Женеваны тамсандырған Алмаш

Өткен жылдың соңында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультеті дипломатиялық аударма кафедрасының меңгерушісі, Фрибург университетінің (Швейцария) пост-докторанты  (2012-2014 ж.ж) профессор Алмаш Сейдікенова Женева университетінің (Швейцария) арнайы шақыртуымен «Болон процесін қабылдағаннан кейінгі Қазақстанның білім беру жүйесі: жетістіктері мен кемшіліктері» тақырыбында аталмыш оқу орнында ғылыми конференция өткізіп қайтты. 

Сонымен қатар докторанттар мен магистранттарға «Сапалы ғылыми зерттеу әдістері: теория мен тәжірибені ұштастыру» жөніндегі семинарда тәжірибесімен бөлісті. Қатысушылар қазақ ғалымының біліктілігіне таң­данып, тамсана қол соқты. Сондай-ақ профессор Алмаш ­Смайыл­қызы осы іссапарында аталған факультеттің академиялық сарапшысы, профессор Абделжалил ­Аккаримен ­(Женева университетінің докторанты Әсем Темірованың ғылыми жетекшісі) бірлескен жоба бойынша болашақ атқарылатын жұмыстардың жобасын жасап қайтты. Женева университетінің басқа да факультеттерінің профессорлары құрамымымен жолығып, келісімге келді. Барлығы 77 жылдық тарихы бар мамандандырылған арнайы ілеспе ­аудармашылар даярлайтын «Ауызша және жазбаша ­аударма» факультетінің халықаралық қатынастарға жауапты профессоры Оливье Демисси-Казеймен кездесіп, ол кісіні Алматыға шақырды.
Айтып өтерлік бір жайт, қазақ­стандық ғалым бұған дейінде Швейцария конфедерациясының шетелдік жас ғалымдарға арналған «Талант» шәкіртақысын екі мәрте иеленіп, Фрибург университетінде пост-докторлық диссертациясын профессор Алина Гоар Раденковичтің жетекшілігімен қорғап, танымдық ғылыми еңбек жазып шыққан.
Француз, ағылшын, түрік тіл­дерін жетік меңгерген маман 2017 жылдың қыркүйек айы­нан бас­тап әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ха­лық­аралық қатынастар факуль­тетінің дипломатиялық аударма кафе­дра­сының меңгерушісі қызметін ат­қарады. Сол кезеңнен бастап, кафедра жұмысын алға жылжыту үшін өзінің білімі мен біліктілігін барын­ша жұмсап келеді. Қазіргі таңда Франция, Италия, Швейцария, Германия, Англия, Ресей университеттерімен өзара ынтымақтастық бойынша келісім шарттар жасалып, тығыз байланыс орнатылды. Халықаралық Франкофония агенттігінің ғылыми-зерттеу тұрғысындағы екі жобасын, Женева университетінің бір гранттық жобасын ұтып алды. Әрі университет оқытушыларының біліктілігін көтеру мақсатында шетелдік әріптестермен бірге түрлі ғылыми, оқу-әдістемелік семинарлар өткізуде дәстүрлі жалғасын тауып келеді.
Профессор А.С.Сейдікенованың Женева университетінде өткізген дәрістері шетелдік әріптестері тарапынан жоғары бағалануына байланысты 2019 жылдың маусым айында тағы да дәріс оқуға шақырту алғанын айта кеткеніміз жөн. Білімді ұстаз, білікті басшы барлығымызға үлгі, әріптестері арасында үлкен беделге ие. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, осындай білімді мамандарымыз барда, Қазақстанның білім саласында оң өзгерістер әрдайым болады деп үміттенеміз.

Алма ШЕРХАНҚЫЗЫ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
ХҚФ, дипломатиялық аударма
кафедрасының аға оқытушысы
АЛМАТЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.