«ҚҰРМАНҒАЗЫДАН» «ОТЫРАР САЗЫНА» ДЕЙІН…»

Өнер майталманы, қазақ қызда­рының арасынан  шыққан тұңғыш кәсіби қобызшылардың бірі, ҚазКСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, КСРО Білім беру ісінің үздігі Раушан НҰРПЕЙІСОВА 90 жасқа толды. Апамыздың өнерде және өмірде қол ұстасып бірге жүрген жан жары, композитор, дирижер, ҚазКСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Сейілхан Хұсайынов ағамыз екенін жаңа буын жас ұрпақ біле бермейді. Осы орайда торқалы тойын арнайы құттықтай барып, апамызбен сұхбаттасқан едік…

– Туған күніңіз құтты болсын! Алла ғұмыр берсін! Сейілхан аға екеуіңіз өнерде қатар жүрдіңіздер, қанша еңбек сіңірдіңіздер. Әңгімемізді жастық шағыңыздан бастасақ, ағаймен қалай таныстыңыз?
– Біз Нұрпейісовтер репрессияға ілінген отбасының тұқымымыз. Менің үлкен атам, әкемнің әкесі Нұрпейіс Ақмола өңірінде үлкен білімді, діни сауат­ты адам болған. Қажылықтан қайтып келе жатып ауырып қайтыс болған екен. Міне, осы кісінің ұрпағымыз. Әкемнің үлкен ағасы «ұлтшыл» деген айыппен атылып кетті. Содан бізге ескертіп, «келесі кезек сендердікі, қашатын жерлерің болса қашыңдар» дегенде әке-шешемнің тұңғышы үйленген шақ, тамақ жоқ ашаршылық кез еді. Содан олар Балқаш өтіп, Талдықорғанға келіп тоқтапты. Ол заманда малдың бәрін тартып алды ғой. Қазақтарда малдан басқасы жоқ, егін екпейді. Ақмоланың түбінде Тайтөбе деген ауыл бар, сол – біздің Қуандық руының туған топырағы. Біздің түп тамырымыз сол жақтан.
Отыз жетінші жылы екі ағам, екі әпкем барлығымыз Жетісу өңіріндегі Қоғалыға барып қоныстандық. Мен отбасында ең кенжесімін. 1945 жылы Талдықорғаннан Алматыға келдім. Осында аға-әпкелерім бар. Үлкен әпкем ЖенПИ-де оқитын. Сол кісі алып келді. Ал Сейілхан Гурьевтен келді. Ол Ордада туған. Сол Гурьевке Лұқпан Мұхитов, Құрманғазы оркестрінің біраз адамдары іссапарға келген екен. Сол кезде Сейілханның әкесі жаңағы кісілерді үйіне қонақ қылады. Жиналып отырғанда Сейілханға әкесі домбыра тартқызған екен, ол кезде Сейілхан мектеп қабырғасында. Ұнаған болу керек, Лұқпан Мұхитов музыкалық училище, консерватория барын айтып, соған оқуға баруға кеңес айтқан. ­Содан 1946 жылы ол келді. Мен қыркүйек айының басында келгенде, Жұбанов еңбек демалысында екен. Әпкем директорды үйіне іздеп барып, «Сіңілім бар, училищеге түсу керек, домбыраны жақсы тартады» деп, мені алға тартты. Директор Ахмет Жұбанов Лұқпан Мұхитовқа «Мына қызды көріңдер, егер қолынан келсе қабылдаңдар» депті. Міне, содан домбыраға түстім. Сабақтың бәрін орысша оқыдық. Орыстың, украинның, белорусьтың шығармаларын оқыдық. Қазақтың шығармаларын оқыған жоқпыз. Тіптен, ондай сабақ болған жоқ. Тек «Қазақ музыкасының тарихы» дегенді Ахаң жүргізеді екен. Қалған сабақтардың барлығы орысша, бір жылдың ішінде орысшаны да үйреніп алдым. Мен мықты домбырашы Ғылман Әлжановтың класына түстім. Бір жыл сол кісіде, содан соң Рүстембек Омаровта оқыдым. Петербургтегі «Маринский» театрының бас концертмейстері Лесман деген кісі консерваторияда сабақ берген. Сол кісіні Жұбанов скрипка ­класына мұғалім қылды. Мен түскен жылы қобызшы ­Жаппас Қаламбаев, Дәулет Мықтыбаевтар болды. Олардың барлығы ең бірінші домбырадан бастады.
Бір күні Лесман Жұбановтың алдына барып, «Мына қыздың домбырасы өзінен үлкен, бойына да келмейді, одан да қобызға ауыстырыңыз» деп сұрапты. Содан Ахаң мені шақырып жағдайды түсіндіріп, «Қобызға ауысқың келе ме?» деді? Мен қуана-қуана келістім. Бірақ қобыз аспабын табу қиынға соқты. Дәулеттің үйінде бір қобыз бар екен, бірақ оныкі екі ішекті болды, ал бізге керегі үш ішекті еді. Дәулет сол үйіндегі қобызына үшінші ішек тағып, қолыма ұстатты.
– Содан Сіз домбырадан қобызға ауысып, төрт жыл оқыдыңыз ба?
– Қобызға ауысқаным үшін тағы бір жыл қосылды. 1952 жылы дип­лом алдым, Сейілхан бір жыл бұрын алған. Сейілханды оқуды бітіре сала, Қостанайға филармонияға жіберді. Мен осында 49-52 жылға дейін радиода, ансамбльде жұмыс істедім. Ол кезде жазып алу деген жоқ. Өзіміз тікелей эфирге шығамыз. 1952 жылы Құрманғазы оркестріне қобызшы қылып жіберді. 1956 жылға дейін сонда жұмыс жасадым. 1953 жылы біз Бухарестке байқауға барып, Сыдық Мұхамеджановтың «Шаттық ­Отанын» және «Сарыарқаны» орындадық. І орын алдық. Жүз шақты оркестр келді.
– Сонымен, барып, алтын медаль алып қайттыңыздар…
– Иә, алтын медаль алдық. Қыздың жігітпен дос болуын білмеймін. Сейілхан екеуміз киноға барамыз, жаңбыр жауса болды, қолымызға қолшатыр алып серуендеуге шығамыз. Содан ол 1950 жылы бітірді де, маған: «Мен Қостанайға кетіп бара жатырмын, мені күтесің бе?» деді. Мен «Қостанайда қыздар қырылып қалып па, жоқ әлде осы Алматыда жігіттер қырылып қалып па?» деп күліп қоямын. Содан маған «күт» деп, екеуміз екі жыл хат жазысып тұрдық. Хатта махаббат ­туралы әңгіме жоқ, ол өзінің жаңалықтарын жазады, мен өзімдікін. Содан бір күні мен «Бухарестке кетіп бара жатырмын» деп хат жаздым. Келгенде мені Алматының вокзалынан күтіп алды. Қасында достары бар. Барлығымен қол беріп амандасып, енді Сейілханмен амандасып қолын ұстап қалып ем, ток ұрғандай болды. Сол жылы Талдықорғанға барып құда түсті. Үйленетін болып келістік. Қыз-жігіт болып қолымызды ұстасып жүрдік, 1954 жылы үйлендік. Еділ ­балам 1955 жылы ­туды. Сөйтіп жүргенде Нұртас Оңдасынов Гурьевті аралап, тәжірибелі музыкант іздепті. «Алматыда Сейілхан мен Раушан бар, біреуі – домбырашы, біреуі – қобызшы» деп естіпті. Оңдасынов Жұбановқа хабарласып, «Сейілхан Құсайынов деген шәкіртің бар ма, олардың музыкалық коллекив жасауға шамалары келе ме?» деп сұрапты. Содан не керек, біз Мәдениет министрлігі арқылы шақырту алып 1956 жылы сонда кеттік. Күндіз-түні жұмыс жасадық. Ауыл-ауылдарға барып үйренгісі келетіндерге үйреттік. Маңғыстаудың біраз жігіттері, Гурьевтегілер бар, бәріміз жиналып, 500 адамдай оркестр құрып, концерт бердік. Оңдасынов 1957 жылы «үлкен оркестр құрып, дайындай аласыңдар ма?» деді. «Дайындай аламыз» дедік. Әуелі жүз адамды таңдап алдық, ылғи жастарды. Нота үйрету үшін жанымыздан 6 айлық курс аштық. Жүз адамға нота үйреттік те, соның ішінен елуін іріктеп алып, классикалық шығармалар мен «Адай», «Мереке» күйлерін үйреттік. Мәскеуге осы елу адаммен барып бәрін таңғалдырдық. Сейілхан ағаң дирижер, ал мен концертмейстері болдым. Қобызымның дауысы ерекше болатын, романенконың өзі жасаған, қазір Атыраудың облыстық мұражайында тұр.
– Сіз Ахмет Жұбановты директор кезінен көрдіңіз, сіздерді Атырауға жіберді…
– Мен осы, шынымды айтсам, Атырауға барғым келмеп еді, өзіміз қашып-пысып жүргеннен кейін, ол жаққа барғанда сіңісеміз бе, сіңіспейміз бе деп, Сейілханға Ахаңа барып ақылдасайық дедім. Сол кезде біздің Құрманғазы оркестрі пәтер бере бастады. Менің де кезегім келген еді. «Ой, Раушан, уайымдама барғаннан кейін үй де болады, күй де болады» деді Ахаң жарықтық. Айтқандай төрт айдан кейін қаланың қақ ортасынан жап-жаңа үш бөлмелі үй берді.
– Сонда сіздер бара салып училище аштыңыздар ма?
– Жоқ, барғанда музыкалық мектепте Сейілхан домбыра класын, мен қобыз класын аштым. 1956 жылы бес жүз адаммен (ішінде Әбіш Кекілбаев пен Фариза Оңғарсынова бар) концерт беріп, оның ішінен елуін таңдап, 1958 жылы қазан ­айында Мәскеуге бардық. Осы жылы музыка училищесін аштық. Кешегі қазан айында училищеге 60 жыл болды. Біз күніне он-он екі сағат дайындалатынбыз. ­Оркестр басында «Мұнайшылар сарайының халық аспаптары оркестрі» деп аталған. Бәріне көмектескен Нұртас Оңдасынов еді. Сейілхан училищеге директор болды. Мен қобыздан сабақ бердім.
– Ахмет Жұбанов Сейілхан ағаны ерекше жақсы көрді ғой…
– Сейілханға ризашылығын білдіріп, сол туралы ылғи жазатын. Газеттегі мақаладан бастап, көптеген кітаптар шықты, со­лардың бәрінде жазған…
– Сейілхан ағаның өзі кімнен тәлім алды?
– Ол Қали Жан­ті­леуовте оқыды, мен Лесманның шәкірті­мін. Бірақ мен бітіре­тін жылы ол кісіні Горький қаласына жер аударып жі­берді де, оның ас­сис­тенті ­Фатима Балғаеваның шәкірті болып бітірдім. Ал ­Иосиф Лесман ­Маринский театрының бас концертмейстері болған, Қазақстанда скрипка класын ашқан сол кісі, қобыз класын ашқан да сол. Бас қобыз класын Эдельман деген кісі ашты. Енді домбыра класына жетекшілік еткен Лұқпан Мұхитов, Қали Жантілеуов, кейін Рүстембек Омаров келді, Ғылман Әлжанов деген мықты домбырашылар болды. Негізі біздің ең құрметтейтін ұстазымыз – Ахмет Жұбанов. Кездес­кен сайын ақылын айтатын. Құрманғазының тете інісін Дина оркестрін құруға Нұртас Оңдасыновтың шақыртуымен жіберген Ахаң болатын. Міне, сол Ахаңның тапсырмасымен Дина атындағы оркестрін 1957 жылы құрдық. Былайша оркестрлердің жолын есептегенде бірінші «Құрманғазы», екінші «Дина», сонан соң барып «Отырар сазы» оркестрі құрылды. Ал қазір «Құрманғазыны» айтады, «Отырарды» айтады, «Динаны» айтпайды. «Дина» оркестрі де қазір академиялық оркестр ғой. Құрған адамның еңбегі аталып, елену керек. Сейілхан ағаңның аты көп жерде аталмай қалады. Мен соған қапаланамын…
– Сіздің арғы тегіңізде өнерлі болған кімдер бар еді?
– Менің екі ағам кезінде сауаттандыру жұмысын атқарған.
– Ликбез шығар…
– Иә, арасында Сейілбек деген ағамды Ташкентке оқуға жіберіп алған. Сонан кейін мына Қарқаралының өнерпаздары театр құрып, «Шұғаның белгісі» қойы­лымын қойғанда Сейілбек ағам ­Әбдірах­манның рөлін ойнаған. Әбішті соттап жіберіп, кейін босап келе жатқанда ауырып жатқан Шұға алдынан шыға алмай көз жұмады. Содан Әбіштің Шұғаға арнап айтқан мынадай өлеңі бар:
«Оқ тиген жапандағы жалғыз киік,
Жан қалқа, жараландым сені сүйіп.
Жайраңдап қарсы алдымнан
сен шыққанда,
Тарқаушы ед іштегі арман,
қайғы, күйік.
Ойпырмай, ойпырмай, Шұға, жаным,
Шұға, жаным,
Қайғы күйік…».
Осындай өлең шығарған екен. Сол рөлді театрды құрушы Смағұл Сәдуақасов менің Сейілбек Нұрпейісов деген ағама ойнатқан. Ол кезде кәсіби маман жоқ, бәрі әуесқой. Біздің үйде бір сурет болды. Ылғи классикалық костюммен түскен ер адамдар, екі-үшеуінің ғана беті сау, қалғандарының беттерін адам танымастай етіп бүлдіріп тастаған. Үлкен жеңгемнен «мыналардың бетіне не болған?» деп сұрадым. «Оны қайтесің, солай болған» деді. Менің Сейілбек ағамның соңынан КГБ өле-өлгенше қалмады. 39 жасында жүрегі шыдамай Талдықорғанда қайтыс болды, артында 7 баласы қалды. Сол тұқымнан қалған жалғыз мен. Даусы керемет еді. Арқаның «Смет», т.б. әндерін домбырасын шертіп жіберіп айтқанда ғажап еді. Кіші ағам, ән айтпайды, күй тартатын. Мені бірінші кластан бастап, (ол кезде біз латын әліпбиімен оқитынбыз) сахнаға шығарып, домбыра тартқызатын. Ағамнан үйренген «Қарасай», «Кеңес» күйлерін ойнайтын­мын. Консерваторияда оқып жүргенде «Құрманғазы» ор­кестрінің құрамында көрмелерге ылғи Мәскеуге баратынбыз. 1949 жылы онкүндікке бардық.

Оңдасынов Жұбановқа хабарласып, «Сейілхан Құсайынов деген шәкіртің бар ма, олардың музыкалық коллекив жасауға шамалары келе ме?» деп сұрапты. Содан не керек, біз Мәдениет министрлігі арқылы шақырту алып 1956 жылы сонда кеттік. Күндіз-түні жұмыс жасадық. Ауыл-ауылдарға барып үйренгісі келетіндерге үйреттік. Маңғыстаудың біраз жігіттері, Гурьевтегілер  бар бәріміз жиналып, 500 адамдай оркестр құрып, концерт бердік елу алтыншы жылы. Оңдасынов 1957 жылы «үлкен оркестр құрып, дайындай аласыңдар ма?» деді. «Дайындай аламыз» дедік. Әуелі жүз адамды таңдап алдық, ылғи жастарды. Нота үйрету үшін жанымыздан 6 айлық курс аштық.

– 1949 жылы Ахаң апарды ма?
– Ахаң дирижер, ал сол кездегі бүкіл делегацияны Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің хатшысы болған Ілияс Омаров басқарып барды. Ол кезде менің оқып жүрген кезім еді.
– Сейілхан аға да барған болар?
– Әлбетте. Ол кезде оркестрдің құрамы да, айлығы да аз болды ғой. Қызық болды. Ең аяғында «Сарыарқамен» концертті бітіреміз ғой, оқыстан менің тиегім ұшып кетті. Сонан бәрі орындарынан тұрып иіліп жатыр, мен тұрмаймын. Қасымда Сәнен отырады. Сәнен Әжіғалиева кейін Шымкент қаласында музыка училищесін ашып, 35 жыл басшы болды. Ол маған «тұр, тұр» дейді, мен «ойнаған жоқпын тұрмаймын» деймін. Ол болса «ей, сенің ойнаған, ойнамағаныңды кім көріп жатыр, тұр, тұр» дейді. Сол есімде қалды. Қазір күлеміз. Әй, сонда қайбір оңдырып тартты дейсің…
– Ахаң қайтыс болғанда сіздер Гурьев­тесіздер, жайсыз хабарды естігенде қандай жағдайда болдыңыздар?
– Еңірегенде етегіміз жасқа толды. Ол кісі ауырып жатқанда жеңгеміз қайтыс болды, Нәкә дейтінбіз. Ахаңның операциясынан кейін санаторийге емделуге жатқанда, жеңгеміздің жүрегі ұстап, Ахаң өзі операциядан кейін жүруге шамасы жоқ, еңбектеп дәлізге шығып медбикелерді шақырған.
– Ахаңның орнына дирижер болып Шамғон Қажығалиев қалай келді?
– Шәкеңді қыр соңынан қалмай дирижер қылған – Ахаң. Тіпті «келіспесең кон­сер­ваториядан шығарып жіберемін» деуге дейін барды. Шәкеңнің мінезі сұмдық шатақ болды. Олай болмаса болмайды. Жалпы дирижерде мінез болу керек. Мінез болмаса, отырған 80 адамды қалай бағын­ды­расың? Не мықты музыкант болуың керек, не мінез болу керек. Шам­ғон жақсы музыкант. Ол консерваторияны домбырашы әрі скрипкашы болып бітірді. Ол кезде ер адамдар галифе шалбар, етік киіп, етіктері сықырлап жүру сән еді. Шәкең де жүргенде етігі сықыр-сықыр етіп жүретін. Жүзі сол кездің өзінде сұсты болатын. Буха­рестке барар алдындағы дайындық кезінде аяқасты ашуланып, қолындағы дири­жер­лық таяқшасын бырт-бырт сындырып, лақ­тырып шығып кеткен. Кейін жақын жан­дарының бірі: «Неге мінезің солай?» десе, Шәкең: «Мен туғаннан не көрмедім? Же­тім­діктің сазайын тартып, аш-жалаңаш болдым, менен қандай мінез күтесіңдер?» депті.
– Сіздер Гурьевке өнердің тыңын көтеруге барған сияқтысыздар ғой…
– Иә, солай. Нұртас Оңдасынов ағай­мен бірігіп, қоян-қолтық қызмет жасаған. Училищенің директоры да ағаң. Оркестрдің көркемдік жетекшісі, әрі дирижері да ағаң. Былайша айтқанда халық музыкасының қазығын кәсіби деңгейге көтеру жолында алғаш қағушы – Ахмет Жұбанов. Ал Атырауда қазығын қаққан Сейілхан. Музыкадан хабары бар адам солай ұғынуы керек. Ағаңның еңбегі соңғы кезде елене бастады ғой. 2008 жылы өзі ашқан училищесі 80 жылдығын өткізді, былтырғы желтоқсан айының соңында Дина атындағы оркестр 90 жылдығын өткізді. Облыстық мұражай екеумізге арнап көрме ұйымдастырды.
– Сейілхан аға Ахаңнан сабақ алды ма?
– Ахаңнан бәріміз де сабақ алдық. Бір жағдайды айтайын… Ахаңның соңына өзі оқытқан шәкірттері түсті. Қазір есімдері елге белгілі дардай адамдар. Оқыдың ба, оқымадың ба «Алматы ақшамына» қызы Ғазизаның естелігі шықты. Көңілі қалып, зықысы шыққан Ахаң «Фрунзеге кетем!» деген ғой, осыны оқып алып әбден жыладым… Ахаңды қорлады десе де болады… Біз оқып жүрген кезде Иван Бочков деген орыстың жігіті болды. Консерваторияның комсомол хатшысы. Сол жігіт: «Әй, жігіттер, сендер не істеп жүрсіңдер? Ертең бармақтарыңды тістейсіңдер, қазақ өнерін аяғына тұрғызған адамды сонша қорлап…» деп ұялтыпты. Солардың бірі Күләш Байсейітова атындағы мектептің директоры болды. Сейілхан ағаң ол кезде сонда сабақ беретін әрі комсомол хатшысы болған. Бір күні директор өзіне шақырып: «Осылай да осылай, Жұбановтың үстінен арыз жазып жатырмыз, қолыңды қой» депті. Өмірі мінез көрсетпейтін Сейілхан: «Естерің дұрыс па? Бәрімізді адам қылған ұстазымызды қалайша апанға тастамақшысыңдар? Мен қазір барып айтамын» деп, Ахаңа барып айтқан. Ол кісі білмейді екен…
– Сейілхан ағамыздың мінезі қандай еді?
– Сейілхан ешкімге өрескел қылық көрсетпейтін. Берген тапсырманы тап-тұйнақтай қылып орындайды, «мен сөйттім» деп кеудесін соқпайды, өзімен өзі жүреді. Киім киісі қатарларыныкіндей олпы-солпы емес, тозық та болса (ол кезде дұрыс киім де жоқ қой) өзіне құйып қойғандай, шашы да ұқыпты таралған. 1946 жылы оқуға түстік, 1947 жылы Сейіл­ханның әкесі қайтыс болып елге барып келді. Бұрын Орал облысы болатын, кейін Гурьев облысына қарап кеткен. Дина шешемізге сәлемдесіп барып, ол кісі елдің жайын сұрағанда, «Оралдан біздің елді бөліп Гурьевке қаратыпты» демей ме, Дина шешеміз қатты қапаланып, қайғырыпты. Мысалы, Құрманғазы, Дина Орал «біздікі» дейді, Гурьев «біздікі» дейді. Бұрын бәрі бірге болатын.
– Сіздер Гурьевтен Алматыға жұмыс ­бабымен келдіңіздер, бұл жаққа шақыртты ма?
– Сейілханның «Көркейіп гүлдене бер, Гурьевім!», Жұмағали Саинның сөзіне жазылған «Қарамашы, қадамашы» әндерін, «Мереке», «Шаттық» күйлерін шығарып, танылып қалған кезі. Ол кезде кәсіби композитор болмасаң әуесқой композиторлар елене бермейтін. Содан консерваторияға Ғазиза Жұбанованың класына түсті. Консерваторияның жатақханасында тұрды. Мен балалармен Гурьевте қалдым. Еділді Чайковскийдің дайындық курсына бердік. Ол Гурьевтегі Құрманғазы атындағы мектепті фортепианодан бітіріп, Чайковскийді дайындық курсынан бастап, музыка теориясынан аяқтады. Консерваторияға композиторлыққа түсті. Розаны Күләш Байсейітова атындағы мектепке бердік. Қыстыгүні каникулға барғанда, «қайтпаймын» деп табандап қалып қойды. Роза Гурьевте фортепианодан екі жыл оқып, екі жылын ­Чайковскийде тамамдап, консерваторияны бітіріп, осында тұрмыс құрып, жұмыс жасап, 2000 жылы дүние салды… Ертіс деген ұлымыз да сол аты жаман аурудан қайтыс болды.
– Алматыға қай жылы келіп орнық­тыңыздар?
– Сәкең Алматыға пластинка шы­ғара­тын мелодия фирмасына директор болып келді. Қазақстан, Қырғызстан, Алтай өлкесі жазатын. «Бірақ келген бойда пәтер бере алмаймыз, бір-бір жарым жыл күте­сің, соған шыдасаң келіңіз» деді. Біз келісіп, уақытша пәтерде тұратын болып көшіп келдік.
– Енді Маңғыстау жағына қалай бардыңыздар? Қызмет бабы ма?
– Мен 1988 жылы зейнетке шықтым. Содан бірер жыл бұрын Шевченкода «Маңғыстау маржандары» деген ансамбль құрылып, өнер мен мәдениетімізде айтарлықтай жаңалық болған. Сол жақтан бір ықпалды азамат хабарласып, «Сендер зейнетке шығыпсыңдар, мынау «Маңғыстау маржандарына» иелік етіңдер, Ералыда музыка мектебінің басшысы жоқ, соны басқарыңдар, керексіңдер» деп шақырды. Оған мен қызыққанмен, Секең онша елең етпеді. Менікі «ансамбльді аяғынан тұрғызсақ, ол жақта да таланттарға жол ашайық» деген ой. Сонымен Сейілхан ағаң Ералы музыка мектебіне директор, «Маңғыстау маржандары» ансамблінің көркемдік жетекшісі әрі дирижеры болды. Мен сабақ бердім. Сөйтіп, екі жарым жылдай сол жерде жұмыс істедік.
– Сейілхан аға «Мелодияны» басқарып тұрғанда Мәскеуге жолы түсіпті ғой, осы жайлы кеңірек айтып бересіз бе?
– Иә, Мәскеудегі мемлекеттік мұрағатқа сол жақта біздің атақты әнші, музыканттарымыздың жазылып қалған дауысы, шығармалары бар ма екен деп хат жазады. Оның директоры Сейілханға шақырту жібереді. Өзі жалғыз бармайын деп, ол кезде студент Жарқын Шәкәрімді өзімен бірге ала кетеді. Содан бара сала кіріседі. Қазақстан деген картотекадан мардымды ештеңе таба алмайды. Ондағы бар дүниелер өзімізде де бар болып шығады. Бұлар Әміренің дауысын іздейді. Жоқ! Сонан басшысы «Каз» деп емес «Кир АССР» деп іздеңіздер дейді. Расымен барып қараса, қырғыздардың картотекасынан Әміренің дауысы шыға келген. Содан Жарқын Қазақстанға «Әміренің даусын таптық!» деп телефон соғады. Енді ойлашы, Жарқын ол кезде оқып жүрген бала, Сейілхан ертіп бармаса, оны мемлекеттік архивке кім кіргізіпті? Енді «таптым» деген сөз соның аузынан шыққан соң, сол тапқан болып кетті ғой…
– Сейілхан ағамыздың «Отырыр сазына» қандай қатысы бар?
– «Отырар сазы» алғаш 1980 жылы Отырардан табылған көне аспаптарды сөйлету мақсатында ансамбль боп құрылды. ­Болат Сарыбаев пен Сейілхан ағаң құрып, алғашқы концертін берді. Кейін Нұрғиса Тілендиев қолына алып көркейтті ғой.
– Алла сізге ғұмыр берсін, мағы­налы әңгімеңіз үшін зор рақмет!

Сұхбаттасқан
Мақсат ТІЛЕПБЕРГЕН,
Құрманғазы атындағы халық
аспаптары оркестрінің домбырашысы,
ҚР Мәдениет қайраткері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

4 Пікір

  1. Бөрібай КӘРТЕН

    Жұбановқа жала жауып, арыз жазған міскіндердің атын атап көрсету керек еді… Дегенмен көп дерек беріліпті һәм жақсы жазылыпты. Раушан апайға Алла қуат берсін!

  2. Шолпан ҚАНДИ

    Раушан апайға жайма- шуақ көңіл-күй, қарттыққа жеңіліс бермейтін қуат-күш, мықты денсаулық тілеймін! Мақсат, айналайын, өнердің алғашқы қарлығаштарын көрген, істес болған Раушан апайдан мақалада есімдер аталған, аталмағаны бар өнердегі зиялы адамдар туралы жек-жеке естеліктер жазып алуға ұмтылыңыз. Қажырлылық танытып іске кіріссеңіз бүкіл аймақтағы өнер туралы, оны орындаушы, насихаттаушы туралы тарихқа құнды мақалар енгізесіз. Сізге шығармашылық табыс тілеймін.
    Шолпан ҚАНДИ

  3. Мақсат

    Қадырлы Шолпан апай және Бөрібай мырза! Пікір білдіріп , шығармашылық өріс тілегендеріңізге алғысымды білдіремін! Апайдың айтуына қосыламын, ойда жүрген егде жандардан естелік алу көптен бергі мақсатым, бұйырғаны болар…Ана тілі газетінің ұжымына зор табыс тілеп, шексіз алғыс айтамын!!!

  4. Айнұр

    Ұлы тұлғалардың көзін көрген, заманауи оркестр құру ісінің куәгері Раушан апай нағыз қазына ғой.
    Авторға рахмет, апайдың біраз сөзін хатқа түсіріп, оқырманға жеткізгені үшін. Апамыз ұзақ өмір сүре берсін деп тілейміз.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.