РУХТЫ ЕЛ – ҚАЙСАР ЕЛ

Нұрперзент ДОМБАЙ
«Ана тілі»

Күрделі де қызықты кезеңді бастан кешіп жатырмыз. Күрделі болатыны, мақсаттың бәріне жеттік деп айта алмаймыз. Талпынудамыз. Ұмтылудамыз. Қол қусырып отырған жан жоқ.
Қызықты дейтініміз, жаңалық көп. Елдің өркендеуіне, дамуына қатысты жаңалықтар, жарқын істер. Осыған марқаясың, мерейленесің.
Біздің тілге тиек етпегіміз де екіншісі. Жаңалықтар жайлы. Онда да рухани саладағы серпінді істер туралы. Көкірек көзі ояу жұрт түсінуі тиіс. Рухани өміріміздегі бұл жарқын құбылыстар жай ғана ғажайып өзгерістерді аңғартпайды, рухани төңкеріс деп баға беруге тұрарлық оқиғалар. Бұл «төңкерісті» жақсы мағынасында қабылдаған абзал.

Санамыздың сілкінуіне, күш-жігеріміздің тасуына ең алдымен себепкер болған, сөз жоқ Елбасының айтулы екі мақаласы: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры». Бұл тақырыптар жөнінде сәл кейінірек.
Ұлы дала. Ұлы дала елі. Кешегі уақыт­тары бұлай айтылмайтын. Елбасы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде осы тіркестерді ауызға алды. «Біз тарихымыздың жаңа шамын жақтық, сондықтан бүгін және мәңгілік Қазақстанымыз – Ұлы дала елі, бұл Ұлы жаңғырған дала елі, біздің Отанымыздың көп этникалық бесігі, сүйікті Отанымыздың халықтық атауы осы – Ұлы дала елі» деді Н.Назарбаев. Бұл атауға байланысты Елбасы сөзін былайша жалғастырады: «бұл біздің Отанымыздың өткені мен бүгінгісін, болашағын айшықтап тұр. Біздің қазақстандық мінезіміз бен оның негізгі ерекшеліктері – ашықтық, рухани байлық, жүректеріміздің жылуы, қонақжайлылық, бейбітшілікті сүю, даналық пен еңбексүйгіштік сынды қасиеттері көрініс тапқан».
Дала мен қазақ – егіз ұғым. Бұл екеуін бір-бірінен ажырата алмайсыз. Дала – кеңдіктің, жомарттықтың белгісі. Қазаққа да осы қасиеттер дарыған. Қазақтың далаға бауыр басқандығы сондай, ол даласыз өмір сүре алмайды. Кешегі замандарда ата-бабаларымыз ұланғайыр даланы еркін жайлаған. Қыста күнгей жақты қоныстаса, жазда теріскейді мекен еткен. Бір сөзбен айтқанда, дала бос жатпаған. Тіршілік қыз-қыз қайнаған. Демек, Қазақ елі – Ұлы дала елі атауын иемденуге әбден лайық.
Өткен жылдың көңілге шуақ құйған елеулі оқиғаларының бірі – Ұлттық домбыра күнінің белгіленуі. Әлгінде жусаны бұрқыраған, аң-құсы жыртып айрылар даланы қазақтан бөле алмайтынымызды айтсақ, он екі перделі, екі ішекті домбыраны да жат көрмейтініміз әлімсақтан аян. «Нағыз қазақ – домбыра» дейтін ақын сөзіне еш бүкпесіз қосыламыз. Домбыра қазақтың қуанышы мен мұңының жиынтығы. Домбыраны сөйлеткенің – қазақты сөйлеткенің. Осыны жан-жүрегімізбен түсініп, ықылым замандардан ажырамастай серігімізге айналған аққу пішіндес аспабымызды көкке көтеріп, аспандатқанымыз, жылдың бір күнін домбыраға арнағанымыз кемелдігіміздің, көрегендігіміздің айқын белгісі. Домбыраның қадірін білген қазақ ұлттық болмыс-бітіміне де сызат түсірмес деген зор сенім бар.
Ер түріктің бесігі атанған – Түркістан қаласының мәртебесін көтердік. Ол көп қалалардың бірі болмады, қандастарымыз молынан мекен еткен өңірдің орталығына айналды. Облыс атауы да – Түркістан.
Түркістанның киелі жер болатынының бір себебі, осы топырақта бүкіл түркі халықтарының рухани көшбасшысы, бірегей дарын иесі Қожа Ахмет Ясауи өмір сүріп, ілім таратты. Соңғы демі де осы жерде үзілді. Ұлы ғұламаға арнап салынған мавзолей шын мәнінде ортағасырлық сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші.
Кешегі уақыттары ғұмыр кешкен ұлтымыздың сүт бетіндегі қаймақтары – хандары мен билері, батырлары жарық дүниемен қоштасар сәті таянғанда Түркістанға апарып жерлеуді аманаттаған. Мәңгілік мекенінің осы жерден болуын қай-қайсысы да армандаған. Міне, Түркістанның құдіреті! Сол Түркістан енді қайта түлейтін болды. Оның жұлдызы бұрынғыдан да анығырақ, көз жетпес алыс жерден менмұндалай жарқырайтын болды.
Күнделікті көзіміз үйренген жазуымыздың басқаша өзгеретіні де жаңалық атаулының көкесі. Алайда бұл дәл бүгінгі таңда қозғалған мәселе емес еді. Осыған дейін де әңгіме болған. Сірә, жеткілікті мән бермегеніміз-ау. Енді жаңа әліпбиге көшетініміз айдан анық.
Несін жасырамыз, кириллицаға үйреніп қалыппыз. Ажырағымыз келмейтіндей. Бірақ осы әріптің кезінде ұлтымызға күшпен таңылғанын көбіміз білмейтін секілдіміз.
Әріпті латынға ауыстыруды өмірдің өзі талап етіп отыр. Қазір технологияның, коммуникацияның дамыған кезі. Әлемде ағылшын тілінің мерейі үстем. «Дүние жүзіндегі барынша дамыған 30 елдің қатарына қосылуымыз керек» деген биік мақсатымыз бар. Осы үрдістердің барлығы жазуға да реформа қажеттігін міндеттейді.
Бұл істі ешкім бізге зорлап-зорлықпен таңып отырған жоқ. Бастама көтеріп отырған өзіміз. Осының өзі өз билігіміздің тізгіні өзімізде екендігінің, қандай мәселені де өзіміз шеше алатынымыздың нақты дәлелі.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру, «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары үлкен-кішімізді патриоттыққа, отансүйгіштікке ұмтылдыратын құнды еңбектер. Гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықтың әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударылатыны өте құптарлық. Өзіміздің де еш халықтан кемдігіміз жоқ. Ал өзгенің жақсысын бойымызға сіңірсек ұпайымызды жоғалта қоймаймыз. Қайта білгеніміз көбейіп, білім-іліміміз одан сайын толыға түседі. Бұл жаман болып па? Әрине, жоқ. Онсыз да «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» дегенді құлағымызға құйып өскен ұрпақ емес пе едік?!
«Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты бағдар­ла­малардың қолға алынуы жаныңды жадырататын, жүрегіңе нұр құятын жақсылық. Себебі түсінікті. Отанға, елге деген құрмет кіндік қаның тамған жерді, қасиеті бөлек жерлерді құрметтеуден басталады. «Туған жерді сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елді» деп әндететініміз де содан. Мемлекет басшысының өзі «Туған жерді, тарихи жерлерімізді қастерлей білейік» деп тұрса, бұған неге қуанбасқа, игі бастаманы неге қолдамасқа.
Туған жер – қасиетті мекен. Адам ғұмырының өмірі ұмытылмастай есте қалатын кезеңі – балалық шақ осы жерден басталады. Ата-анаңа, бауырларыңа, туған-туысқа деген шынайы сүйіспеншіліктің де бастау алатын қайнары – туған жер. Туған жерін аңсайтын, іздеп тұратын, солай қарай жетуге асығатын жан, ол – жүрегі таза адам. Мұндай адамдар жаман болуға тиіс емес. Олар сағыныштың, махаббаттың, құрметтің қандай екенін жақсы сезінеді. Осы қасиеттердің барлығы туған жерге деген іңкәр сезім арқасында туындайтыны белгілі. Қазақтың жері тарихи орындардан, ежелгі ескерткіштерден кенде емес. Олар несімен қымбат? Ең алдымен, ата-бабамыздың өзі болмаса да, көзіндей. Ұрпақ үшін бабадан артық ардақты кім болатын еді. Адам болып, жер басып өмір сүріп жүргеніміз солардың арқасы. Мынау тау мен даланы, көл мен орман-тоғайды аманаттап, бізге қалдырған да солар. Демек, біз бабамызға борыштымыз. Ол борыш бабаның ізі қалған, қол ұшы тиген жерлерді, белгілерді құрметтеу, дәріптеу арқылы өтелетін болса керек. Ежелгі ескерткіштер дала сырының, ерлік пен қаһармандықтың, тіпті сәулет өнерінің белгісіндей. Талай дәуірді бастан өткеріп, табиғаттың суығы мен ыстығына, дауылы мен боранына төзіп, бүгінге жеткен олардан алар тағлым мол. «Ол қандай тағлым» дейтін болсақ: ұлт ретінде сенің тамырыңның тереңде жатқаны, батырлық пен ерлік бойға сіңген қасиет екендігі, тәрбиені, салт-дәстүрді ертеден-ақ қалыптастырғаның, намыс пен ар-ожданды алдыңғы қатарға қоятының… Киелі жерлерді қадір тұтудың, бағалаудың, ол жерлерге бас июдің сыры осыдан.
«Ұлы даланың жеті қыры» – еңсемізді одан әрі биіктете түсті, бойымызға қанат бітіргендей күй кештірді. Жылқыны қолға үйрету, атқа міну мәдениеті алғаш біздің даладан басталыпты. Олай болса жылқыға қатысты дүниелердің де алғаш Ұлы далада «кіндігі» кесілетіні әбден заңдылық. Мақалада бұл туралы да айтылады. Әр түрлі материалдан тігілген шалбар, саптама етік, ат әбзелдері – ер-тұрман, үзеңгі, қару түрлері – садақ, қылыш, сауыт біздің жерімізде пайда болған. Тіпті иісі мұрын жарып, тілі дәм үйірер алма­ның, әсемдік пен әдеміліктің белгісіндей болған қызғалдақтың отаны өз топырағымыз екендігін білгенде шаттанған үстіне шаттана түсесің.
Әлгінде біз тізіп өткен елең еткізерлік жаңалықтар жөнінде бұған дейін де аракідік айтылып жүретін. Нақты көзіміз жетпегеннен кейін «Жақсы екен, дұрыс екеннен» артыққа бара алмадық. Міне енді ол сөздердің жай алыпқашпа әңгіме емес, ақиқат, рас сөз екендігіне еш бүкпесіз сеніп отырмыз. Өйткені бұл сөз Мемлекет басшысының аузынан шығып отыр. Әрине, мұндай тұжырымға келу, елдің атынан сөйлеу Елбасына да оңай тимегені белгілі. Он ойланып, мың толғанғаны анық. Халқының бойына серпін ұялатқан, рухын асқақтатқан Елбасына деген елінің ризашылығы да шексіз.
Осындайда көңілді мазалайтын бір жайт бар. Жоғарыда біз әңгіме еткен игі шаралардан барша отандастарымыз хабардар ма екен? Елбасының тілге тиек етіп отырған еңбектерімен қандастарымыз түгел танысып шықты ма? Лайым да күдігімізден сеніміміз басымырақ болғай.
Несін айтасыз, намысты қамшылар, рухты көтерер сөздің айтылуында мін жоқ. Тобықтай сөздің түйіні – «Айналайын, қазақ, сен осал емессің, еш ұлттан кемдігің жоқ, сенің бабаларың мықты болған, сондықтан сен де мықты болуға тиістісің» дегенге келіп тірелетіндей. Бүгінгі таңда дәл осы сөз айтылып жатыр. Бұл сөз – рух сөзі.
Рух сөзі бойымызға тың күш-жігер қосып, сырт көз тамсанар елдік істерге, кемел келешекке жетелей бергей.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.