Шетел әндеріне неге әуеспіз?

Қазір біздің эстрада саласында не көп, ән байқауы көп. Телевизиялық жобалар да аз емес. Түрлі бағыттағы өнерлі жастар бар шеберліктерін көрсетіп ән сайыстарына қатысып жатады. Өнер болған соң бәсекелестік, бір-бірінен озу деген болады. Ол – заңдылық.

Өнерге бір табан жақын болған соң осындай байқауларды қадағалап жүретінім бар. Өкінішке қарай, еліміздің белді-белді телеарналарынан көрсетіліп жүрген ән сайыстарында көбінесе шетелдің әндері орындалып жатады. Қазақтың бір тамылжыған әнін естісемші. Әлде мен қателесем бе? Үнемі қазақ әнін тыңдайыншы, қазіргі жас әншілер бұл әндерді қай деңгейде шырқайды екен деп ойлап отырамын. Бірақ үмітім ақталмайды. Бәрі шетінен шетелше ән айтуға құмар. Дауыстарының мықтылығын көрсеткісі келе ме, әйтеуір, қиянға шырқаған әндерге басымдық береді. Ал сонда өзіміздің қазақи, халық әндерімізді неге шырқамайды? Халқымызда кең тынысты, алты қырдың ар жағына жететін әндер баршылық. Тек соны айта білетін әнші болса болғаны. Меніңше, елімізде өтетін ән байқауларында ұлттық туындыларға басымдық берілуі керек. Шетел әндерін айтқанымен біздің өнеріміз өрлемейді, өркендемейді. Осыны жастарымыз ұғынса екен деп жазып отырмын. Тележобаларды ұйымдастырушылар да мұндай мәселеге жіті қараса деймін. Кезінде тәуелсіздікті аңсағанда, азаттықты армандағанда ұлттық құндылықтарымызды өз қолымызға алуға да ұмтылдық емес пе? Ал енді Тәуелсіздігіміз қолымызға тигенде осы мәселеде шабан тартып қалып жатсақ қалай болғаны? Ойланайық, ағайын! Әннің бәрі жақсы, бірақ өз тіліңде шырқалған ән, өз сазгерің шығарған ән бәрінен де жақсы дер едім. Бұл ана тіліміздің аясын кеңейтуге де кеңінен жол ашатыны сөзсіз.

Байзолда КӨШКІНБАЙ
Ақтөбе

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Аноним

    О, жарандар, «Ұрлықшы қыз» деген ән шықты. Әншілеріміз оны әуелете шырқап жатыр. Сөз мәніне көңіл бөлген ешкім жоқ сияқты. Әндер шығып жатыр ғой. Осы ән мәтініндегі «мен мұндалап» тұрған «Ұрлықшы » деген сөз жаңадан пайда болған сөз көрінеді. Сол үшін бір сүйінші сұрап қою да керек шығар. Түсіндірме сөздікте осы сөз бар ма екен. Қазақ қазақ болғалы бұлай емес, яғни «Ұрлықшы » емес «Ұры» деп атаушы еді. Ұрлықшы қыз емес , ұры қыз деуші еді. Біз тіл заңдылығын аттап, сөз саптау ережесін көзге ілмей қай жаққа бара жатырмыз?

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.