Шекара беріктігі – ел тыныштығының кепілі

Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің құрылғанына 26 жыл толуына орай Боралдай кентінде орналасқан 2177 әскери бөлімінің тәрбие, әлеуметтік-құқықтық және идеологиялық жұмыстар бөлімі (ТӘҚжИЖ), Іле аудандық әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі және аудандық кітапханасының қызметкерлерімен бірлесе отырып, жергілікті тұрғындар арасында Шекара қызметінің имиджін көтеру, оларды патриоттыққа тәрбиелеу және Шекара қызметінің тарихымен таныстыру мақсатында «Шекарамыздың беріктігі – ел тыныштығының кепілі» деген атаумен дөңгелек үстел өткізді. 

ҚР ҰҚК Шекара қызметінің құрылу тарихы туралы әскери бөлім командирінің орынбасары – бөлім бастығы подполковник Серік Толеуханов баяндап, шекарашылардың Отан алдындағы қызметінің маңыздылығы мен ерекшеліктерін атап өтті. Сондай-ақ Боралдай елді мекенінде орналасқан шекарашы – авиаторлардың тарихы, әскери бөлімнің әскери ұшқыштарымен Ұлы Отан соғысы, Ауған соғысы жылдары көрсеткен ерліктері туралы баяндалды. Әр ұйымның өкілдері ҚР ҰҚК Шекара қызметі күнімен әскери бөлімнің командирін, жеке құрамды Шекарашылар күнімен құттықтап өз тілектерін білдірді. Аудандық кітапхана меңгерушісімен кітапхана атынан әскери бөлімге «Жетісу» өңірінің ескерткіштері және мұражайлары туралы естелік кітап сыйға тартылды.
Ана тілін сүюді сезінбеген сарбаз, Отанға деген сезіміне де сендіре алмақ емес. Қат-қабат түрлі тапсырмалардың талайында жүргенмен әскери бөлімдерде, отбасы құндылығы, тілге, салт-дәстүрге деген құрметті биіктету мақсатында түрлі шаралар өткізіліп тұрады. Оның бір айғағы – 2177 әскери бөлімінде «Сержанттар күні» байқауына арналған іс-шаралар өткізілді. Офицердің бірінші көмекшісі ретінде сержанттардың абыройы мен мәртебесін көтеру мақсатында өткізілген бұл сайысқа гарнизон бөлімшелерінен өз бақтарын сынауға үміткерлер шығып, өнерлерін көрсетті. Үш аталымнан тұрған байқауда сержанттар бар күштерін, ынта-жігерін сала сайысқа түсті. «Шекаралық шеберлік» аталымында сержанттарымыз дене дайындығы бойынша жоспарды тапсыра келе, оқу пәндерінен де тест сұрақтарына жауап берді. Сауалдар шеңберіне шекара қызметінің тактикасы, Қарулы күштердің Жарғысы, арнайы дайындық пәндерінен дайындалған пікірлер мен сауал­дар саяды. Оның ішінде «Менің елім» – аталымында мемлекеттік құрылымның негізі, еліміздің заманауи тарихы, мемлекетімізбен жүргізіліп жатқан сыртқы және ішкі саясаттары бойынша тест сұрақтары таратылды.
«Мемлекеттік тіл» атауы бойынша «ҚР ҰҚК Шекара қызметі Мемлекеттік шекара күзетінде» тақы­рыбында шығарма жазу тапсырылды. Бұл номина­цияда сержанттар өз ана тілінде шығарма жазып, мемлекеттік тілдің мәртебесін айқындай түсті. Құрылған қазылар алқасының шешімімен 2177 әскери бөлімінің «Үздік сержанты» атағын коменданттық ротаның аға атқышы, ефрейтор Айдын Бүркітбаев жеңіп алып, бағалы сыйлықпен марапатталды. Бөлім командирінің бұйрығымен ефрейтор А.Бүркітбаев туралы мәліметтер бөлімнің құрмет кітабына енгізілді. Екінші орын байланыс және радиотехникалық қамтамасыз ету ротасының радио және сымды байланыстар взводының радиоторап бастығы, ­сержант ­Ержан Абсеитовқа беріліп, үшінші орынды авиациялық техникалық бөлімі, жөндеу және пайдалану тобының механик жүргізушісі, қатардағы жауынгер Сипат Әділбай иемденді.
2177 әскери бөлімі еліміздің және Ресей Федерация­сының жоғарғы әскери авиациялық оқу орындарының 2018 жылғы түлектерін қарсы алды. Әртүрлі оқу орындарынан келген жас лейтенанттар авиациялық базада бас қосып, Шекара қызметінің күнделікті қызметтік-жауынгерлік іс-әрекеттерімен танысты. Жас лейтенанттармен оқу-әдістемелік жиын өткізіліп, жиын барысында Шекара қызметінің авиациялық қызметінің ерекшеліктері жайында сабақтар өткізілді. Тиісті киім-кешек үлесімен қамтылып, медициналық байқаудан өтті. Авиациялық базаның командирі, полковник Е.Смағұлов жас лейтенанттарға ақ жол, алдағы қызмет­теріне табыс тіледі. Салтанатты түрде әскери бөлімнің жас түлектері жауынгерлік тумен танысып, әскери бөлімнің мұражайына саяхат жасады. Бөлім кітапханашысы М.Полунова жас лейтенант­тарды мұражайдың әр жәдігерінің тарихын тереңнен қозғап, әскери бөлімнің жауынгерлік және даңқты жолдары туралы әңгімеледі. Жиын соңында «Жас лейтенант күні» шарасы өткізіліп, бөлім командирінің орынбасары – бөлім бастығы, подполковник ­С.Толеу­хановтың басқаруымен офицерлер Алматы қаласының меймандостығымен танысуға шықты. «Медеу» мұз айдыны, 28 Панфиловшылар паркі, Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайында болып, қызмет атқаратын әскери бөлім орналасқан жердің тарихымен танысты.

С.Қалымов,
2177 әскери бөлім
бастығының орынбасары

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.