ҰЛЫ ДАЛА ТУРАЛЫ ЖЫР

Елбасы ұсынған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаланы осылай да әңгімелеуге болар. Мақаланы түгел сүзіп оқи отырып, Өзінің туған даласын ерекше махаббатпен сыйпаттай білген Елбасының жазғандарына бұдан бұрын да талай тәнті болған жайым бар. Ал мына жазған дүниенің жөні мүлде бөлек болып тұр. Елін, жерін шексіз сүйген алып жүректің тебіренісі ғой бұл. Және бұл қазіргі қазақ дейтін жетілген ұлыстың ұлы тұлғаларының көбінің көкейінде жүрген толғаныстар ғой. Алайда ұлы даланы дәл бұлайша толғай білу әзірге Елбасы­ның ғана қолынан келіп тұр.

Мына ғажайып даланың ашыл­маған сыры қаншама. Біздің бабаларымыз бүгінгі ғылым, білімнің нәрі мен әрін келтіріп отырған ға­жайып жаңалықтардың бәрін өз қо­лымен жасаған. Оны өз өкілдері ар­қылы әлемге таратқан. Бірақ мұны еуропацентристік ілім осы күнге дейін мойындағысы келмейді. Іргелес өмір кешіп, тарихтың талай те­реңіне бірге көз жүгіртіп жүрген орыс ағайынның өзі де қазақ даласында бұрын мәдениет болған деген пікірге сене алмай келеді. Міне, осылай сан жылдар бойы санада шегеленіп әбден қалыптасып қалған ғылыми тұжырым-сымақтың мына ма­қала күлталқанын шығарды. Тіпті Дала өркениеті дегенге күдікпен қа­райтын өз ортамыздағы ағайынның ой санасын шайдай ашты десе де болады. Ойшылдарды да, күдікшілдерді де толғандыра түскен бұл мақаланың әлі талай жаңа іске бастайтыны анық.
Елдің тағдырын ойлап түн ұй­қысын төрт бөліп жүрген саналы ­сауатты азаматтың қай-қайсысы да бұл мақаладан тағлым алуы сөзсіз. Елбасы ұлы дала қырларын толғай отырып, сан алуан мамандық иелеріне ой тастап отыр. Бір қарағанда, әңгіме тарихшыларға ғана арналып айтылған тәрізді. Оны да теріс дей алмаймын. Сонымен бірге тіл маманы ретінде мені де талай ойға жетектеп отыр. Мақалада қозғалып отырған мәселенің ешбірінен де тіл мамандары тыс қала алмайды. Бұл тұрғыда:
Ең алдымен айтарым, мақала басынан аяғына дейін қазақ тілінің маржан сөздерімен жырланады. Бас алмай оқып шығасыз. Қандай сөздермен жазылған. Қазақтың байырғы, қазіргі сөздері негізгі ойды арқалап төгіліп отырады. Ойға алған мәселесін ана тілінде осылайша төгілдіріп жазу көп қайраткердің қолынан келе бермейді.
Екіншіден, Елбасы сөз еткен Ұлы даланың әрбір қырына орай тіл мамандарына да сан алуан мәселенің шеті шығып тұр. Мәселен, «Атқа міну мәдениетіне» байланысты пайда болған қаншама сөздер, афоризмдер, мақал-мәтелдер, нақылдарды жинап үлгердік пе? Жоқ. Қазақ малдың соңында жүріп, сөздің де шеберіне айналған. Жылқы малын зерттеген ғалымның айтуынша 2 мыңнан аса термин сөздер бар екен. Бұл не деген байлық. Ал оның түр-түсін атауға орай пайда болған 400-ден аса сөздер бар. Бұларды зерттеу объектісіне айналдырған жөн.
Сондай-ақ «АҢ» стиліне байланысты, алтын адам айналасына байланысты зергерлік бұйымдар атаулары қаншама. Ұлы Жібек жолының ұзына бойына орай туындаған ұғымдар мен атаулардың санын кім есеп­теп шығарыпты. Осының бәрін тебірене сөз ете отырып, Елбасы мамандарға зерттеу объектілерін нұсқап отыр.
Біздің заман – тарихи сананы жаң­ғыртатын заман. «Ұлы Даланың жеті қырындағы» екінші бөлім осы тарихи сананы жаңғырту мәселесіне арналған. Бұл жерде «Архив-2025», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» деп аталатын тақырыптардың қай-қайсысы да халқымыздың мәртебесін көтеріп, зерде зейінін тереңге нұсқайды. Болашақ ғылыми зерттеулердің ұлы арналары сараланған. Әңгіме – ендігі жерде осы бағыттан айнымай, ұлы даланың ұлы қырларын аша түсер келелі зерттеулер шоғырының туындайтынында. Ләһим солай болғай!

Өмірзақ Айтбаев,
ҚР Ұлттық ғылым
академиясының академигі,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының
докторы, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Әбу

    Е, Өмірзақ мырза, өзіңіз айдарлаған «Ұлы дала туралы жыр» болмаса, тілдің мықтылары әлі де өгізаяңмен жүре береді екенсіздер ғой, енді ояна бастапсыздар. «Қазақ тілі қоғамы» қайда? Оның облыстардағы бөлімшелері ше? Заманбек Нұрқаділов атын қойып берген қоғам еді… Ал «Жеті қырда» айтылғандар жаңалық емесін тіліші ғалымдар білмейді екен-ау… Сіз бастаған оларға біздің көктүрік дәуірінен басталған сан қырды бұдан ондаған жылдар бұрын жазған Лев Гумилевтің, бертінгі Мұрад Аджидің еңбектерін түгел және мұқият оқуға кеңес беремін.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.