ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ МҰРАЛАРЫ

(Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласын оқығандағы ой)

Такир Балықбаев,
Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университетінің
ректоры, профессор

Ұлы даланың мақтан тұтарлық төл тарихы, мәдениеті мен өнегесі бар. Оны ұлықтау ұлтты ұйыстыруға бастайды. Бұл орайда Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы басты бағдар болмақ. Елбасы мақаласының ең басты мақсаты – халқымыздың бірнеше мыңжылдықпен өлшенетін бай тарихын дүниежүзілік тарихтың біртұтас бөлігіне айналдыру екендігі белгілі. Яғни бұл қазақ тарихын әлемдік өркениетке мойындатып, оны әлемдік «Жалпы тарих» курсына енгізу деген сөз.
Еліміздің көне ел екендігінде сөз жоқ және соған сәйкес бай тарихымыз да бар. Оны ауызекі тілде күнде қайталап айтқанымызбен біздің тарих, өкінішке қарай, ғылыми тұрғыдан зерттеліп, жүйелен­беген, хатталып қағазға түспеген тарих күйінде қалып отырғаны Елбасын қатты мазалайды. Елбасы 1999 жылы «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «…қазақ этносы ғасырлар бойы қалыптасқан. Ол осы жерге отаршылдық немесе басқыншылық жолмен келмеген. … Біздің кіндігіміз жеті атамызбен ғана жалғасып жатқан жоқ, одан да арғы Үнді мен Ніл, Еділ мен Дон жағалауларына қазақ даласының рухын жеткізген бабаларымызбен жалғасып жатыр. Осынау қанатын кеңге жайып, жанарын алысқа салатын қазақ рухы әзірше өз деңгейінде парықталмай келеді» деп жазған болатын.
Иранның атақты жыршысы Әбілқасым Фирдауси «Шахнама» дастанында біздің далада Х ғасырда Қазақ хандығы болғанын, оның ат үстінде найза ұстаған жауынгер халқы Қазақ деп аталатынын жазып кеткені мәлім. 

Қазақ халқы VIІ ғасырда өз же­рінде өз атауымен қалып­тасқаны туралы мәлі­мет­тер қытай деректерінде де кездеседі. Онда VIІ ғасырда «хаса» деп аталатын халық болғаны көрсетілген, ал қытайлар қазақ­тарды бертінге дейін «хаса» деп атады; Үндістанға дейінгі территорияны жаулаған Түркі қағанаты әскерінің жеке адамдары  араб жазбаларында «халаж» деп те аталғаны кездеседі. Ол атаумен «қазақ» сөзінің арабша жазылуы өте ұқсас келеді. VII ғасырда қазіргі Қазақстан жерінен барып Кавказ өңірін жаулап алған жалпақ бет, қысық көз азиаттар қазақ деп аталған, олардың ұрпағы – киімдері кавказдық, түрлері қара, ескі тілдері киргиз-кайсакша болған қазақтар. Сол VII ғасырда Қырымға жақын батыс далаға орныққан қазақтарды Х ғасырда әл-Масуди «ғазақ көшпен­ділері» деп жазды. Оны Ресей ау­дар­машысы «кочевники гузи» деп бұр­ма­лаған. Ал ХІ ғасыр оқиғаларын баян­дайтын «Древнерусские летописи» деректерінде ол қазақтар «касог» деп көрсетіледі.
«Қазақ халқының ежелден Еуразияны, яғни Ұлы Даланы билеп-төстеген көне халық екенін Ресей империясы барынша жасырып бақты. Олар ежелгі даңқты тарихы барын білетін елді бағындыру қиын боларын жақсы түсінді, сол себептен қазақтың тарихын барынша бұрмалауға тырысты. Ал қырғыздарды олар Орта Азияда ертеден бар көне халық қылып көрсетумен болды. Өйткені таудағы шағын аймақта отырған аз ғана қырғыздан Ресей империясының болашағына еш қауіп төнбесі анық еді. Ал орасан үлкен аймақты мекендеген қазақ халқының аман сақталуы және көбеюі ­Ресей империясының болашағына қауіпті болатын. Олар Шыңғысханның қазақ екенін және ол орнатқан империя Алаш орда екенін де жасырды. Алаш орданы тарихқа «Алтын Орда» қылып енгізді. Өйткені алтын – халха-моңғол мен қазақ тілінде бір мағынада, ал алаш – қазақтың екінші балама атауы («алаш» атауы мемлекеттің қазаққа тиесілі екенін айғақтайтынын жақсы түсінді, сондықтан оны «алтын» атауымен алмастырды). Ресей империясы ХІХ ғасырда Қытай империясынан қазіргі Моңғолия аумағын тартып алғаны, сол аумақтағы халха еліне Моңғолия атауымен автономиялық жеке мемлекет орнатып бергені мәлім. Мемлекеттері Моңғолия деп аталғандықтан оның халқы халхаларды «моңғол» деп атап кетті. Осылайша орыс ғалымдары: «Шыңғысхан заманындағы маңғыл елі мен қазіргі халха-моңғол – бір халық» деуге мүмкіндік алды.
Мысырды билеген Бейбарыс сұлтан Қырымнан шыққаны, оның руы араб деректерінде «Бурши» деп көрсетілгені белгілі. Қырымдық урус-сакалбан елі кемелермен теңіз саудасын жасаған, ­Бейбарыс сұлтан бала кезінде құлдыққа түсіп, кемеде ескек есуші болғаны да мәлім. Оны Ашина деген Бөрші династия­сына жау Сұрбөрас тобының адамдары құлдыққа салып, кейін Египетте сатып жіберген. Бейбарыс сұлтан билікке келген соң Қырымда Ислам дінін орнатуға қатты күш салды, онда Бейбарыс салдырған мешіттің орны сақталған. Кейін Бейбарыс сұлтан шыққан Бөріші руы Беріш болып орнықты. Олардың біразы билеуші тап болғандықтан украин, казак, албан және басқа да еуропалық ұлттар құрамына сіңді. Олардан аман қалып сақталғаны қазақтың қазіргі Беріш тайпасы екені түсінікті» деген сияқты кейбір деректер зиялы қауым мен ғалымдардың назарына ұсынылуда және түрлі дәрежеде талқылануда. Сондай-ақ қазақ болмысының келесі бір басты ерекшелігі – оның жаппай тарихшылдығы. «Қара халықтың тарихтан хабардарлығы мейлінше жоғары болған. Керек десеңіз, білім институттарының дамыған жүйесі бар бүгінгі күннің өзін бұрынғы қазақтардың санасындағы жаппай тарихшылдықпен салыстыруға болмайды» деп жазды Елбасы 1999 жылы.
Президентіміздің 2004 жылы 13 қаңтардағы Жарлығымен қабылданған «2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы белгілі дәрежеде өз жемісін берді. Ол бойынша 35 тарихи-мәдени маңызы бар сәулет ескерт­кіштері қалпына келтіріліп, 30 археологиялық және 17 қолданбалы ғылыми-зерттеу жобалары іске асты. Батыс Еуропа, АҚШ, Жапония, Түркия, Египет, Қытай, Ресей және Армения елдерінен Қазақстанға қатысты 5000-ға жуық құнды мәліметтер әкелінді. Археологтар 32 ескі қалалар мен елді мекендердің орнын зерттеді. Елде маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің тізімі жасалып, оған 218 нысан енгізілді.
Ұлы далада көптеген жүзжылдықтар ағымында мемлекеттік құрылымдар үлгілері дәйекті түрде ауысып, қуатты хан­дықтар қалыптасып, шекаралары нығая түсті. Елбасы Ұлы даланың негізгі ерекшеліктері туралы өзінің ойларын ортаға салып және осы өркениет ­Батыс пен Шығысқа, оңтүстіктен солтүс­тікке таралғанын, бабаларымыздың өмір сүру стилі мен қыметтері заманауи тех­нологиялық жаңалықтармен са­бақ­тасып жатқандығын нақты да бұл­тарт­пас деректер арқылы жеткізді. Ұлы даланы ежелгі өркениет өрісінің тал бесігі ретінде қарастырды. Ал бірақ, біз соны мынау жаһандану жағдайында болаша­ғымызға қызмет көрсете алатындай дәрежеде бағалай және дәлелдей алдық па? Мақала, міне, осындай сұрақ пен проб­леманы шешудің алгоритімін ұсынады. Оны Елбасымыз мысалға немістер­дің, ита­лиялықтардың немесе үнді халық­тарының жылнамаларындағы баяндалған же­тістіктерін келтіре отырып, олардан асып түспесе, бір де бір кем түспейтін бі­регей тарихи деректерді күн тәртібіне қояды.
Сонымен қатар жағдайдың бұлай болуының себептеріне де көңіл бөліп, оның сан алуан екенін айтады. Кеңестік дәуірдегі идеологияға негізделген мемлекет оны тас-түйін тұжырым ретінде санаға енгізгені белгілі. Осы ретте Елбасы өзінің мақаласында: «Еуроцентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ» дейді. Иә, бұл шындығында да, ғылымда үстемдігін жүргізіп, өткеннің тарихына қалауларына қарай төбебилік жасауға әбден машықтанып алған еуроцентристік бағыттағы ғалымдар соңғы ғасырларда өзгелермен санасуды бір жола қойып, әр халықтың төл тарихын тек бірыңғай еуропалық таным-түсінікте ғана жазуға және де жаздыруға біржола қол жеткізген еді. Осыған сәйкес олар өздерінің жеке тұжырымдарын «талдап, талқылауға жат­пайтын ғылымның жетістігі» ретінде ғылыми айналымға енгізді. Осы арқылы өз танымдарын өзгеге теліп, адамзат бала­сының кейінгі ұрпақтарының өмір сүру салтының еуропалық таным-түсінікке үйлесіп, сай келетіндерін – «өркениет­тілер», «мәдениеттілер»; ал оған сай келмей­тіндерін – «жабайылар», «тағылар» деп тануды заңдылыққа айналдырғаны ақиқат. Соның нәтижесінде еуропалық емес халықтардың дүниені еуропалықтардың таным-түсінігімен зерделеп, болмысқа солардың көзімен қарауы біліктілік пен білімділіктің, даналықтың белгісі болып саналды. Көшпелі мемлекет­тердің тарихын зерттеушілеріміз шетелдік жиһанкездердің қалдырған деректеріне сүйеніп, сол арқылы тарихымызды дәйектеп келді. Өкінішке қарай бұл үрдіс қазақ зиялыларының басым көпшілігіне тән. Осының салдарынан көптеген халықтар, оның ішінде қазақтар да бар, уақыт өте келе ғылыми танымды былай қойып, тіпті, өздерінің қалыптасқан қа­рапайым өмірлік төл танымын да еуро­па­лық таныммен алмастыруға мәжбүр болды.
«Біз басқа халықтардың рөлін төмен­детіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсетейін деп отырғанымыз жоқ. Ең бастысы, біз нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз» дей келе, ­Елбасы негізінен, біздің әлемдік өркениетке қосқан үлесімізді, жаһандық даму үрдісіне тигізген айтарлықтай септігімізді қайтадан зерделеп, әлемге жаңаша, заманауи түрде дәріптеуге үндейді.
Қазақ ұлтының тарихи тамыры терең, мәдениеті бай екенін ежелгі дереккөздер мен бүгінгі археологиялық зерттеулер жан-жақты дәлелдеуде. Қазақтардың қоғамдық құрылысы мен өмір-салты да дербес болған. Көшпелі дала мәдениетінің басты ерекшелігі – оның табиғатпен үйлесімде өмір сүруі. Ата-бабаларымыз географиялық және климаттық ерекшеліктерге бейімделе отырып, тұрмыс-тіршілігін жасап, шаруашылығын жүргізген. Осылайша әлемдік тарих пен адамзат өркениетінде өшпес із қалдырған.
Жер бетінде көнеден келе жатқан әрбір өркениеттің өзіндік ерекшелігі бар. Ал Ұлы дала өркениетке қандай жаңалықтар әкелді, оның адамзат тарихындағы орны қандай? Бұл – тарихқа деген жаңа тұжырымдамалық көзқарас. Елбасы жалпы адамзаттың тарихын негізге ала отырып, өз тарихымызға тәуелсіз көзқараспен қарауды ұсынады. Ұлы дала өркениеті көшпенділердің мем­ле­кеттік дәстүрінен тікелей бастау алады. Мәселен, әлемдік тарихты түбегейлі өзге­ріске ұшыратқан көшпелі ұлыстар мен елдер орнатқан алып империялар соңына орасан зор мұра қалдырғаны белгілі. Осынау дала мемлекеттері құрамында этни­ка­лық тұрғыдан түріктер, моңғолдар, тұңғыс, манжұр текті ру-тайпалар одағы болғанын және олар Еуразия кеңістігінде ұзақ уақыт бойы алма-кезек билік жүргізіп келгенін естен шығармауымыз керек. Қыс­қаша айтқанда, Ұлы далада ғасырлар бедеріндегі дәстүр сабақтастығын негіз еткен өрелі өркениет, баянды өмір-тіршілік қайнап жатты. Қазіргі археологиялық-этнологиялық зерттеулер соның заттай және рухани айғағын жариялап келеді. Алайда осынау Ұлы дала мәдениетін бөліп-жарып, тек аймақтық ерекшеліктерін бас­ты белгі етіп зерттейтін болсақ, онда зерт­теудің мәні шашыраңқы сипат алып, кілті оңай­лықпен табылмайтынын ескеруіміз керек.
Қазақ даласынан жер бетіндегі ең ұлы инновациялар бастау алды, олар өркениетті басқа сатыға ауыстырып берді. Жылқының қолға үйретілуінің өзі әлемдік дамуға орасан зор әсер етті және дамудың шешуші қозғаушы күшінің біріне айналды. Ат үстіндегі адам – табаны жерден көтерілген адам, жан-жағына жоғарыдан қарай алатын адам. Ат үстіндегі адам – уақытты жылдамдатып, өз ықпалын жасай алатын адам. Адамның атқа қонуымен қағидатты түрде жаңа дәуір – аттылы көлік коммуникациясының дәуірі басталды. Жаһандық өркениеттің атымен тарихтың жаңа беті ашылды. Бұл – адамзат тарихына біздің бабаларымыз қосқан ең басты үлестің бірегейі.
«Тарихтың барлық белесінде жылқы адамға көмектесумен келеді. Онымен жер де жыртылады, аң да ауланады, жүк те тасымалданады, адам соны мініп жүріп соғысады, адамға қорек болатын да – сол, адамды құтқарып қалатын да – сол. Оның үстіне жылқы кеңістікті тұтастырып тұрады – жылқы болмаса ежелгі империялардың құрылуы мүмкін емес еді» деп жазды бел­гілі ғалым В. Курская «История лошади в истории человечества» атты зерттеуінде. Ол «бие» (iumenta) сөзі латынның «iuvat», яғни «көмектесу» сөзінен шыққанын айтады.
Президенттің мақаласында Алтай өркениетіне көңіл бөліп, ол туралы ой толғауы жай нәрсе емес. Бүгіндері Қазақ­стан, Моңғолия, Ресей сияқты үш мемлекеттің шекарасы түйіскен алып Алтай – адамзат өркениетінің жауһар ошақта­рының бірегейі, геосаяси маңызды алаң. «Үзеңгі мен ертұрман, шалбар мен сауыт-сайман, қылыш пен саржа үлгілері расымен көшпенділер мекені болып келген Ұлы дала адамзатқа сыйлаған өркениеттің баға жетпес байлығы. Осы орайда жалпы түркі жұрты, моңғол елінің музейлеріндегі үзеңгілердің коллекциясынан тақырыптық арнайы көрме өткізіп, ғылыми каталог шығарсақ, мәдениетіміздің бірегейлігі мен сан алуан қыры өзінен өзі жарқырап көрінер еді деген де ой келеді. Жартастарда сызылған үзеңгі түрлері де қызық. Жіптен, қайыстан, ағаштан, темірден жасалған үзеңгі үлгілері де керемет емес пе?! Мақалада материал­дық мәдениетке ден қойылып, әсіресе архео­логиялық мұраларға терең мән берілуі маңызды мәнге ие. Бұл орайда, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаласы ғылыми қауымға, әсіресе тарихшыларға терең ой салады» дейді Моңғолия ұлттық музейінің директоры Дагваадоржийн Сүхбаатар.
Шындығында төрт түліктің төресі саналатын жылқының ғана емес, оны қолға үйретудің отаны – Ұлы Дала елі. Ұлы Дала – бұл үлкен аймақ, Еуразияның орталық бөлігі, бүгінгі таңдағы ­Румыния, Венгрия және Украина, Ресейдің оңтүстігі арқылы, Қазақстанның солтүстігі, Оңтүстік Сібір, Алтай, Тува, Моңғолия және Забайкалье аймағы. Бұл ұшы-қиыры жоқ кең дала – шалғынға бай, жылқы өсіру үшін ең қолайлы аймақ. Осы аймақта мыңжылдықтар бойы жүздеген тайпалар мен ұлыстар өздерінің малдарымен көшіп-қонып өмір кешті.
Солтүстік Қазақстандағы б.э.д. 3500 жылғы энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» мен «Қожай» қонысында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары жылқы­ның тұңғыш рет қазіргі біздің жерімізде қолға үйретілгенін остеологиялық (анато­мияның сүйек құрылысын зерттейтін саласы) зерттеулер арқылы нақты дәлелдеп берді. Онда табылған төрт жылқының азу тістеріндегі белгілер ауыздықтан қалған ізді көрсетеді. Ауыздық – жылқыны қолға үйретудің ең бірінші белгісі. Ауыздықсыз атты басқару мүмкін емес. Себебі ол – ірі және күшті жануар.
Ал Ботай – өз заманында би болған, қажы­лық парызын атқарған, сол өңірдің зиялы азаматы. Оның әкесі Досан батыр — Абылай ханның замандасы, сенімді серігі болған. Ботайдың ұлы Кенжебек ­Кенесары көтерілісінде ерлік көрсеткен батыр. Әлемге танылған Ботай – шындығында да, құрметке лайықты адам. Белгілі ­археолог В.Ф.Зайберт 1980 жылы Ботай қо­нысын ашып, алғашқы жеті күндегі аршу жұмыстары кезінде 40 мыңнан ас­там заттай деректер тапқанын, оның нағыз сенсациялық археологиялық нысан екен­дігін 2009 жылы шыққан «Ботайская куль­тура» атты зерттеуінде және 2011 жылы жа­рық көрген «Ботай. Дала өркение­ті­нің бас­тауында» атты кітабында нақты суреттейді.
Сонымен қатар дөңгелектің пайда болуы осы уақытқа сәйкес келіп отыр. Соның нәтижесінде біздің бабаларымыз өз дәуірінде ауыз толтырып айтарлықтай үстемдікке ие болып, өркениет тұрғысынан алғанда жаһандық ауқымда шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз револю­ция­ға жол ашты. Жылқыны қолға үйрету арқылы атқа міну мәдениетінің негізі қаланды. Шығыс Қазақстандағы ­Берел тарихи орнынан табылған аттардың ДНК-сы тексерілді. Ол бүгінгі таңдағы 7 генетикалық топты құрайды. Олар тегі жағынан қазіргі еуропалық, тувалық, кореялық, ал шешесі жағынан қытайлық, тувалық, анатолийлық жылқыларға жақын екенін дәлелдейді. Қазақ және қырғыз жылқылары тегі жағынан алғанда моңғол жылқыларымен тектес келеді. Бұл жылқылар –дала көшпенділердің ыстық пен суыққа үйренген көнбіс, тым қатал ауа райы жағдайларына қарай икемделген, тебіндеп қоректенуге үйренген аса бапшыл емес жануарлар.
Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империяларының тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды. Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі. Сол арқылы Ұлы дала үстемдігі орнады, өз мәдениеті арқылы ұлан-ғайыр территорияға иелік етті. «Автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенеді. Бұл дәстүр – жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған ұлы дәуірге деген құрметтің белгісі. Біз әлемнің барлық түкпіріне ежелгі қазақ жерінен тараған осынау ұлы технологиялық революцияның жемісін адамзат баласы ХІХ ғасырға дейін пайдаланып келгенін ұмытпауға тиіспіз» деп қадап айтты Елбасы өз мақаласында.
Ұлы дала ұрпақтары бүгінгі таңда ата-бабаларының жолымен ат ойындарын әлі жалғастырып келеді. Олар бәйге, тай, байтал, құнан, дөнен, бесті – ат жарыстарымен қатар жорға жарыстарын, сондай-ақ көкпар ойындарын жаңғыртуда. Ал енді бүгінгі таңдағы киім үлгісінің базалық компоненттері Дала өркениетінің ерте кезеңінен тамыр алатынын мақтан тұтуымыз керек. Атқа міну мәдениеті салт атты жауынгердің ықшам киім үлгісін дүниеге әкелгені – заңдылық.
Ат үстінде жүргенде ыңғайлы болуы үшін бабаларымыз алғаш рет киімді үстіңгі және астыңғы деп екіге бөлді. Осылайша кәдімгі шалбардың алғашқы нұсқасы пайда болды. Бұл салт атты адамдардың ат құлағында ойнауына, ұрыс кезінде еркін қимылдауына мүмкіндік берді. Дала тұрғындары теріден, киізден, кендір мен жүннен, кенептен шалбар тіктіріп киді. Содан бері мыңдаған жыл өтсе де, киімнің осы түрі өзгере қоймады. Қазба жұмыстары кезінде табылған көне шалбарлардың қазіргі шалбардан еш айырмасы жоқ. Сонымен қатар бүгінгі етіктердің барлық түрі көшпенділер атқа мінгенде киген жұмсақ өкшелі саптама етіктің «мұрагерлері» екені белгілі. Ат үстінде жүрген көшпенділер тақымына басқан сәйгүлігіне неғұрлым еркін мініп жүруі үшін биік ер-тұрман мен үзеңгіні ойлап тапты. Бұл жаңалық салт атты адамның ат үстінде қаққан қазықтай мығым отыруына, сонымен бірге шауып бара жатып, қолындағы қаруын еш қиындықсыз және неғұрлым тиімді қолдануына мүмкіндік берді. Бабаларымыз шапқан аттың үстінен садақ тартуды барынша жетілдірді. Соған байланысты қарудың құрылымы да өзгеріп, күрделі, ыңғайлы әрі қуатты бола түсті. Масағына қауырсын тағылып, металмен ұшталған жебе берен сауытты тесіп өтетін көбебұзарға айналды. Қазақстан аумағында өмір сүрген түркі тайпалары ойлап тапқан тағы бір технологиялық жаңалық – қылыш. Оның оқтай түзу немесе иілген жүзі – ерекше белгісі. Бұл қару ең маңызды әрі кең таралған соғыс құралына айналды. Сарбаз бен оның мінген атын қорғауға арналған сауытты да алғаш рет біздің бабаларымыз жасаған. Еуразия көшпенділерінің айрықша маңызды әскери жаңалығына баланған мұздай темір құрсанған атты әскер осылайша пайда болды. Отты қару пайда болып, жаппай қолданысқа енгенге дейін атты әскердің дамуы біздің дәуірімізге дейінгі І мыңжылдық пен біздің дәуіріміздің І ғасыры арасында көшпенділердің ұзақ уақыт бойы бұрын-соңды болмаған жауынгерлік үстемдік орнатуын қамтамасыз еткен жасақтың ерекше түрі – айбарлы атты әскердің қалыптасуына ықпал етті.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мақала­сында ерекше аталып өткен мәселе – Ұлы даладағы ежелгі металлургия. Мақалада айтылғандай, Қазақстанның орталық, солтүстік аймақтарымен қатар оның шығысындағы Алтай өңірі әлемдегі ең алғашқы темір және түсті металдар, көмір өндірудің орталығы болғандығын ерте және ортағасырлық қытай, ХVІІІ-ХІХ ғасырлардың басындағы батыс және Ресей деректері молынан дәлелдейді. Мысалы, ХVІІІ ғасырдың 20-жылдарынан бастап Алтай тауларынан, соның ішінде қазіргі Барнауыл маңайынан, одан әрі Риддер, Зырьянов, Нарын, Күршім өзендері бойларынан түсті металдар өндіріс орындарын ашу кезінде орыс өнеркәсіпшілері сол жерлерден өндіріс құралдары, металл қорытатын пештер мен шахталары, т.б. жәдігерлер жақсы сақталған көне кен өндіру орындарына тап болған. Осы көне кен орындары туралы ХІХ ғасыр басындағы Батыс Сібір өлкесін зерттеушілер Г.Спасский, Г.Шангин, Сборовский, Коцовский кеңінен жазған. Бұдан кенді Алтайдың жер асты байлығын алғаш игерушілер біздің ата-бабаларымыз болғандығы толығымен айқындалады. Бұл өңірде темір, алтын, күміс сияқты бағалы металдар өндіру ортағасырлық түркілер және моңғолдар билігі кезінде одан әрі жалғасқан. Түрік мемлекеттері мен Моңғолия империясының барлық металл бұйымдары мен қарулары Алтай темірінен жасалды. Қытаймен, басқа да елдермен арадағы саудада бұл өнімдер басымдыққа айналды. «Алтай» деген сөздің ұғымының өзі түркіше «алтын» деген мағынаны береді. Осы аймақты көне заманнан мекендеуші түркі, моңғол халықтары тілдеріндегі «темірші» деген сөздің адам есімдеріне берілуі жергілікті металл өндірушілердің зор беделге ие болғандығын айғақтайды. Шыңғыс ханның шын есімі де «Темуджин» – темірші деген сөзден алынған. Міне, сондықтан да Қазақ Алтайының металлургияны адамзаттың дамуының бастапқы кезінен-ақ кәсіптік тұрғыда игеріп, оны өркендетудің отаны болғандығын нақты деректер арқылы әлемдік деңгейде насихаттау Қазақстан тарихшыларының борышына айналып отыр.
Түсті металды, оның ішінде алтынды өндіріп қана қоймай, оны тұрмыстың түрлі саласында кеңінен қолданып, күнделікті өмірмен біте қайнастыра білген халықпыз. Ұлы даланың рухани мұрагері ретіндегі қазіргі қазақтың жазирасы көптеген құпиялы жәдігерлерге толы. Атап айтсақ, отандық археология жарты ғасырға жуық уақыт (1969-2017 ж.ж.) аралығында даламыздан бірнеше «Алтын адам» тапты.
Бұлардың алғашқысы Есік қорғанынан табылған құнды жәдігер – алтын сауыт­ты сақ көсемі болса, одан кейін ­Атырау облысы, Жылыой ауданы Аралтөбе қорғанынан шыққан алтын адам, сондай-ақ Шілікті және Талды-2 қорымдарынан табылған алтын тонды билеушілер мен «Тақсай», «Үржар» алтын ханшайымдары, осылардың соңғысы – өткен жылы анықталған Шығыс Қазақстандағы Елеке сазында сақталған алтын адам.
Бірінші Алтын адам 1932 жылы Електің бойынан табылған. Сондай-ақ 1969 жылы Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» «Қазақстандық ­Тутанхамонды» айтсақ та жеткілікті. Есіктегі алтын ­сауытты сақ көсемі қазақ ұлтының арғы сақ, үйсін мәдениеттерінің шынайы мұрагері әрі олардың этникалық жалғасы екендігін растай түседі. Ал Алтай мен Атыраудың арасын жалғайтын кең жазира даламызда мұндай жәдігерлердің бірнешеуі табылғаны – хатқа түсіп, тасқа басылған тарихи шындық. Орталық, Шығыс Қазақстан, скиф, сақ тайпалары жүрген жерлердің барлығынан Алтын адам табылуы мүмкін. Орал облысында он сегіз үлкен төбе қазіргі таңда қорық ретінде қорғалуда. Үлкен төбеге көмілген патшалар зираттарының бәрінде де ­Алтын адам болуы әбден мүмкін. Терістік Қазақстан, Орал тауына келгенде ұшатын адамдардың символын жасаған бейнелер бар. Қазақстандықтардың көпшілігі соңғы үш жылда Шығыс Қазақстан облысында жасалған бірегей ашылуларды біледі. Олар Зайсан ауданындағы Шілікті жазығынан археолог Ә.Төлеубаев тапқан «Алтын адам», археолог З.Самашев тапқан Қатонқарағай ауданының Берел қорғандарынан көпшілік «Дала амазонкасы» деп атап кеткен жәдігерлік. Ол – б.э.д. III ғасырда жерленген ақсүйек ұрпағы жауынгер жас қыздың алтынмен апталған мәйіті. Мұның бәрі Елбасы өз мақаласында айтқандай, дала өркениетінің жоғары деңгейде дамығаны туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Тарбағатай ауданының Елеке сазы ескі қорымында киімі алтынмен қапталған олжа, 17-18 жас аралығындағы ақсүйек жас жігіттің жақсы сақталған сүйектері шамамен б.э.д. VIII-VII ғ. ғ. жерленген деген болжам бар. Ол бұқаралық ақпарат құралдарында жаңа «Алтын адам» деп те аталып жүр. «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда олар көпшілікке көрсетіле бастады. Яғни тарихи-архелогиялық ашылулар өз дәрежесінде насихатталуға тиіс.
Ал енді, Президент Н.Ә.Назарбаев Алматы апортының арғы атасы – ­Сиверс алмасының отаны Алатау баурайы екенін ерекше атап өтеді. Осы бір танымал жемістің терең тарихына үңіліп зерттеу – біз үшін тың міндеттердің бірі. Алманың Қазақстан аумағындағы Іле Алатауы баурайынан Ұлы Жібек жолының көне бағыты арқылы алғашқыда ­Жерорта теңізіне, кейіннен бүкіл әлемге таралғанын жан-жақты зерттеп, нақты дәлелдермен көпшілік санасына сіңіруге атсалысуымыз керек. Айта кетер жайт, ХХ ғасырдың басында, 1913 жылы Париж қаласында өткен  Романовтар әулетінің Ресей тағына отыруының 300  жылдығына арналған Дүниежүзілік көрмеге Алматы апорты қойылып, әлем жұртшылығын таңғалдырған болатын.  Ресейлік ботаник, селекция маманы, генетик ғалым, КСРО  Ғылым академияның академигі, мемлекет және қоғам қайраткері Николай Вавилов 1929 жылы Malus sieversii-дің қазіргі алма – Malus domestica-ның арғы атасы екенін алғаш рет анықтады. «Жабайы алма жоталардың бәріне созыла тарағаны қаланың айналасынан анық байқалады. Осы бір көркем мекеннің ауыл шаруашылығына бейімделген алманың отаны екенін өз көзіңізбен көре аласыз» деп жазды И.И.Вавилов Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматыға келген сапарында. И.И.Вавилов бұл сөзін түрлердің шығу тегі генетикалық әр алуан түрлер кездесетін мекенге тиесілі болатынын негізге алып айтқан еді. «Күндердің күнінде адамдар Malus sieversii ормандарынан алманың дәнін, ағашын не бұтағын алып, басқа жерде өсіре бастады. Кей жағдайда алма ағаштары басқа өңірдегі ағаштармен будандасуы мүмкін. Өзгеру процесі жалғаса береді» дейді АҚШ ауыл шаруашылығы департаментінде өсімдіктер физиологиясын зерттеуші Гэйл Волк.
Алманың шығу тегі Алматыдан ­бастау алады деген пайымды генетиктер әлдеқашан дәлелдеді. Жібек жолындағы сауда-саттық алманың алысқа тарауына әсер еткені айтылады. Кейінірек жеміс еуропалықтармен бірге Солтүстік Америкаға жетті.
Қазақ халқы, Алматы тұрғындары алманы мақтан тұтады. Мұндай мақтанышты қаланың кез келген жерінен кездестіруге болады. Алма суреті мен Алматының «мың бояулы қала» деген сипаттамасы жазылған билбордтар жол бойында жиі кездеседі. Қазақстанның Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде бояулы суреттер мен металл ескерткіштерде алма бейнеленген. Қаладағы туристік мекеннің бірі –Көктөбеде алманың граниттен жасалған субұрқағы орналасқан. Қала көшелерінде алманың суреті мен «I love Almaty» деген жазулар жиі кедеседі. Бұл да – біздің ұлттық брендімізге лайық дүние.
Сонымен қатар Елбасы қызғалдақ гүлінің отаны – Қазақ елі екенін, осы әдемі өсімдіктің Шу, Іле тауларының етегінен әлі күнге дейін бастапқы күйінде сақталғандығын және бүкіл әлемге таралғанын нақты атап өтеді. Бірақ қызғалдақ гүлінің тарихына үңілсек, ол 10 миллионнан астам жыл  бұрын Тянь-Шань тауларының етегі мен шөлейт даланың түйісер тұсында пайда болып, өзінің әдемілігімен көптеген халықтың жүрегін жаулап алып, біртіндеп  дүниежүзіне  тараған. Халықтың басым көпшілігі қызғалдақ гүлінің шығу тегін Голландия елімен байланыстырады. Алайда, «жабайы» қызғалдақтар отаны – Қазақстанның оңтүстік аймағы. Онда әлі  күнге дейін осы керемет гүлдің әдемі түстерінің аз таралған сорттары өседі.
Біз осындай сенсациялық жаңалық­тар­ды кеңінен насихаттау арқылы әлемдік тарих сахнасындағы өзімізге тиесілі орынға ие боламыз. Оны мына ғалам­дану жағдайындағы Уақыт пен Кеңістік жүйесіндегі Ұлы даланың Атқа міну мәдениеті мен Алтын адамы, апорт алмасы мен қызғалдағы ғана дәлелдеп отыр. Ал қозғалмаған тарих қаншама?!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.