ЖАҚАЕВ және ҚОНАЕВ

«Ұлы даланың жеті қырында» «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты бөлім бар. Онда «Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады» дейді. Біздің де еңбекпен аты шыққан қос ұлы бабамыз бар. Мәселен, Ыбырай Жақаев өткен ғасырдың 40 жылдары бұрын тек Шығыс елдері ғана күтіп-баптап келген  күріш дақылын өсіріп, «қазақы салы» деген сортын шығарып, қарны ашқан елін тойындырса, Жазылбек Қуанышбаев  еділбай қойын өсіріп, қазақтың өзіндей қара қойдың тұқымын сақтап қалды. XIX ғасырда өмірге келіп, XX ғасырда дүниеден өткен осы екі алыптың есімін соңғы ұрпақ біле бермейді, «көзден кетсе көңілден де кеткен» сыңайы бар. Ал көгілдір экран басындағылар бұл есімдерге қорқасоқтай қарап, хабар жүргізуге келгенде «Бұл тек облыс әкімдерінің ұсынысымен болатын жоба ғой» деп бардан жоқ жасап бағуда. Диқан мен қойшының ірілігі мен кісілік келбеті нағыз қазаққа тән қасиет деп білеміз. Қара кетпеннің қайсар иесі Ыбырайға құрметпен қарап өткен ел ағасы Д.А.Қонаев екеуінің арасындағы кішік көңілді көріп, ұлы даланың ұлы есімдерін бір сәт еске алып, ойға шомсақ…

Даңқты диқан Ыбырай Жақаев 75-ке толғанда ел басшысы Дінмұхамед Қонаев арнайы келіп құттықтап, қолын алды. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары соғылған диқанның қыш үйі көне мұражай секілді. Дөңгеленіп тұрған қап-қара кәнтрамарка-пеш таскөмірге жылынған қара қазақтың бейнесін көз алдыға тартқандай.
– Сексеуіл мен жыңғыл да жаға­сыздар ма? – деп сұрады Димекең.
– Табылса жағамыз, – деп жауап берді Ыбырай.
– Жаңа үй соғып бермейсіздер ме, – деп Қонаев облыстың бірінші басшысы Бектұрғановқа қарады.
– Қара орнымнан қозғалмай-ақ қояйын. Осы үйден жаман болған жоқпын. – Ыбырайдың сөзіне Қонаев жымиып тұр екен.
– Көлігіңіз бар ма?
– Лөгкебайым бар.
– Жетпіс бес жылдығыңызға өз атымнан жаңа лөгкебай жіберемін.
Бір айға жетпей Қонаевтың жеке тапсырысымен жаңа үлгідегі «Уазик» келді. Ескісін ізімді басқан інім деп менің әкеме берді.
Шал көне үйде көз жұмды.
1949 жылы соғылған қыш үй мұра­жай болуға сұранып-ақ тұр.
Бірақ осыны сұрайтын біреу бар ма екен?
***
Ыбырайдың зайыбы дүниеден өткенде Дінмұхамед Қонаев ресми көңіл айтудан бөлек, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев арқылы өзінің кішік көңілін білдірді. Жазекең:
– Қонаев таң атпай «Мәскеуге жол жүріп бара жатыр едім» деп тілипон соқты, өзінің көңіл айтуын маған тапсырды. – Шал үнсіз томсарып қалды. Сосын: – Аға, қамықпаңыз, әлі-ақ аяқтандырамыз, – деп тоқсанға тақаған ағасына қалжың аралас тоқтау айтты.
– Жаның ашып отырса екі қатыныңның біреуін бермейсің бе? – деді Ыбырай көңілі көтеріліп.
Осы сөзді сол кездегі Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімовтен естіген Димекең ішек-сілесі қатып бір күліп алып:
– Осылай сөйлейтін шалдар азайып бара жатыр ғой, – деп мұңайып қалыпты.

***

Дінмұхамед Ахметұлы зейнетке шыққаннан кейін үйіне барып, «Қонаев және Жақаев» деп тақырып қойған эссемді оқып бердім. Жарты сағаттай тыңдап, ара-арасында сұқ саусағын шошайтып, «Онда қасымда «Главриссовхозстройдың» бастығы бар еді» деген сияқты қосымшалар енгізіп отырды. Ең соңынан «Добро!» деп сұқ саусағын көтерді де, «Қалқам, Жақаев менен 21 жас үлкен, менің әкемнен төрт-ақ жас кіші, сондықтан Жақаевты алға шығар» деді көз алдына шалдың кескінін әкелгендей боп. Сөйтіп, «Жақаев және Қонаев» деген эссем өмірге келді.
Шұқшиып оқығандар шындыққа көз жеткізе алмай біраз дел-сал боп жүрді.
***
Ыбырай КПСС XXIII съезіне делегат боп барғанда Димекең Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің 1-хатшысы Өзбекәлі Жәнібековке: «Қарт кісіні шаршатып алма, өзің бірге жатып, бірге тұрып, бас-көз боп жүр» деп тікелей тапсырыпты. Өзекеңнің бізге күйеулігі бар, шағып сөйлейді, зейнетке шыққаннан кейінгі бір кездесуде сол әдетімен әңгіме бастады.
– Әкең съезд төрінде, Брежневтің қатарында отыр, түк түсініп отырған жоқ, – деп іліп өтті. Өзі кімге болса да «сен» деп сөйлейді, мен де жезделік жалынан шап беріп ұстай алдым.
– Ол сіз сияқты КазПИ-ді бітірген жоқ қой.
– Кешке дейін қақиып отырып, босқа шаршайды. Онан да кетпен шапқаны жақсы еді. Бөлмеге шөлдеп келеді де, «Шәй қой» дейді. Бір күні «Неге шәйді іше бересің?» десем, «Мәскеудің суын аяп отырсың ба?» деді. «Сендердің бір айтарларың бар ғой» деп, Өзекең күйеулігін көрсетіп, рақаттана күліп алды.
***
Ауыл шалдары Ыбырайды ортаға алып: «Осы сіз Қонаевты көп көресіз, өзі қандай адам, айтшы?» деп қолқа салыпты. Сонда айтқаны бір-ақ ауыз сөз: «Жұрттың ішіне пышақ айналмайды, Қонаевтің ішінде ерттеулі ат айналып жүре береді».
***
Диқан 75-ке толғаннан кейін кетпенді біржола қойсам деп, бірақ үн-түнсіз кетпей, бір ауыз ескертейін деп Қонаевқа келді. Сонда Қонаевтің айтқаны:
– Аға, сіздер Сталиннің көзін көрдіңіздер. Сіз 49-жылы алғаш Еңбек Ері болғанда, біз қызметке енді ара­ласқан қылшылдаған жігіт едік. Менің де әкем бар, сізден төрт жас үлкен. Сол кісі осы Балқашта, Ақдала алқабында, қартайғанда егін егем деді. «Соны қайтесіз» десем, «Сенен ақыл сұрамаймын» деп бетімді қайтарып тастады. Сондай-ақ сізге не дейін? Өзіңіз білесіз, аға. 75-ке дейін кетпен шаптыңыз, енді жастарға ақылшы боп, білмегенін үйретіп жүрсеңіз, сонан артықтың керегі не? – деп, қызмет бөлмесінде отырып, ұрты томпай­ған шәйнектен шалға өз қолымен шәй құйды. Еркін отырыс, нағыз ер-аза­маттың әңгімесі болды.
Диқан зейнетке шығысымен Сыр бойында жақаевшылар қозғалысы кең етек алды.
***
«Алматының Ақдала алқабына күріш өсіруге бола ма, Жақаевты әкеп, топырағын көрсетіңдер» деп, Қонаев Ауыл шаруашылығы міністіріне пәрмен беріпті. Сонда мөп-мөлдір суға үңіліп тұрып диқанның айтқаны жалғыз ауыз сөз – «Суы мөлдір екен». Міністір сыр тартып сұрағанда айтқаны – «Мынау Сыр суындай қоймалжың емес, таза су ғой, ескірген судан егіс те ауырып қалады».
Осыдан кейін Ақдала алқабын игеру басталып кетті. Топырақпен жаны бір адамның аз сөзі артында мәтел боп қалды.
***
1972 жылы Қазақстан Жазушылар одағында «Әдебиеттегі еңбек адамының бейнесі» атты тақырыпта пленум өтті. Қос еңбек ардагері Ыбырай Жақаев пен Жазылбек Қуанышбаев құрметті қонақ боп шақырылды. 1-хатшы Әнуар Әлімжанов баяндама жасап болған соң алғашқы сөзді Ыбырайға берді. Сонда жәй басып мінбеге көтерілген сексеннің сеңгіріндегі диқан үш-ақ ауыз сөз айтты: «Диқан кетпеніне, қойшы қойына, сіздер қаламдарыңызға ие болсаңыздаршы» деп мінбеден түсе берді. Осы сөзді естіген Д.А.Қонаев бір жерде Ә.Әлімжановқа: «Жазушылардың не істеу керектігін кетпенші айтып кетті ме?» депті күлімсіреп. Сасып қалған 1-хатшы: «Иә, иә» деп басын изей беріпті.

Қуан БОҚАЙ

  • Сурет-шежіре

Түркияда

Кешегі Кеңес заманында Қазақстанды басқарған Дінмұхамед Қонаев 1992 жылдың 11 қазанында Түркияда Ыстанбұл қаласында болды. Ол кезде шетелде аккредитацияға тіркелген тұңғыш қазақ журналисі – Қазақ телевизиясы мен радиосының Түркиядағы тілшісі қызметінде жұмысты бастаған едім. Сондағы жергілікті қазақ диаспорасы өкілдерімен кездесуін өткізуге себепкер болып, ұйымдастыруына тікелей атсалыстым. Сол ағайындармен кездесуде Димаш аға: «Енді тәуелсіз ел болдық, әрине Алланың қолдауымен, атажұртқа, Қазақстанға, елге қайтыңдар, бір шаңырақтың астында бірге боламыз, сонда ғана тәуелсіздігіміз баянды болады» деп тебірене сөйлеген еді.
Сол бір көріністі бейнелейтін Ыстанбұлдағы тарихи сурет.
Мен де Дінмұхамед Қонаевпен бірге болған кездерімді, сұхбат алған сәттерімді үлкен бақытқа теңеймін. Өйткені алып жүректі азамат бүгінде елдің бағына айналған Елбасы Н.Назарбаевтай тұлғаны тәрбиелеген ұлы Қазақ. Қонаевтың аты мәңгі өшпейді.

Бақанаста

Қазақтың біртуар азаматы, елу жыл ел басқарған, ұлы тұлға Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Өйткені ол қазақ үшін, Қазақстан үшін айрықша еңбек етті. Димаш ата елін сүйді. Туған жерге қызмет етті.
1991 жылы Дінмұхамед Ахметұлы туған ел деп Балқаш өңірі Бақанас ауылына көп баратын еді. Сол бір сапарында мен де телекамераны алып, суретке түскен едік.
Ортада – Дінмұхамед Қонаев, Ержан Уайс, Құрылыс Тілешов, Тілек Алдабергенов, Аман Шабдарбаев, т.б. азаматтар.

Ержан Уайс,
Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері, тележурналист

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.