанғазы орыс­тар Қазалы бекінісіне орын тепкенге дейін, шамамен отыз жыл бойы осында. Есімі елуінші-алпысыншы жылдардағы құжаттарда кездеседі. Хиуаға бара жатқан орыс елшілерін қабылдайды, іргелес орналасып жатқан әскермен, әрине, дипломатиялық бейбіт қатынаста болуға тырысады. №1 форт – Қазалының комендантына жолбарыс күшігі – шөнжік сыйлағаны да бар.
Тойымбет Күлімбетов Жанғазы кейін түрікмендермен соғыста қаза болған, бейіті Қызылқұмда Назархан бекінісінің маңында деп көрсетеді.
Жанғазының тағы бір інісі – Бөрі. Өз туыстары мен төлеңгіттерін қосқанда жанында кейде оншақты, кейде жиырмашақты шаңырақ. Орыс жағына салқын, Қызылқұм жақта Бұқар, Хиуа, Қоқан арасында көшіп-қонып жүр. Әйтсе де бұл хандықтар­дың ешқайсысына қызмет етпейді. Рақымбердінің басшылығымен «орысқа берілген» қазақтарды шауып жүрген сегіз мың шапқыншының бір қанатын інісі Алданазармен бірге басқарып жүр.
Өзге талай-талай жорықтары өз алдына. 1858 жылы Қармақшының тұсы­нан өтіп, Қарақұмға бойлап, қазақтар­дан 200 жылқы мен 200 түйе барымталап қайтқан.
Орыстар бұны барымташы қарақ­шы деп біледі. Соған қарамастан сұл­тан ретінде қазақтарды басқару ісіне тартуға да кетәрі емес.
Жанқожаға ілтипаты бар, батырға іштартады.
Кейін 1860 жылы Жанқожаны өлтірген соң, бұл дәйексіз сұлтанды жетелеп алып барып орыс қызметіне өткізген Елікей Қасымов.
Шежірешілердің көрсетулерінде, Жаманақтан (Шекті) Шыңғыс, Өріс, Баубек. Өрістен екі бала – Есенәлі, Айдарбек, Айдарбектен төрт бала – Татыран, Күлік, Алтынбай, Ардана. Айдарбектің үлкені Татыран. Татыран ақ, қара боп екіге бөлінеді. Тәбекен би қара Татыранның Өтебай аталығынан.
Айдарбектен тарап, еліне ие болған елеулі тұлғаларды атауға келгенде Ақпан, Жәңке, Сары батырлармен бірге Өкім, осы Тәбекен, Қожан, Бекетай, Алданазар, Шаптыбай, Молдабек, Мақан билерді бөліп көрсетеді қарт шежірешілер.
Аласапыран заманда бір атаның балаларының бір аймақта тұрып, түтін түтетіп қорымдас отыруларына мүмкіндік бола бермеген. Қазақ шежіресіне көз салсақ, әрқилы сүргіншілік жағдайлармен әр тарапқа шашырай өріс тепкен ұрпақтарға көзің түседі. Солардың бірі Гөләбта қалып қойған Тәбекеннің аталарының бірі – Айдарбек Қара. Шежіреші қарт Өмірзақ Ахметов осы жайға орай бізге мынадай ақпарат қалдырған: «Ардананың бір бұтағы Қожамжардың бәйбішесінен туған тоғыз баланың біреуі Қылыштықара деген батыр екен. Осы Қылыштықара батыр Қаратаудың ішінде қалмақтармен шекісетін ұрыста қалмақтарды ойсырата жеңеді. Ұрыс жеңіспен аяқталғаннан кейін сол ұрыс болған таудың ішінде әрі биік, әрі қылыштай қырланған тауды сол батырдың атымен Қылыштақара батырдың шыңы деп жұрт атап кеткен екен. Шыңның тұрпаты, кескін тұлғасы қылыштай қырланып тұрған шың екенін өзім 1965 жылы май айында Қаратауды аралап жүріп көріп, Әлімнің бір азаматының атына таудың аты беріліп, батырдың атымен атанғанына қатты қуандым» (Ө.Ахметов, «Сыр елін­де жинақталған қазақтың шежіресі». Қызылорда. 1995 ж. 73-74 беттер).
«Дананың өзі өлсе де, сөзі өлмес» деген. Тәбекен жалғыз да емес, ілгерілі-кейін айналасындағы ағайындарының арасынан да сөз ұстаған шешендер шыққан.
Ел арасында «Барымбеттің айтысы», «Барымбеттің шешімі», «Барымбеттің отырысы» деген әңгімелер әліге дейін ұмытылмай айтылып жүр.
Бірде Тәбекеннің немере туысы ардана Алданазар болыс арнайылап келіп, Барымбетті өзімен бірге Қазалыда болатын ояздың үлкен жиынына алып кеткен екен. Ол жиынға Кіші жүзге есімдері мәлім би, болыстары түгел қатысқан көрінеді. Жолай келе жатып, Алданазар Барымбетке:
– Барымбет-ау, сені осы күні сөзуар, шешен, ой тапқыш деп жүр ғой. «Халық айтса, қалыс айтпас» деген. Мен сені көп ортасында бір сынақтан өткізгелі келе жатырмын. Мұнымды қалай көресің? – дейді. ­Сонда ­Барымбет:
– «Көн садақты тартқанда, көк дөненді шапқанда көрерсің» деген емес пе, би аға, – дейді. – Көремін десең, көр.
– Ә, олай болса, мына би ағаңның саған айтар бір өтініші бар.
– Ол қандай өтініш?
– Анау Шөмекей ағайынның Бақа биі мені талай жерде тобықтан қағып жүр. Соны көп алдында бір сүріндіруге қалайсың?
– Мақұл, аға, айтқаның болсын, – дейді Барымбет.
Қазалыға жеткен соң ояздың мәслихаты өтетін ақ ордаға кіреді. Іші адамға лық толы. Бәрі жайғасып отырып алған. Аяқ басар жер жоқ. Кірген бетте Барымбеттің көзі төрде төбедей болып отырған Бақа биге түседі. Ортаны қақ жара бидің жанындағы адамды ығыстыра, бидің оң тізесін баса, ырғала-жырғала жайғаса кетеді. Онысын жақтырмай, алара қараған Бақа биге:
– Амансың ба, би аға,
Жамбасыңды жи, аға.
Ұнамады ма, отырысым,
Би аға, сенің ояңа.
Тағы бір мәрте ырғалсам,
Орын да болар анау
Босағада қалған ағама, – деген екен Барымбет.
Бақа би босағада күліп тұрған ­Алданазарды көріп:
– Ә, мына пәле сенен келген екен ғой. Айбарбектің тілден ұшынған бір сақауының орнын екінші бір сақауы басқан екен, – депті. Сонда Алданазар:
– Халқым айтса айтқандай бар екенсің, Барымбетім, – деп, Бақа биден есесін қайтарған Барымбетке көңілі толып, риза болыпты. «Барымбеттің отырысы» содан қалған деседі жұрт.
Бақа бидің сақау деп отырғаны –Тәбекен. Тәбекеннің тілінің мүкісі бар адам екен. Алғаш сөз бастаған кезде тұтығып, тұтығып алады да әрі қарай кідірместен жосыла жөнеледі. Сонысын бетіне басып, кідірткісі келгендерге: «Екі күн айтсам да өзім айтамын деп» реті келгенде ешкімге дес бермей, ойын өзі жеткізеді екен.
Ұмытпасам, 1974 жылы (Ол кезде аудандық партия комитетінде қызметтемін – М.Қ.) Қазалы ауданында жаңадан үш бірдей кеңшар құрылды. Бірінен бірін алды, бірінен біріне қосты. Солардың екеуіне – «Майдакөл», «Құмжиек» – бұрынғы қоныс ­атауы бұйырды да Аралмен шекара­лас сол ауданға тиесілі шаруа­шылыққа ұраншыл саясиланған дәстүрмен «Жаңақұрылыс» аты берілді. Пәлендей оза шаба қоймаған бұл кеңшар кешеге дейін өлместің күнімен қалқиып тұрған. Бүгіндері кеңшардың өзі жоқ. Қағазға түсіп қалған сол атау әлі тұр. «Жаңасы» болса өзінен өзі көнерді, «құрылысы» бас егесі Кеңес өкіметімен бірге мәнін жоғалтқан. Бүгіндері әлде­қашан мағынасынан айырылған сол атау жергілікті тұрғындар үшін көзге шыққан сүйелдей. Ал құдайшылығына келер болсақ, Сырдарияның төменгі ағысы, батыс беті ұлы теңіз, арқа жағы Қарақұм болып келетін елді мекенді ешкім де емес осы жергілікті қазақтар анығы екі ғасырдан бері жайлап келеді. Бір мәпақа – балық, екіншісі ата кәсібі – мал шаруа­шылығы болса, үшінші кәсіп – жер өңдеп, егіс салу. Қопарып тастайтын техника атаулы атымен жоқ кезде ел болып жұмылып маңдай терлері тамшылап кетпен, күрекпен қолдан тұрғызған Ақбөгеттің сілемдері әлі тұр.Колхоздастыру кезінде арнасы одан әрі қолдан кеңейтіліп, ел игілігін көрді. Осы арнаның бір сағасы «Тәбекен» арығы деп аталады. Ханөткел маңындағы екі бірдей көл де бидің атында.
Әңгіме ұзап кетер, оның да үстіне дәл осы елді мекеннен түлеген халық­тың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған би, батыр, шешен, кейінгі кездегі қоғам тіршілігіне араласқан талай аза­маттардың аттарын тізбелемей-ақ қоялық.
Әлемге әйгілі боп кеткен Арал апатының дәл кіндігінде, талай-талай табиғи теперіштерге төтеп беріп, қасиетті топырақтан табан тайдырмай отырған жергілікті жұрт, сөздің тура мағынасында, аптабына күйіп, суығына тоңып, теңіздің небір құқайларын бастарынан қайсарлықпен өткеріп, осы жерді көктетіп, көгертіп отырған, бейнеткеш те төзімді көңтерлі халық бар.Бұлардың тілектері жерде қалмауы тиіс.
Осы жергілікті тұрғындардың ­саяси мәндегі «Жаңақұрылыс» атауын бергі ұрпақтары жасы да үлкен, жолы да ұлық, сүйегі жатқан атамекені, Тәбекен би атына аудартып ала алмай құзырлы мекемелердің есіктерін тоздырып жүргендеріне бес-алты жылдың жүзі болды. Талап, тілек орынды. Елді мекен атауы әлдеқандай құйын тәрізді өтер де кетер өмірі қысқа ұраннан гөрі ата-бабасының сүйектері жатқан осы жерге кіндік қаны мен маңдай терлері тамған, бұдан былай да елімізге ұлағатты ұл, қылықты қызберерлік үміт бар, ошақ иесі жергілікті тұрғынның бірінің атымен аталар болса, еш сөкеттік бола қоймас. Бұл әу бастан бейнеткеш қара халықтың қара шаңырағы, атамекені.

Молдахмет ҚАНАЗ,
жазушы, халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты,
«Құрмет» орденінің иегері,
Арал, Қазалы аудандарының
Құрметті азаматы, «Денсаулық»
журналының бас редакторы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.