ҚАЗАҚЫ ТАЗЫ – ҚАЗЫНАМЫЗ

Әдеттегідей қауырт жұмыс күні болатын. Қабылдауда отыратын қыз ішкі телефон арқылы хабарласып, бір адамның сөйлескісі келетінін айтты. «Қандай мәселе туралы?» деген сұраққа, «Ұлттық мәселеге байланысты» деді. Тақырып біз көтеріп жүрген тұлғатануға келіңкіремесе де, іздеп келіп тұрған адамға ең құрығанда жөн сілтермін деген оймен «Қосыңыз» дедім. Тұтқаны көтеріп едім, арғы жақтағы ер адам амандық-саулықтан соң өзін «Владимир Владимирұлы, кинологпын, ұлтым – неміс» деп таныстырды. «Айтатын мәселе – маңызды, қазақ халқы жеті қазынаның біріне балаған өзінің қасиетті тазысынан айырылуы мүмкін» деді. Жүрегім шым ете қалды… Қазақ тазысының бүгінгі жай-күйіне алаңдаған немісті көргім келді. Кездестік, бір сағат көлемінде сөйлестік. Кейіпкеріміз:

– Сіз қазақ тазысының ­Мысыр пирамидаларымен құрдас екенін, оның үш мың жылдық тарихы бар екенін, қазақ үшін жеті қазынаның бірі екенін, аштық жылдары бір тазы бір ауылды асырағанын, соғыс кезінде қазақы төбеттердің адам жанын арашалап қалғанын, баяғы заманда қазақ байлары қыздарының жасауына тазы бергенін, тіпті тазының неге «тазы» деп, төбеттің неге «төбет» деп аталатынын жақсы білетін боларсыз. Қазақ тазыларының әр өңірдегі түрлерінің неге әртүрлі болып келетіні, төбеті бар отарға қасқырдың неге жоламайтыны, төбеттің өз иесіне қарсы неге ұмтылмайтыны да белгілі. Қазақтың ырысы болып саналған мақұлықты қорғау, көздің қарашығындай сақтау керектігі туралы бірде-бір заңның жоқтығы өкіндіреді. Елбасының Қазақстанда туризмді дамыту бастамасын жүзеге асыру үшін халықаралық стандарттарға сәйкес ірі аэропорттарда иісшіл иттердің болуы керектігін, «ЭКСПО – 2017» кезінде халықаралық стандартқа сай болу үшін Англиядан төрт иісшіл иттің не үшін әкелінгенін көпшілік біле ме екен? Біздің иттерімізді үйретуге ешбір жағдай жасалын­байды. Бұл тақырыпты көтеріп, баспасөз беттерінде бірнеше мақала жазылғанымен, қолында билігі бар адамдарға айтылғанымен, ешбір нәтиже болмай отыр. Көршілес Ресей мемлекеті асыл тұқымды иттерін сақтап, қорғау үшін оны ұлттың мақтанышы деп арнайы заңды бекітуді қолға алған, соның ішінде қазақ тазысы да есепте жүр, егер ол заң жүзінде бекітілсе, қазақтың сан ғасырлар мақтанышы болып келген қасиетті тазысы өзге елдің асыл қазынасына айналмақ. Ол – өзге ел үшін нағыз асылды табу, қазақ елі үшін асылын жоғалту. «Рухани жаңғыру» дегенді күнде айтасыздар, рухани жаңғыруға өзекті тақырыптың бірі осы қазақтың тазысы мен қазақы төбет екенін білесіз бе? Мұндай тарихы тым тереңде жатқан ешбір елде жоқ, керек десеңіз, Еуропа, Ресейдегі асыл тұқымды иттердің барлығы осы қазақы тазыдан тараған, – деп ағыл-тегіл ақтарылып барып тоқтады.

Шынымды айтсам не деп жауап қатарымды білмедім… Расында біз той тойлаудан, түрлі басқосуларға барудан, ән айтып, концерт тамашалаудан, арзан күлкіге қарық болудан, біреудің өмірін сөз етуден, суреттен суретке түсуден қолымыз тимей жүргенде, Қазақстанның бір немісі жалғыз өзі қазақ тазысының, қазақы төбеттің жоғын жоқтап, жан ұшыра шырылдап жүр… Бельгер деген қазақ әдебиетіне, мәдениетіне, қазақтың тағдырына жаны ашыған бір немісті білуші едік. Міне, енді қазақтың жоғын жоқтаған екінші немісті көріп отырмын. Өз саласының жетік маманы екен, бұл кісінің үйреткен иттері халықаралық жарыстарда жүлделі орындар алыпты.
– Екі ұлым қазақ тілінде таза сөйлейді, заман солардыкі ғой. Осы саланың ортасында жүргендіктен, қазақ тазысының тағдырына бейжай қарай алмадым, уайымдаймын, инфаркт те алдым, – дейді жанын қоярға жер таппай…
Әгәрәки, ғайыптан тайып оларға тіл бітсе:
«Оу, адамдар! Ием-ау, сендерге үш мың жыл адал қызмет еттік, аштықтан сақтадық, саятшылықта қанжығаларыңды талай майладық, мал-жаныңа қарауыл болдық, «қазақтың тазысы» мен «қазақы төбет» деген атымыз бар, бізді неге ұмыттыңдар? Жаңғырудың бір саласын бізге бағыттасаңыздар, бізді құқықтық қорғауға алсаңдар, әлемдік көрмелерге бізбен мерейленудің реті келіп-ақ тұр емес пе? Пирамидадағы папирустардан түркінің Тазысы туралы жазбалар шықса не дейсіздер? Біздің тұқым азып барады ғой… Неге сонша түңілдіңдер? Ит те болсақ біз осы Тұран топырағының бір мүшесі емеспіз бе? Талайдың қанжығасын қандап едік, енді өзіміз өзгенің бөстергісінде кеткеніміз бе? Ата-бабаларыңмен бірге жасап келе жатқан жеті қазынаның бірі – мен! Аулаңнан ақсақ тана жоғалса атқа қонасыздар, біз де жоқтауға лайық едік қой… Сіздер рухы асқақ, көкбөрінің ұрпағы атанған елден емессіз бе?!» дер ме еді, бәлки?..
Владимир Владимирұлын мұқият тыңдадым. Бар айтқаным: «Қолымнан келгенінше халыққа жеткізейін, елге айтайын, осы мәселені тиісті деңгейде көтере алады-ау деген ұлт жанашырларына жеткізейін, депутаттарға айтайын, Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеуханға жеткізейін, қанша дегенмен ер-азаматтар ғой. Қазақта «Нар жолында жүк қалмас» деген сөз бар. Бір реті болар…» дедім.
Ойым он сан… Айтарымды айтқаныммен, бұл мәселеге жаны ашитын, оны тиісті деңгейде көтеретін тұлғалар бар ма?

P.S. …2018 жылғы 23 қараша күні Бекболат Тілеухан Ұлттық арнаға жаңа жылдық түсірілімге келетінін естіп қатты қуандым. Ағамыздың жолын түн ауғанша күтіп, кездесіп, мәселені түсіндіріп, қазақтың тазысы мен төбеті туралы мақалаларды қолына ұстатып, Владимир Владимирұлы Экктің байланыс телефондарын бердім. Тым-тырыс…
Ағайын, қазақтың тазысы мен төбетінің мәртебесін заң жүзінде қорғайық. Ит жылын босағадан кеше ғана шығарып салып тұрып иттерге иттік істемейік. Хандар мен билеріміз төріне оздырған Тазының тағдыры қатты алаңдатады…

Жаңылхан МӘМЕЖАНҚЫЗЫ,
«Қазақстан» ұлттық арнасының продюсері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.