ЖОЛ (Эссе)

Нұрғали ОРАЗ

Далада боран уілдеп, аш қасқырдай ұлып, үрейімізді ұшырады. Біліс ағай тақтаға төрт бұрыш сызып, бізге сабақ түсіндіріп тұр. Сырттағы жел күшейіп, «әттең, мектепте отырсыңдар ғой, әйтпесе мен сендерді тақтадағы үш бұрыш, төрт бұрыштарыңмен қоса ұшырып жіберер едім» деп өршеленеді.
Бір кезде ағай бері қарай бұрылып, қолына жұққан борды қағып тұрып:
– Ал енді, үйлеріңе қайта беріңдер, — деді. – Соңғы сабақ болмайды… Бүгінгі мынау ақ түтектің түрі жаман ғой. Күн жа­рықта үйлеріңе жетіп алмасаңдар болмас.
Бәріміздің де күтіп отырғанымыз осы еді, алдымыздағы кітап-дәптер­лерімізді апыл-ғұпыл жинап, бір-бірімізді қаға-соға сыртқа қарай ұмтылдық.
Біздің үй ауылдың шетінде болатын. Мектеппен екі арада ашық алаңқай бар еді. Біліс ағайдың айтуынша ол жер кейін саябақ болмақ. Сол үшін былтыр ағаш отырғызамыз деп біраз шұңқыр қазғанбыз. Бірақ күзде көшет әкелуге ағайдың қолы тимей, сол күйі қардың астында қалып қойды.
Оуп! Омбылап келе жатып кенет әлгі шұқанақтардың біріне күмп беріп қалай түсіп кеткенімді өзім де байқамай қалдым. Әдеттегіден тереңдеу екен. Шамасы, жоғары сыныптың балалары қазған болса керек. Әуелгі талпынғанымда, қолыма ілігетін ештеңе болмай, қайта сырғып түстім. Тырбаңдап қайта ұмтылдым. Ең сорақысы, мен тырбаңдаған сайын шұқанақ тереңдей берді. Үстімдегі пальтом да ап-ауыр еді. Тар жерге кептелдім де қалдым. Көкем былтыр Арыс қаласынан сатып әкеп бергенде: «Міне, енді, үстің жылы жүреді, тоңбайсың» деп мақтаған.
Қолымның ұшы қызарып, үсіп барады. Саусақтарым илігетін емес. Етігімнің қонышына қар толып қалды. Қалтырап жаурай бастадым. Тағы да… тағы бір рет… Құлақшыным көзіме түсе берген соң қолыма шешіп алып едім, оны ұйтқыған боран жұлып алды да кетті. Ызам келіп, бақырып жылап жібердім. Көз жасым әп-сәтте мұзға айналды. Қасақана үйден де ешкім сыртқа шыға қоймады. Үйшігінде бұйығып жатқан Құттаяқ қана менің бір пәлеге тап болғанымды сезіп, шәу-шәу етіп үріп, жүгіріп келді. Бірақ оның қолынан не келеді дейсің. Кинодағы иттер секілді жеңімнен тартып шығарып алуды да білмейді. Тұмсығымен басымды қайта-қайта иіскеп қойып, құр босқа шоқиып отыра кетті. Бірақ мен бақырып жылаған сайын үй жаққа қарап, көмек сұрағандай үріп-үріп қояды.
Бір кезде барып, көмір салатын шелекті алып шешем далаға шықты. Шұңқырда жылап тұрған мені көріп, бері қарай бұрылды.
– Алда, құдай-ай, мына бала өлуге айналыпты ғой! – деп шыр-пыр боп жүріп, мені жеңімнен тартып суырып алды. Үйге келген соң әжемнің қалың көрпесімен орап, тұмшалап тастады.
Содан бір апта бойы басымды көтере алмай, ауырып жаттым. Бірте-бірте әл жиып, орнымнан тұрып, мектепке баратын күні аспанның да қабағы ашылып, шыныдай мөлдіреп тұрды. Далада бет қаритын шыңылтыр аяз ғана бар.
Шешем мені қолымнан жетектеп әкеліп:
– Енді, мына жолмен баратын бол! –деп, мектепке дейінгі қалың қарды ағаш күрекпен аршып салған жалғыз аяқ жолды көрсетті.
Бұл әрине, шешемнің еңбегі екенін бірден сездім. Сөйттім де, оған алғыс айтқандай жүзіне күлімсіреп қарадым да, жүгіре жөнелдім.
Иә, айтпақшы, мектепке жақындай бергенде арт жағыма бұрылып, тағы да бір көз салдым. Ол кісі қара қыжым пальтосын кеудесіне қаусырына түсіп, менің соңымнан әлі қарап тұр екен.
Шіркін, ананың ыстық мейіріміне тең келетіндей ештеңе жоқ-ау бұл дүниеде!..

Жол бойында

Ары-бері өткен сайын осы бір ұзақ жолдың бойындағы екі ауылдың арасын ылғи да өлшеумен боламын. Әр кезде әрқалай. Кейде іштей, ойша есептеймін. Ал кейде, өзім рөлде отырған кезде, спидометрге көз салам.
Тұп-тура, артық-кемі жоқ сегіз шақырым. Әрі бала күнімнен таныс жол. Бірақ сонда да есептегім келіп, ынтызарым ауады да тұрады. Кім білсін, сонау бір кездегі қол жетпестей болып көрінген арман осы тұстан өткенде кеудемді тордағы құстай түрткілеп, зау биікке ұшып шыққысы келетін болар.

***

…Ауылдан шыға берістегі қара жолдың бойында Айкүміс апам, ­Дарияш әпкем, Әшіркүл төртеуміз көлік күтіп отырмыз. Көз ұшынан қыбыр еткен нәрсе көрінбейді. Ызың еткен дыбыс естілмейді. Мәшине келе жатса, иә болмаса, ат-арба шықса, бірден байқар едік қой. Тағы да сол, кешегідей сарыла күтіп-күтіп, күн бата үйге қайтатын секілдіміз…
Бұл ауылға Айкүміс апам екеуміз алдыңгүні, көкем мінгізіп жіберген мәшинемен келгенбіз. Қос бөлмелі қоржын тамның алдында күбі пісіп тұрған Дарияш әпкемнің кәбіңкеден түсіп жатқан бізді көргенде аузы ашылып, көзі бақырайып:
– Ойы-ы-ыбай, мені де артымнан іздеп келетін жан бар екен-ау! – деп таңғалып, қалай қуанғанын көрсеңіз ғой.
Апам екеуінің құшақтары айқасып, біраз уақытқа шейін мауқын баса алмай, көздерінің жасын сығымдап-сығымдап алды. Екеуінің көптен бері көріспегені осыдан-ақ аян.
Содан соң Дарияш әпкем зыр жүгіріп жүріп самаурынға от салды. Зыр жүгіріп жүріп қара қазанға ет асты. Зыр жүгіріп жүріп әңгіме айтты.
– Мені мүлде ұмыттыңдар ғой деуші ем, – дейді ара-арасында көз жасын сүртіп қойып. – Айдалада қаңғырып, жалғыз қалғандай боп жүруші ем…
Басына тартқан ақ орамалы бір жақ шекесіне қарай қисайып, айғыз-айғыз әжім торлаған бет-аузы біртүрлі күлкілі боп көрінеді. Бірақ оған қарап жатқан әпкем жоқ.
Аздан соң қазан-ошақ жақтан қайта оралып:
– Ұмытпаған екенсіңдер, – дейді риза болып. – Келеді екенсіңдер ғой іздеп… Бейсеқұлды жаңа қойға жібердім. Жата-жастанып, сыбағала­рыңды жеп қайтасыңдар.
Осы кезде бізді әкелген шопыр жігіт жан-жағына қарап қипақтап, біртүрлі асыққандай болады. Соны байқаған Айкүміс апам:
– Қой сойып, әуре болмай-ақ қойыңдар, – дейді Дарияш әпкеме. – Біз біраздан кейін Шанаққа қарай жол жүреміз. Қалдықыз келінім кішкентайлы болған екен, соған құтты болсын айтамыз да, осы мәшинемен Монтайға қайтып кетеміз.
Шай құюға енді оқтала берген Дарияш әпкемнің қолы кесе ұстаған күйі қатты да қалды. Құдды бір сұмдық хабар естігендей түсі бұзылып:
– Көтек! Келмей жатып, кетемін дегендері несі бұлардың?! – дейді даусы дірілдеп. – Жо-жоқ… Жібермеймін.
– Әне, бұл сөйтеді енді… – деп Айкүміс апам басын шайқап, еріксіз езу тартады. – Қой соямын, қонақ бол дегеніңе біз қуанамыз ғой қайта… Бірақ мына шопыр баланың жұмысы бар емес пе. Монтайдағылар бір-ақ күнге жіберіп отыр ғой.
Дарияш әпкем Айкүміс апамның сөзіне иліккендей бір сәт үнсіз тыңдап отырды да, кенет шопыр жігітке жалт қарап:
– Атың кім, қарағым? – деді.
– Аман.
– Ой, айналайын! Осылай аман-есен шапқылап жүре бер, жаным, мәшинеңмен. Ал енді… апаңның бір ақылын тыңда. Бұл жұмыс дегенің, шырағым, тірі күніңде таусылмайды. Тіпті біз өлген соң да жалғаса береді. Сол үшін, реті кеп тұрғанда, біздің ауылда бір-екі күн жатып мейман бол. Ал Монтайға барғанда, бастықтарға «мә­шинем бұзылып қалды» деп айта саларсың. Сөйт, айналайын!..
Шопыр жігіт Аман аузын ашса жүрегі көрінетін ақкөңіл ­Дарияш әпкемнен тап мұндай қулықты күтпегендей төмен қарап ұялып, құлағының ұшына дейін қызарып барады. Енді не істерін білмей:
– Балтекең мені бір-ақ күнге жіберген еді, – деп күмілжиді. – Болмайды…
Дарияш әпкем өзі танитын кісінің атын естіген соң тіпті бұрынғыдан да екпіндеп:
– Ой, айналайын! Балтекең деп әс­петтеп отырғаның кәдімгі өзіміздің күйеу бала – Балтағара ма?
– Иә.
– Ол мына кішкентай жиеннің әкесі ғой!
– Білем.
–Білсең сол, бұл балаға мына мен де нағашы апа болып келем. Енді саспа, Аманжан! Бүгін кешке мәшинеңді өзім-ақ күл-талқан қып бұзып тастаймын.
Бұны естіген Аманның көзі бақы­райып кетті.
– Қойыңыз, қойыңыз… – деп Айкүміс апамнан араша сұрағандай жалтақтап қарай береді. – Өкіметтің мәшинесі ғой.
Сөйтіп отырып, ақыры Айкүміс апам екі арадан бір жол тапқандай болып:
– Аман, қарағым, сен Монтайға қайта бер, – деді. – Біз осында тағы бір күн қонып, ертең бірдеме етіп Шанаққа жетіп алармыз. Онда да ел бар, жұрт бар. Бір амалын қарастырып, Монтайға апарып салар.

***

Міне, содан бері екі күн өтті, қара жолға көз тігіп, күн ұзаққа көлік күтіп, сарылып жүрісіміз мынау…
Біздің құрметімізге арнап қой сойылған. Ет желінген. Бас мүжілген. Енді Қалдықыз шешеміз ұл тауып, шілдехана жасап жатқан көрші ауыл – Шанаққа жетуіміз бір мұң болып тұр.
Айнала – айдала. Шеті, шегі көрінбейтін кеңістік көз ұшындағы көкжиекке барып тіреледі. Айкүміс апам мен Дарияш әпкемнің әңгімесі күн батқанша бітпейді. Күн батқан соң да, үйге барып жалғастырады. Ал біздің – Әшіркүл екеуміздің ішіміз пысады. Ойын баласы емеспіз бе. Ол менен көп болса, бір-екі жас қана кіші. Биыл мектепке барады екен. Жол жиегіндегі майда, доп-домалақ тастарды теріп әкеп, шекемтас ойнаймыз.
Әшіркүлдің қолы епті. Жып-жып етіп, саусағының ұшымен лақтырып, алақанымен қағып алып, көзді ашып-жұмғанша-ақ бәрін өзінің алдына жинап ала қояды. Сондықтан да ол менімен ойнаудан тез жалығады.
Бір қызығы, Әшіркүлдің кей-кейде ыңылдап, алыстан бастағандай болып, бірте-бірте даусын күшейтіп, сызылтып ән салатыны бар. Ондайда Айкүміс апам мен Дарияш әпкем әңгімесін үзіп, үн-түнсіз тыңдап қалады.
Ән құлаққа сондай жағымды болға­нымен, сөзі мүлде түсініксіз. Тек қайыр­масына жеткенде ғана:
Угәй, угәй, угәй-ай,
Ла-ла-ла-ла-ла-а-ай, – деп қалаты­нын аңдайсыз.
Қалған жағы – ыңыл. Мылқау әуен. Сірә, сөзін өзі де білмейді-ау деймін.
Ол ыңылдап ән салған кезде екі күннен бері көлік күтіп зарығып, қашан жетер екенбіз деп отырған Шанақ ауылы менің көзіме гүлзар баққа оранған бір керемет сұлу мекен боп елестейді. Сондықтан да ынтықтырып, алыстан қол бұлғап, алтын сағымға оранып, құбылып тұрған болар деп ойлаймын.
– Дарияш-ау, мына қыз әнші ғой! – дейді Айкүміс апам таңырқап. – Даусы қандай керім…
– Кім біледі, – деп Дарияш әпкем алдағы күндерін уайымдағандай біртүрлі қамығып қалады. – Әнші болу үшін де алысқа барып оқу керек екен ғой…
Әшіркүл өстіп ән салып жүріп, қызыл жусанға келіп қонған көбелекті көреді де, бас салып қуа жөнеледі. Айкүміс апам мен Дарияш әпкем тағы да сол – бүгін-ертең біте қоймайтын әңгімесін сабақтауға кіріседі.
«Шіркін, Шанақ ауылы қандай екен? Қашан жетер екенбіз?» деп армандаймын мен.
Қара жолдың бойынан қыбыр еткен нәрсе көрінбейді…

***
Үшінші күн дегенде, сәскеге таман алыстан гүрілдеп келе жатқан бір машина көрінді. Қуанғанымыздан атып-атып тұрдық. Ендігі уайымымыз, ол тоқтамай өтіп кетпесе екен. Алыстан қол бұлғап, айғайлап келеміз.
– Әй, бізді ала кет!
– Шанаққа дейін барамыз!..
Кәбіңкенің терезесінен мойнын созып, бізге қарап ақсия күліп келе жатқан шопыр жігітті бірінші боп Айкүміс апам таныды.
– Әй, мынау өзіміздің Аман ба деймін?!
– Дәл өзі.
Айкүміс апам қалбалақтап:
–Айналайын, Аманжан-ау, біз әлі Шанаққа жеткен жоқпыз ғой! – дейді.
– Білем, – дейді Аман басын шұлғып. –Шанақ бөлімшесінің мәшинесі бір аптадан бері бұзылып жатыр екен.
– Енді қайттік?
– Білмеймін. Балтекең маған сіздерді тез алып қайт деген. Монтайда жұмыс қайнап жатыр.
– Қой, ойбай! Онда біз қайтайық, – деді Айкүміс апам Дарияш әпкеме қарай бұрылып. – Мына баланың әкесінің жұмысына зиянымыз тиіп жүрмесін. Шанаққа тағы бір келгенде… барармыз!..
– Кім білсін, – дейді Дарияш әпкем көңілі бұзылып, – бұ жаққа енді қашан келесіңдер?!..
– Ал жақсы, қайыр-қош енді!..
– Жолдарың болсын! Құдайдың осы көрсеткеніне де шүкір!.. Тағы біраз әңгіме бар еді айтатын, амал қанша!
Дарияш әпкем қолын бұлғап, сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр. Біз мінген машина бірте-бірте ұзап кетіп барады.

***

Міне, содан бері де қаншама уақыт өтті десеңізші арада…
Сол баяғы жолдың азабын бүгінгілерге айтсаң, тап бір ертегі-аңыз тыңдағандай болады. Маң даланың төсіндегі асфальт жолдармен ерсілі-қарсылы ағылып жатқан көлікте қазір есеп жоқ.
Әйтсе де, әр сапарда осы бір тұстан өтіп бара жатқан шақта менің есіме сол баяғы көлік күткен кезіміз оралады.
Неге?..
Себебі мынау жарық дүниенің өзі де біз үшін бір жол емес пе. Ең қы­зығы, осынау ұзақ та қысқа сапар­дағы мұңсыз, қамсыз өткізген күндерімізден гөрі әлденені, әлдекімді аңсап, сағынып, шаршап-шалдыққан сәттеріміздің естен шықпайтыны несі екен?..

Жол үстінде

Купедегі кісілер Анталияны мақтап келеді. Бастарын қайта-қайта шайқап: «Керемет! – деп тамсанады. – Жер жәннаты екен ғой, шіркін!»
Олардың әңгімесіне елтіген менің көз алдыма көгілдір айдыны күнге шағы­лысып, сылқ-сылқ күлген Ақ теңіз елестейді. Жағалаудағы алтын құмға қыздырынып жатқан қалың жұрт құжы­наған құмырсқаның илеуіне, иә бол­маса, қыз-қыз қайнаған қызылды-жасылды жәрмеңкеге ұқсайды…
Биыл Анталияға барып, теңіз жағасында, көгілдір таулардың етегінде демалып қайтудың сәті түспегендіктен бе, бүгін таң алдында сол жақтан Алматыға ұшып келіп, енді міне, кешкі пойызбен Шымкентке қарай кетіп бара жатқан кісілерге қызыға қараймын. Әрі-беріден соң ішімде бір қызғаныш оты тұтанып, кондиционердің күшімен ғана қоңыр салқын қалпын әзер сақтап тұрған купенің ауасы тарылып, ыси бастағандай көрінеді.
Ендігі бір сәтте ретін тауып, ақырын ғана жылыстап дәлізге шығып кеттім. Дүрс-дүрс еткен теміржолдың тынысы, әлдеқайда асығып бара жатқандай жұлқынған жүрдек пойыздың екпіні ­ойымды бөліп, әп-сәтте бойым жеңілдеп сала берді. Терезенің пердесін ысырып қойып, сыртқа үңілдім.
Қарама-қарсы бағытта келе жатқан жүк пойызы ысқырып, тарсылдап-гүрсілдеп, көмір, темір, мұнай, машина тиеген ­составын сүйретіп, жанталаса асығып, дәл жанымыздан бірер минутта зымырап өте шықты. Одан соң кең даланың келбеті қайта ашылды.
Өз төсіндегі дүбірлеген, асыққан, ­ап­тыққан тіршіліктің бірін де көзіне ілмей, сол баяғысынша сабырлы, төзімді, сыпа қалпын сақтап, мүлгіп қана жатыр, жарықтық.
Көп ұзамай жол жағасынан бір шағын ауыл көрінді. Ішінде бес-алты тал өсіп тұрған шарбақ қорасы мен есік алдына қаңтарылған трактор, машиналары әне-міне дегенше көз алдымнан зу ете қалды. Себебі, жүрдек пойыз бұл секілді шағын ауылдарға аялдамақ түгілі ентігін де ­баспайды…
Ауыл шетінен басталатын қара жол кең даладағы жота-жондардан асып, тү-у сона-а-ау көз ұшындағы көк теңіз­дей бұл­дыраған көкжиекке қарай созылады екен…
Кенет жүрегім шым ете түсті. Жер ортасындағы Анталияны емес, өзіміздің анау қара жолдарды, жота-жондарды – туған жердің ыстық топырағы мен боз жусанын сағынғанымды түсіндім. Және де сол, көңілімдегі мөлт-мөлт еткен сағыныш көзімнен қос тамшы жас боп үзіліп түскенін жаңа ғана байқадым.

Жол межесі

Асудағы жол көктайғақ. Не құм, не тұз себілмепті. Айнадай боп, жалтырап жатыр. Тап қазір мынау ескі машинаның биік асуға қарай қалай жылжып келе жатқанына іштей қайран қалып, қу жаныңды шүберекке түйіп отырғаннан басқа амалың жоқ.
Кеудесі садақша иіліп, рульге жабыса түскен Рәш көкемнің басына осы мезетте жанымда бір тірі жан отыр екен-ау деген ой кіріп те шықпайды. Бар зейіні жолда. Өлсем де, тірілсем де мына асудан қалайда өтуім керек деп өзіне өзі серт берген секілді.
Жұқалтаң жүзі күреңітіп, әншейінде жыпылықтай беретін шүңірек көзі бір нүктеге қадалған күйі тесіле қалған.
Жаздыгүні бастықтың кеңседен шығуын күтіп, ып-ыстық кабинада быршып терлеп, әлдеқайдан ызыңдап ұшып келе қалған көк шыбынды балағаттап, бая-шая болып отыратын ұшқалақ Рәш бұл емес. Қазір мүлде басқа адам.
Алдыңғы жақтан «Камаз» көрінді. Тау басынан бір өңкиген дәу адам тайғанақтап, әзер түсіп келе жатқандай демімізді ішімізге тартып, апыр-ай, мына мұндар бізді абайсызда жаншып кетпесе нетті деп, тынысымыз тарыла бастады.
Жо-жоқ. Біздің Рәш та, әлгі «Камаздың» рулінде отырған бейтаныс шопыр да мықты екен. Әне-міне сүзісіп қала жаздап, бір-бірін бүйірден нұқып кете жаздап барып, әупіріммен өте шықты-ау, әйтеуір.
Міне, осыдан соң асудың үстіне көтеріл­ген шығармыз-ақ деп ем, сөйтсем… сұп-суық, сұп-сұр жылан секілді жылтыраған көктайғақтың құйрығы шұбатылып, көз ұшына дейін созыла береді екен.
Түу, не деген ұзақ, қатерлі жол.
Ал мынау Рәш болса, сол баяғы үн-түнсіз, тым-тырыс күйінде кірпігін де қақпай, алға қарап, қадалып отыр.
Осы сәтте менің көкейімде: «Егер ол өз бойындағы осы бір тұншығып жатқан тылсым күшті күнделікті тіршілікте аянбай пайдаланса, апыр-ай, мына өмірдің сан алуан сынақтарынан қиналмай өтіп, бас айналардай биіктерге көтерілер еді-ау!» деген ой жылт ете қалды.
Көктайғақ жолдың мына бір тұсы құзға тым жақын екен. Қылкөпір секілді қалтылдап, жанымызды мұрнымыздың ұшына тақап тұр. Тынысым тарылып, көзімді тарс жұма қойдым.
Уһ!..
Бұдан да өттік-ау, әйтеуір. Енді міне, биікке қарасаң да, төменге көз салсаң да үрейің ұшатындай бір қызық деңгейдеміз. Бар үміт ортада қалған секілді.
Бұл өзі, біздің тап бүгінгі тіршілігімізге ұқсайтын жәйт емес пе осы, а?.. Кім біледі… Біздің де биікке шыққымыз келеді. Бірақ құлап кетеміз бе деген қаупіміз тағы бар…
Міне, асудың үстіне де жеттік. Рәштің қабағы тез жазылып, самайынан сорғалаған айғыз-айғыз терді алақанымен бір сылып тастады да: «Өй, әкең… өліп қала жаздадық қой!» деп ыржиып күлді.
Сол сәтте жаңағы азап та, сынақ та, ерлік те ұмытылып, ақша қар жамылған алып кеңістікке сіңіп, ғайып болды.
Ол да, мен де үйреншікті тіршілігімізге қайта оралып, шыркөбелек айналып бара жаттық.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.