Зерделі ойдың зергері

Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облысындағы белді де беделді мүшелерінің бірі Төрехан Майбас бүгінде алпыс деген асудың белортасына келіпті. Шығармашылық жолдың да нағыз беласуына табан тіреп отыр. Алда әлі шыңы бар. Жазғандары сайрап ел алдында, жазбағандары шығармашылықтың қара қазанында бұрқ-сарқ қайнап жатқаны анық.
Әдебиет ауылына жастай жанасып, ертерек қоңсы қонуға ниеттенгенімен, Төреханның талай жылы бейнеті басым журналистика жолында өтті. Әлі есімде, «Төрехан Майбасов» деген есім әдебиетті төңіректеп жүргендерді осыдан 40 жылдай бұрын елең еткізген-ді. Оның бөлекше бір иірімді «Құралай айы» деген және басқа да бір-екі өлеңі республикалық «Жалын» альманағында 1976 жылы жарияланған-тын.

Ол кезде жас таланттар үшін ­«Жалында» шығу деген — арман. Одан қалды, Қарағанды жақта оқитын студенттермен кездесе қалсаң, әңгімелері тағы да Төрехан Майбасов, Базар Мамыр, Тортай Сәдуақасов өлеңдері төңірегінде. Арасында: «Арқада — зауза, көк аспан төсі иініп. Жақындап күндер жаңбыр мен қары аралас. Тіршілік біткен болған жоқ әлі киініп, Сұлулық жатыр жалаңаш» деп Төреханның өлеңін жатқа оқитын жастар көбейіпті. Енді бірде Төреханның «Керат» деген әңгімесі жастарды дүр сілкіндірсін. Сол кездегі әдебиетке құштарлыққа таңғаласың. Қарағандының студенттері «Кераттың» машинкаға басылған нұсқасын қолдан-қолға көшіріп, таласа оқитын көрінеді. Бұл әңгімесіне кезінде қазақтың аса талантты қаламгері Оралхан Бөкей ерекше ықылас танытып, жақсы баға бергені көзі қарақты жұрттың есінде болар.
Шығармашылық ортаға Төрехан осылайша ерте танылды. Қатарлас студенттер қыз қуып жүргенде, бұл ой қуып жүріпті. Қай мезгілде болмасын қолынан кітабы түспейді екен. Шығыс пен Батыстың небір ғұламаларының сирек туындыларына тәнті болды. Білім нәріне сусындай жүріп, бойдағы талантына да жол аша білді. Әуелде өлең өрімдерімен елең еткізген ол проза жанрларына да түрен салды. Сол кездегі қалыптасқан қатаң стилді бұзып-жарып, бөлекше жазуға ­тырысты. Қатарластары мен қаламдастары таңырқады. «Төреханның жазуы біртүрлі» десті. Осылайша Төрехан Майбастың шығармашылық әлемдегі өзіне тән қолтаңбасы мен шұрайлы жолы қалыптасты. Әрине, бірден қалыптасты десек артық болар. Шырғалаңы мол жол тақтайдай жазық болмайтыны белгілі. Ол шығармашылық шыңдалуда да, өмірде де мехнаттың біразын көріп бақты.
Екеуміздің алғашқы рет жүздесуіміз де есте қаларлықтай еді. Қарағанды университетін тәмамдап, дипломды қалтаға салған Төрехан Ақшатаудағы ата-анасын қуантқалы ауылға бет алған беті екен. Тағдырдың жазуын көрмейсіз бе, Ақадырда пойыздан түскен ол автобусқа дейін бос жүрмейін деп аудандық газет редакциясына бас сұғады. «Ақадыр таңы», «Агадырская новь» деген қос тілді газеттің бас редакторы, марқұм Марал Хасен кезекті еңбек демалысында болатын. Орнында қалған орынбасары мен едім. Киіктің асығындай ғана қараторыдан да қоңырқай жігіт алғашқыда маңғаздау көрінді. «Қарашаңыраққа бас сұға кетейін деп келдім» дейді. Жай ғана, баппен сөйлейді. «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» деген. Таныса келе, атына сырттай қанық Майбасов Төреханым осы жігіт болып шықты. Шұрқыраса табысып, мән-жайды білісіп жатырмыз. «Егіндібұлақта ақын Кәрім Сауғабаев ағам жұмысқа шақырған еді. Үйге барып қайтайын деп келе жатырмын» дейді мағұрланып. Содан не керек, енді мен жабысайын аты мәшһүр талантқа. «Егіндібұлағың не, мына жерден ауылға барып тұрасың. Ақадыр дүрілдеп тұр. Үй аласың» деп үгіттеп, Төкімге қолма-қол өтініш жаздырып, жұмысқа алып жіберейін. Жастық албырт кез ғой. Бір орынның бос тұрғанын білемін, әрі Марал бастығымды өзімсініп, талантты жасты қатарға тартқаныма қуанар деп қоямын. Бұл — 1980 жылдың күзгесалым кезі еді.
Төрехан екеуміздің журналисти­кадағы тамаша мектебімізге айналған «Ақадыр таңы» сол кезде біз үшін ерекше ыстық басылым болатын. Мұның алдында ғана Қызылтаудағы өмірбойғы мұғалімдігін біржола шығармашылыққа айырбастап келген жазушы Өмір Кәріпов, ақын Айтақын Жексенбаев, Тәуелсіздік жылдарының елең-алаң кездерінде республикалық «Алтын орда» басылымында өткір проблемалық мақалаларымен танылған, марқұм Рәзиға Әшеева сынды сайдың тасындай іріктелген қызметкерлердің қатарын енді Төрехан Майбасовтың толықтыруы шынын айтқанда, ұжымның шығарма­шылық қуатын күшейте түскендей болды. Оған редакторымыз да риза пейілін білдірді. Байқаймын, жаңа қызмет­керіміз ауыл қарияларының ойға тереңін, сөзге зерегін көбірек төңірек­тейтін сыңайлы. Біз одан өндірісті, күнделікті шаруашылық науқанын жазғанын қалаймыз. Ол болса, ел мен жер тарихына қарай ойыса береді. Әріден суыртпақтап, аз тұспалмен көп нәрсені аңғартқысы келеді. Әрбір жазған мақаламызды партияның шешімдерімен тұздықтап, кәмөнестік тұрғыдан түйіндеуге қалыптасып қалған бізге оның кейбір жазғандары да біртүрлі көрінетін. Алайда сол кезеңде екі кітабын шығарып үлгерген қаламгер Өмір ағамызға Төреханның сөз саптауы ұнайтын сияқты. Шекараның арғы бетінен келген, «қызыл өкіметті» іштей онша жақтыра қоймайтын Айтақын да оның еркін ойдың лебі есетін бірдеңелерін хош көретінін аңғара бастадым. Ойы жүйрік, қаламы қарымды Төрехан аз уақытта газет ісінің де қыр-сырын жетік меңгерді. Бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, кейін аудан тарағанша газеттің бас редакторы қызметтерін абыроймен атқара білді. Осылайша біз Ақадыр атырабында табысып, бауырласып достасып кеткен едік.
Айта кету артық емес, Шет, Жаңаарқа, Ақтоғай аудандарынан құралған халықтың басын қосып, береке-бірлікке ұйыған Ақадыр сол замандағы дүрілдеген тамаша аудан болатын. Төрехан осы құтты өңірдің адамдарын да, өндірісін де, ел мен жер тарихын да тамыршыдай дөп басып жазып бақты. Шыңдалып, ширығып қоғамдық өмірдің белсенді күрескеріне айналды. Бұл қасиет оның бойында ­жастайынан қалыптасқан десе болады. Бір топ жастар Қарағандыда «Жас қазақ» ұйымын құруға талпыныс жасап, соның ішінде болған Төрехан 70-жылдардың басында саяси көзқарасы үшін комсомол қатарынан аластатылғаны бар. Партияға өтуге талпыныс жасағанда осы оқиға алдынан шығып, оның да мехнатын біраз шекті. Тәуелсіздік таңы атқанда миығынан күлген батыр «Азат» қозғалысының мүшесі болды. Облыстық Мәслихат депутаттығына сайланды. Сол кезеңде тіл мәселесін, Ақадыр, Ақшатау өңірінің әлеуметтік түйткілді жағдайларын сессия­да жүйелі көтеріп, қайраткерлік танытты. Радиацияға байланысты кеншілер мекені Ақшатаудың басына қиындық туған шақта да Төрехан үлкен дүбірдің ортасында жүрді. Мыңдаған тұрғыны бар кенттің іргесі сөгілмеуін ойлады. Қайран Ақшатау, қазір қаңырап бос қалды. Төрехан дос­пен бірге үйіне барғанда Әкімжан әкейдің әңгімесін тыңдап, Қуаныш анамыздың қолынан талай дәм татқан едік. «Керат» әңгімесінің өзегі шахтер болып істеген әкесінің өмірінен алынған. Жасында Төрехан да еңбек жолын осы Ақшатаудағы Оңтүстік-Шығыс кенішінің шахтасында кеншіліктен бастапты. Бір сапарымызда шахтаға дүмбілез болып түсіп, 2-3 сағаттай шыңырауда сыз кешіп келіп дүрдей болып шыққанымыз да есімде. Қазірде олай-бұлай өткенде, сол қарақорымдағы қарашаңырақтың жұрты ғана қалғаны Төрехан досыма қатты бататынын да сеземін.
Бүгінде Т.Майбас – тарихи жадымызды жаңғыртумен қатар, ұлтымыздың сөйлеу мәдениетінің көмескіленіп бара жатқан тұсының шоғын үрлеп, қоламтасын қыздырып жүрген қаламгердің бірі. Ол 1998 жылдан бері облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде қызмет істеді. Арасында бес жылдай «ҚазАқпарат» баспасының директоры, республикалық «Жас қазақ» апталығының Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі болды. «Орталық Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасарлығынан зейнеткерлікке шықты. Газет бетінде талай тұлғалы азаматтар туралы портреттік мақалалар, ел мен жер тарихы, батырлар мен билер туралы зерттеу-әфсаналар, танымдық дүниелер жазып келеді. Кейіпкерлерінің ішкі жан дүниесін ашуда психологиялық иірімдерді шебер пайдаланады. Әр сөзді жүйесімен қолданады. Оның көркем тілмен көмкерілген кесек жазбалары ел газеті «Егемен Қазақстанда», «Қазақ әдебиетінде», «Ана тілі» басылымдарында да жиі жарияланады. ҚР Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісінің иегері, Шет ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі атанған қаламгердің баспадан атанға жүк боларлықтай «Елқұжат», «Абадан», «Шікіл», «Үшінші ауыл», «Оныншы ауыл», «Айбар», «Жауһар», «Портреттер» атты кітаптары, «Айбөкен» әңгімелері мен хикаяттары жарық көрген. Таңдамалылары «Сарыарқа кітапханасына» енгізілді. Жинақтарының аты айтып тұрғандай, оның қалам тербесі, ой зерделеуі де ерекше. Ол халқымыздың бесболат, берек, баябан, борлат, қоқыр, місекер, сақсыр сияқты көптеген көне сөздерінің мән-мағынасын ашып, айналымға шеберлікпен енгізуде. Қаламгер замандасымыз есімдері көмескілене бастаған тұлғаларды жаңғырту жолында да жанкештілікпен еңбек етуде. Шет өңірінен шыққан Дияқажы, Сәбит Адамияұлы сынды көптеген ақындардың шығармаларын жинақтады, ауданның энциклопедиясын шығарды, «Көкбөрі Жарылғап батыр», «Сеңкібай батыр», «Жалаңтөс», «Бәйсейіт би» сынды көлемді туындылар жазды. Айтулы қаламгер Ақселеу ағамызбен кезінде пікірлес болып, Төрехан біраз бағыт-бағдар алған еді. Соның арқасында күй өнерін зерттеуге бет бұрып, еңбек сіңірді.
Жалпы Т.Майбастың этнография­лық-танымдық ізденістері ерен. Қасқыр үйірін әуек деп атайтынын, әуекті абадан бастайтынын мен өзім Төреханның жазғанынан білдім. Сөйтсек ол көнедегі Жиембет жырау жырларында да кездеседі екен. «Қылыш — қынапта, пышақ — қында жатады» деп пайым­дайды қаламгер. «Атам қазақ сүт шайқаса қаймақ алам демейді, май алам деп шайқайды. Қазақтың сөйлеу мәдениеті солай» дейді, соңынан ерген жастарға – аға, әріптестерге – ұстаз болып жүрген азамат. Әсілі, Төрехан Майбас – өзгелерден бөлекше жазатын сарабдал қаламгер. Тақырып таразылауына қарай қаламдастары арасында этнограф жазушы атанып жүр. Мен болсам, Төреханды халқымыздың тереңде қалған мәйекті сөзін тірілткен, зерделі ойдың зергері деп бағалар едім.

Амандық РАХҰЛЫ,
Қазақстан Республикасы
ақпарат саласының үздігі

Қарағанды облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Сәбит

    Амандық өте дұрыс айтады. Мен толық қосыламын. Оның бір ғана кінәраты бар. Арамызда төрт-ақ жас айырмашылық бола тұра мені «аға» дейді. Енді осы Төреханмен жасы шамалас Төкен Әлжантегі мені білдей бес жылға жасартып кәдімгі өз есіміммен атайды. Төреш, сен де сөйтші!

  2. Ермек

    Амандық Рақұлына 100 пайыз қосыламын,қосып,алар сөзім жоқ. Ақадыр таңы,Агадырский новь редакциясы мен үшін өте ыстық есте қаларлық үжім,өйткені мен осы редакцияда ең алғашқы еңбек жолымды фота тілші болып бастадым,сол уақыттағы ағайлар мен апайларға мың алғыс! Барына,мықты денсаулық,алланың берген жасын жасасын; марқұмдарға жатқан жері жайлы,топырағы торқа болғай-деймін.Ағамыз,Төкеңе(Төрехан Майбас)зор ден саулық,шығармашылық табыс тілеймін: Тұтқышев Ермек Төлеу ұлы-Қарағанды облыстық»Отан»қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

  3. Аноним

    Менде авторға толық қосыламын. Ақадыр десе елең етем ойткені жас маман болып еңбек жолын осы ауданда бастадым. 1980ж. Ақадыр ауданының комсомол комитетінің бірінші xатшысы болдым сол уақыттан бері жаны жайсан Тореxан замандасымызды білем. Елім үшін деген жүрегі бар, халқыма болсын деген тілегі бар азамат. Туған жеріне, елі мен қазақ жұрты үшін қызмет етіп жүрген Тореханға қаламы мұқалмай творчестволық табыс, сәттілік пен баянды бақыт тілеймін. Сайлау қажы.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.