Жәутеңдеген жанарлар

Адам баласы шыр етіп өмірге келген сәттен бастап ғұмырының соңына дейін әртүрлі жағдайды басынан өткізеді. Тәңірімізден берілген сын әркімге әртүрлі әсер етеді. Кей ауыртпалықтар тез тарқап, ал енді біреулері жүректің төрінде өшпес із қалдырады… Осындай мәселенің бір парасы жайында айтар болсақ, қазіргі таңда тұл жетімнен гөрі тастанды бала көп.

Қоғамда «көкек ана», «тастанды бала», «тірі жетім» мәселесі жиі көтеріліп, талқыға салынып, жазылып та жүр. Қандай жағдайды бастан кешірсе де, сондағы тапқан амалы туған анасының мейірімінсіз қалған бүлдіршіндер қатарын көбейту болғаны ма? Алайда бұл жағдай күннен-күнге асқынуда. «Өмірдің мәні туралы ойланбайтын пенде бар ма?» деген сұраққа жетім балалар үйін көре отырып, әлі де ойланбайтын адамдар көп екеніне көз жеткізесің. Тіпті ықылым заманда ата-бабамыз әке-шешесі қайтыс болған кезде баланы қараусыз қалдырмаған. Қиын-қыстау кезде туған-туысқандары немесе ауқатты отбасы өз тәрбиесіне алып, жәрдемдескен.
Бүгінгі таңда бұл жағдай жер мен көктей, салыс­тыруға келмес. «Жетім көрсең жебей жүр» деген хал­қы­мыздың ұлылығы қайда кеткен деген ойда қаласың.
Елімізде бірен-сараң ғана болған балалар үйі қалаларымызда, облыс аумақтарында көптеп ашылды. Соңғы кездері соның өзі аздық етуде. Мұның барлығы жастардың отбасынан алған әлсіз тәрбиесінен. Бүгінгі таңда жастар болашағына бейжай қарап, тек осы сәтімен өмір сүреді. Олардың абайсызда жасаған қылығынан жәутендеген қаракөздер ата-ана мейірімінен шет қалуда.
Хадистерде «Мұсылман отбасыларының ішіндегі ең жақсы үй – жетімге жақсы қараған үй. Ал ең жаман үй – жетімге дұрыс қарамаған үй» деп айтылған.
Қуанышқа орай, жетім баланың көңіліне жылулық ұялатып, өз қамқорлығына алумен қатар, жанұялық махаббатын сыйлаған жандар баршылық. Жетімін жылатпауға Үкіметіміз барынша жағдай жасаған. Оларды жан-жақты қолдайтын заң да бар, қаржы да аямай бөлінуде. Сондай-ақ өз баласынан бас тартқандардың көбі – студент жастар. Әлеуметтік жағдайына ­байланысты немесе ата-анасының абыройын төмен түсіруден қорыққан қыздар баласынан тезірек құтылуға тырысады. Осы тастанды баланы жетімдер үйіне бергенше, уақытша отбасы тәрбиесіне өткізу жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет тарапынан жасалған осындай жұмыстар, келешек жеткіншектердің қамы үшін керек. Әрбір адам баласы қатыгездікке жол бермей құлыншақтарын бауырына басып, жалғызсыратпай, әрдайым қасынан табылса дейсің…

Cабина Олжаби

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.