ТЕГІН ҚАДІРЛЕГЕН ТӨРГЕ ОЗАДЫ

Ұлы даланы ұлықтау мен үндеу киелі іс, кемеңгерлік қасиет.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы осы өнегенің өресі биік жарқын үлгісі.
Мақала – өткеннің өзегінен тарқата өрілген, өмір көшінің бағыт-бағдары мен мақсат-мұратын діттеген терең тамырлы толғаулы дүние. Көненің көбесінен тін тартып, жаңаның жаңғыруымен қорытылып өрелі тұжырым, өрісті зерделеумен жазылғаны көрініп тұр.
Ақиқат арқауы айқын, рухани жаңғырудың жалғасты арнасындай үндесіп жатқан ұлт тағдырының тізгін сөзінің тілегі тұғырлы, тәу етері тәуелсіздік дегенді дәйектей түседі.

Тарих толқынындағы өз­ге­рістер мен жаңарулардың барысында ұлттық болмысымызды, тағылым-тірлігімізді, тарихымыз­дың көкжиегін әлі де анықтай түсуіміздің, қанықтай білуіміздің қажеттігін сараптай сабақтап, ұлттың ұйытқылық ұстанымын алға тартады.
Әлбетте, өмірдің өзі екшеген тұжырымдар бар: әрбір ұлт өзінің тамыры терең тарихымен, уақытпен бірге жасаған ұлы тұлғаларымен мақтана алады. Тегіңді білу дегеннің құдірет-қасиеті осыдан шығады. Оны танып-білу, ұрпақтан-ұрпаққа ұлықтай жеткізу әрі парасатты іс, әрі парыз. Мұның түп мақсаты – «Ең бастысы, нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз» деген сындарлы пайыммен түйінделіпті.
Тарих пен Тек деген ұғымның түп тамыры бір, тағдыры тіндес.
Кейде кісілігіне қарап сүйініп: «Тегіне тартқан» деп, ісіне қарап иіліп: «Жақсының жұрнағы ғой» деп жатады.
Бәрімізге белгілі байлам сөз.
Шындығына барсақ, көреген бабаларымыздың дуалы ауызымен айтылып, уақыттың желмая қанатымен бізге жеткен аталы сөз.
Осы бір көңілге қанық қара­пайым сөзде тектің құдіреті мен қасиетін халқымыздың қалай қадірлеп, қалай көсем тұтатыны көрініп-ақ тұр.
Тегін қадірлегеннің төрге озатыны, ұрпағынан үкілі қасиеті үзілмейтіні, өмірдің өрі мен өтінде де өзін таныта білетінін меңзеген мәні мәйекті мұра сөз қазақтың тұғырлы тарихының тұмарлы үзігіндей боп елестейді. Ықылымнан келе жатқан ықы­ласты сөз ырысының сыны бұзылмай бүгінімізге дейін жеткен осынау түрінің ғұмырлы болуы жайдан жай емес. Осының өзінен тарихи болмысымыз, тіпті тарихи тұрмысымыз бен салтымыз сыр ашып тұр емес пе? Астарына үңіле түссек, бұл біздің тарихымыздың – тегіміздің тереңдігі, даналығы мен даралығы, аңызы мен ақиқатының тамырластығы. Өзімізге тән осынау қасиетімізді өзге ұлттың ұлы өкілдері де айтып кеткенін еске түсіру артық болмайды. Бұған мына бір жолдардағы ақиқат-деректі қарайық:
«Қазақтардың ойлау қабілетінің кереметтігіне менің барған сайын көзім жетті. Сөзге дегенде ағып тұр». «Демосфен мен Цицерон туралы ғұмыры есітпеген шешендерге таң қалып қол соққанмын».
«Имандай сырым! Тәңірім бойына осыншама қабілет дарытқан халық цивилизацияға жат болып қалуы мүмкін емес, оның рухы қазақ даласына аспандай көтеріліп, жарқырап сәуле шашатын болады» деп жазыпты А.Янушкевич («Күнделіктер мен хаттар», 1848 жыл) күнделігінде. Көзі ашық европалықтың таңқала ­мойындауы бұл.
Тегімізді тану мен бағалаудың үлгісі демей көр мұны.
Президенттің Ұлы даланың жеті қырына тоқталып, әрқайсысына тарихи-ғылыми зерделеу ­жасауы айрықша тәнті ететінін атап өтуіміз керек-ақ.
Осы уақытқа дейін тарихы­мыздың тұмшаланып келгені, оның ұлтқа қатысты, ұлттың өркениет пен өмірге әкелген жаһандық жаңалығы, күрескерлігі мен қайсарлығы, тарихтағы тұ­ғырлы ұлттармен терезесі тең тұрғаны айтылмай, ұдайы жабайы күйінде көрсетуге күш салынғаны белгілі. Түбі бір түркі халықтарының ғажайып тарихы қасаңдықтың қалыбымен бұрмаланып, дерегі мен дәйегі бұғауланып ұсталғаны ноқталы саясаттың уысынан шығармау жолындағы қитұрқы уағызы, айылын жимаған өктемдіктің өшпенді ұстанымы еді. Осы орайда: «Еуропацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ» дейді ­Елбасы. Бағамдай алсақ бұл сөзде де астарлы мағына, алды-артымызды безбендей білу мүддесі жатыр.
Көбімізге белгілі кей нәрсенің мән-мазмұны тереңде жатқанын елей бермейтінімізді еске түсіре­тін мына бір жай қалыптағыдай көрінетіні рас. Өзіміз мініп жүрген автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың кү­шімен өлшенетінін білеміз. Бұл жаһандағы салт аттылар – біз, қа­зақтардаң атқа мініп желдей ескен күндерге деген белгісі, соның тарихи жадыда қалған өшпес айғағы екенін айтқанда еріксіз мақтаныш сезіміне бөлену өмірдің өзіндей шындық екеніне иланымыз күшейе түседі.
Қазақтың жеріндегі қазба жұмыстары кезінде табылған ғажайып қазыналар: тасқа қаша­лып уақытпен бірге жасасқан таңба-жазулар, метал қорыта­тын пештер мен қолдан жасал­ған әшекей бұйымдары, тұрмыстық заттары, қару-жарақтары – тари­хымыздың қазына-шежіресі іспетті, бастауымыздың қайдан, бас ұранымыздың қандай болғанын айғақтай түседі, ал «Алтын адам­ның» өзі ата тарихымыздың қуаты мен дала өркениетінің өрісі мен өрлеу өресін көрсетеді. Ұлттың ұлылығын танытар, жаһанды таң­қал­дырған жәдігер жақсымызды басын ашып, абырой тұтар тарихи айғақ ретінде ақиқаттай алға тартады.
«Бұл жауынгер талай тылсым құпияның бетін ашты. Біздің бабаларымыз әлі күнге дейін өзінің асқан көркемдігімен тамсандыратын аса жоғары деңгейдегі көркем дүниелер жасаған. Жауынгердің алтынмен апталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өндеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады. Сонымен бірге бұл жаңалық Дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті» деп жадымызға жаңа леп, ұлттық санамызға мақтан тұтар мәйек ой салады.
Ұлы Жібек жолының өркениет өрісіндегі рөлі мен тарихи орнына тоқтала келіп «Керуен жолдарын мінсіз ұйымдастырып, қауіпсіздігін қамтамасыз еткен Ұлы дала халқы ежелгі және орта ғасырлардағы аса маңызды сауда қатынасының басты дәнекері саналды… Алғаш пайда болған сәттен бастап, Ұлы Жібек жолы картасы, негізінен, түркі империяларының аумағын қамтиды» деп тарихи тіннің тағы бір тұңғиық сырын ашып тарқата түйіндейді. Мұның бәрінің ұлттық санамызға құнарлы қуат болып дарып, ерекше серпін берері сөзсіз.
Осылайша, жеті қырды жүйелі түрде сараптай келе, алдағы уақытта атқарылар тың идеяларға толы кешенді жобаларды алға тартуы тіптен айрықша: «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасы, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми – көпшілік сериялары, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобасы, «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және техникалар музейі, «Дала фольклорының антологиясын жасау, «Ұлы дала­ның көне сарындары» жинағы, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу – ағарту энциклопедиялық саябағы, Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсе­тетін деректі – қойылымдық фильм­дер, телевизиялық сериалдары секілді іске сәттік ілкімді жобаларын жүзеге асырудың жауапты жолын ұсынып отыр.
Бәрі – бас аяғы жіптіктей жүйелі, ойы қанық, мақсаты анық, мәні терең – маңызы зор, көп жұмылса қолдан келер, бола­шақтың көкжиегіне көш түзеген келелі іс, көшелі жобалар.
Бұған баршамыз – тарихшылар, ғалымдар, археологтар, этнографтар музыка мамандары, тілшілер, әдебиетшілер, журналистер, баспагерлер, киногерлер атсалысып, білімділік пен белсенділік танытуымыз керек.
Бұл орайда, жазушылар мен киногерлердің шабытты еңбегінің жемісі ерекше болмақ. Өйткені кітап пен киноның құдіреті сол, бұлар – бірі тасқа басылып, бірі жанды лентаға түсіріліп, қаз-қалпындағы деректік және тәрбиелік құндылығын келешекке жеткізе алатын айрықша жанрлар, оның тарихымыз бен тағдырымыздың төрден көрінуіне, ұлттық қасиет рухымыздың қайрала түсуіне септігі мол екені сөзсіз.Саралай түссек рухани жан дүние ­санамызды дүр сілкіндіріп, барымызды айтып, бұлақ көзімізді ашып, бағыт-бағдарымызды көрсетіп берген Жеті қырдың жетелі сөзі, меніңше, жеке-жеке шығармаға сұранып-ақ тұр. Тек қиялың жетіп, қаламыңа сенсең нартәуекелің қамшы болсын. Тарих пен тұлғалар панорамасын жасауда әр қырынан келген кемел ой-көркем тілмен кестеленген сүбелі дүниелер өмірге келіп жатса тұлғаларымыздың танымалдығы өркениет төрінен көрінері, тарихтағы орнымыздың биіктей түсері даусыз.
Бастысы, мұның бәрі рухы­мыздың жоғары болуы үшін керек. Негізгісі – тарихымызды терең танып-білуімізге, ұлттық болмысымыздың түп-қазығын нығайта түсуге, тарихи сауаттылығымызды нығайтуға, өркениеттегі орнымыздың қандай­лығын қалыптап мақтаныш тұтуы­мызға, тәуелсіздігіміздің жасам­паздық жігер – қуатын күшейте беруіне жол көрсетіп отыр.
Ұлы даланы ұлықтай білу деген осы. Бұл Президентіміз ­Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгерлігі мен көрегендігінің асқан үлгісі.
Оны жүзеге асыру – жері мен елін сүйген, бүгінгі ұлтын мақтан тұтар ұрпақ үшін үлкен жауапкершілік, үделі міндет.

Жақау Дәуренбеков,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
«Құрмет» орденінің иегері,
«Ана тілі» баспасының
директоры

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.