ЕЛ ЕРТЕҢІ – ЖАСТАР

Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаев Астанадағы «Нұр әлем» ­павильонында еліміздің жас буын өкілдерімен жүздесіп, биылғы «Жастар жылын» ресми түрде бастап берді. «Тәуелсіздік ұрпақтары» тақырыбын арқау еткен кездесуде Мемлекет басшысы жастар жайында толғамды ойларымен бөлісті.
– Мен көріп отырған қазақстан­дықтардың жаңа буыны – ­Қазақ­станның ең орасан жетістігі, Мемлекет басшысы ретіндегі менің жұмысымның нәтижесі. Сіздермен кездесіп отырғаным үшін өте бақыттымын. Қазақстанда Жастар жылының басталуымен құттықтаймын, – деді Елбасы.
Алқалы жиында, сондай-ақ жастар алдында тұрған мін­дет­тер, жастардың мәселелері де қозғалды. Елбасы бүгінгі таңда өмірдің барлық саласы, білім де, жұмыс та, өзара қарым-қатынас та өзгеріп келе жатқанын атап өтті.
Кездесуде қоғамның әр саласында еңбек етіп жүрген жастар да сөз алып, ой-пікір алмасты.

Естеріңізге салсақ, Елбасы өткен жылғы Жолдауында 2019 ­жылды ­«Жастар жылы» деп ­жариялауды ұсынған болатын. Осыдан кейін биыл жастарға жағдай жасалады, түрлі мәселелер толығымен шешіледі деп үміттенгендер қатары көбейді. ­Дегенмен, бұл жыл да бос даңғарамен, түрлі фестиваль-форумдар, дөңгелек үстелдер, мағынасыз флешмобтармен өте ме дейтін алаңдаушылар да табылды. Осы орайда Президент Н.Назарбаев жастар мен отбасы институтын қолдау шаралары мемлекеттік саясаттың басымдығына айналу қажеттігін, жас­тардың барлық санатын қолдауға ар­налған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платфор­масын қалыптастыру керегін айтты.
«Жастарға не керек, бірінші – білім, екіншіден, үйленетін болса үй-жай қажет. Жағдай жасалып, жұмыс берілуі тиіс. Төрт нәрсе. ­Содан кейін бізде «Ауыл – ел бесігі», ­«Жасыл ел», «Патриоттық сарбаз» деген бағдарлама бар. Оларға арнайы жағдай жасап, жастардың қабілетін көтеруіміз ­керек. Әсіресе жасалып жатқан ­шаруаны, Қазақстанның Тәуелсіздігін қадірлейтін болар деп ойлаймын. Соған сенемін» деді Елбасы.
Президенттің айтуынша, ендігі жастар Қазақстанның Тәуелсіздігін сақтап қалуға ұмтылмаса, еліміздің болашағы бұлыңғыр болады. Ал сол үшін балабақша, мектептен бастап патриоттық тәрбие керек. Осыған байланысты Мемлекет басшысы отандық БАҚ өкілдерімен кездесуі барысында Тәуелсіздік алған жылдан бері 1500 мектеп салынғанын атап өтті. Балабақшамен қамту ­36-дан 95 пайызға жеткен. Бұл – өте үлкен жетістік. Дәл сол жерден бастап баланың білім жолы басталатынын айтқан Елбасы «Жастар жылы» бірігіп жұмыс істеуге шақырды. «Жастармен ақылдасамыз. Әр өңірде мемлекет тарапынан жасалып жатқан шаруа көп. Жатақхана, грант деген жастардікі» деді Н.Назарбаев. Осы ретте біз ­«Жастар жылы» қалай өтуі тиіс?» деген сауалға жауап іздеп көрдік. ­Жастар мәселесінің басы-қасында жүрген азаматтардың пікірлерін газетіміздің 12-бетінде жария­лап отырмыз.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.