АЛҒЫСТАН БАСҚА АЙТАРЫМ ЖОҚ

(Жазушы, тіл жанашыры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан НҰРЖЕКЕЕВКЕ жауап)

 «Ана тілі» газетінде жарияланған «Түңілмесіме тірек бар ма?» атты Бексұлтан Нұржекеев ағамыздың мақаласына жауап ретінде менің ғалым және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры ретінде айтар сөзім біреу-ақ: «Мақалаңызда көтерілген мәселелердің бәрі – тілші-ғалымдардың көкейінде жүрген өзекті сұрақ». Өкініштісі, ел болып жұртпен бірге бір кісідей атсалысып жүкті жұмыла көтеруге азаматтардың халық күткендей белең алмауы ауыр ойларға жетелейді…

Бексұлтан аға! Есіңізде болса, бұл сіздің маған қарата айтқан бірінші сөзіңіз емес. Бір жылдай бұрын, әліпбиіміздің алғашқы нұсқалары жоғары мінберлерден паш етіле бастаған кезде болу ­керек, Алматыдағы «Достық үйінде» халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен Тіл білімі институтының кеңейтілген жиналысына өзіңіз де қатысып, сол кезде де мені, тіл институтының ­директоры ретінде, дәл осылай қатал сынға алған едіңіз. Елдің көзінше сол тұста мен: «Институт қызметкерлерінің мүддесі де сіздің пікіріңізбен мазмұндас екенін» айтқан едім және сіз қозғап отырған тіл мәселелерін оңтайлы шешу жолдарына қатысты іс-шараларды да ұйымдастырып, дер кезінде құзырлы мекемелерге жіберіп отырған да біз едік. Керек болса осы ресми түрде ұсынылып жатқан әліпбиге наразылық демей-ақ қояйын, өзіңіз айтқан ұсыныстарды жинақтап, тиісті орынға жолдауға арналған жиынды да ұйымдастырып, өзіңіз секілді тіл жанашырларын арнайы шақырып отырған да біз екенін ескеруіңізді сұраймын» деп жауап берген едім, ұмытпаған боларсыз.
Иә, кейбіреулердің осы әліпби нұсқаларын бастан-аяқ жасап отырған ғалымдар деп ойлайтыны рас. Онысы заңды да. Сөзсіз, егер шынымен солай болатын болса, біз әлдеқашан ұлттық жазу жүйесін қалпына келтірер едік… Өйткені тілші ғалымдар үшін бұл мәселеде дауласатын қиындық жоқ. Бәрі өте қарапайым әрі анық. Ең өкініштісі, біз басымыздан өткеріп, көріп отырған жағдай басқаша. Мемлекеттік аппараттың жұмыс істеу тетіктері сырт көзге ғылымды алға қойғандай, негізге алғандай болып көрінсе де, шешімді дайындау және қабылдау үрдісі сіз бен біз ойлағандай емес. Кез келген ұсыныс бір емес үш министрліктің елегінен өтіп, содан соң Мемлекет басшысы және Үкімет жанындағы ұлттық комиссиялардың хаттамаларымен қатталады, бірнеше жұмыс және сарапшылық топта талқыланатыны тағы бар. Осындайда Олжас Сүлейменовтың «жалпақ тақтайыңыз – бұтақты шыршаның редакцияланған түрі екенін есте сақтаңыз» деген оралымы лажсыздан тілге оралады…
Латын әліпбиіне көшіру реформасы басталғалы үш рет әліпби нұсқасы ұсынылғанда Институт мамандары жан-жақты әліпбидің ерекшеліктері мен кемшіліктерін ашып көрсетіп, жазу жүйесіне қатысты ғылыми-тәжірибелік жағынан оңтайлы жолын ұсынудан кенде қалған емес.
Жалғыз мен емес, сол сын сағатта бүкіл Институт ғалымдары әлеуметтік желілер мен түрлі портал-сайттарда, шетелдік және отандық БАҚ-та азаматтық позициясын көрсете білді… Республика көлемінде түрлі форматта ғылыми жиындар ұйымдастырдық. Осының бәрі оңай болды деп ойлайсыз ба?
Жарайды, ең соңғы әліпби нұсқасы Президент Жарлығымен бекітілген тұста ұлттық телеарна ақжолтайлап тікелей эфирге шақырғанда, әңгімемізді біз ­неден бастағанымыз есіңізде ме, Бексұлтан аға? Біріншіден, енді елдің назары «көзге ұрып тұрған» ерекшеліктерге ауады» дедік. Олар – орыс-кирилл әліпбиінен енген таңбаларға және кейбір ­дауысты дыбыстардың әрпімен дауыссызды ­немесе керісінше, дауыссыз дыбыстардың таңбасымен дауыстыны беру, яғни өзіңіз сынға алған И мен У әріптерін нұсқап көрсеттік. Есіңізде ме?!

Енді өзіме келейін, азамат әрі ғалым ретінде позициям анық. Оны респуб­ликалық баспасөз беттерінде ашық айтып та жүрмін: қазақстандықтар да, басқа түркітектес халықтар да латын әліпбиіне ауысқан жағдайда, меніңше, 1991 жылы түркі елдердің тілші ғалымдарының басым көпшілігі қабылдаған ортақ түркі әліпбиін пайдаланған жөн деп есептеймін. Бұл ортақ түркі әліпбиі туралы ұсыныс кезінде «Түрік кеңесінде» мақұлданған болатын. Осы тарихи конгреске әлі тәуелсіздік алмаған Қазақстаннан Тіл білімі институтының директоры, академик Әбдуәли Қайдаров, директор орынбасары Көбей Құсайынов және мен қатысқан едім. Сөзім құрғақ болмас үшін, сол әліпбиді тағы да келтіре кетейін:


Бұл туралы 2018 жылдың 6 қаңтарында «Айқын» газетінде, «Abai.kz» порталында жарияланған көлемді мақаламда жан-жақты баяндалды. Мақалада «бұл қағидаттарды қазақ тілшілері де ұстанып отыр және әрі қарай да осы ұстанымдарында қала бермек» деп ашық көрсеттім.
Тағы үзінді келтіре кетейін: «Ал жал­пытүркі әліпбиі не үшін қажет?» деген сұраққа келейік. Алдымен, бұл келелі мәселеде ешбір идеологиялық немесе саяси астар жоқ екендігін нықтап ескерткеніміз жөн болар. Бұл әліпбиге қарапайым прагматизм және түркі тілдерінің ерекшеліктері ғана негіз болды. Шындық біреу-ақ: барлық түркі тілдерінің негізгі лексикалық сөздік қоры біркелкі екендігі соншалық, бұл құбылысты мамандар әлі күнге дейін толыққанды түсіндіруге күш салумен келеді. Классикалық үндіеуропалық компаративистика ғылымы да бұл құбылысты анық түсіндіре алмас, сірә. Өйткені оның канондары бойынша, негізінде бұлай болу мүмкін де емес. Мысалы, аяқ, бас, балық, қол, теңіз, көк, темір, көз, ер, қонақ, қыз, ата, тау, құлақ, оқ, ат, ет, ақ, сары және мыңдаған басқа да лексемаларды кез келген түркі азаматы түсінеді… Әрине, жалпытүркілік әліпби ұсынымдық сипатта әзірленді және әрбір халық дербес тілдік мүдделерін өздері шешуге ерікті болды. Сонымен қатар бұл әліпбидің құрамына әлемдегі барлық түркі тілдерінің түгел дыбыс­тары енгізіліп, 34 әріп қабылданды. Алайда нақты жекелеген түркі тілі өздеріне қажетті таңбаларды алатындықтан, олардың саны әліпбилерінде аз болатындығы түсінікті».
1992 жылы қазақ тілінің грамматикасын, сөздігін және топик-мәтіндерді осы әліпбиімізбен шығарып та көрдік (Анкарада латынша екі том болып шыққан). Мысалы:
«Temirdiñ üyi-işi Ankarada turadı.
Ankara Türkiyanıñ astanası.
Murat Temir üyiniñ otağası.
Ankara Üniyversitetinde türkitanuw professorı.
Joldası Güljan Temir Türkiyanıñ tanımal aqını.
Güljan apay bul tañda erte turdı.
Dastarhan äzirledi, üy-işin tañğı asqa şakırdı.
Qızı Şolpan däriger student edi, bügün tañerteñ emtiyhanğa ketedi».
Менің жеке пікірім керек болса, көріңіз, танысыңыз.
Ал, енді, директор ретінде жұ­мысыма келсек, бұл жерде жағдай бөлек. Институтта арнайы орфографиямен, орфографиялық сөз­дікті түзумен шұғылданатын бөлім бар. Латыннегізді әліпбиге бай­ланыс­ты жаңа емле жасау осы бөлімге жүк­телді. Қазіргі кезде орфо­гра­фиялық ережелер жобасы, негізі­нен, аяқталды. Жұмыс барысында туын­даған қиындықтарға келсек, біріншіден – сіз айтқан и мен у мәселесі.
Қазақта орыстың таңбаларымен белгіленген и және у дауысты дыбыстары атымен жоқ, болған емес. Дауыссыз й мен у (дауыссыз дыбыс, ағылшын w-ға тең) бар және ый, ій, ұу, үу әріптер тір­кесін таңбалайтын и және у әрпі бар. Осы екі әріп орыс тілінде тек қана бір ­дыбысты беретін болса, қазақ тілінде әрі дауысты, әрі дауыссыз дыбыстарды және олардың түрліше комбинацияларын беріп келді. Бұлардың бәрі – кезінде ана тілімізге енген Кеңес одағының сарқыншағы. Сондықтан төл әліпбиімізде де, емлемізде де бөгде элементтер болмағаны жөн. Су деп жазбай – сұу (бұл мысалдарда у – дауыссыз дыбыс) деген дұрыс, у емес – ұу, ілу емес – ілүу т.б. Дәл солай и: тый және тій, қый және кій, жыйын және жійі деп бергеніміз дұрыс, жеке пікірім.
Институтта орфография жобасының жетекшісі филология ғылымдарының докторы Нұргелді Уәли ағамыздың пікірі бойынша: «Мен де, расын айтсам, и мен у-ды таратып жазуды ойланып көрдім. Орфографиялық Ереженің бір нұсқасын осылай жазып та көрдік. Дегенмен, нақты сөздік түзу барысында көптеген мәселелер туындады. Олардың біразы сырт қарағанда таза тілдік болып көрінбесе де, тілімізде бар құбылыстарды қамтиды… Мысалы, кійінүу мен киіну, байыйды және баиды, ыйағный мен йағни, кейійтүу және кейиту – сіздер біздің бүгінгі қоғам қай түрін таңдайды деп ойлайсыз? Алайда ең үлкен проблема – тіліміздегі араб­-парсы және еуропа-орыс кірме сөздері. Олар тілімізге сіңісіп кетті. Екі түрліше оларды да жазып көрелік: тарыйхый және тарихи, медійафорұумға және медиафорумға, ыйұуныйон және йунион, ыйұумор және йумор…».
Ғалым қазақ жазуының өз алдына жүйесі мен нормасы бар екеніне тоқталып, әріп-графема-фонема-дыбыс байланыстары мен ерекшеліктерін түсіндірді. Кезінде латынша и мен у-ды таратып жазғанда ең көп қате осы ый, ій және ұу, үу-ға қатысты кездескенін айтып, осыған байланысты Қ.Жұбановтың сөзін де келтірді: «Бұл үлкен шатақ еді. Осы шатақтан құтылмақ болғандағы қарманғаны әлгі қосар әріптер болады. Бірақ шатақтан құтқару орнына әлгі қосар әріптер одан әрі қосарлана, шатақты шиеленістіре түсті». Сондықтан отызыншы жылдардың аяғында, қателеспесем 1938 ж., латын емлеге жаңа ереже енгенін де ескертті. Ол қандай ереже еді: uv (ұy), уv (үу) қосар әріп – u таңбасымен ауыстырылды; ьj (ый), ij (ій) қосар орнына бір ғана і таңбасы алынды (ескерту: бір буынды түбірлерде қосар әріптер сақталды)…
Ғылыми кеңестегі талқылауға мен де, пікіріміз сарындас Әлімхан Жүнісбек те қатыстық. Дауысқа салғанда, көпшілік Нұрекеңнің уәждеріне құлақ асты.
Мен бұл жөнінде ерекше назар аударғым келген жайт мынау: ғылыми мекемеде пікір қайшылығының болуы – заңды нәрсе. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» дегендей емле-орфография бойынша маманданып жүрген ғалымдардың пікіріне «Ана тілі» газетінің оқырмандары да зер салғаны пайдалы болады деп есептеймін.
Бексұлтан аға, мақалаңызда институт қызметкерлерін әліпбиіміздің олқылықтары үшін де көп кінәлайсыз, «жаңа әліпбиді жасау әлі кеш емес, себебі Президент оған қол қойған жоқ» деп те айтасыз. Мұндай деректерді сіздің қайдан алғаныңызды біз білмейміз. Әліпбидің Елбасы жарлығымен бекітілгеніне бір жылдай уақыт болғаны және соңғы нұсқасына ғалым-тілшілердің қатысының жоқтығы – баршаға аян, ақиқат. Ең қызығы, жалпы тілші-ғалымдардың арасында бұл келелі мәселеге байланысты өзара ешқандай пікір алуандығы да байқалмайды. Жоғарыда келтірілген ортақ түркі әліпбидің нобайына жақын ұсыныстарымыз да мамандарға жақсы таныс. Ол нұсқада қосар таңбаң да, апострофың немесе басқа бейтаныс белгің де, кирилл алфавитінің әріптері де – олардың бәрі атымен жоқ, әлбетте.
Үш тілді бірдей оқытуды да бізден көреді екенсіз. Бастауыш мектептен кейін ғана шет тілді оқытқан дұрыс деген шешімді Үкіметтің ұлттық комиссия жанындағы Әдістемелік топтың арнайы жиналысында осы мақала авторы төрағалық еткен отырысында былтыр шегелеп тұрып қабылдағанымызды және бұл жөнінде ғылыми позициямызды ашық айтып та, жазып та жүр­генімізді білмейді екенсіз, аға! Бізді өзіңізге оппонент, қарсылас көрмей, керісінше, ниеттес, пікірлес көріңіз, аға!
«Әліппеге» байланысты да жағдай дәл осындай. Министрлік «Әліппені» қайтару үшін тиісті шара қабылдады, ғалымдардың сөзіне құлақ асты.
Заңның орындалуын талап етуді де бізге жүктейді екенсіз. Сеніміңізге рақмет, аға. Әліпбиді тағайындау, емлені бекіту, тіл заңының орындалуын қадағалау Тіл білімі институтының құзыретінде екен деп түйген себебіңіз – біздің институт ғалымдарының тілдік реформа мәселелеріне байланысты кез келген жағдайға белсене араласып жатқан қыруар еңбектің жарқын нәтижесі деп білемін. Дегенмен, емлені күшіне енгізетін Үкімет, заңнама орындалуын тексеретін Тіл саясаты комитеті, әліпбиді бекітетін – Мемлекет басшысының өзі. «Тілдегі, әдебиеттегі жүйесіздікпен ғылым күреспесе, билік күресе ме? Ғалымның білетінін билік біле ме?» дегеніңіз орынды, Бексұлтан аға. Біздің де үмітіміз көп, біз де сенім артамыз. Алайда мемлекеттік тілімізге деген ыстық ықыластың жетіспейтіні жанға батады. Айтылудың кемі жоқ, тыңдар құлақ тапшы.
Ел Президентінің «Болашаққа бағдар» мен «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалы мақалалары болашаққа үміт пен сенім ұялатады. Өзіңіз сияқты, Бәке, ел ағалары тіл майданының алғы шебінде қасқайып тұрса – бүгін болмаса, ертең ғалымдар қалағанына қол жеткізері ақиқат. «Жылатып айтар» жанашырлығыңыз үшін алғыс білдіреміз… Қаламыңыз ұштала берсін!

Құрметпен
Ерден ҚАЖЫБЕК,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының директоры

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

5 Пікір

  1. QAZAQ

    Ешкім қолыңызды қақпай осыншама жыл үлкен ұжым болып тер төксеңіздерде әліпби шала жасалғаны таңбалары тілімізді жатсынып тұрғаны аңғарылады. Өзге халықтардың дыбыстарына еліктеуден құтыла алмағансыз, мысалы: ф, в, х дыбыстары әліпбиден жойылмаған. 5-6 жылдан кейін: «Кроваттан (кереуеттен) тұрып, самовардан шай (самаурыннан шәй) ішіп, «Рахат» фабрикасы («Рақат» пәбірикесі) шығарған халвадан (қалуадан) ауыз тиетін болармыз».

  2. Оқушы

    Ресми латын нұсқасы бойынша ең жиіркенішті көрінетін сөздер:
    Aýrýy (ауруы)
    Ýyldyryq (уылдырық)
    Sýyq (суық)
    Jýyný (жуыну)
    Yqylyq (ықылық)
    Qaqyryq (қақырық)
    Sheshýshi (шешуші)
    Ýshyğýy (ушығуы)

    Қазақ тілінде ы мен у дыбыстары жиі қатар келіп отырады, сондықтан yý YÝ деген тіркес оғаш көрінеді.

    Өз басым ресми латынды қолданбаймын, жүрген жерімде у мен и ережелерін халыққа түсіндіріп жүруге тырысамын.

  3. Оқушы

    Бекітілген ресми қазақ латын әліпбиі жайында видео:
    https://youtu.be/qsOSw1__CmU

  4. Оқушы

    Мысалы:
    «Temirdiń üy-ici Ankarada turadı.
    Ankara Türkiyanıń astanası.
    Murat Temir üyiniń otağası.
    Ankara Üniversitetinde türkitanıw profesorı.
    Joldası Güljan Temir Türkiyanıń tanımal aqını.
    Güljan apay bul tańda erte turdı.
    Dastarqan äzirledi, üy-icin tańğı asqa caqırdı.
    Qızı Colpan däriger stüdent edi, bügin tańerteń emtihanğa ketedi».

  5. QAZAQ

    «… біз әлдеқашан ұлттық жазу жүйесін қалпына келтірер едік… Өйткені тілші ғалымдар үшін бұл мәселеде дауласатын қиындық жоқ. Бәрі өте қарапайым әрі анық. Ең өкініштісі, біз басымыздан өткеріп, көріп отырған жағдай басқаша. Мемлекеттік аппараттың жұмыс істеу тетіктері сырт көзге ғылымды алға қойғандай, негізге алғандай болып көрінсе де, шешімді дайындау және қабылдау үрдісі сіз бен біз ойлағандай емес. Кез келген ұсыныс бір емес үш министрліктің елегінен өтіп, содан соң Мемлекет басшысы және Үкімет жанындағы ұлттық комиссиялардың хаттамаларымен қатталады, бірнеше жұмыс және сарапшылық топта талқыланатыны тағы бар…» — Мемлекеттік қазақ тіліне, оның жазуының өзгеруіне қарсы адамдар билік арасында жүргені анық, олардың ісі соғыс кезіндегі диверсанттардікінен аумайды екен. Әліпбиіміз өзіміздің қазақ тіліне лайық болуы тиіс. Басқа түркі елдеріімен ортақ әліпби жасау (қажеті болса) болашақтың ісі болсын.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.